Тәуелсіз Қазақстанның дамуы

Жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының дамуы, барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі – бар ұлттық мемелекеттіліктің қалыптасуы Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Назарбаев басшылығымен конституциялық құрылыс процесі жүзеге асты, ол 1995 жылдың тамызында еліміздің Негізгі Заңын қабылдаған бүкілхалықтық референдуммен аяқталды. Қазақстанда демократиялық институттарды құру Назарбаевтың аса зор еңбегі болып табылады. Сөз бен баспасөз бостандығы, сайлау және сайлану құқығы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, дін бостандығы сияқты азаматтық қоғамның мызғымас құндылықтары нақ соның тұсында ғана конституциялық нормаларға айналды. Назарбаев басшылығымен кеңестік өкімшіл – жоспарлы әкімшілік жүйе бұзылғаннан және бірегей халық шаруашылық кешені күйрегеннен кейін алапат дағдарысқа тап болған қазақстандық экономиканы өзгертуге бағытталған аса ауқымды шаралар әзірленіп, іске асырылды. 1992 жылдың басында Назарбаев «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясын» әзірлеп, елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыт – бағдарын айқындады. Соның нәтижесінде 1997 жылдың басына қарай елде микроэкономикалық тұрақтылық орын алды, инфляция тоқтатылды. Өнеркәсіп жанданып, қаржы – бюджет, салық жүйесі құрылды. Сонымен қатар жекешелендіру жүргізілді, зейнетақы жинақтау жүйесі дүниеге келді, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын реформалау жүзеге асты.

Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиясы мемлекет дамуының басым бағыттарын айқындады. 2006 жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы белгіленді.

Назарбаевтың экономист және саясаткер ретіндегі жеке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуына, көптеген мемлекеттермен және халықаралық қаржы институттарымен қарқынды экономикалық ынтымақтасуға игі ықпал етті. (интернеттен)

Жаса, Қазақстан

Басты алға азат ел – анамыз,

Бастауда Нұрсұлтан данамыз.

Гүлденді кең байтақ даламыз,

Түрленді сәнді сан қаламыз.

Елдікке, бірлікке сенеміз, Ерлікке, тірлікке кененбіз. Қажырмен қарыштап келеміз, Болашақ бағына енеміз.

Басқарған Елбасы ұлы іс- Басталған жаңаша құрылыс.

Оңғарған ер көсем құрып іс.

Жаңаша дарыған білімім,

Жараса дамыған ғылымым. Қазақтың өркенін өсірген, Азат күн – бақытым – ұлы күн.

Құтты бақ төрінде той бүгін,

Құттықтап құшағын жайды күн, Ақтарып туған жер байлығын,

Мақтан қып, тойлаймыз айбынын!

Қазақстандағы білім беру жүйесі.

Бүгінгі таңда жалпы орта білім беретін мектеп – жаңа қоғам мектебі, яғни болашақ мектебі. Ол халықтық мәдениетке интеграцияланған, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын, рухани жағынан таза, дүниеге тік қарайтын, қоршаған ортамен жүйелі байланыс түзетін, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып жетілдіретін мектеп болуға тиіс. Біздің келешектегі мақсатымыз – рухани жан дүниесі бай, жан – жақты жарасымды дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Білім ордасы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, ғасырлар бойы жиналып сақталып келе жатқан асыл мұраларымызды келешек ұрпақ игілігіне жеткізе алатын мәдени ошақтар, ұлттық тәлім – тәрбие орталығына айналмақ.

Қазіргі өскелең өмір талаптарына сай жастарға білім және тәрбие беру, оларды жан –жақты дамыту –қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Білім беру - бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздіксіз процесі. Қазақстан Республикасында жастарға білім беру процесі халқымыздың ұлттық салт – дәстүріне, экономикасына және саяси өміріне негізделіп іске асырылады.

