Бап. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау

1. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында олардың жұмысын бағалау жүргізіледі.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады.
2. Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті адам (орган) жүргізеді.
3. Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.
4. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалауды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) жүргізеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қанағаттанарлықсыз бағасы уәкілетті комиссиямен келісу бойынша онымен жасалған еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады.
5. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің жұмысын бағалауды «Б корпусының әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам құратын бағалау жөніндегі комиссия жүргізеді.
Мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістеменің негізінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
6. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қатарынан екі жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған кезде оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады.
Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған кезде мемлекеттік қызметшіге басқа бос мемлекеттік лауазым ұсынылады.
Бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.
7. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы.

Бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту

1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау – қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ өңірлік қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі орталықтарда жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Бап. Көтермелеу

1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:
1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) құрметті атақ беру;
6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге бір ғана көтермелеу қолданылуы мүмкін.
Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.