Ауіпті жүктерді тасымалдауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

418. Қауіпті жүктерді тиеу және түсіру алдында ыдыстарының жарамдылығы тексеріледі.
419. Қауіпті жүктермен жұмыс орындалатын кәсіпорындарда операцияларының орындалу тәртібін, қауіпсіздік шараларын және жұмысты ұйымдастырумен байланысты адамдардың жауапкершілігін айқындайтын нұсқаулық әзірленеді.
420. Қауiптi жүктердi қайта тиеу қашықтан басқару қағидаты бар тиеу-түсіру механизмдерiн қолдана отырып жүргiзiледi. Қауiптi жүктермен жұмыс істеуге арналған жүк механизмдеріне арналған кабиналар тұмшаланған болып көзделедi және кабинаға берiлетiн ауаны тазартатын желдеткiшпен жабдықталады.
421. Қауiптi жүктердi (жарылғыш материалдарды, сығымдалған, сұйытылған және қысыммен ерiтiлген газдарды, өздiгiнен жанатын заттарды, оңай тұтанатын сұйықтықтарды және қатты заттарды, тотығатын заттарды, қышқылдайтын, күйдіретін және тоттандыратын заттарды, уытты заттарды, радиоактивтi материалдарды) тиеу және түсiру осы мақсатқа арнайы бөлiнген және жабдықталған орындарда жүргізіледі.
422. Желдің жылдамдығы 3 м/сек болғанда үйілген химиялық заттарды ашық ауада тиеп-түсіру жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.
423. Әртүрлi санаттағы қауiптi жүктердi, қауiпсiз жүктермен бiрге қауiптi жүктердi тиеуге, таңбасы жоқ қауіптi жүктердi тиеуге және түсiруге жол берiлмейдi.
424.Қауiптi жүктердi тасымалдау кезінде тасымалдайтын ыдыстарға мынадай талаптар қойылады:
1) ыдыстың конструкциясы тасымалдау кезiнде пайда болатын барлық жүктемелерді ескере отырып, барлық климаттық аймақтарда тасымалдаған кезде жүктің кез келген жоғалуын (ағуын) болдырмауды қамтамасыз ететіндей болып дайындалады;
2) ыдысқа қауiптiлік белгiлері қойылады;
3) ыдысқа арналған материалдың аз сiңiретiн қасиетi болады;
4) оңай тазаланады, қажетті жағдайларда оңай залалсыздандырылады.
425. Улы және ащы заттарды түсіргеннен кейін көлік құралы тасымалданатын жүктердің қалдықтарынан тазартылады, қажет болғанда жуылады және зарарсыздандырылады.
Түсiру кезiнде ыдыстың жарамсыздығы, шашылған немесе төгiлген жүк анықталса, қауiптi заттың иiсi болса жүк қабылдаушының өкілі шақырылады және көлік құралын зарарсыздандыру мәселесi шешіледі, сондай-ақ тиісті аумақтың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствасының лауазымды адамдары хабардар етіледі.
426. Қауiптi жүктердi арнайы контейнерлерде тасымалдау кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) контейнерлер iшiндегiсінің төгiлуiн болдырмау үшін тасымалдау кезінде пайда болатын әртүрлі салмақтарды көтеруi тиiс;
2) қауiптi жүктердi тасымалдауға арналған контейнерлердiң олардағы заттардың қауiптiлiк дәрежесiн айқындайтын қосымша қорғанышы болуы тиiс.
427. Қауiптi жүктердi цистерналарда тасымалдау кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) цистерналар тасымалданатын қауiптi жүктiң түрiне сәйкес болуы тиiс;
2) құю алдында цистерна қаралады, құю арнайы бөлiнген жерде жүргiзiледi, жүктi құюға дайындау (сұйылту, араластыру, ылғалдау) арнайы бейімделген ыдыстарда жүргiзiледi;
3) тесілуі анықталған жағдайда құю тоқтатылады, цистернаның iшiндегiсi басқа ыдысқа құйылады;
4) құю орнына сорып тартатын ықтиярсыз ауа алмастыру қондырғылары орнатылады;
5) құю аяқталған соң цистернаның сыртқы бетi сүртiледi немесе құйылатын жүктiң iздерi жойылғанша жуылады, жүк құйылып алынған соң цистерналар жуу-булау объектiлерiнде өңделедi;
6) қауіпті жүктердi тасымалдайтын цистерналарға арнайы белгi қойылады.