Білім беру жүйесіндегі тың серпіліс

Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі.(М.Жұмабаев)

Жалпы білімнің жүйесі қоғам дамуымен бірге дамып, әрдайым үнемі өзгеріп отырады. Ол әр елдің экономикалық ерекшеліктеріне қарай қалыптасып, үнемі үздіксіз жетіле отырып, барынша күрделене түседі. Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік – экономикалық дамуында жетекші рөл атқарады. Қазақстан Республикасының білім беру саласы да - өз жастығына қарамастан, тереңге тартылған тамыры бар жүйе. Оқыту, тәрбиелеу және білім беру жүйесін ежелгі энциклопедист – философтар негізін салып, ұзақ уақыт бойы ұлы ойшылдар оны өз еңбектерінде дамытқан. Сол арқылы қазіргі кездегі Қазақстанның білім саласы құралып, ары қарай даму үстінде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім» -деп көрсеткен.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу»- деп атап көрсеткен. Сондықтан Қазақстан бүгін бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену табалдырығында. Отанымыздың білім беру жүйесіндегі ізденістері мен бастамалары әлемдік білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру мен сапаны көтеруге бағытталған. Білім беру нормаларын өзара мақұлдау жөніндегі Лиссабон конвенциясын, жоғары білім саласы мен құрылымындағы бірізділікке қатысты Сорбон декларациясын қолдап, белсенді араласуға талпыныс жасаған мемлекеттердің арасында Қазақстан алғашқылардың қатарында тұр. Еліміздің Болон процесіне қосылуы отандық білімнің жаңа талаптары мен республиканың саяси – экономикалық таңдауына толық жауап береді. Бұл - білім сапасы мен бәсекелестік мүмкіндігін көтеру мақсатында жасалып жатқан қадам.

Білім де бәсекеге түседі.

Қазақстанның мұнайы мен газын ғана емес, білімі мен ғылымын да дүние жүзіне танытатын уақыт жетті. Еліміздің тәуелсіздігі экономикадағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етті. Ендігі мақсат – білім мен біліктілікті бәсекеде көрсете білу. Ол үшін мемлекет тарапынан 2012 жылға дейін ғылымды дамытуға салынатын инвестициялар мөлшерін 25 есе ұлғайтып, жылына 350 млн теңгеге жеткізу, ғылымды басқарудың жаңа кезеңіне көшу, жоғары ғылыми-техникалық комиссия құру, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ҚР Ғылым және білім министрлігі арқылы қаржыландыру, ғылым жөнінде комитет құру, зертханалар ашу, шетелдік мамандармен байланыс жасау, білімнің сапасын арттыру, студенттер мен оқытушы-профессорларға грант тағайындау сияқты мәселелер бүгінде көкейкесті болып отыр.

Ұлттық кадрлар – мемлекеттің негізі. Яғни, ұлттық кадрларды дайындау үшін жоғары білімнің ұлттық жүйесі жасалуда. Оған жаһандану жағдайындағы аймақтық кірігу, элитарлы білім берудің негіздері, Болон декларациясы мен Еуразия аймағындағы жоғары мектептің дамуы секілді факторлар да әсер етеді.

Мемлекет тарапынан ұлттық кадрларды дайындауға жасалып жатқан шаралардың бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Бұл бағдар-лама бойынша сарапшылардың қатал сынынан іріктеліп өткен 3 мың талапкер шетелдің ең алдыңғы оқу орындарынан білім алған соң елімізге оралып теориялық білімді тәжірибе жүзінде көрсетеді. Сондай-ақ, шетелден келіп жұмыс істеп жатқан ірі-ірі өндірістік компанияларға қойылып отырған талаптардың бірі – жергілікті халықты жұмысқа тарту, оларға жаңа технологияларды үйрету.

“Қазақстанда ұлттық зияткерлік әлеуетінің дамуына қыруар қаржы құйылуда. Келешекте бұл іс жаһандану үрдісі тудырып жатқан Еуразия аймағындағы жоғары білімнің көкейкесті мәселелерін шешуге кең жол ашатын күш болады деп білемін”, – деп Томск мемлекеттік университетінің ректоры Георгий Майердің түйін жасауы біз үшін үлкен баға.

Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры былай дейді: “Қазақстан қазіргі Болон үрдісі кезінде осы заманға сай маман-дарды дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен кірісті. Мәселен, Қазақстанның тоқыма саласындағы кейбір мамандары бүгіннің өзінде жоғары сұранысқа ие”.

