ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің грамматикалық сипаты

1. ХІХ ғасырдың І жартысындағы әдеби тілдің грамматикалық сипаты

2. Белсенді қолданылған грамматикалық формалар

 

Тірек сөздер: ақындар мектебі, нақтылы тақырып, жаугершілік лексика, көне сөздер, шоғыр (тирада), перифрастикалық тіркестер.

 

ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің-лық жұрнағы зат есім тудырушы ең өнімді жұрнақ болған. Бекзаттық, құмарлық,қайырымсыздық, теңдік, күндестік, міндестік, қулық, сұмдық сөздері –лық арқылы жасалған абстрактілі мағыналы зат есімдер. (Құмарлық – тасқын, мақтан – жел; Күндестік те еліңнен, Міндестік те еліңнен; Момынға жапса жаланы, Қулық, сұмдық табады; Бекзаттық, сұлулық түгіл, Айырмайсың туысым, Әуелі ақ пен қараны).

-Қор жұрнағы арқылы парақор, саудагер, жемқор, бозақор, даугер сөздері жасалған (Жемқор семіз малмен тең; Бозақор ойсыз жастар).

-Шы,-гіш,-сыз жұрнақтары да Дулат тілінде қолданыс аясын тапқан (Биеші, қызылшы,түгендеусіз).

-Дай,-дей арқылы жасалған аштардай, бұлақтай сын есімдері туындаған.

Етістіктің болымсыз түрінің есімшелі формасы өте жиі қолданылады: бермес, таламас, қарамас, күлмес, серпілмес, болмас, татымас, т.б. Бұл форманың ұйқас құраудағы қызметі айрықша: Тіл біткеннің шешені, Топта бермес есені; жаман ит жұлып жей берер Алды-артына қарамас; Жақсы иттің белгісі – Жұлмақ түгіл жаламас; Істемей қолмен іс болмас, Құры сөзден күш болмас, т.б.

Етістіктің шартты және қалау райының қолданысы норма дәрежесіне жеткен: Батыр деме батырды Шеп құрған жауға шаппаса; Төре деме төрені Ел тілегін таппаса. «Сүлейменге» деп аталатын бір ғана өлеңінде шартты рай формасымен келген 14 етістік бар.

-Мақ жұрнақты тұлға Дулатта шақтық, жақтық мәнді білдіріп, мақсатты келер шақ тұлғасында қолданылған: Өзіңде, Ишан, иман жоқ, Елге имагн бермексің. Қиямет-қайым болғанда, Әуелі өзің көрмексің.

Септеулік шылаулар мен демеулік шылаулардың сөз бен сөзді байланыстырудағы, ұйқас құраудағы орны да айрықша: Маңдайың күнге тиген соң, табаның жерге тиген соң, т.б.

Сол сияқты соң, секілді, сынды шылаулары дәріптеуде (Сүлеймен сынды), бағалауда пайдаланылады: Қаңсып қалған сықылды, Тістеуік айғыр секілді, т.б. Сонымен қатар дәріптеу қой/ғой шылауы арқылы да жасалады (Несібе, ырыс тегіс қой, Сай-салаң толған жеміс қой).

Сан есімдер субстантивтеніп қолданысқа түсірілген: Жиырма бес бар ма маңайда, Қырық бес, шықтың кезеңге, Сексеннен алған хабардың, т.б.

Дулаттағы метафоралардың көбі ақынның өмірден түйгені, субъективті баға, өзі жасаған тұжырым болып жұмсалады: Ауыл-аймақ көршіңе Алтынның айшық буысың; Адалдығың – аңқылдақ Сыбызғының күйісің; Мынау азған зөманда Қарасы - антқор, ханы – арам; Бозбаласы – бошалаң, т.б. Метафоралардың көбі зат есімді тірек етіп алып жасалған. Адамның дене мүшелері, жануарлар атауы да Дулат тілінде метафор жасауға қатысады: Бадана көз, тоғыз тор; Қабырғаны сөгілтіп; Мұрнын жырып, Өгізі болдың жегілген; Дүние – жемтік, мен – төбет, т.б.

