Электрондық үкімет порталындағы танымал қызметтердің 10 ТОП-ы

Қазіргі уақытта рұқсат беру жүйесін және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін жетілдіру бойынша шаралар іске асырылуда, рұқсат беру құжаттарын беру процесі автоматтандырылуда, рұқсат беру рәсімдерін оңайлату жөніндегі нормалар заң жүзінде бекітілді, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде тексерулердің кезеңділігін белгілеуге мүмкіндік беретін тетік енгізілді.

Осы шаралардың бәрі мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған:

1) уақыт жұмсауды және бизнестің шығындарын қысқарту;

2) әкімшілік кедергілерді азайту;

3) мемлекеттік органның бақылау қызметін реттеу;

4) халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін арттыру.

Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процестерін автоматтандыруға және оңтайландыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар іске асырылуда.

Мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудың негізгі жолдарының бірі ретінде әкімшілік реформалардың катализаторы және құралы ретінде қаралуы тиіс ақпараттық технологиялар айқындалды. Ақпараттық технологияларды мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде қолдану бақылау мәселелерінде реттілікті қамтамасыз етеді, бизнес-процестер мен деректердің қайталануын болдырмайды, бұл нәтижесінде бюджет қаражатының шығыстарын қысқартуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Міндет: мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін архитектуралық тәсілді енгізу.

Нысаналы индикаторлар:

1) Қазақстан Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингінде 2017 жылы тізімдегі алғашқы 38 елдің, 2020 жылы - 35 елдің қатарында;

2) мемлекеттік қызмет көрсетудің ең көп уақыты 2017 жылы - 5 жұмыс күнінен, 2020 жылы - 3 жұмыс күнінен аспайды;

3) мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын автоматтандыру 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %

Қол жеткізу жолдары

Көптеген әкімшілік өзгерістердің қозғаушы күші мемлекеттік органдардың «электрондық үкімет» инфрақұрылымын пайдалануы болып табылады.

Мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру архитектуралық тәсілді қолдану арқылы жүзеге асырылады, бұл әрбір мемлекеттік орган үшін уәкілетті органмен келісілген архитектура құру арқылы мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыруды көздейді.

Мемлекеттік органның архитектурасы мемлекеттік органның ағымдағы және жоспарланатын жағдайының егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтитын құжаттардың, үлгілердің, матрицалар мен диаграммалардың, сондай-ақ мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды қамтамасыз етуге арналған функциялардың, бизнес-процестердің, деректердің, ақпараттық жүйелердің және техникалық инфрақұрылымның құрамдас бөліктерінің өзара тәуелділігі мен өзара байланысын оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының (бұдан әрі - инфрақұрылым жоспары) жиынтығы болады. Архитектура мынадай өзара байланысты қабаттардан тұратын үлгі негізінде құрылатын болады:

1) қызмет архитектурасы;

2) деректер архитектурасы;

3) қосымшалар архитектурасы;

4) технологиялық архитектура;

5) ақпараттық қауіпсіздік архитектурасы.

Жергілікті атқарушы органдардың архитектурасы құрылады, ол бірыңғай бизнес-процестерді, құжаттардың, стандарттардың және үлгі шешімдердің бірыңғай қалыптарын пайдалану есебінен өңірлердегі мемлекеттік органдардың қызметін біріздендіруге мүмкіндік береді.

«Электрондық әкімдіктің» осы архитектурасы үш деңгейден тұрады: облыс, қала, аудан.

Пысықталған архитектураның негізінде мемлекеттік органда орындалатын бизнес-процестерді регламенттейтін нақты құжаттар әзірленеді.

Бюджеттерді және республикалық деңгейдегі АКТ-жобалардың көпшілігін іске асыруды АКТ басқару процесін орталықтандыру жүзеге асырылатын болады

Уәкілетті орган мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көрсетілген ақпараттандыру жөніндегі іс-шаралардың толықтығын, қарама-қайшы болмауын және мемлекеттік органдардың оңтайландырылған архитектурасын енгізуге бағытталғандығын тексереді.

Ақпараттандыру жоспарларын толық орындау мақсатында әрбір мемлекеттік органда оны ақпараттандыру үшін жауапты ұйымдық бірлік құру мүмкіндігі қаралатын болады. Мұндай ұйымдық бірліктің мақсаттары мен міндеттері ел көлемінде біріздендірілетін болады.

