Аттестаттау комиссиялары, олардың құрамы мен өкілеттіктері

7. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды біліктілік санаттарын беру (растау) үшін аттестаттаудан өткізу үшін білім беру ұйымдарында, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінде, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларында, білім беру саласындағы уәкілетті органдарда (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органдарында аттестаттау комиссиялары құрылады.
8. Аттестаттау комиссиясының құрамына аттестаттау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, аттестаттау комиссиясының хатшысы және мүшелері енгізіледі. Аттестаттау комиссиясына білім беру ұйымдарының неғұрлым тәжірибелі педагог қызметкерлері, ғылыми-педагогикалық құрылымдардың, оқу-әдістемелік бірлестіктердің, біліктілікті арттыру жүйесінің, кәсіподақтардың, өндірістік құрылымдардың (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім не алқалық басқарудың басқа нысандары үшін), кадрлық қызметтердің өкілдері, білім беруді басқару органдарының мамандары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім үшін) кіреді.
9. Аттестаттау комиссиясының мүшелері тақ саннан тұрады. Аттестаттау комиссиясының мүшесі болып табылатын аттестатталушы қызметкер өз кандидатурасын қарау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
10. Білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясының құрамын тиісті алқалық орган (мектептің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарының педагогикалық кеңесі) анықтайды және білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
11. Білім беруді басқару органының аттестаттау комиссиясының құрамы білім беруді басқару органы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
12. Аттестаттау комиссиясының отырыстарын хатшы хаттамаға түсіреді. Хаттамаларда аттестаттау комиссиясының шешімдері және оның мүшелерінің дауыс беру нәтижелері тіркеледі. Аттестаттау комиссиясы отырысының хаттамасына аттестаттау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, хатшысы және отырысқа қатысушы мүшелері қол қояды.
Аттестаттау комиссиясының шешімі отырысқа оның мүшелерінің кемінде 3-тен 2-сі қатысқан жағдайда қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру нәтижелері қорытынды отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар саны тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
13. Облыстық бағыныстағы білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының аттестаттау комиссиялары өткізеді.
Республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды білім беру саласындағы уәкілетті орган жүргізеді, өз ведомствосында білім беру ұйымдары бар басқа да мемлекеттік органдарда тиісті салалардың уәкілетті органдары жүргізеді.
Білім беру ұйымдарының басшыларын, басшылардың орынбасарларын аттестаттауды аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің аттестаттау комиссиялары өткізеді.
14. Аттестаттау комиссиялары аттестаттау процесінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) аттестаттаудың барлық кезеңдерін өткізу орындары мен күнін белгілейді;
2) білім беру ұйымдарының аттестатталатын басшылары, олардың орынбасарлары, білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қызметтерінің қорытындыларын қарастырады және талдайды;
3) аттестатталушының кәсіби құзыреттілігін объективті түрде бағалайды;
4) әңгімелесу кезінде заңдылықты сақтайды, ізгілік, әдептілік танытады;
5) аттестаттауды ұйымдастыруды және өткізуді ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
15. Тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиялары педагог қызметкерлерге біліктілік санаттарын беру (растау) процесінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде екінші біліктілік санатын бекітеді, бірінші және жоғары санатты беру (растау) үшін педагогтердің материалдарын дайындайды;
2) аудандық (қалалық) білім бөлімінің аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің бірінші біліктілік санатын бекітеді;
3) облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, қосымша, арнайы (түзеу) білім беру ұйымдары педагогтерінің жоғары біліктілік санатын бекітеді, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, сондай-ақ облыстық бағыныстағы білім беру ұйымдары педагогтерінің бірінші және жоғары санаттарын бекітеді.
Білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиясы республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің бірінші және жоғары біліктілік санатын бекітеді.
Салалық мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиясы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің бірінші және жоғары біліктілік санатын бекітеді.