Сенiм (коммандиттiк) серiктестiгi 1 страница

Бап. Азаматты хабар-ошарсыз кеттi деп тану

1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн.
2. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы соңғы деректер алынған күндi анықтау мүмкiн болмаған жағдайда жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi, ал бұл айды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда келесi жылғы бiрiншi қаңтар хабар-ошарсыз кетудiң басталған күнi деп есептеледi.

29-бап. Хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкiн сақтау

1. Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамның мүлкiне сот шешiмiнiң негiзiнде қорғаншылық белгiленедi. Осы мүлiктен хабар-ошарсыз кеткен адам асырауға мiндеттi адамдарды асырауға қаражат берiледi және хабар-ошарсыз кеткен адамның салықтар мен басқа да мiндеттемелер бойынша берешегi өтеледi.
2. Мүдделi адамдардың арызы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органы мүлiктi сақтау және басқару үшiн хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жерi туралы соңғы деректер алынған күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн де қорғаншы тағайындай алады.

30-бап. Хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы шешiмнiң
күшiн жою

Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адам келген немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы және оның мүлкiне қорғаншылық белгiлеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

31-бап. Азаматты өлдi деп жариялау

1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн.
2. Соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметшi немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемiнде екi жыл өткеннен кейiн өлдi деп жариялануы мүмкiн.
3. Өлдi деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күні өлдi деп жарияланған адамның өлген күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлдi деп жарияланған реттерде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның өлген күнi деп тануы мүмкiн.
4. Адамды өлдi деп жариялау туралы заңды күшiне енген сот шешiмiнiң негiзiнде азаматтық хал актiлерiн жазу кiтаптарына оның өлгенi туралы жазба жасалады. Бұл жазбаның нәтижелерi де нақты өлiм туралы жазбаның нәтижелерi сияқты болады.

32-бап. Өлдi деп жарияланған адамның тiрi оралуынан
туындайтын жағдайлар

1. Өлдi деп жарияланған адам тiрi оралған немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот тиiстi шешiмнiң күшiн жояды.
2. Азамат өзiнiң қай уақытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлдi деп жарияланғаннан кейiн сол адамға тегiн көшiп, сақталып қалған мүлкiн қайтарып берудi талап ете алады.
3. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкiн оның заңды мұрагерi үшiншi бiр адамдарға берiп, олар мүлiктiң сатып алу бағасын адам тiрi оралған кезге дейiн толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тiрi оралған адамға көшедi.
4. Өлдi деп жарияланған азаматтың мүлкi ақысы төленетiн мәмiле бойынша өзiне көшкен адамдар оған бұл мүлiктi қайтаруға, ал оларда мүлiк жоқ болған жағдайда, егер мүлiктi алған кезде олар өлдi деп жарияланған азаматтың тiрi екендiгiн бiлгенi дәлелденсе, мүлiктiң құнын өтеуге мiндеттi.
5. Мүлiктi иелiктен шығарушы адам өлдi деп жарияланған адамның мүлiктi иелiктен шығару кезiнде тiрi екендiгiн бiлген болса, мүлiктi қайтарып беру немесе оның құнын өтеу мiндетiн мүлiктi алушымен бiрге мойнына алады.
6. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкi мұрагерлiк құқық бойынша мемлекетке өтiп, сатылып кеткен болса, адамды өлдi деп жариялау туралы шешiмнiң күшi жойылғаннан кейiн оған мүлiктiң құн төленетiн күнгi нарықтық бағасы ескерiле отырып, оны сатудан түскен сома қайтарылады.

Параграф 2. Заңды тұлғалар

Ескерту. III, IV, V бөлiктер V, VI, VII бөлiктер болып есептелдi - ҚР 1998.05.10 № 282 Заңымен.