АКТ және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік техникалық саясат әзірленетін болады.

2) Мемлекеттік органдардың ашықтығы

Қазіргі уақытта мемлекеттің тұрғындармен және бизнеспен диалогының және кері байланысының тетігі құрылған. Мемлекеттік органдардың көпшілігі азаматтар мен бизнеске арналған ақпаратты қамтитын интернет-ресурстар құрды.

Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына мүгедектер үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар заңнамалық тұрғыда бекітілді.

Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы ақпараттың толықтығы мен сапасына бағалау жүргізілуде.

«Электрондық үкімет» порталында «Виртуалдық қабылдау бөлмесі» қызметі іске асырылған, онда азаматтар мемлекеттік органдарға тікелей жүгінеді.

Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірінші басшыларының блогтары жүргізіледі, онда әрбір ниет білдіруші өзінің пікірін білдіре алады және өзін қызықтыратын сұрақтарын қоя алады.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсында «Бизнесті президенттік қорғау» деген арнайы бөлім құрылды.

Сондай-ақ «электрондық үкімет» порталында Үкімет мүшелерінің және билік органдары өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде интернет-конференциялар өткізіледі. Осындай конференциялар кезінде азаматтар интерактивті режимде өздерінің сұрақтарына жауап алады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі өткізген онлайн отырыстардың саны 2011 жылы 37, он-лайн конференциялар саны 40 болды.

Міндет: азаматтардың, бизнестің және қоғамның ақпараттағы құқықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыру үшін мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру

Нысаналы индикаторлар:

1) Бағдарламаны іске асыру мерзімі ішінде Қазақстан Республикасының е-қатысу индексі (БҰҰ әдістемесі бойынша) алғашқы 5 елдің қатарында болуға тиіс;

2) «ашық деректер» сервистерінде орналасқан белсенді пайдаланылатын қосымшалардың саны 2017 жылы - кемінде 3, 2020 жылы - 10 құрады.

Қол жеткізу жолдары

Деректерді жинақтауды жүйелендіру және мемлекеттік органдардың ақпаратын құрылымдау мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады:

1) Қазақстан Республикасының Үкіметі және мемлекеттік органдар «Электрондық үкімет» порталы арқылы азаматтар мен бизнеске беретін жария ақпарат тізбесін кеңейту;

2) оларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында оларды жария түрде тарату не мемлекеттік органдардың беруінің міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстарды уақтылы беру объективтілігі, толықтығы және дұрыстығы мақсатында ағымдағы заңнамаға өзгерістер енгізу;

3) тұрғындармен диалог, көрсетілетін қызметтердің сапасын талқылау үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын жоспарлау және нақты игеруі жөніндегі деректерді шоғырландыратын "ашық деректер" алаңы ретінде қызмет ететін «электрондық үкімет» порталды дамыту. "Ашық деректер" алаңы - бұл бұдан әрі өңдеуге және талдауға пайда болатын форматтарда ашық ақпаратты орналастыру үшін арналған алаң. Осындай көзқарас ашық мемлекеттік деректер базаларын бизнестің, БАҚ-тың және азаматтық қоғамның кең пайдаланылуына мүмкіндік береді

4) мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына тұрақты қоғамдық мониторинг жүргізу процесіне азаматтар, үкіметтік емес және басқа да мемлекеттік емес ұйымдар кеңінен тарту;

5) мемлекеттік органдардың және халықтың әлеуметтік проблемаларды кеңінен талқылауы үшін Интернет желісінде әлеуметтік алаңдар қолданылатын болады, мемлекетті реформалау және жақсарту процесіне азаматтарды тарту тетігін әзірлеу және іске қосу;

6) мемлекеттік мекемелердің интернет-ресурстарын бірегейлендіру және бірыңғай тұғырнамаға көшіру;

7) азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдерді және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қоса алғанда, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін электрондық бағалау тетігін іске асыру.

3) «Электрондық үкіметті» дамыту

2008 жылдан бергі кезеңде Қазақстанның «электрондық үкіметі» БҰҰ рейтингінде 43 позицияға көтерілді. 2012 жылғы наурыздың басында жарияланған БҰҰ E-Government Survey-2012 рейтінгінде Қазақстан 38-орынды иеленді. Онлайн-қызметтерінің индексі 10 позицияға артты. Е-қатысу индексі бойынша Қазақстан Сингапурмен бірге 2-орынды бөлісті.

