Математиканы оқыту әдістемесі пәні

Лекция

Жоспары:

5. МОӘ ғылымының тарихы.

6.Мектептерде бiлім берудің және оны оқыту әдістемесінің дамуы.

7. МОӘ пәнінің басқа ғылымдармен байланысы.

5.Математиканы оқыту әдістемесі білімді, біліктілікті және дағдыны меңгеруге жағдай жасайтын дидактикалық әдістер мен тәсілдерді іздестіруге байланысты келіп шыққан. Бұл әдіс-тәсілдер пәндік білімнің мазмұнына емес, оқу үдерісін ұйымдастырудың кейбір формаларына ғана байланысты болды. Математиканы оқыту әдістемесі әр түрлі дидактикалық тәсілдерді пайдаланудың әдістемелік ұсыныстар жиынтығы болып есептелді.

Оқыту әдістемесінің мақсаты мұғалімнің дидактикалық әдіс-тәсілдерді іздестіріп табу мен оны тиімді үйлестіріп пайдалан білуі болып саналды. Оқытудың әдіс-тәсілдерінің көбейіуіне қарай, олардың көпшілігі барлық оқу пәндері үшін ортақ болып қалды. Енді бұл оқыту әдістері мен тәсілдерін бір жүйеге келтіру және жалпылау қажеттігі туындады. Мұндай мақсатты жүзеге асыруды өз мойнына дидактика алып, жеке ғылым саласы болып қалыптасты.

Енді пәндік әдістеме дидактиканың қосымшасы ретінде қарастырылды. Әдістемелік зерттеулер дидактикалық тұрғыдан ғана жүзеге асырылып, оның тақырыптары нгізінен оқытудың формасы мен әдістері болды. Осындай жағдайда математиканы оқыту әдістемесі өз алдына ғылым саласы болып қалыптаса бастады.

Математика әдiстемесiнiң тарихы математика тарихымен тығыз байланысты. Мектеп туралы ең алғашқы дерек бiздiң заманымыздан екi жарым мың жыл бұрынғы Египет жазбаларында кездеседi.

Ежелгi Грецияда теориялық математиканың тууына байланысты математикалық бiлiм берудiң жаңа формалары шыға бастайды. Данышпап ойшыл — философтар және ғұламалар Платон (б.э.д. 427—347 ж.), Аристотель (б.э.д. 384—322 ж.) грек қоғамында тәрбиелеу практикасын жалпылай келiп өздерiнiң педагогикалық жүйелерiн жасайды. Евклидтің (б.э.д. 1У—Ш ғ.) атақты “Негiздер” атты еңбегiнде сол тұстағы бүкiл математикалық бiлiм негiздерi белгiлi бiр әдiстемелiк жүйе бойынша баяндалады. Осыдан барып ғылымды баяндаудың евклидтiк әдiсi қалыптасады. Ежелгi Римде көрнектi педагог Квинтиллин (б.э.д. 1 г.) дидактиканың негiзiн жасайды.

Педагогикалық және әдiстемелiк ойдың дамуына орта ғасыр заманында өмір сүрген әл-Фараби (870—950 ж.), Ибн Сина (980— 1003 ж.) сияќты шығыс ойшылдары мен энциклопедист-оқымыстылары көп қызмет атқарды. Әл-Фараби геометрияның негiзгi ұғымдарын баяндау ретi, олардың физикалық денелерден абстракциялануының төменгi сатысынан жоғарғы сатысына қарай бағытталу керек, яғни “жекеден жалпыға көшу” жолын ұсынды (дене — бет — сызыќ — нүкте). Евклид өзiнiң кiтабында керi жолды, яғни жалпыдан жекеге көшу жолын қабылдағаны мәлiм (нүкте — сызық — бет — дене). Әл-Фараби бұл екi әдiстi бiрiктiрiп пайдаланды.

Әл-Фараби әдiстемелiк принциптерi мен қағидаларын өзiнiң негiзгi еңбегi “музыканың ұлы кiтабында” жүзеге асырады.

Көрнектi чех педагогы Ян Амос Коменский (1582—1670) орта ғасыр мектептерiнде етек жайған кертартпа схолостикалык дәстүрлерге қарсы шығып, мектептегi оқыту iсiнiң мазмұнын өмiрге қажеттi пәндермен толыќтыруды ұсынады. Бiрсыпыра дидактикалық принциптердi тағайындайды (көрнекiлiк, жүйелiлiк, оқытудың берiктiгi т. 6.). Оқу жұмысын ұйымдастыруда көптеген жаңалық қосады (оқу жылы, сабақ, сабақтардың кестесi, мектеп тәртiбi (режимі), оқу күнiнiң ұзақтығы т.б.). Швейцарияның көрнектi педагогi Иоганн Генрих Песталоцци (1745—1827) 1803 жылы “Сандар туралы көрнектi iлiм” атты кiтап жазды. Бұл еңбекте Еуропада бiрiншi болып математиканы оқыту әдiсi педагогикадан бөлiнiп, оның дербес бiр саласы болып қалыптасады.