I. Жалпы ережелер

33-бап. Заңды тұлға ұғымы

1. Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.
Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс.
2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл талап жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

34-бап. Заңды тұлғалардың түрлерi мен нысандары

1. Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.
2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік нысанында және заңнамалық актілерде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін.
Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады.
3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттiк мекеме нысанында құрылуы мүмкiн.
4. Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (осы Кодекстiң 110-бабы).
5. Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi.
Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282, 1998.12.16 № 320, 2007.01.12 № 225, 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi

1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн.
Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.
2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн рұқсат алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi осындай рұқсатты алған кезден бастап пайда болады және ол алып қойылған, қолданыс мерзiмi өткен немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.
Ескерту. 35-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 1998.12.16 № 320; 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

36-бап. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған
заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары

1. Заңды тұлғаның оқшау мүлкiне қатысты оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) мiндеттемелiк және заттық құқықтары болуы мүмкiн.
2. Мүлкiне өз қатысушылары (құрылтайшылары) мiндеттемелiк құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғам мен кооперативтер жатады.
3. Мүлкiне өз құрылтайшылары меншiк құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзушi құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкi бар ұйымдар жатады.
4. Мүлкiне олардың құрылтайшылары (қатысушылары) мүлiктiк құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бiрлестiктер, қорлар және дiни бiрлестiктер жатады.
5. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған өзге ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.07.10 № 282, 2007.01.12 № 225, 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

37-бап. Заңды тұлғаның органдары

1. Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс iстейтiн өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзiне мiндеттер қабылдайды.
2. Заңды тұлға органдарының түрлерi, тағайындалу немесе сайлану тәртiбi және олардың өкiлеттiгi заңнамалық актілер мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.
Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

38-бап. Заңды тұлғаның атауы

1. Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады.
Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн.
Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.
Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетiн аттарды, егер жеке адамдардың есiмдерi қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есiмiн пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерiнен) рұқсат алмаса, олардың есiмдерiн пайдалануға жол берiлмейдi.
2. Заңды тұлға белгілі бір атаумен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізіледі.
Заңды тұлғаның атауы Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.
Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тіркелгеннен кейін оның фирмалық атауы болып табылады.
Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзі пайдалануға құқығы бар. Бөтен бір фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесінің талап етуі бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті.
Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері заңнамада айқындалады.
3. Алынып тасталды - ҚР 2001.12.24 № 276 Заңымен.
4. Мемлекеттiк органдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында, Қазақстан Республикасының заң актілерiнде, Президентi мен Үкiметi актiлерiнде белгiленген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми атауларына сiлтемелердi пайдалануға тыйым салынады.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1998.03.02 № 211, 1999.07.16 № 440, 2001.12.24 № 276, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

39-бап. Заңды тұлғаның тұрған жерi

1. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс iстейтiн органы тұрған жер оның тұрған жерi болып танылады.
2. Заңды тұлғаның тұрған жерi оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетiледi.
3. Үшiншi тұлғалармен қарым-қатынастарда заңды тұлға нақты мекенжайының Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiміне енгiзiлген мекенжайына сәйкес келмейтiнiне сiлтеме жасауға құқылы емес. Бұл ретте, үшiншi тұлғалар заңды тұлғаға почталық және өзге де хат-хабарды Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген мекенжайына да, нақты мекенжайына да жіберуге құқылы.
Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

40-бап. Заңды тұлғаның құрылтайшылары

1. Заңды тұлғаны бiр немесе бiрнеше құрылтайшы құруы мүмкiн.
2. Мүлiктi меншiктенушiлер не олар уәкiлдiк берген органдар немесе жақтар, ал заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде өзге де заңды тұлғалар заңды тұлғаның құрылтайшылары бола алады. Бұл орайда, мүлiктi шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген органның келiсiмiмен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады.
3. Заңды тұлғаның құрылтайшылары, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлғаның құрылтайшылары болып табылмайтын оның басқа қатысушыларынан қандай да бiр артықшылықтарға ие бола алмайды.
Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.05.16 № 416, 2011.02.18 № 408-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