Азаматтар мен ұйымдарға ақпаратты және қызметтерді ұсыну міндеттерін шешуде «электрондық үкіметтің» базалық құрамдас бөліктері ойдағыдай іске асырылып, инфрақұрылымы және мынадай: электрондық лицензияларды беру, ХҚКО, салықтар мен айыппұлдарды электрондық төлеу, электрондық нотариат, электрондық кеден, электрондық мемлекеттік қызметтер, «электрондық үкіметтің» Саll-орталығы сияқты жобалар құрылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиімділігін арттыру мақсатында электрондық құжат айналымы, электрондық мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік органдардың порталдары сияқты жобалар іске асырылды, Қазақстанның барлық емдеу мекемелерін және медицинаны басқарудың бүкіл жүйесін қамтитын е-денсаулық сақтау жобасы енгізілуде.

«Е-Қаржымині» және «Е-Статистика» жобаларын іске асыру аяқталуда.

Мемлекеттік органдар «электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы тұрғындарға және бизнеске 236 интерактивтік және транзакциялық қызмет ұсынады, оның 108 «электрондық лицензиялау» порталында және 128 «электрондық үкімет» порталында көрсетіледі.

«Электрондық үкімет» порталын күн сайын 25 000-нан астам азамат пайдаланады. 13,3 млн-нан астам е-анықтамалар, оның ішінде 2012 жылғы 1 жартыжылдықта 4 млн-нан астам электрондық анықтама берілді.

«Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысымен жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізілімібекітілген. 2013 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.

Электрондық мемлекеттік қызметтерді алу үшін тұрғындарға және бизнеске 1 млн-нан астам электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) берілді.

«Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі лицензиар мемлекеттік органдардың бәрінде, 79 аумақтық лицензиарда, 16 жергілікті атқарушы органның 8-інде енгізілді.

2012 жылғы 1 сәуірден бастап орталық мемлекеттік органдардың барлық лицензиялары электрондық нысанда жасалады, 2012 жылғы 9 айда 13 мыңнан астам электрондық лицензиялар жасалды.

92 лицензияны оңтайландыру, 80 рұқсат беру құжатын автоматтандыру және оңтайландыру жөніндегі жоспарлар бекітілді.

13 сала үшін өнімділіктің, қызметтің, қосымшалардың, деректердің, технологиялар мен стандарттардың эталондық модельдері құрылды, сондай-ақ оларды толтыру және одан әрі сүйемелдеу үшін әдістемелер әзірленді.

Орталық мемлекеттік органдарды сақтау мерзімі 10 жылға дейінгі құжаттарды қағаз тасығышта қайталамай, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық нысанда ғана электрондық құжат айналымына көшіру қамтамасыз етілді.

Электрондық әкімдіктерді дамыту шеңберінде 20 мемлекеттік қызметті автоматтандыру мүмкіндігі бар «е-әкімдік» өңірлік шлюзі» жобасы іске асырылды.

Міндеті: мемлекетті ақпараттандыру құралы ретінде «электрондық үкіметті» дамыту.

Нысаналы индикаторлар:

1) «электрондық үкімет» индексі (БҰҰ әдістемесі бойынша) 2017 жылы алғашқы 30, ал 2020 жылы - алғашқы 25 елдің қатарында болуға тиіс;

2) тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасына қанағаттану индексі 2017 жылы 5 балдың 4,5 балын, 2020 жылы - 4,7 балды құрауға тиіс;

3) мемлекеттік қызметтерді көрсетудің төрешілдену индексі 2017 жылы - 3, 2020 жылға қарай — 1 болуы тиіс;

4) дәстүрлі түрде алынған қызметтердің жалпы санына қарағанда көрсетілген электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі 2017 жылы - 50 %, 2020 жылы - 80 % құрауы тиіс;

5) электрондық қызметтердің жалпы көлемінде ұтқыр электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі 2017 жылы - 36 %, 2020 жылы - 40 % құрауы тиіс;

6) мемлекеттік органдардың автоматтандырылған функцияларының үлесі әлеуетті автоматтандырылатындардың санынан 2017 жылы кемінде 80 % және 2020 жылы кемінде 100 % құрауы тиіс.