428. Радиоактивті жүктерді тасымалдағаннан кейін көлiк құралдары оларды одан әрi пайдалануға қарамастан радиациялық бақылауға жатады.
429. Жергiлiктi көздер немесе бетi радиоактивтi ластанған көлiк құралдары анықталған жағдайда дезактивациялау бойынша жұмыстарды мамандандырылған ұйым жүргізеді.
430. Өсімдіктердің (пестицидтердің) химиялық қорғаныш заттарын тасымалдау кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) өсімдіктердің химиялық қорғаныш заттарын тасымалдауға арналған көліктің шанағы сигналды бояумен боялады және «Абайлаңыз - улы химикаттар» деген жазуы болады. Қысқа мерзімдік тасымалдауға арналған көлік сигналды жалаушалармен жарақталады. Шанақтың ішкі беті жеңіл тазартылатын және залалсыздандыратын, саңылауы және қуыстары жоқ болып көзделеді;
2) пестицидтермен бірге тамақ өнімдерін, азықты және басқа заттарды тасымалдауға жол берілмейді. Пестицидтерді тасымалдауға арналған көлікпен азық-түліктерді, мал азығын, адамдарды тасымалдауға пайдалануға жол берілмейді;
3) тасымалдауға қоймадан жіберілгенде заттаңбасы бар зауыт қаптамасында немесе арнайы ыдысқа салынған пестицидтер жіберіледі. Пестицидтерді үйіп немесе жарамсыз ыдыста тасымалдауға қатаң түрде жол берілмейді;
4) пестицидтерді тасымалдау аяқталғаннан кейін көлік құралдары мұқият жуылады, тазартылады, арнайы жабдықталған орындарда залалсыздандырылады.
431. Құрамында тiрi микроорганизмдердің штаммдары бар жүктердi (бактериялар, вирустар, рикетсиялар, паразиттер, саңырауқұлақтар, олардың рекомбинациялары, генетикалық өзгерген микроорганизмдер), құрамында ауру тудыратын агенттерi бар немесе бар болуы мүмкiн, шығу тегi биологиялық материалдарды (бұдан әрі – инфекциялық заттар), құрамында тiрi микроорганизмдердiң штаммдары бар адамдардың және жануарлардың инфекциялық ауруларын иммундық профилактикасына және диагностикалауға арналған биологиялық препараттарды тасымалдау пломбаланған металл ыдыстарда (бактарда, бикстерде) жүзеге асырылады.
432. Инфекциялық заттарды тасымалдау кезiнде жүк орны iшiнде, iшкi сыйымдылық пен сыртқы ыдыстың арасында iшiндегiлердiң тiзiмi салынады. Сұйық инфекциялық заттары бар жүк тиеу орындарында қарама-қарсы екi жақ бетінде жүк тиеу орындарының жоғары жағын белгiлейтiн манипуляциялық белгiлер жазылады.
433. Қауiптi жүктердi сақтау, тиеу-түсiру, тасымалдау жұмыстарымен айналысатын адамдаржеке қорғаныш құралдарымен, арнайы тағамдармен, арнайы киіммен жұмыс берушiнiң есебiнен қамтамасыз етiледi.
434. Қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде апаттық жағдай туындаған жағдайда тасымалдаушылар тиісті аумақтың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомстваларын хабардар етеді.
435. Қауіпті жүктермен жұмыс істеу кезінде тамақ ішуге, су ішуге, темекі шегуге, жұмыс алаңында арнайы киімсіз жүруге рұқсат етілмейді.