Жаһандану дегеніміз не?

Мыңдаған жылдар бойы өркениеттік даму шеңберіндегі адамдардың арманы, бір жағынан, басқа ұлттар және ұлыстармен кездесу, мәдениет үлгілерімен алмасу, бірге бейбіт өмір сүру т.с.с. болса, екінші, шамасы, ешқашанда орындалмайтын - Ғарыштағы басқа саналы тіршілікпен, яғни рухпен жүздесу қиялы болатын. Осы тұрғыдан алғанда, көне заманның атақты императоры, ғұлама Аристотельдің тәрбиесінде болған Ескендір, Орта ғасырдағы теңдесі жоқ ұлы Шыңғыс хан, Иван Грозный т.с.с. саяси қайраткерлердің іс-әрекеттерінің астарында «жаһандану идеясы» жатса керек. Мүмкін, олар оны саналы түрде пайымдамаса да, ішкі «көкей көзімен» сезген болар.

Тек бүгінгі таңда, XX ғ. аяғы мен XXI ғ. басында бұл идея бүкіл адамзаттың жан дүниесінде тұрақты орын алған сияқты. Кейбіреуге ол ұнауы, я болмаса ұнамауы да мүмкін, бірақ бірде-бір мемлекет одан оқшау өмір сүре алмайды. Олай болса, жаһандану идеясы философиялық тұрғыдан қажетті түрде қаралып, сарапталуы керек.

Жаһандану дегеніміз - бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Ол — біздің көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдіс. Мысалы, бүгінгі Қазақстан қоғамы басқа елдермен экономикалық сауда-саттық қарым-қатынасқа түсіп, дамып келеді. Алысқа бармай-ак, өзіңіз бен өз үйіңізге қараңызшы. Үстіңізде Еуропа елдерінің бірінде тігілген костюм, аяғыңызда Турциядан әкелген туфли, астыңызда Германия, немесе Америкадан шыққан жеңіл мәшине, үйіңізде Ресейдің тоңазытқышы, Оңтүстік Кореядан шыққан шаңсорғыш, Жапонияда шығарылған магнитофон, арабтардың тоқыған кілемі, ас дайындайтын бөлмеңізде Үндістан елінен келген шай, Мароккодан келген апельсин, Ираннан әкелінген финиктер, АҚШ-тан келген тауықтың аяқтары, Қытайдан әкелінген ыдыс-аяқ т.с.с. Мұндай мысалдарды шексіз келтіре беруге болады. Сонымен қатар біз басқа елдерге мұнай бен газды, жүн мен мақтаны, қара және түрлі түсті металдар мен тас-көмірді т.с.с. жіберіп жатқан жайымыз бар.

Бұл сауда-саттықтың құрылымына қарағанда, әрине, көкірегі ояу азаматқа неше түрлі ауыр ойлар келеді. Мүмкін, біз, шынында да, «жаңа бодандық» ауруына шалдыққан болармыз? Алайда ондай тұжырымға келуге әрі ертерек сияқты. Өйткені біздің дербестік алып, дамып жатқанымызға басы-аяғы он жылдан сәл артық қана уақыт болды ғой. Бүгінгі өкімет неше түрлі инновациялык бағдарламалар қабылдап, «ұлттық қаржы қорын» жасап, өндірісті дамытуға бел байлап, сол жұмыстарға нақтылы кірісіп жатқан жайы бар. Оған халқымыз да дайын.

Енді саяси салаға келер болсақ, Қазақ елі бүкіл дүниежүзілік қауымдастықпен терезесі тең қарам-қатынас орнатуда. Біздің ел дербес мемлекет ретінде мойындалды. Саяси салаға «көп партиялық», «адам құқтары», «құқтық мемлекет» т.с.с. ұғымдар кіріп, өзгеріске ұшырап жатыр. Біз тек қана БҰҰ-ға ғана кіріп қоймай, басқа да халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесіне айналып жатырмыз.

Бүгінгі таңда Қазақ елі өз төл мәдениетімен біршама халықтарды таныстырып, солардың қошеметіне ие болды. Сонымен қатар «бұқара мәдениеті» деген ұғым сөздігімізге кіріп қана қоймай, соның «отандық үлгілері» жасалуда.

Жоғарыда келтірілген Қазақ елі өмірінен алынған деректердің бәрі де Жер бетінде жүріп жатқан жаһандану үрдістерімен байланысты екенін бір қарағанда-ақ байқауға болады.