41-бап. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары

1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, заңды тұлға өз қызметiн жарғысы және құрылтай шарты негiзiнде, немесе eгep заңды тұлғаны бiр тұлға құрған болса, жарғысы және заңды тұлға құру туралы жазбаша түрде ресiмделген шешiмi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) негiзiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, коммерциялық ұйым болып табылмайтын заңды тұлға ұйымдардың осы түрi жөнiндегi жалпы ережелер негiзiнде iс-әрекет жасай алады.
Шағын, орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметi мазмұнын белгiлейтiн үлгi жарғының негiзiнде жүзеге асыра алады.
2. Заңды тұлғаның құрылтай шарты жасалады, ал жарғысын құрылтайшылары бекiтедi. Егер коммерциялық ұйымның құрылтайшысы бiр адам болса, құрылтай шарты жасалмайды.
3. Коммерциялық емес ұйым мен мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтай құжаттарында заңды тұлға қызметiнiң мәнi мен мақсаты белгiленуге тиiс.
Шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғамы мен өндiрiстiк кооперативтiң құрылтай құжаттарында олардың қызметiнiң мәнi мен мақсаттары көзделуi мүмкiн.
4. Құрылтай шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды тұлға құруға мiндеттенедi, оны құру жөнiндегi бiрлескен қызмет тәртiбiн, оның меншiгiне (оралымды басқаруына) өз мүлкiн беру және оның қызметiне қатысу ережелерiн белгiлейдi. Егер осы Кодексте немесе заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шартта құрылтайшылар арасында таза табысты бөлудiң, заңды тұлға қызметiн басқарудың, оның құрамынан құрылтайшылардың шығуының шарттары мен тәртiбi де белгiленедi және оның жарғысы бекiтiледi.
Құрылтай шартына құрылтайшылардың келiсуi бойынша басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн.
4-1. Жалғыз құрылтайшының шешiмi мүлiктердi меншiкке беру (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) шарттарын және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шешiмдердi қамтуға тиiс.
Жалғыз құрылтайшының - заңды тұлғаның шешiмiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның осындай шешiм қабылдауға құқығы бар органдары қабылдайды.
5. Заңды тұлғаның жарғысында: онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртiбi және олардың құзыретi, оның қызметiн қайта құру және жою ережелерi белгiленедi.
Егер заңды тұлғаны бiр адам құрса, онда оның жарғысында мүлiктi құру және кiрiстердi бөлу тәртiбi де белгiленедi.
Жарғыда Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.
6. Бiр заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда:
1) егер олар құрылтайшылардың iшкi қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;
2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелерi қолдануға тиiс.
7. Барлық мүдделi адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы.
Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1997.06.19 № 132, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.04.22 № 221, 1998.07.10 № 282, 2003.05.16 № 416, 2007.01.12 № 225, 2008.07.04 № 54-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.08 № 225-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

42-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және
қайта тiркеу

1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлға әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуден өтуге тиiс. Мемлекеттiк тiркеу тәртiбi заңдарда белгiленедi.
2. Мемлекеттiк тiркеу деректері, оның iшiнде заңды тұлғалардың атауы, ал коммерциялық ұйымдар үшін – фирмалық атауы Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiледi.
3. Заңды тұлға мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады.
4. Филиалдар мен өкiлдiктер заң құжаттарында белгiленген тәртiппен тiркеледi.
Филиалдар мен өкiлдiктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тiркелуге жатады.
5. Заңды тұлға құрудың заңда белгiленген тәртiбiн бұзу немесе оның құрылтай құжаттарының заңға сәйкес келмеуi заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады. Заңды тұлға құрудың тиiмсiздiгiн желеу етiп тiркеуден бас тартуға жол берiлмейдi.
Мемлекеттiк тiркеуден бас тартқаны, сондай-ақ мұндай тiркеуден жалтарғаны үшiн сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
6. Заңды тұлға мынадай жағдайларда:
1) жарғылық капиталының мөлшерi азайтылған;
2) атауы өзгергенде;
3) шаруашылық серiктестiктерiндегi қатысушылардың құрамы өзгергенде (шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегі қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiктерiн қоспағанда) қайта тiркелуге тиiс.
Аталған негiздер бойынша құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерiстер заңды тұлға қайта тiркелмейiнше жарамсыз болып табылады.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 N 30-I, 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 1998.07.10 N 282, 2003.05.16 N 416, 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.06.05 N 146, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.