Әрине, тек екі ақын шығармасы сол тұстағы әдебиеттің толық сипатын жеткізе алмайтыны рас, бірақ сөзсіз бірегей әрі көрнекті өкілдері екенінде дау жоқ.

Бұл дәуірлердегі (ХҮ-ХҮІІІ ғғ.) ақын-жыраулардың ішінде ел мүддесін ерекше екпінмен жырлаған Махамбетті жыраулар мектебінің дәстүрін жалғастырушы әрі ақындық мектептің іргесін қалаушы ретінде танимыз. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, шығарма мазмұнының белгілі бір үлгіге құрылуы, ол үлгінің негізгі шарттарын сақтау дәстүрінің өмір сүруі бес ғасырға жуық уақыт аралығындағы тілдік құрылымның ұқсастығына ұласқан. Ұқсастық суреттеу құралдарындағы сәйкестіктің, шаблондардың бір жырдан екінші жырға көшіп отыруының себебін түсіндіреді.

Махамбет - батыс өңірден шыққан жыраулар дәстүрін жалғастырушы, бірақ басқалар секілді айналасы мен маңайындағы құбылыстарды жай ғана бақылаушы емес, ол - әрекет иесі, әрекет-оқиғаның ішінде өзі жүреді. Ақынға тән осы белсенділікті Р.Сыздықова дәл көрсетеді. Махамбеттің қимылды жырларының ерешеліктерін М.Әуезов былайша келтіреді: «Жалпы Махамбет шығармаларының туысы, кезі әрдайым осыған ұқсас. Екпінді, келте, кесек бір қимылдың жыры да өзіне ұқсап: зымырап, шарқ ұрып, от шашып, іші-тысы бірдей тұп-тұтас боп тұрады» (М.Әуезов. Махамбет //Махамбет батыр. – Алматы: Арыс, 2004, 120-б.).

Лингвистикада Махамбет өлеңдерінің тілін арнайы зертте­ген еңбектер жоқтың қасы. Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықованың еңбектерінде ақын өлендерінің тілдік сипаты ішінара сөз болады. Қ.Өмірәлиевтің ”Қазақ поэзиясының жанры және стилі” (Алматы, 1983) атты XІX ғасырдың бірінші жартысын­дағы қазақ поэзиясының жанры мен стилін саралауға арналған еңбегінде әдебиеттану мен тіл білімінің ортақ проблемалары тоғыстырылғанымен, әдебиеттік аспектілерге көбірек көңіл бөлінгенін айта кету орынды. Махамбет өлеңдерін лингвотекстологиялық жақтан мейлінше толық саралаған Ғ.Әнес әр жылғы басылымдарын салыстыра отырып, әр басылымдардағы жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бойынша ауытқуларға тоқталады, нормадан мақсатты, мақсатсыз ауытқулардың себебін ашып көрсетеді, дұрыс оқылуына нұқайды. Мағынасы көмескіленген сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын ашу үшін ізденген Ғ.Әнес 1925 жылғы жарық көрген Махамбет шығармаларын факсимилие ретінде негізге ала отырып, қазақ әдеби тілінің тарихында ауызша-жазбаша мәтін ұғымын ұсынды. Бұл қазақ әдеби тілі тарихына тән феномен құбылысқа берілген (бірнеше ғасыр ауызша түрде тарала отырып, осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазуға түсірілген кез келген мұраның тіліне байланысты қолдануға болатын термин – Б.М.) ұтымды қолданыс болды. Ал ақынның жырлары әдебиетші ғалымдардың тарапынан өз бағасын толық алған. Бұл әсіресе академик Қ.Жұмалиевтің есімімен байланыстырылады.

