Адамның биологиялық және әлеуметтік табиғаты

Адам - қайшылықты пенде. Оның, бір жағынан, - денесі, екінші жағынан, сана, рухы бар екенін әркім біледі. Оған да басқа тіршіліктерге сияқты су, ауа, жылу, қоректену, ұрпақ жалғастыру т.с.с. қажет. Сонымен қатар ол дүние жөнінде ойланады, өмірде өз орнын іздейді, шаттанады, қайғырады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егер жануарды оның инстинктері итермелесе, адам өз инстинктерін әлеуметтік нормаларға бағындырады, ол - өз-өзін бақылауға ала алатын пенде. Десек те, адамның бұл ішкі қайшылығы философияда әртүрлі шешіледі. Мысалы, Орта ғасырлардағы діни философияда адамды рух ретінде өте биік деңгейге көтеріп, дене ретінде құлдыратып, тіпті жануарлардан да төмен қояды.

Жаңа дәуірдегі философияда бұл мәселе жөнінде бір-біріне қарсы тұрған (негіздеу) биологиялық және әлеуметтік редукционизмдікелтіруге болар еді.

Бірінші тұжырымда адамның дене құрылысының ерекшеліктері асыра бағаланып, олар оның ішкі мән-мағынасын анықтайды деген пікір қалыптасқан. Оған нәсілшілдік, ломброзияндық, әлеуметтік-дарвинизм, әлеуметтік биология бағыттары жатады. Нәсілшілдікке келер болсақ, оның тарихи пайда болған ең біріншісі - ақ түсті адамдарды асыра бағалап, қалғандардың бәрін -артта қалған, табиғи дарындары мен қабілеттері төмен, - деп түсінеді.

Қара нәсілшілдік отарланған Африка континенті халықтары өз бостандығын алғаннан кейін, олардың ұлттық сана-сезімі өсуімен байланысты «негритюд» сияқты ілімдерде кездеседі. Ол қара адамдардың дүниені ақыл-оймен емес, сезім, инстинкт арқылы терең игеруі, әуендегі ритм мен спортқа деген басқалардан гөрі қабілеттерінің молдығы т.с.с. мақтан етеді.

Сары нәсілшілдік те ақтарды «піспеген», қараларды «күйіп кеткенге» теңейді.

Бүгінгі таңдағы жаһандану заманында, елдер мен халықтардың бір-бірімен терең қатынастарға түсуі, бір-бірінің жетістіктерімен бөлісуі қайсыбір нәсілшілдікті тамырынан шабады. Бүгінгі уақыттың қойған «Талабына» барлық халықтар өзіне тән «Жауап» іздеуде. Өндіргіш күштерді казіргі замандағы ғылым мен техниканың жетістіктеріне сәйкес дамытқан елдер ішінде Оңтүстік Африканы (қаралар), Жапонияны (сарылар), Германияны (ақтар) мысал ретінде келтіруге болар еді. Спорт, әуен, өнер, сәулет т.с.с. қоғам салаларын алсақ, онда да осындай жағдайды аңғаруға болады. Ең соңында, олардың түп-тамыры бір екенін генетикалық тұрғыдан дәлелдеуге болатын сияқты. Мысалы, ақ пен қара қосылған отбасында өмірге келген сәбиді мулат дейміз. Ал сары мен ақтың баласы метис аталады. Бұл әртүрлі нәсіл өкілдерінің бір-біріне генетикалық деңгейдегі сәйкестігін көрсетеді. Қайсыбір қарапайым өмірде сирек болса да кездесетін нәсілшілдік сол адамның надандығын, я болмаса ұлтшылдық пиғылын көрсетсе керек.

Өткен ғасырдың басында Чезаре Ломброзо деген итальяндық психиатр, антрополог түрмедегі адамдардың дене кұрылысын зерттей келе, қылмысқа баратын адамдардың биологиялық табиғаты қазіргі адамның деңгейінен төмен болуымен байланысты,- деген пікір айтқан болатын. Мұндай көзқарас уақытында біршама заңгерлер, дәрігерлер мен психиатрлар арасында қызу айтыстарға әкеліп, ломброзиандық деген ағымды тудырды. Ч.Ломброзо мысал ретінде ондай адамдардың төменгі жақ сүйектері үлкен, маңдайы қысқа, қабақтары бір-бірімен косылып кеткен, көздері терен орналасқан, қолдары ұзын т.с.с. дейді. Ол мұндай дене құрылысы бар адамдар әлеуметтік ауытқуға әсіресе қылмыстыққа өте жақын деген пікір айтады. Бұдан кейін жүргізілген зерттеулер бұл пікірдің жалған екенін айқындады, өйткені қылмыстық - негізінен алғанда, әлеуметтік құбылыс. Дегенмен де кейбір адамдарға мұндай пікір осы уақытқа дейін өз әсерін тигізуде.