Ресейде математиканың ғылыми әдiстемесiнiң пайда болуы Л. Ф. Магницкийдiң 1703 жылы жарық көрген “Арифметика” оқулығынан басталады. Ұлы математик Эйлердiң (1707—1803) “Арифметикаға жетекші құрал”, “Әмбебап арифметика” атты еңбектерi арифметика және алгебраның жүйелi курстары бойынша оқулықтардың негiзiн қалады.

Қазақ мектептерінде математиканы оқыту әдістемесі тарихы Ы. Алтынсариннің 1879 жылы Орынборда басылып шыққан «Киргизская христоматия» кітабының «Есеп аттары» деген бөлімінен бастау алуы мүмкін.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанда жаңа типтегі жалпы білім беретін мектептер пайда бола бастады. Ол мектептерге арналған математика оқулықтары жазылды. 1923 жылы Ташкенттегі «Түркістан мемлекеттік баспасынан» шыққан К. Жалановтың «Есеп тану жобасы» атты бағдарламасы, сол бағдарлама негізінде жазылған екі бөлімнен тұратын «Есеп тану» кітабы математиканы қазақша оқытудың бастамасы болды. Автор математикалық материалды өтудің реті мен әдістемелік нұсқауларын бағдарламаның «Мұғалімдерге» деген бөлімінде көрсетеді. Қазақстандағы белгілі әдіскер-ғалым С. Елубаев «Мұны қазақ математик мұғалімдеріне арналып жазылған алғашқы – нұсқаудың бірі ретінде бағалауға болады» деп әділ бағасын берген /4/. К.Жалановтың осы «Мұғалімдерге» деген әдістемелік нұсқауы Қазақстандағы «математиканы оқыту әдістемесі» ғылымы дамуының негізін қалады деп те есептейміз.

Сол кездері орыс тілінен оқулықтарды аударумен бірге көптеген авторлар қолтума оқулықтарын ұсынды. 1924 жылы С. Қожановтың «Есеп тану құралының» І бөлімі басылып шықты. Сондай-ақ А. Жаманов, Ш. Рахметов, Ә. Баймурзин, Ә. Хасенов, Ғ. Бегалиев т.б. кітаптары жарық көрді.

Әдістемелік еңбектерден 1925 жылы К. Жалановтың «Бастауыш арифметикаға үйретуі» Москвада, Ы Бәйтенов пен М. Елмағанбетов аударған С. Назаровтың «Есеп жүргізу кітабы» Қызылордада басылды.

1931 жылғы 5 қыркүйектегі ВКП(б) Орталық Комитетінің «Бастауыш және орта мектеп жөніндегі» қаулысынан сәйкес тұрақты программалар мен оқулықтарға көшу мәселесі қойылуына байланысты аударма оқулықтарға жаппай көшу басталды да, қазақша оқулықтар жазу саябырсыды.

Е. Омаров «Геометрия», Қ. Сәтбаев «Алгебра» оқулықтарын жазды.

Республикада мтематикалық білім беру ісі 1950-1960 жылдары едәуір қарқынмен дамыды. Осы жылдары педагогикадан, мектепте математиканы оқытудан зертеу жұмыстары қолға алынды. Осындай зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде 1953 жылы С.А.Аляпбергенов педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Бұл Қазақстанда математиканы оқыту әдістемесінен қорғаған бірінші диссертация еді. 1954 жылғы С. Баймурзиннің диссертациясы 5-7-кластарда үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс істеу әдістемесіне арналған.

Математиканы оқыту әдістемесінен педагокика ғылымдарының кандидатын дайындауға сүбелі үлес қосқан педагогика ғылымдарың кандидаттары, доценттер М.Ө. Ысқақов пен Ш. Ғ. Омашевтың еңбегі ерекше. Бұл ғалымдардың әр қайсысы 10-12 ғылым кандидаттарын дайындаған.

Сонай-ақ, математиканы оқыту әдістемесінен зерттеу жұмыстарын нәтижелі жүргізген, математикадан әдістемелік оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулардың автры Қ. Бектаев, А. Көбесов, С.Тілеуқабылов, С. Елубаев, Қ. Нұрсұлтанов, Қ. Қаңлыбаев, Т. Оспанов, Қайыңбаев, Ж. Бейсеков, Ә. Кенеш, Ү.Бүкібаева, М. Асқарова т.б. ерен еңбектерін атап өткен абзал.