Махамбет туралы ғалым Р.Сыздықова: “Махамбет тарих­та жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ әдебиет пен тілдегі орны жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол — жыраулар мектебінің нәрі мен барын алып, оны ақындық дәстүрге қиюластырған қаламгер”, — дейді (Қазақ әдеби тілінің тарихы. 181-б.). Сондықтан Махамбет өлеңдерінде сонау ХУ ғасырдан бері тілімізде қалыптасып кеткен клишелердің, атап айтқанда, қырқарланып өткен ер, қабырғасын сөксе де, қанын судай төксе де, сұр жебелі оқ, күшіген жүнді оқ, атқанын қардай боратқан, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, т.б. кездесуімен қатар, жыраулық дәстүрдің жалғастырушысы екенінің белгісі қайталаулардың (мұнар дамұнар мұнар күн), т.б. бо­луы анық байқатады. Ал ақын тілінде ер, батырды, елдің жайын суреттеу үшін қолданған соны образдар жеткілікті.

Махамбет стиліне, батыс өңірі жырауларының тіліне тән бірен-саран сөздерді, сөз тіркестерін Шәкәрімнің, Дулаттың да қолданғанын байқауға болады:

Дулатта: Айбарлы ақ ордада (23-б.Өсиетнама);

Махамбетте: Хандар кірген ақ орда;

Дулатта: Атадан қалған ақ сауыт,

Арамға әбден былғанды

Басшысы жоқ сорлы елдің

Малы мен басы ылғанды (40-б.).

Махамбетте: Атадан қалған сауыттың

Шығыршығын тот басар,

Жыртыла тозса жағасы (М.95).

Қолданысы аз, Махамбет өлеңдерінде ұшырастыратын нәмарт сөзін Шәкәрімнен кездестіру де көңіл аударарлық факт:

Шеберлікке бет қойдым,

Сурет жасап түр ойдым,

Ұқсамас емес бұл ойдың

Түбі олақ нәмартқа (Иманым,62-б.).

Махамбетте: Шаппаған нәмарт оңар ма? - Бұл келтірілген мысалдардағы сөздер екі ақында да тек бір мағынада қолданылып тұр. Жігерсіз, жасық мағынасын білдіретін бұл сөз - жасалуы жағынан бөлек қолданыс.

Махамбет тілі туралы: «Ақын поэзиясының тілі лексикалық ерекшеліктерсіз емес. Мысалы, толағай, марай, керіскендей, шандоз, нәмарт, ереулі, мінкен, кәдіре, еңку, адырна секілді мағынасы көмескі сөздермен қатар морфологиялық ерекшелігі бар біраз сөздер байқалады», - дейді Е.Жанпейісов (Е.Жанпейісов.Қазақ прозасының тілі.-Алматы,1968,42-б.). Сондай сөздердің бірі Махамбеттегі еріскенсөзі де әр басылымда әр түрлі жазылып (кейде еріккен түрінде) жүрген сөз. Бұл сөздің мағынасын ашу үшін Р.Сыздық: «Еріскен сөзін ақын екі-үш жерде қолданады. ...Диалектолог мамандардың айтуына қарағанда, ерісу – Орал, Атырау, Маңғыстау, Орынбор өлкелерінле «ерегісу, керісу» мағынасында қолданылатын диалектизм. Бұл тұлғаны әдеби нормадағы егесу дегеннің бір варианты деуге болады», - деп көрсетеді (Р.Сыздық. Махамбеттің әр сөзін түсініп оқысақ// Махамбет батыр. - Алматы: Арыс, 2004, 258-б.).Мұндай сөздердің қатарына сой, сойлы, кескекті сөздері де қосылады.