Әлеуметтік дарвинизм бағыты да қоғам өмірін адамдардың өмір сүру үшін күресінен, табиғи таңдау, тұқым қуушылықтан көреді, яғни биологиялық эволюционизм заңдылықтарын қоғамға таңады.

Социобиологияға келер болсақ, олар жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жануарлардың да әлеуметтік қасиеттерінің бар екенін айтады. Мысалы, жануарлардың альтруистік инстинктері (баласын қорғап қалу жолында өз өмірін беруге дайындығы, оған деген қамқорлығы, үйір шеңберіндегі өзара көмек беру т.с.с.) Ч.Дарвиннің ашқан биологиялық эволюционизм принциптеріне қайшы келеді. Расында да, тек қана жеке организмнің қоршаған ортаға бейімделіп, өмірін сақтап қалуынан үйір шеңберіндегі өзара бірігіп іс-әрекет жасау туындамайды. Бұл пікірмен келісуге болады. Сондықтан олар эволюциялық үрдіс тиімді жүру үшін жеке организммен қатар үйір болып қоршаған ортаға бейімделу қажеттігін көрсетеді. Олай болса, олар әлеуметтіліктің алғашқы негіздері үйірдің шеңберінде пайда болатыны жөніндегі қорытындыға келеді. Мұндай көзқарас даму тұжырымына қайшы келмейді, өйткені қайсыбір жаңаның ұрығы ескінің ішкі шеңберінде пайда болады. Бірақ мұндай қорытудан қоғамдағы құбылыстардың іргелі негізі биологиялық үрдістерде жатыр деп есептеу жалған болар еді.

Енді әлеуметтік редукционизмге келер болсақ, оның шынайы өкілі ретінде марксизмді келтіруге болады. Бұл ілімдегі түсінік бойынша, адамның терең мәнін нақтылы түрде қалыптасқан «қоғамдық қатынастар жиынтығы» құрайды, яғни ол оның әлеуметтілігінде. К.Маркстің жасаған коммунизм ілімінің негізгі іргетастарының бірі ретінде осы адам жөніндегі тұжырымдама жатыр. Коммунистік қоғамда тек қана биік дәрежеге жеткен өндіргіш күштер ғана емес, сонымен қатар «жаңа адам» дүниеге келеді, өйткені қоғамдық меншікке негізделген адамдар арасындағы қатынастар мен байланыстар оны қажетті түрде тудырады. Сондықтан да ол қоғамда саяси-құқтық сала (мемлекет, құқық, түрме, тергеу мекемелері т.с.с.) керек болмай қалады, адамдар тек моральдық құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді.

Осы айтылған «жаңа адамды» калыптастыру жолында тарих қойнауына кірген Кеңес Одағында ондаған жылдар бойы халық арасында миллиондаған лекциялар мен сұхбаттар жүргізіліп, қаншама арнаулы тәрбие жұмыстары жасалса да, ол сол бұрынғы адам болып қала берді... Бүгінгі таңдағы ғылымда адамның био-әлеуметтік табиғаты мойындалды. Адамның дене ретіндегі өмір сүруі биологиялық заңдарға тәуелді. Күнбе-күнгі өмірімізде адамдардың табиғат өзгерістеріне тәуелді екенін емші болмасақ та байқауға болады (ауа қысымының өзгеруі, геомагниттік дауылдар, күн сәулесінің күшеюі т.с.с. табиғи құбылыстардың адамға тигізетін ықпалы). Адамның өмір сатылары да биологиялық заңдарға тәуелді (өмірге келу, балалық, жастық шактар, ересек өмір, кәрілік, дүниеден озу). Әрбір адамның тарихтағы қайталанбастығы да оның әке-шешесі арқылы берілген генетикалық ерекшелігінде жатқанын мойындамасқа болмайды. Мұндай деректерді жалғастыра беруге болар еді.