Қазіргі кезде Қазақстанда математиканы оқыту әдістемесінен 15 ғылым докторы бар: Б.Баймұханов, Қ.Қабдіқайырв, А.Әбілқасымова, С.Шәкілікова, Е.Медеуов, Д.Рахымбек, Ә. Қағазбаева, А.М. Мүбараков, С.Тынымбаева, О.Сатыбалдиев, Ж. Сүлейменов, Л. Т.Исқақова, Қ. Г.Қожабаев, С. Сейтова

6. Халықаралық мектептiк бiлiм берудің ХIХ—ХХ ғасырлардағы дамуын үш кезеңге бөлуге болады:

1. Еуропада, АҚШ-та жєне Жапонияда ХIХ ғасырда қалыптасқан дәстүрлі мектептік бiлiм беру жүйесi.

2. ХIХ және ХХ ғасырлардың шекарасында пайда болған математиканы оқыту жайлы халықаралық реформалық қозғалыс.

3. Математиканы оқытуды қайта құру қозғалысының қазiргi кезеңi математикалық бiлiм беру жөнiнде халықаралық реформа қазiр де жүрiп жатыр. 1968 жылы бқрынғы КСРО-да математикадан жаңа мектеп бағдарламасы қабылданды. Бұл реформаның басты ерекшелiктерi: а) мектепте өтiлетiн математикалық барлық курсты (бастауыш сыныптарды қоса) түбегейлi түрде өзгерту; ә) төменгi сыныптарға алгебра элементтерiн енгiзу; б) төменгi сыныптарда оқу мерзiмiн төрт жылдан, үш жылға қысқарту; в) 1У—У сыныптарда арифметика мен алгебра бастамаларымен қатар қысқа геометриялық алдын ала дайындық курсын өту; г) геометрияның жүйелi курсының аксиоматикалық негiзiн күшейту; д) геометриялық түрлендiрулердi көбiрек пайдалану; е) геометрия курсына векторларды енгiзу (7-сыныптан бастап) және бұл аппараты геометрияның жүйелi курстарында кеңiнен қолдану; ж) жазықтықтағы және кеңiстiктегi аналитикалық геометрия элементтерiн енгiзу; з) жиын ұғымы және жиындарға амалдар қолдану элементтерiн енгiзу; и) дифференциалдық есептеу элементтерiн енгiзу.

4. Бұлардан басқа УII—IХ сыныптарда оқушылардың қалауы бойынша математикадан факультативтiк курс енгiзу көзделедi.

Жаңа бағдарламаны iске асыру математиканы оқыту әдiстерiн де өзгертудi қажет етедi, әсiресе окушыларды оқу, үйрену барысында өзiндiк белсендiлiгiн барынша арттыру, оларды ғылыми зерттеу дағдыларын тәрбиелеу мәселелерiне көп көңiл бөлуге тура келедi.

Математика бойынша жаңа бағдарламаға көшу 1974—1975 оқу жылында толық аяқталды. Қазiр егемендi Республикамызда бағдарламалар мен окулықтар қайта қаралып кемелдендiрiлу үстiнде. Бұл өзгерiстер үздiксiз жүре беретiн табиғи үрдiс болып табылады.

Математикалық бiлiм беру реформасының идеясын iске асыру әрекеттерi қазiр негiзгi екi бағытта жүргiзiлуде.

1. Оку пєнi ретiнде математика мазмұнын өзгерту, бұл өзгерiс ескi дәстүрлi “классикалық математика” негiзiнде емес, “қазiргi” математика негізінде жүргізілуі тиіс. Осыған сәйкес мектепте математиканы оқытудың жүйесі мен әдістерін қайта қарастыру қолға алынды.

2. “Классикалық” математиканың мәнi ескiрген кейбiр мәселелерiн алып тастап, оның орнына қазiргi математиканың кейбiр тарауларынан негiзгi мағлұматтар енгiзу жолымен мектептегi математика курсын бiртiндеп жаңарту (модернизация). Мектептегi математикалық пәндер арасындағы және математика оқу пәнi мен практика арасындағы байланысты күшейте түсу идеясы басшылыққа алынады. Бұл да оқыту әдiстерiн қайта қарауды талап етедi.

7. Математиканы оқыту әдістемесі математика ғылымымен тығыз байланысты. Себебі, ол мектеп математикасының мазмұнын анықтауда шешуші роль атқарады.

Математиканы оқыту әдістемесіне пәрменді ықпал ететін ғылымдардың бірі – математика тарихы. Бұл мектеп математикасының жекелеген тарауларын оқытқанда оның даму жолы мен заңдылықтарын, математиканың бізді қоршап тұрған ортамен байланысын, әр түрлі математикалық теориялардың өмір талаптарынан шыққандығын нақты фактілермен көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан сабақ үстінде және сыныптан тыс жұмыстарда математика тарихына қысқаша шолу жасау оқушылардың пәнге деген ынтасын арттырумен бірге, практикалық маңызын да көрсетеді.

Сондықтан да математика әдістемесінің мазмұны мен дамуын білу үшін матеметика ғылымының тарихынан мағлұматтар болу керек.