Леуметтанулық зерттеудегі іріктеу

Зерттелінетін жиынтық нысанды түгел қамту аса көп материалдық және уақыт шығынын қажет ететіндіктен социологиялық зерттеулер сұрыптау түріндеөтеді. Сондықтан да жұмыстың жобасын түзгенде әрі өкілетті, әрі үнемді сұрыптау жасау негізгі міндеттердің бірі болып саналады.

Сұрыптаудың өкілеттілігі (репрезентативтілігі) деп оның нәтижесінде алынған жиынтықтың зерттелуге тиіс социологиялық нысанның жай-күйін дұрыс бейнелеуін айтады. Өкілеттілік қатал сақталатын жұмыс тәртібінің екі деңгейі арқылы қамтамасыз етіледі: біріншіден, сұрыптаудың стратегиясы мен әдіс-тәсілдері арқылы, екіншіден, сұрыпталған жиынтық нәтижелердің дәлдігін мүмкіндігінше қамтамасыз етуге жарамды шағын ауқымы арқылы.

Сұрыптау сипаты бас жиынтық сипатымен және зерттеудің мақсатымен айқындалады.

Бас жиынтық деп зерттеліп отырған проблемаға қатысы бар нысандардың толық жиынтығын айтамыз. Алға қойған мақсатына қарай ғылыми зерттеулер сипаттамалық және талдамалық болып бөлінеді. Сипаттамалық зерттеулер бас жиынтық туралы жалпылама деректер алу мақсатында пайдаланылады. Зерттеудің талдамалық түрі бас жиынтық құрамындағы күштердің табиғаты туралы болжамды тексеру мақсатында жүргізіледі.

Сұрыптап зерттеудің нәтижелерін бас жиынтыққа қолдану сұрыптаудың екі мақсатына сәйкес екі бағыттан тұратын статистикалық қорытындының қатаң индуктивтік әдісі көмегімен жүзеге асады: 1) сипаттамалық зерттеуде қолданылатын статистикалық бағалау; 2) талдамалық мақсатта қолданылатын болжамды статистикалық тұрғыдан тексеру;

Бас жиынтықтан жай кездейсоқ сұрыптаудың өзінде: 1) бас жиынтықтың біртектілігі; 2) оның құрамдас бөліктерінің зерттеу үшін бірдей деңгейде ашықтығы; 3) бас жиынтықтың құрамдас бөліктерінің толық тізімі; 4) осы тізімге кездейсоқ іріктеу әдіс-тәсілдері қолданылатын болады.

Жай кездейсоқ іріктеуді дұрыс ұйымдастырғанда бас жиынтықтың барлық құрамдас бөліктерін сұрыптауға ілінуге бірдей мүмкіндіктері болып, оны статистикалық тұрғыдан негіздеуді айтарлықтай жеңілдетеді.

Жай кездейсоқ сұрыптаудың шарттары бұзылғанда сұрыптауды жобалаумен социологиялық зерттеулердегі сұрыптау теориясы аталатын арнайы ғылыми сала айналысады.

Сұрыптау теориясы социологиялық зерттеулердегі бас жиынтықтардың, көбінесе әртекті, құрылымы күрделі, не жорамал сипатта болып, өзінің құрамын әр кезде өзгертіп отыруы мүмкін екендігін ескереді. Сондықтан сұрыптау жұмысын бастамас бұрын бақылау бірліктері деп аталатын бас жиынтық құрамдас бөліктерінің толық тізімін қамтамасыз ету қажет (бақылау бірліктері ретінде жекелеген индивидиумдар, отбасылар, үлкен қауымдастықтар, топтар, оқу орындары, ұйымдар, кәсіпорындар, аймақтар т.б. болуы мүмкін).

Күрделі құрылымды бас жиынтықтарға көп сатылы сұрыптау қолданылады. Бұл үшін бас жиынтық соңғы қажетті жиынтыққа жеткенше бөлшектенеді. Нәтижесінде құрамдас бөліктері (сұрыптау бірліктері) жаңадан бөлініп алынған жиынтық болып табылатын жаңа, нақтылы әрі ақырғы бас жиынтық пайда болады. Олардың бір бөлігі зерттеуді одан әрі жалғастыру үшін сұрыптап алынады. Осындай амал тікелей зерттеуге қол жеткізетін жиынтық алынғанша бірнеше рет қайталанып, оның әр сатысында сұрыптау мен өкілеттілігін сақтаудың түрлі тәсілдері қолданылуы мүмкін.