Ұлттық кадр дайындай отырып біздің еліміз алдағы уақытта экономикалық даму мен білім беру деңгейі жағынан аймақтағы көшбасшы елге айналады деп нық сеніммен айтуға болады.

Ел болашағы – білікті маман қолында

Біз жоғары білікті маман болсақ және еліміздегі ақпараттық технологиялар саласының дамуына үлесімізді қоссақ дейміз. Ал білімін әрі қарай ұштап, оны ғылыммен байланыстырамын дейтін түлектерге магистратура мен аспирантура толық мүмкіндік береді. Кейбір студенттер ізденістерге қадам жасайды. Олар ақпарат алмасу ұстанымдарын қорғау үшін өздері жасап жатқан жобалар мен нұсқауларды ғылымға енгізуге талпынады.

Қазіргі заман талабына сай, бүгінде ақпараттық технологиялар даму үстінде. Бәсекеге қабілетті болу үшін елімізде техникалық мамандарды көбейту қажет. Сол себепті мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына қолдау жылдан-жылға көбейіп, шәкіртақы да өсіп отыр. Жақсы оқимын, білікті маман боламын деген талапкерге жоғары оқу орындарында материалдық база мол мүмкіндік береді.

Ал оқу – студенттің өз қолында, талап-тілегіне, ізденісіне байланысты. Егер студент қауымының белсенділігін, ізденімпаз-дығын, кез келген ортаға бейімділігін ескерсек, қай заманда болмасын олар қоғамның үлкен қорғаушы күші.

Оқу орнын бітіргеннен кейін қызметке орналасу мәселесі қашанда алдыңғы кезекте тұратыны белгілі. Кейде оқу орнын бітірген жас маман жұмыс таппай сенделіп жүріп қалады. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмас үшін тиісті мекеме қандай мамандық-тарға сұраныс бар, қандай оқу орнын бітірген тиімді деген сауалдар төңірегінде сараптама, зерттеулер жүргізуі тиіс. Соған орай ең керекті деген мамандықтардың тізімі жариялануы және жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасында осы мәселе төңірегінде насихаттық жұмыс қолға алынуы керек.

Ертеңгі маман – бүгінгі студент өздерінің оқитын пәндерінің ғылыми бағыттылығына үлкен мән беріп отырады. Ғылыми зерттеулер жүргізу барысында сабақтастық, мүдделілік, басым бағыттар мен көкейкесті мәселелерді айыра білуге ұстаздар көмектеседі. Әр пән бойынша ғылыми жаңалықтарға уақтылы көңіл бөлініп, қажетінше қолданысқа енгізу жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылады.

Иә, еркін елдің ертеңі – білікті де білімді маман қолында. Оған Сіздің қосар үлесіңіз қандай? Әңгіме өзіңізде!

Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық экономика құруды жалпыұлттық өрлеу идеясы ретінде жариялады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды экономикалық жобасына айналғалы тұр. Шын мәнінде, жаһандану үдерістері үдей түскен қазіргі заманда инновациялық өрлеу – ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің ең басты бір факторы ретінде айқындалуда. Сондықтан Қазақ елі өз өндірісін қарқынды жаңғырту жолына түсті. Осы орайда, ел басшылығының тапсырмасымен, еліміздегі зауыттар мен фабрикалар, өндірістер мен кәсіпорындар тек жаңа технологиялармен және заманауи жабдықтармен жарақтандырылып қана қоймай, сондай – ақ «жаңа тұрпатты идеялармен қанықтырылатын» болады.