Сонымен қатар адамның өмір сүруі мен қалыптасуы, дамуында әлеуметтік факторлардың орасан зор рөлін көрсетпесе, тағы да болмайды. Мысалы, алғашқы қауымдық қоғамда адамның орта жасы 25-те болса, қазіргі дамыған қоғамдарда ол көрсеткіш 75-78-ге келді. Егер әуенге деген аса дарыны бар сәби дүниеге келсе, оған арнаулы білім беріп, оны әлпештеп өсірсе, ол ұлы композитор, я болмаса орындаушы болуы мүмкін. Бірақ ондай жағдай жасалмаса, оның дарыны сөніп, асып кеткенде «ауылдың домбырашысы» ғана болып қала береді. Ғасырлар бойы қаншама аса дарынды адамдар дүниеге келіп, әлеуметтік жағдайдың жоқтығынан «ашылмаған гүл» секілді келмеске кетті десеңізші!!! Қоғам өміріндегі әрбір тұлғаны гүлдетіп, жан-жақты дамыту осы уақытқа дейін адамзаттың орындалмаған арманы болды десек те болғаны.

Адамзаттың ғылыми-техникалық орасан зор қарқынмен дамуы бүгінгі таңда адам өміріне бұрын-соңды болмаған қауіп-қатерлерді тудыруда. Бірінші күрделі мәселе - жантүршігерлік күші бар соғыс қару-жарақтарының жыл сайын жаңа түрлерінің пайда болуында. Егер бұрын жеке адамдар өлгенімен, бүкіл адамзат өмірде қала беретініне ешкім күмәнданбайтын. Бүгінгі таңда адамзат толығынан құрып кетуі мүмкін. Ол әрбір адамды алаңдатып отыр.

Екінші үлкен кауіп - экологиялық апаттың бүкіл жер бетінде етек алып кету мүмкіндігі. Өйткені лас ауа мен суға қоятын мемлекеттік шекара жоқ!! Бүгін адам өмір сүруінің екі жағы бір-біріне қайшы келді. Бір жағынан, біз Табиғаттың ажырамас бөлігіміз, Ол - біздің арғы анамыз. Екінші жағынан, саналы адам алдындағы жатқан Дүниені танып-біліп, өз мүдделеріне сай өзгертеді. Сол себепті көп жерлер ластанып, өсімдіктер мен жануарлардың біршама түрлері өмірден келмеске кетті, Табиғат әлсіреуде. Табиғаттың байлығы шексіз, одан қаншалықты алсаң да азаймайды деген бұрынғы заманда қалыптасқан пікір жалған болып шыкты. Табиғат алдымыздағы жатқан «айнала қоршаған орта» ғана емес, ол біртұтас орасан зор организм, «Үлкен Жүйе», оның ішіндегі барлық элементтер бір-бірімен миллиардтаған жылдардың ішінде тиімді байланыс құрды. Адамзаттың өзі осы жүйенің ішінде белгілі бір орын алады. Сондықтан адамзат ғылым мен техниканы пайдаланудың жаңа стратегиясын жасамай, өз-өзін құртып алуы мүмкін.

Жоғарғы айтылған қауіп-қатерлерден кем емес, бірақ та қоғамдық сананың назарына әлі дұрыс ілікпеген үлкен мәселе адамның тұлға ретіндегі био-әлеуметтік табиғатын сақтап қалуы болып отыр. Кейбір ғалымдар оны «антропологиялык дағдарыс» дейді. Оның терең мәні - адамзат жыл сайын ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйене отырып, өз Дүниесін күрделендіруде. Ол оның жақсы жақтарын пайдаланғанмен, өмірге келеңсіз, өз табиғатына қарсы жатқан салдарларды тудырып, көп жағдайларда оны бақылай алмай калады. Адам Дүниені қаншалықты терең өзгерткен сайын, соншалықты теріс әлеуметтік факторлар пайда болып, оның өмір сапасын төмендетеді. Дүниенің тез қарқынмен дамуы адамды өз ұлтының әдет-ғұрыптарынан айырып, басқа мәдени үлгілерді игеруге, «ол жақта, я болмаса бұл жақта да емес» маргиналдық ахуалға әкелетінін бүгінгі таңдағы реформа барысында көріп жүрміз.