Көп сатылы сұрыптауда әр сатыдағы сұрыптаудың негізінде бөлініп алынған құрылымдық бірліктер тізімі болады. Соңғы сатыдағы сұрыптау бірліктері бақылау бірліктерімен, яғни бас жиынтықтың сұрыптауға және тікелей зерттеуге жататын нысандарымен сәйкес келеді.

Сұрыптап алудың әдістері ықтимал (статистикалық) және мақсатты (статистикалық емес) болып бөлінеді.

Қайталау үшін сұрақтар:

1. Қолданбалы социологиялық зерттеулердің кезеңдері, түрлері және бағыттары

2. Социологиялық зерттеудегі сұрыптау тәсілі туралы әңгімелеп беріңіз?

3.Социологиялық ақпараттар жинау әдістері мен техникасы дегеніміз не?

Негізгі әдебиеттер:

1. Социология (жауапты ред. Ә.Нысанбаев). – Алматы: 2002 ж

2. Булатова А.Н., Исмагамбетова З.Н. Курс лекций по социологии. – Алматы, 2000 г. 233-246 б.

3. Рабочая книга социолога. – М., 1989 г.

4. Социология (под ред. проф. В.Н.Лавриненко) М., 2000 г. 339-384 б.

Қосымша әдебиеттер:

1. Здравомыслов А.Г. Методология и процедура социологических исследований. М. Мысль, 1969

2. Гречихин В.Г. Лекции по методике и технике социологических исследований. – М., 1981 г.

 

№ 5.Дәріс тақырыбы: Әлеуметтанулық ақпараттарды жинау әдістері.

Дәрістің мақсаты: Әлеуметтанушылық ақпараттар жинау әдістері тақырыбын меңгеру арқылы студенттердің саралау қабілеттерін тереңдету.

1. Әлеуметтанудағы әдіс ұғымы. Зерттеудің жалпығылыми және әлеуметтанулық принциптері.

2. Сұрау алғашқы әлеуметтанулық ақпарат жинау әдісі ретінде (анкета, сұхбат).

3. Құжаттарды талдау, бақылау және эксперименталдық әдістердің негізгі сипаттары

Анкета – зерттеушінің жауапшымен (респондент) анкета арқылы контактыға негізделген эмпирикалық әлеуметтану зерттеуіндегі әлеуметтік өлшеуіштің бірден-бір кеңінен тараған тәсіл.

Сұхбат - социологтың сұралушымен тікелей байланысына негізделіп, белгілі бір тақырып бойынша әңгіме өткізу арқылы социологиялық ақпараттар жинаудың барынша қолайлы әдісі.

Формальді сұхбат – тақырып бойынша алдын ала құрастырылған сұрақтарға орай реттік тәртібін сақтау арқылы сұралушымен пікір алмасып мәліметтер жинау.

Жартылай формальді сұхбат – пікір алмасу барысында тақырып бойынша алдын ала дайындалған сұрақтармен қатар, қосымша сұрақтар қою арқылы мәліметтер жинау.

Формальді емес сұхбат – нақты тақырып бойынша зерттеуші мен респонденттің еркін пікір алмасуы арқылы мәліметтер жинауы болып табылады.

Бақылау әдісі – зерттеу барысында бақылаушының болып жатқан оқиғаларды ағымдық процесіне қарай тікелей тіркеп отыру әдісі.

Тәжірибе (эксперимент) – бақыланып және басқарылатын жағдайда жаңа білімдер алудың ғылыми әдісі

Құжат– адамның белгілі бір материалға түсірген мәліметтерді сақтап, керек кезінде алып қолдану үшін құрған арнайы заты.

Дәріс тезистері:

1. Әлеуметтанудағы әдіс ұғымы. Зерттеудің жалпығылыми және әлеуметтанулық принциптері Социологиялық ақпараттар жинаудың негізгі төрт әдістері бар. Олар:

1) сұрақ алу әдісі;

2) бақылау әдісі;

3) құжаттарды талдау әдісі;

4) тәжірибе жүргізу әдісі.

Сұрақ алу әдісі. Эмпириялық ақпараттар сұрақ алу арқылы алынады. Сұрақ әдісінің негізгі түрлеріне анкеталық сұрау мен әлеуметтік сұхбат (интервью) жатады.

Анкета – зерттеушінің жауапшымен (респондент) анкета арқылы контактыға негізделген эмпирикалық әлеуметтану зерттеуіндегі әлеуметтік өлшеуіштің бірден-бір кеңінен тараған тәсілі.

Анкетаны жасаудың, онымен жұмыс жүргізудің өзіндік ерекше әдістемелік тәсілдері мен сипаты бар. Кез-келген анкетаның үш құрамдас бөлігі: кіріспе, мазмұндық (негізгі бөлім) және қорытынды (төлқұжат) бөлімдері болады.