Құйқылжыта құла жирен ат мінген, Құйрық, жалын шарт түйген, Мен кескекті ердің сойымын, Кескілеспей бір басылман, - деген жолдағы кескекті ер тіркесінің мағынасы күңгірт, түсініксіз. Кескек, кескекті сөзінің Махамбет контексіне тән мағынаға жуық қолданысын Ә. Жақыповтың «Түйе өсірушінің түсіндірме сөздігінен» (Алматы, Қайнар,1989,192-б.) кездестіруге болады: «Кескек – жас түйелерді, көбіне тайлақ кезінде бас білдіру үшін қолданылатын жұмыр таяқша. Бас білдіру үшін мұрындықталған түйе әрісі екі жетіден соң, қайта ұсталып, мұрындық бүлдіргісіне екі құлаштай мықты таяқша байлап, оны түйе үстіндегі бас білдіруші кісіге ұстатып шөгеріп, тіздеген орнынан барлық жіптен босатады да, түйені тұрғызып жібереді. Үстіндегі адам түйені сол кескек арқылы басқарып, бағыттап отырады. Сөйтіп, ақыры бас білдіреді» (97-б.). Яғни, қолына бас білдіру үшін қару (бұл жерде таяқ) ұстаған, ер үстінен (астына ерттеген, ері бар ат, арғымақ (түйе) мінген) ер азамат, бас білдіруші, қолбасшылық жасаушы мағынасын аңғаруға болады. Ер үстіне орнатылған бас білдіру үшін пайдаланылатын таяқшасы (құрал) ол заттың шыққан тегіне, затына нұсқайтын кескекті ер тіркесі сөз-образ қалпында жұмсалып тұрғаны анық. Басқаларға бас болып, билігін жүргізетін, бағыттап отыратын ер бейнесі (қолында билігі бар, ел басқара алатын, қолбасшылық жасаушы) осылайша сомдалған. Мұндағы сой сөзі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы: Ғылым, 1961, 2-т.,269б.) шығу тегі, заты мағынасын береді деп түсіндіріледі. Бұл пікірді Р. Сыздық та қолдайды. Әрине, бұл қолданысты ақсұңқар құс секілді тектілердің тұқымынанмын деп ұғынуға болады. СойдыңМахамбет қолданысында мықты, берік, нағыздың өзі деген (нағыздың нағызы деген оралым жиі қолданылады, біреуге таң қалғанда, сүйсінгенде айтылады) мағынасы басымырақ. Өйткені, Мен ақ сұңқар құстың сойы едім, Шамырқансам тағы кетермін... - дегенде, кескілеспей басылмау-да айтқанын орындамай қоймайтын, дегенін істеу үшін жанын қиюға баратын дінінің беріктігін, мықтылығын түсінеміз. Р.Сыздық мұны ерекше сөздің қатарына жатқызады. Қазіргі түрік тілінде 6 мағынада жұмсалатынсой сөзі қазақ тілінде тек, нәсіл мағынасында қолданылады деп есептейтінін айта келіп: «Махамбет ...батырлықтың да өзге асыл қасиеттер сияқты негізі, тегі (сойы) болу керек және бұл негізді физиологиядан гөрі, адамның ата тегі қасиетінен, алған тәрбиесінен іздеген болуы керек», - деген ой айтады. Бірақ бұл сойлы сөзінің беретін мағынасына көбірек жуықтайды. Ал сойдың біз айтып кеткендей, контекстегі мағынасының коннотациясы мықты, берік, нағызға жуығырақ. Бұл сөздің таралым аймағының өте кең, Қазақстанның батысы мен шығысының аралығындағы алып кеңістікті алып жатыр, өйткені сойлы-ны Дулат тілінен де ұшыратуға болады.

Махамбетте мағынасы күңгірт дара тұлғалы сөздер көп. ХҮ-ХҮІІІ ғғ. жыраулар тіліндегі қарындас сөзі «ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны және жалпы ер адамға байланысты айтылғандағы жасы кіші әйелдің атауы» мағынасында емес, көне мағынасы «ағайын, туысқан адам, бір жұрттың адамы» мәнінде жұмсалғаны белгілі. Сол сияқты мағынасы күңгірт емсеу, жемсеу, алаулау, еп, орнық, т.б. сөздер кездеседі. Дегенмен де Махамбетте, Дулатта мағынасы күңгірттенген сөздермен келетін тіркестер дара тұлғалы сөздерден де көп. Махамбет өлеңдеріндегі мағынасы көмескіленген сөздердің көбінің тұрақты тіркес құрамында келетіні ғалымдар тарапынан айтылып жүр. Мұндай тіркестерге: ереуіл атқа ер салмай, қу толағай бастанбай, кескекті ердің сойы, астана жұрт, аса жұрт, т.б.