Енді мәселені нақтылай түсіп, бүгінгі таңдағы Қазақстан қоғамын адами тұрғыдан талдасақ, біздің мемлекеттің бұл мәселеге көп көңіл бөліп жатқанын байқаймыз. Негізгі жетістік – адамдардың қоғам өмірінің қай саласы болмасын, белсенділік көрсетуіне, яғни олардың өз ынтасының арқасында дамуына жол ашылды. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елде қаншама жастар өнер, білім, спорт, саясат, экономика салаларында шығармашылық деңгейге көтеріліп, өз мүмкіндіктерін өмірде іске асырып жатыр! Десек те, істейтін нәрселер әлі - паш етектен. Ең алдымен елде етек алып кеткен туберкулез, гепатит сияқты «әлеуметтік ауруларды» алсақ, ішетін суды, ауаны тазартпай, жейтін тамақты күшейтпей, оларды жеңе алмаймыз. Жұмыссыздық, көп жастардың баспана мәселесінің көп жылдар бойы шешілмеуі де адам дамуының әлеуметтік факторына жатады.

Қорыта келе, адамның биологиялық және әлеуметтік жақтарын ажыратпай, бір-бірімен байланыстырып қарау керектігін баса айтуымыз

қажет.

 

§4. Адам өмірінің мән-мағынасы

Адам дүние жөнінде неше түрлі ұғымдар мен бейнелерді тудырып, солар арқылы кеңістік пен уақыттың шектеуінен ой арқылы шығып кету дәрежесіне көтеріледі. Ол - заттар мен құбылыстардың ішкі сырын аша алатын пенде. Ол неше түрлі рухани құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді, сонымен қатар оларды жойып, тіпті өзін жойып жіберетін кездер де болады. Ең соңында, адам - өз-өзін бақылап, баға беріп, өзімен өмір мен өлім жөнінде сұхбаттаса алатын пенде. Егер жануарлар өз табиғатына сай өмір сүрсе, адам алдында «мен неге дүниеге келдім?», «не үшін өмір сүруім керек?», «қалай өмір сүруім керек?» деген т.с.с. сұрақтар пайда болады. Оның себебі жоғарыда көрсетілген адамның ішкі рухани өмірінде жатыр. Міне, бұл қойылған сұрақтар адам өмірінің мән-мағынасын анықтауға итереді.

Адам өмірінің мән-мағынасы - ғасырлар бойы талданып келе жатқан мәселе. Өмір өзгерген сайын болашақта да бұл мәселе талай рет көтерілетіні сөзсіз. Яғни бұл адамзаттың өзіне қойған «мәңгілік» сұрақтарының біреуіне жатады. Орыстың ұлы ойшылы Л.Н.Толстой: «Адамның ішінде екі «мен» бар сияқты және олар бір-бірімен сыйыспай, күресіп жатқан сияқты», - дейді. Бір «мен»: «Мен ғана нағыз өмір сүріп жатырмын, қалғандардың бәрі өмір сүріп жатқан сияқты ғана, сондықтан бүкіл дүниенің мән-мағынасы маған деген жақсылықтың болуында», - дейді. Екінші «мен»: «Бүкіл Дүние саған емес, өз мақсаттарына, сондықтан саған бұл өмірде жақсы ма әлде жаман ба, ол оны білгісі де келмейді», - дейді. Бұл өмір сүруге қорқыныш сезімін әкеледі»,- деп қорытады ұлы ойшыл. Әрине, адамның ішкі өмірі неше түрлі қайшылықтардан тұрады. Біршама жағдайда біз тек ақыл-оймен ғана емес, инстинктер, интуиция арқылы бір нәрселерді (жақсы, я жаман болсын) жасауымыз ғажап емес...

Адам өз өмірінде, басқа тіршіліктер сияқты, әртүрлі қажеттіліктерін өтейді. Жалғыз ғана дәулетке жету адамды қанағаттандырып, оның өмірінің мән-мағынасын құрай алмайды. Оның сыртында талай рухқа негізделген адамның қажеттіліктері тұр. Уақытында американ ғалымы А.Маслоу адам қажеттіліктерінің төменнен жоғары көтерілетін тізбесін жасаған болатын. Ең төменгі басты физиологиялық (тамақтану, тыныс алу, козғалу, киім, баспана т.с.с.) жыныстық (дүниеге ұрпақ әкелу) қажеттіліктер. Екінші -экзистенциалдық қажеттіліктер (қауіпсіздік, ертеңгі күнге дегенсенімдік, өмір сүру жағдайларының және қарым-қатынасқа түсетін коршаған адамдардың тұрақтылығы т.с.с.). Үшінші - әлеуметтік қажеттіліктер (басқа адамдармен бірігіп, қарым-қатынасқа түсіп, солардың сый-сияпатына ие болу). Төртінші — престиждік, яғни беделді басқалардың назарына ілігу, еңбек сатыларымен жоғарылау, жоғары тұлғалық бағаға ие болу т.с.с. Бесінші - рухани қажеттіліктер - шығармашылық арқылы өз мүмкіндігіңді өмірге енгізу, іске асыру.