Кіріспеде зерттеуді кімнің жүргізетіндігі, оның мақсаты мен міндеті, анкетаны толтыру тәсілі, оны толтырудың жасырын екендігі көрсетіледі. Анкетаны қалай толтыру керектігі жайлы нұсқау кіріспенің соңында беріледі.

Анкетаның негізгі бөлімін толтыруға айрықша назар аударылады, өйткені жүргізілетін зерттеудің табысқа жетуі осыған байланысты.

Анкетаның мазмұны (ұсынылатын сұрақтардың сипаты мен түрі, оларды орналастыру тәртібі, алынатын жауаптар) зерттеліп отырған объект жайлы неғұрлым нақтылы мағлұматтар алуға ұмтылу арқылы айқындалады. Бұл үшін анкетаның мазмұндық бөліміндегі сұрақтар жүйесін әбден саралап барып түзген жөн.

Төлқұжат (демографиялық) бөлімде ақпараттың сенімділігін тексеру мақсатымен сұралушы жайлы мағлұматтар толтырылады. Бұған респонденттің жынысы, жасы, білімі, тұратын жері, әлеуметтік жайы мен шығу тегі, жұмыс стажы т.б. сияқты деректер кіреді.

Анкета жасалған соң тексеріледі, сынақтан өткізіліп, кейбір өзгерістер енгізіледі. Анкетаның сапасын анықтау үшін пилотаждық зерттеу жүргізіледі. Оның барысында анкетаның мазмұны, сұрақтардың қойылуы мен кезектілігі, жауап нұсқалары т.б. тексеріледі.

Сұрау әдісінің келесі түрі әлеуметтік сұхбат арқылы жүзеге асады.

Сұхбат - әлеуметтану зерттеуінің сауалдау тәсілі, әлеуметтанушының алдын ала әзірлеген жоспары бойынша қайсыбір адаммен немесе адамдар тобымен мақсатты әңгімелесу формасы, оларға қойылған сұрақтарға қайтарылған жауаптар әлеуметтік ақпараттың бастапқы қайнар көзі қызметін атқарады.

Сұхбаттың анкетадан ерекшелігі: зерттеуші сұралушы сұрақты түсінбеген кезде түсіндіреді, сұралушының көзқарасын нақтылай түседі, сұрау парақшасына толығырақ мәлімет жазу үшін қосымша сұрақтар сұрайды. Сұхбат мынандай түрлерге жіктеледі:

Формальді сұхбат – тақырып бойынша алдын ала құрастырылған сұрақтарға орай реттік тәртібін сақтау арқылы сұралушымен пікір алмасып мәліметтер жинау. Бұндай сұрақтарға өзгерістер енгізуге, одан ауытқуға болмайды.

Жартылай формальді сұхбат – пікір алмасу барысында тақырып бойынша алдын ала дайындалған сұрақтармен қатар, қосымша сұрақтар қою арқылы мәліметтер жинау.

Формальді емес сұхбат – нақты тақырып бойынша зерттеуші мен респонденттің еркін пікір алмасуы арқылы мәліметтер жинауы болып табылады. Бұндай сұхбатта сұрақтар алдын ала дайындалмайды, зерттеуші сұхбат барысында туындаған сұрақтарды қойып, респондент оған өз ойын еркін білдіріп жауап беруіне толық жағдай жасалады және зерттеушінің жауаптарды тіркеу формасының стандарты болмайды.

Сұхбат жүргізушінің міндеті сұхбатты ұйымдық жағынан дайындау, қажетті сұралушыларды табу, оларды зерттеуге қатысуға шақыру.

Социологиялық мағлұматтар жинауды аяқтаған соң сұхбат алушы зерттеу орталығына сұхбаттың толтырылған бланкілерін, маршрут парақшаларын, жұмысы туралы есепті тапсырады.

Барлық сұрақтар тексеріліп болған соң зерттеліп отырған объект туралы жинақталған мағлұматтар алу мақсатында сұхбат бланкілеріне арнайы талдаулар жасалады.

Сонымен анкеталық сұрау мен сұхбат әлеуметтік мағлұматтардың негізгі көпшілігін алуды қамтамасыз етеді.

Жалпы сұрақ алу әдісі – жеке адамға немесе адамдардың үлкен не шағын топтарына ауызша немесе жазбаша түрде сұрақтар қою жолымен алғашқы әлеуметтік ақпарат алу тәсілдерінің бірден-бірі болып табылады.