Соңғы жылдары әлемдік экономикада білім мен инновацияны маңызды экономикалық ресурстар ретінде пайдалану базасында экономикалық өсудің жаңа типі қалыптасты. Қазір материалдық игіліктерді жасау көп жағдайда ғылымның жалпы деңгейі мен техниканың прогресіне немесе осы ғылымның өндірісте қолданылуына тәуелді. Әлемдік экономикаға тең түрде ықпалдасу үшін, жаһанданудың талаптарына өзімізге пайдалы жағынан бейімделу үшін, тек табиғи ресурстарға иек артпауымыз керек. Қазақстанның экономикалық өсуді және бәсекеге қабілеттілікті күшейтудің стратегиялық факторы ретіндегі айтарлықтай ғылыми және білім беру әлеуеті бар. Оны инновациялар арқылы нарықтық экономикада қозғалысқа келтіруге болады. Қазіргі экономикада инновациясыз бірде –бір түбегейлі міндетті шешу мүмкін емес. Инновациялық экономиканың қалыптасуы – Қазақстанның ХХI ғасырдағы дамуының баламасыз нұсқасы болып табылады. Экономикалық дамудағы жеткен жетістіктер еліміздің әрі қарай дамуын тұрақты, заманауи және перспективалы негізге қоюға мүмкіндік береді.

2-сабақ

Ғылым – инновациялық экономиканың негізі

ХХI ғасыр ғаламдық инновацияның өркендеу ғасырына айналатынын қазіргі әлем елдерінің тәжірибесі көрсетіп отыр. Қазіргі кезеңде кәсіпкерлікті дамытудың әлсіз жақтары оны жетілдірудің нарықтық механизмдерінің инновациялық түрлерін одан әрі жақсартуды қажет етіп отыр. Дамыған елдерде инновациялық (ноу - хау) өнімдер мен технологиялар ЖІӨ өсімінің 70-85 % беріп отыр. Инновациялық сфераның белгілі дәрежеде ұйымдастырылмауы Қазақстанның дамыған 50 елдің қатарына қосылуына кедергі болуы мүмкін. Мұндай жағдайдан шығудың бірден – бір жолы – кәсіпкерліктің түрлі инновациялық нарықтық құралдарын одан әрі дамыту болып табылады.

Инновацияны түсіндіруде мынандай көзқарастар бар:

Бірінші, инновацияны жаңа идеялар мен үрдістер ретінде қарап, оны қолдану арқылы ең сапалы өнімдер мен технологияны жасауға әкелетін қоғамдық – техникалық, экономикалық үрдіс ретінде қарастырған. (Б.Твис, Ф.Никсон, Б.Сантон т.б.) Екінші, инновацияны тұтыну тауарларының жаңа түрлерін, жаңа өндірістік және тасымал құралдарын, нарықтар мен өнеркәсіптегі ұйымдастыру формаларын енгізу және қолдану мақсатындағы өзгерістер ретінде түсіндіреді. (И.Шумпетер) Инновация – бұл тек жаңа енгізулер емес, бұл- өндірістің жаңа қызметі. Оның негізі – өнім өндіру технологиясын өзгерту қажеттігі, ұйымдасырушылық, қаржылық, ғылыми – зерттеу және басқа да салаларда жаңалықтар енгізу болып табылады. Қорыта айтсақ, инновация – өтімділігі жоғары жаңа өнімді ойлап табу. Экономикалық қатынастар жүйесінде инновацияның алатын орны зор. Себебі, инновациялық тәжірибені өндіріске қолданбастан, бәсекеге қабілетті өнім алу мүмкін еместігін дамыған елдер ертерек түсініп, бар күшті осы салаға жұмсап келеді. Инновацияның дамуының қозғаушы тетігі – бірінші кезекте, нарықтық бәсекелестік болып табылады. Нарық жағдайында өнім өндірушілер өндірістік дағдарысты болдырмаудың және тауарын өткізудің жолдарын іздестірумен болады. Сондықтан, инновацияны бірінші болып тиімді игерген кәсіпорындар өз бәсекелестері алдында басымдылықты иеленеді. Жаңа тауарлардың түрлері өсіп, тұтынушы талғамы артып отырған кезде, шағын кәсіпорындардың икемділік қабілетін күшейту аса тиімді саналады. Қазіргі уақытта, біздің елімізде бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруге негізделген жаңа ақпараттық технологияларды игеру, республикамыздың индустрия және ғылыми техникадағы әлеуетін дамыту - басты сратегиялық міндеттердің бірі болып отыр. (Интернеттен)