А.Маслоудың ойынша, төменгі қажеттіліктер өтелмейінше, жоғарғылар әлі де болса адамға қызықты емес. Өтелген қажеттіліктер өз күшін жойып, адамды жоғарғы қажеттіліктерді игеруге итермелейді. Егерде төменгі қажеттіліктерді өтеу қоғамның даму деңгейіне байланысты қиын мәселеге айналса, ол адам өмірінің негізгі мән-мағынасына айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда қаншама адам «нан табу» мәселесінің шеңберінен шыға алмай жүр?! Оны тарихи қалыптасқан қоғам өмірінің кемшілігі ретінде қарау жөн болар.

Сонымен өмірдің ең биік мән-мағынасы шығармашылық сатыға көтеріліп, өз қабілеттеріңді іске асыру, соның арқасында өз тұлғаңның ерекше орнын анықтап, қанағаттану болмақ. Ондай адамға тән нәрселер:

өмірдің әрбір күнін теңдесі жоқ сый ретінде қуанышты сезіммен қабылдау;

басқаларды өзіңді сияқты бағалап қабылдау;

басқаларға тәуелді болмау, әр мәселе бойынша өз пікіріңді көрсете білу, өзгелердің пікірін де қабылдап сыйлау;

өз таңдаған ісіңді сүю, шығармашылық деңгейде игеру;

өне бойы өз қабілеттеріңді әрі қарай дамытуға тырысу;

мақсат-мұратқа жететін құралдарды таңдау, жақсылық пен жамандықты, сұлулық пен түрсіздікті айыра білу;

қай жерде болмасын өзіңді қарапайым күндегідей ұстай білу;

т.с.с.

Адам өмірінің мән-мағынасы жөнінде арнайы еңбек жазып, құнды пікірлер айтқан XX ғ. өмір сүрген австриялық ұлы ойшыл В.Франкл болды. Ол бүгінгі адамның өмір ахуалына тоқтала келе, оның қиындығы жөнінде сыр шертеді. Бүгінгі адам жануарлар сияқты инстинктің, кешегі коғамдағы сияқты әдет-ғұрыптың талабына сай өмір сүре алмайды. Сондықтан ол басқалар сияқты болғысы келеді (конформизм), я болмаса басқалардың айтқанын істейді (тоталитаризм). Ол оның рухани дағдарыста екенін, өмірдің мән-мағынасын әлі таба алмағанын көрсетеді. Нәтижесінде, адам «экзистенциалдық вакуумға» (өмір сүрудегі мәнсіздікке) келіп тіреледі. Ондай адам әлеуметтік аномалияға (ауытқуға) ұшырауы мүмкін. Олар: нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстыққа бару, құдай іздеу жолына түсу, өз-өзін өлтіру (суицид) т.с.с. Батыс қоғамында кең тараған жалған көзқарас ретінде В.Франкл өмір мәнін байлықтан іздеуді келтіреді. Мысалы, әке-шешесі өз баласына барлық жағдай жасап, не қалағанын алып береді де, оның алдындағы өз борышын орындағандай сезінеді. Ал ол баланың ішкі жан дүниесі қандай, ол кім болғысы келеді, нені қиялдайды т.с.с. -оған көңіл бөлуге олардың қолдары да тимейді. Ақырында, киімі көк, тамағы тоқ бала көзді ашып-жұмғанша ересектік сатыға келеді. Балалық қиялдарынын бәрі артта, ерекше тұлғалық дәрежеге көтерілген жоқ, өмірден өз орнын таба алмай қалды. Не істеу керек? Бұл сұраққа ол жауап бере алмайды. Бұл қиын ахуал кездейсоқ біреудің нашаны ұсынуымен аяқталады. Ол оны қабылдап, өз армандарын орындаған сияқты тәтті сезімге бөленді.