Қолжетімділіктің қазіргі заманғы телекоммуникациялық желісі және Қазақстанның «электрондық үкіметі» ақпаратты қоғам құрудың инфрақұрылымы болады. «Электрондық үкіметті» бұдан әрі дамыту үшін мынадай міндеттер шешілетін болады:

1) АКТ-жобаларының өмірлік циклі қысқа адымдар және нақты нәтижелерге жылдам жетуге бағдарланған, модульдік тәсілдемені енгізу жағына қарай қайта қарау;

2) шағын АТ-компаниялардың мемлекеттік АКТ-жобаларына қатысу үшін «кіру шегін» жою мақсатында іс-шаралар жүргізу;

3) мемлекеттік басқару реформаларының барлық түрлерін келісіп жүргізудің негізгі құралы болатын мемлекеттік органдардың Бірыңғай ақпараттық-талдамалық ортасын әзірлеу;

4) мемлекеттің әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымының бәрін (инженерлік желілер, тұрғын үй қоры, жолдар және т.б.) тексеру және паспорттау жүргізу, жаңа мемлекеттік дерекқорды құру;

5) мемлекеттік дерекқорды есепке алу объектілерімен ықпалдастырылған, мемлекеттік органдарға қазіргі заманғы, сапалы және толық геоақпараттық материалға қолжетімділік беретін бірыңғай ұлттық геоақпараттық ортамен қамтамасыз ету;

6) мемлекеттік дерекқор, мұрағаттар және ведомстволық ақпараттық жүйелер үшін тарихи мәліметтерді жинау және электрондық түрге ауыстыру міндетін мемлекеттік деңгейде жүйелі шешу;

7) мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызмет процестерін талдау негізінде үлгілік ақпараттық жүйелердің тізбесін айқындау. Үлгілік ақпараттық жүйелерді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда «бұлтты сервистер» түрінде ақпараттандырудың жаңа моделінің аясында енгізу;

8) мемлекеттік қызметтерді ұсыну және оларды автоматтандыру жөніндегі бизнес-процестерді қысқарту және оңайлату жұмысын жалғастыру;

9) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын автоматтандыру;

10) әкімшілік құжаттарды нөмірлеудің және кодтаудың бірыңғай жүйесін көздеу;

11) мобильдік құрылғылар арқылы азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтердің нәтижелерін жедел ұсынуға арналған «электрондық үкімет» бағыттарының бірі - «ұтқыр үкіметті» қарқынды дамыту;

12) мемлекеттік органдардың арасында олардың жұмыстарының регламенттерін жетілдіру және Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін (бұдан әрі - ЭҚАБЖ) енгізу жолымен құжат айналымын айтарлықтай қысқарту жөніндегі жұмысты жалғастыру. ЭҚАБЖ жүйесінің өзі «бұлтты сервистер» және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын пайдалана отырып, ұтқыр құрылғыларда жұмыс жасау жағына қарай дамыту;

13) коммерциялық және мемлекеттік жүйелер мен сервистерді ықпалдастыру жөніндегі шараларды қабылдау;

14) бағдарламалық қамтамасыз етуді лицензиялық және еркін пайдалану мәселелерін регламенттеу;

15) «электрондық үкіметтің» Call-орталығы базасында мемлекеттік қызметтерді көрсету, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасына шағымдарды қабылдау және мемлекеттік қызметтердің мәртебелері мен әзірлігі туралы хабарлау мәселелері жөніндегі Бірыңғай Саll-орталықты дамыту

16) мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтер көрсету мәселелері бойынша заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік органдармен және ұйымдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына, дербес деректерді пайдалануға арналған, мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара іс-қимылының бірыңғай нүктесі болатын, Азаматтың бірыңғай жеке кабинетін құру және енгізу;

17) тұрғындардың арасында ЭЦҚ кеңінен пайдалануға бағытталған жаңа үлгідегі жеке куәліктерге ЭЦҚ жазудың инфрақұрылымын дамыту;

18) электрондық қызметтерге қоғамдық қолжетімділік пункттерінің саны едәуір арту, сондай-ақ қолданыстағы пункттердің жабдықтарын жаңарту

4) Мемлекеттік органдарды ақпараттандырудың жаңа моделін енгізу

Мемлекеттік органдарда ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігін арттыру тетіктерінің бірі «бұлтты есептеу», АКТ-аутсорсингі және тапсырыстарды шоғырландыруды пайдалануға көшуге негізделген ақпараттандырудың жаңа моделін енгізу болып табылады.