Солардың бірі - еңіреу ұлы емшек боз. Емшек боз – бәйгеге түспеген жас сәйгүлік (Ж.Кейкин. Қазақы атаулар мен байламдар. - Алматы:Өлке, 2006, 190-б.). Контекстік мағынасы - әлі жетіле қоймаған, босаң, ерге (батырлыққа) жетпеген. Кәдімгі аузынан ана сүті кетпеген, әлі жетілмеген, шыңдалмаған, бос белбеулеу мағынасындағы боз емшекті біз жиі қолданамыз. Өлең мәтінінде ұйқас үшін боз емшекті емшек боз деп айту заңды құбылыс. Бірақ Ж.Кейкиннің айтуынша, емшек боз деген қазақы атау қолданыста бар.

Ақ сөзі арқылы дәстүрлі тілдік қолданыстардың жасалған: Ақ Жайық, ақ орда, ақ бөпе, ақ сақал, ақ балта, т.б.

Дулат пен батыс өңірінің өкілі Махамбет тілін салыстыру барысында тағы да бірнеше ұқсастықтарды табуға болады:

Дулаттағы: Көл қорыған қызғыштай

Сен десе салам байбалам (Өсиетнаме,31-б.)

Махамбеттегі: Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Көл қорыған сен едің, - дегендегі, қызғыш құс қолданысында мазмұндық та, контекстік те, тұлғалық та айырмашылық жоқ. Қызғыш құс Дулат өлеңдерінде бір емес, бірнеше жерде ұшырасады. Барлық жерде де бір мағынада қолданылады. Тек сөз астарына сай бірінде адамның бейнесін қызғыш құс арқылы жасау (кейіптеу) және кәдімгі құс мағынасында жұмсалған. Мұның өзі ертеден белгілі, қалыптасып сіңісті (шаблон) болып кеткен тіркестердің Махамбет пен Дулатта молынан жүруі халықтық тіл элементтерінің өз позициясын жоғалтпай поэзияда ұзақ сақталғанын, жыраулық дәстүрдің жалпыхалықтық сипатын жоймай өміршеңдік білдіргенін көрсетеді.

Дулат өлеңдеріндегі алты қару асыну, алпыс екі айлалы, күпшек сан, т.б. қолданыстардың ауыз әдебиетінен тікелей енгені көрініп тұр. Мұндай қолданыстар поэтикалық тілдің жалпыхалықтығын білдіретін факторға айналған. Осы секілді қолданыстардың кезең-кезеңде кездесуі, әр түрлі өңірден шыққан ақындардың өлеңдерінен табылуы үш түрлі жағдайды анықтауға көмегі тиеді:

1) қазақ тілінің тұтастығын;

2) ауыз әдебиетінің өрісінің кеңдігін;

3)поэзия тілінің ауыз әдебиеті үлгісі негізінде қалыптасқан көркемдеуіш тәсілдерді бойына барынша сіңіргенін;

Дулат және Махамбет сынды тұлғалардың ауызша тілдің ерекшеліктерінен әлі де болса толық бас тартпағанын, қалыптасқан дәстүрден іргесін аулақтатып, басы бүтін толық ажырап кетпегенін көрсетеді.

Әрине, сөздің ауызша таралу дәстүрінің сан ғасырларға созылуы нәтижесіз болмады, осы процесс бес ғасыр бойына кездесіп отыратын өзіндік ерекшеліктерді қалыптастырды. Бұл ерекшеліктер тек Дулат пен Бұхарға немесе тек қана Махамбетке тән ерекшеліктер емес еді, ауызша жеткен әдеби тілді қалыптастырушы ірі тұлғалардың шығармаларының бәріне ортақ, бәріне тән ерекшеліктер еді. Шағын дидактикалық-шешендік толғаулардағы жеке жолдардың ғана емес, тұтас өлең бөліктерінің ХҮ-ХҮІ ғғ. ақын-жыраулар тілінде үнемі ұқсас түсіп, қайталанып келіп отыруы туралы «қазақ поэзиясындағы бір топ ортақ мотивті, вариантты дидактикалық шешендік толғауларды белгілі бір ақын-жырауға телімей... белгілі бір нақты уақыт аясында алмай... ортақ мұра ретінде қарау керек» деген Қ.Өмірәлиев сөзін қайталап айту қажет.