Ішімдікке келер болсақ, ол - аз уақыт болса да «ащы шындықтан қашуға» тең нәрсе. Мұндай сараптауды жалғастыра беруге болар еді. Оқырман оны жақсы түсінді ғой деп ойлаймыз.

Әңгіменің қиындығы - өмірдің мән-мағынасын тудыру, жасауға болмайды, оны тұлға өзі іздеп тауып апуы керек. Бұл Дүниеде өмірге келген әр адамның өз орны бар, сондықтан әр адам өмірінің мән-мағынасы өзгеше. В.Франклдің айтуынша, бұл өмірде әр адамға өзіне керек іс тауып, қайсыбір ахуалдың шеңберінде өмірлік мән-мағынаны ашуға болады. Біреу өмірінің мән-мағынасын балаларын жеткізуден, екінші - табиғи дарынын ашудан, үшінші -сүйген адамы үшін өмір сүруден т.с.с. көруі мүмкін.

В.Франклдің ойынша, жалпылай келе, өмірлік мән-мағынаны үлкен үш топқа бөлуге болады. Оның ең биігі - шығармашылық кұндылықтарға жету, яғни тарихта бұрын-соңды болмаған жаңаны тудыру. Ол үшін, әрине, табиғи дарыннан тыс, сол саланы толығынан игеріп, шыңына жету керек. Ол, негізінен, элитарлық топтарға тән нәрсе.

Бірақ, кең түрде алғанда, шығармашылық - адамның тектік касиеті. Сондықтан әр адам өзінше шығармашылық сатысына көтеріледі. Мысалы, талай жылдар гүл өсіріп, осы істі сүйетін адам күндердін бір күнінде гүлдің бір жаңа түрін тудырмай қоймайды. Киім тоқитын көп балалы әйел журналдағы көп өрнектерді игереді де, күндердің бір күнінде өз өрнегін ойлап шығаруы мүмкін. Бәлкім, ол өрнек модалар журналында басылмас, бірақ ол шығармашылық деңгейге көтерілді емес пе?! Егер қайсыбір нәрсені бұрынғыдай емес, жаңа жолмен, әдіспен жасасаңыз, ол да шығармашылықтың нышаны болмай ма?

Көп жағдайда өз өміріңнін мән-мағынасын жоғалтып алмас үшін, белгілі бір алдыңа койған мақсатқа жете алмасаң, соған деген көзқарасыңды өзгертсең болғаны. Оны В.Франкл «құндылықтарға деген көзқарас» деген ұғыммен береді. Ондай ахуал қарапайым адамдардың арасында қиын-қыстау заман кезінде жиі кездеседі. Мысалы, құндыздан тігілген қымбат киімді армандап, сол себепті дұрыс ұйықтай алмай, жүйкесі тозып жүрген сүлу бикеш өз көзқарасын өзгертіп, Джина Лолобриджида секілді осы кұндылыққа деген өз көзқарасын өзгертсе (аңның терісінен киім кию - соларды өз қолыңмен өлтіргенмен тең), я болмаса үнді халқының тудырған «еш тіршілікті зәбірлемеу» философиясын қабылдап, басқа материалдан тігілген киім алса, мәселе сол сәтте-ақ шешілер еді.

Адамның өмірінде тіпті ойға келмейтін қиын жағдайлар туып (соғыс, жер сілкінуі, түрмеге түсу, қатерлі ісіктің пайда болуы т.с.с.) қолынан еш нәрсе келмей, тағдырдың тәлкегіне түскен кезде ол өмірінің мән-мағынасын жоғалтып, түңілуі мүмкін. Ондай жағдай болмағанның өзінде әр адам өз өмірінін аяғында «қайғылы үштік-тең» (зардап, күнә, өлім) өтеді. «Осындай жағдайдың өзінде адам өз өмірінің мән-мағынасын жоғалтып алмауы керек», - дейді В.Франкл. Ол «ой-толғау құндылыктарына» көшу керек, сонда зардап шегудің өзінен жан-дүниені тазартатын, көп нәрселерге жаңа баға берілетін мән-мағынаны табуы мүмкін.

Осы араға келгенде біз үлкен экзистенциалдык мәселеге -өлім мен өлместікке келіп тірелдік.