Қазіргі уақытта әлемдік тәжірибеде деректерді өңдеу орталықтарының базасында серверлерді виртуалдау және «бұлтты есептеу» модельдерінің технологиялары кеңінен қолданылады.

Осы технологияны енгізудің нәтижесі бюджет қаражатын шоғырландыру және үнемдеу, мемлекеттік органдардың бизнес процестерінің тиімділігі болып табылады.

Бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік секторда серверлерді «виртуалдау» және «бұлтты есептеулер» технологияларын енгізу басталды. 2010 жылы мемлекеттік органдардың серверлік орталығы пайдалануға берілді, оның негізінде 2011 жылдан бастап collocation (серверлік жабдықтар үшін бағана-орынды жалға алу) қызметтері ұсынылады, есептеуіш ресурстарды орталықтанған түрде ұсыну үшін виртуалдау технологиясын пайдалана отырып шоғырландырылған есептеу алаңы ашылды.

«Бұлтты» есептеудің негізінде «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай пошталық жүйесі» жобасын іске асыру және Павлодар қаласындағы Деректерді өңдеу орталығын құру басталды.

Міндеті: мемлекеттік органдарда ақпараттық технологияларды қолдану шығыстарын оңтайландыру.

Нысаналы индикаторлар:

1) мемлекеттік органдардың меншікті дата-орталықтарының, серверлік бөлмелерінің, серверлік құрал-жабдықтарының саны 2017 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 80 %, 2020 жылы - 50 % қысқаруы тиіс;

2) меншікті лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді, меншікті ақпараттық жүйелерді құру және қызмет көрсету қызметтерін сатып алуға мемлекеттік органдардың шығындарын қысқарту 2017 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 40 %, 2020 жылы - 50 % құрауы тиіс.

Қол жеткізу жолдары

 

Мемлекеттік органдардың АКТ-инфрақұрылымын қалыптастыру және басқару АКТ-өнімдерін сатып алудан ақпараттандырудың жаңа моделін құру және енгізу арқылы АКТ-сервистеріне тапсырыс беру және тұтынуға жоспарланған кезең-кезеңімен көшу арқылы келесі жолымен жүзеге асырылатын болады:

1) АКТ-аутсорсингке берілетін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін анықтау;

2) мемлекеттік органдардың АКТ-тапсырысын шоғырландыру механизмін әзірлеу;

3) мемлекеттік органдардың бірыңғай "бұлтты тұғырнамасын" (бұдан әрі - G-Cloud) қолдануға негізделген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын ақпараттандырудың аутсорсингтік моделін іске асыру;

4) G-Cloud инфрақұрылымын дамытуға және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін G-Cloud-қа көшіруге жауапты, ақпараттандыру саласындағы операторды анықтау;

5) мемлекеттік органдарда бар ақпараттық жүйелер мен серверлік жабдықтардың тексеруін жүргізу және оларды кәдеге жарату және/немесе G-Cloud-қа ауыстыру тәртібін айқындау;

6) жалпы сервистерді алумен G-Cloud-ты жинақтау жүргізу, мемлекеттік органдар оларды жалға ала отырып, АКТ-инфрақұрылымын қалыптастыру және басқару жөніндегі өзіне тән емес қосалқы функцияларын қысқарту.

G-Cloud инфрақұрылымына жауапты ақпараттандыру саласындағы оператор даму жоспарларын үйлестіреді және шоғырландырады және оператордың жұмысы үшін қажетті байланыс арналарына, қауіпсіздікке және басқа бағыттарға жауап беретін органдардың жұмысын біріктіреді.

 

Мемлекеттік органмен ақпараттық технологияларды қолдануды бағалау келесі критериялар бойынша жүзеге асырылады:

1) интернет-ресурстың тиімділігі;

2) ведомствоаралық ақпараттық жүйелерді пайдалану;

3) мемлекеттік органның функцияларын (үдерістерін) автоматтандыру;

4) ведомстволық ақпараттық жүйелердің нәтижелілігі;

5) ведомстволық ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру үлесі.