Қоғамды материалистік тұрғыдан қарау методологиясының тұрғысынан алып қарағанда, жаһандану үрдісінің негізінде ғылыми-техникалық революция жетістіктерін пайдалану арқылы өндіргіш күштердің күрт дамуы (тек XX ғ. өндіргіш күштердің дамуы өткен 5000 жылдан асып түсті!), млрд. тонна тауарлардың бір елден екінші елге өтуі, байланыс жүйелерінің жетілуі т.с.с. құбылыстар жатыр. Екінші жағынан, табиғи ресурстардың Жер бетінде әртүрлі шоғырлануы, сондықтан елдердің бір-бірімен осы байлықты бөлісу, алмасу мәселелері де жаһандану үрдісіне өз ықпалын тигізбей қоймайды.

Жер бетіндегі мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуына, олардың арасында пайда болатын қайшылықтарды шешуге екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), оның әртүрлі салаларды бақылауға арналған мекемелері (ЮНЕСКО, ЮНКТАД т.с.с.) үлкен ықпал жасауда. Бүгінгі таңда жүздеген аймақтық ұйымдар жұмыс істеуде (Еуропа Одағы, ТМД, АСЕАН, ОАЕ т.с.с.).

Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың бір-бірімен жақындасуына бұқаралық ақпарат тарату мекемелері (БАҚ) өз үлесін қосуда. Бүгінгі таңда бірде-бір алыс-жақындағы ел, тіпті сонау Тынық мұхитында орналасқан аралдардағы халықтарға дейін адамзаттың назарынан тыс қалмайды. Жұмыстан кейін үйге келіп, теледидар, я болмаса радио, интернет арқылы сол күні тек өз еліңде ғана емес, бүкіл жер бетінде қандай маңызды оқиға болғаны жөнінде ақпарат алып, соны өзімізше сараптаймыз, өйткені біз оларға немқұрайды қарай алмаймыз. Адамзат жетістіктеріне сүйсіне қараймыз да, қателіктеріне бірге өкінеміз. Бүгінгі адамзат - «Ғарыш кеңістігінде Жер деген «кемемен» ұшып бара жатқан біртұтас астронавтар командасы», - дер едік.

Келесі назар аударатын нәрсе жаһандану үрдісі бүкіл адамзатты «бір қалыпқа» салғандай әсер етіп жатыр. Өйткені барлығы да компьютерлік есептеуден өтіп, белгілі бір стандарттарға сай болуы керек. Олай болмайынша, сіз өндірген тауарды сырт елдерге шығаруға болмайды. Сондықтан миллиондаған адамдардың киген киімінде, жүретін машиналарында, үйіндегі жиһаздарда, тіпті демалатын орындарында, музыка мен өнерде әсіресе бұқаралық мәдениетте біркелкілікке деген ұмтылысты байқаймыз.

Сонымен қатар бүгінгі адамзат әртүрлі мата қиықтарынан жасалған кәдімгі қазақтың көрпесіне де ұқсас. Өйткені әр елдің, халықтың мыңдаған жылдар бойы жинаған мәдениет үлгілері, тілі, ділі, әдет-ғұрпы бар. Ол оған аса қымбат. Біз оның тіпті бағасы жоқ дер едік, өйткені өз төл мәдениетінен айырылған халық тарих сахнасынан жоғалып кетеді. Ал ондай жағдайдың болуы адамзаттың өшпес күнәсі болар еді. Әр халық басқа елдерге ең алдымен өз мәдениеті, өмір салтымен қызықты. Бүгінгі таңдағы адамзатты шыны мен бетоннан жасаған биік ғимараттармен таңғалдыра алмайсың, ол оған таңсық емес. Ал Біржан-сал, Тәттімбет, Сегіз-серінің т.с.с. ұлы перзенттердің өлеңдері, ғұлама Абайдың қара сөздері, көне заманнан сақталған эпос, дастандар оларды, шынында да, таңғалдырып, осындай бабаларымызды тудырған халыққа деген ізгі ықыласын оятатынына біздің күмәніміз жоқ.

Жаһандану үрдісі әртүрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ тағдырын сезіну, ұлттық мәдениет жетістіктері, жаңа технологиялармен алмасуға әкеледі.

Сонымен қатар жаһандану үрдісі біршама бүкіладамзаттық теріс салдары бар проблемаларды тудырды. Енді оларды қысқаша сипаттайық.