Жалпы қазаққа түсінікті фольклор тілі қазақтың ауызша әдеби тілінің ауыз әдебиеті дәстүрінің негізінде қалыптасуына түрткі болды. Сондықтан өзге елдің фольклоры мен қазақ фольклорын қатар қою да дұрыс емес, оның себебін ғалым Е.Жанпейісов (аталған еңбек,51-б.)былайша түсіндіреді: «...орыс жұртының фольклорында түсінуге ауыр диалектілік ерекшеліктер, жаргондар, түрлі варваризмдер, славянизмдер жиі ұшырасып отырады. Ал, қазақ немесе қырғыз, қарақалпақ фольклорының тілін алатын болсақ, бұл арада бүгінгі оқушы түсінбейтін, түсініксіз сөздер кем ұшырасады. Сондықтан да Шоқан қазақ эпосының тілін жазба әдебиетке бергісіз дейді» .

ХІХ ғ. І-кезеңіндегі әдебиет үлгілері бұрынғыша ауызша таралып, ауызша сақталған түрде жетті. Поэзияның да жанрлық тарамдары дами бастады, поэзия тілінде жарыспа суреттермен айту (параллеизм) тәрізді тәсілдер ығысып, өлең идеясын білдіретін амалдарға көшті. Поэзияда нақтылық басым бола бастады. Мысалы, Исатай образын беруде «кермиығым, кербезім», «құландай ашты дауысым» тәрізді нақты теңеулер қолданылды.

Махамбет тілінде жаугершілік лексика мол қолданылды. Олар қару-жарақ, сауыт-сайман аттары, найза, қылыш, жебе, мылтық т.б. Тұрақты эпитеттермен келетін егеулі найза, жалаулы найза, алты құлаш ақ найза Махамбет тілінің ерекшелігі. Ақын тілінде сондай-ақ, сой, тарлан, арайна, қарындас, емсау, жемсау, ереуіл, толағай т.б. көне сөздер кездеседі.

Дулат – жыраулық дәстүрден бас тартқан, ақындықтың жаңа үлгісін бастаған адам. Қазақ өлеңінің шоғырлана бөлінуі Дулаттан басталады. Шоғырда тармақтар бір ұйқаспен топтастырылады және әрқайсысы бір тақырыпты қамтиды. Дулат – перифрастика амалын едәуір жандандырған ақын. Ол өз заманын «толқынды теңіз замана» деп суреттейді. Жырдан алқа тағу, әділетке шөлдеу, көкірегінде қонақ жоқ т.б. тың поэтикалық сөздер де Дулатқа тән.

ХІХ ғ. І жартысында қазақтың төл әдеби тілінің лексикалық құрамының негізі – алдыңғы дәуірлерден сұрыпталып, нормаланып келген сөз байлығы болды.

ХІХ ғ. І жартысында төл сөздеріміз оқу-ағарту саласына байланысты енген (оқу, хат, сызу, кітап, сабақ алу т.б.) араб, парсы, сөздерімен қатар (старшын, майыр, салдат, тарантас т.б.) орыс сөздері де ене бастады. Бұл кезеңге тән грамматикалық ерекшеліктердің бастысы: ол грамматикада варианттылық құбылысы бар екендігінде, әсіресе, жарыспалылық морфологиялық тұлғалар қызметінде, қиысу меңгеру т.б. амалдарында көрінеді.

Әдебиеттер:

1. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А., 1993

2. Қазіргі қазақ әдеби тілінің грамматикалық құрылы­мы. — Алматы, 1983.

3. Өмірәлиев Қ. ХҮ-ХҮІІ ғ. Қазақ поэзиясының тілі. А., 1976

4. Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. Жинақ. А., 1981

5. Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары. А., 1987

6. Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. — Алматы: Ғылым, 1983.

7. Әнес Ғ. Махамбет өлеңдерінің лингвотекстологиялық ерекшеліктері. Канд.дисс.қолджазбасы. - Алматы,2001.

8. Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. — Алматы, 1974.

9. Бабатайұлы Д. — Алматы: Жазушы, 1991.