Тақырып 7 Компанияның меншік капиталы

Лекцияның мақсаты: Компанияның меншікті капиталыноқып-үйрену.

Негізгі сөздер: меншікті капитал, пайда

Негізгі сұрақтар:

1. Компанияның меншікті капиталы

2. Корпорацияның меншікті капиталының құрамы мен құрылымы

3. Корпорация қызметінің тиімділігі және іскерлік белсенділігі

 

1. Компанияның капиталы оның ең негізгі құрылу базасы болып саналады және құны материалды, бейматермиалды, ақалай формада болады. Капиталдың қызмет нәтижесі сол комапния иелерінің қызығушылықтарының нәтижесін /пайданы алу және ұлғайту/ көрінісі. Жалпы компания капиталы түсінігі оның бірнеше түрлерін сипаттайды. Олар келесідей:

1. компания меншігіне қарай: өз меншігіндегі және сырттан алынған.

2. инвестициялау объектісіне қарай: негізгі және айналмалы

3. өнірістік айналымдағы формасына қарай: ақшалай, өндірістік, тауарлы

4. пайдалану мақсатына қарай: ссудалық, өнірушілік, спекулятивті

2.Компания капиталының пайда болуы шаруашылық субъектісі пайда болғаннан бастап іске асады. Осыған сәйкес кәсіпорын өзінің жарғылық капиталын қалыптастырады.

Жарғылық капитал дегеніміз – корпорацияның жекеменшік қорларының негізгі алғашқы қайнар көзі, негізгі және айналым капиталдарының ақшалай көрінісі.

Корпорация қорларының қайнар көзінің біріне қосымша капиталдар кіреді. Бұл қор негізгі қорларды қайта бағалау

Нәтижесінде мүліктің құнының өсуінің есебінен, эмиссиялық кіріс /акцияның номиналды бағасынан сату бағасының жоғарылауы/ және тағы басқалар есебінен құрылады.

Корпорация қорлары жалпы ішкі және сыртқы көздерден құрылуы мүмкін. Корпорация қорларының ішкі көздерден құрылуы корпорация түсіміне, яғни пайдасына байланысты болады. Ал түсім корпорацияның кәсіпкерлік қызметінің нәтижесінде пайда болады:

· өндірілген өнімді өткізуден түскен кіріс;

· қызметтер көрсету мен жұмыстарды орындаудан түскен кірістер;

· мүліктерді қолданудан түскен кірістер;

Бұл кірістер корпорацияның есеп айырысу шотында көрсетіледі. Түсім бұл ең алдымен өндірістегі шығындарды жабудың қайнар көзі болып абылады. Түсімнің пайдадан айырмашылығы ол салық және басқа да шығындарды шегермеген кездегі жалпы пайда. Ал пайда корпорацияның шаруашылық қызметінің соңғы мақсаты және нәтижесі болып табылады.

Пайдадан барлық салықтар ұсталынған соң, ол корпорацияның өзінің игілігіне жұмсалады. Пайдадан резервтік капитал және тағы басқа резервтер мен тұтыну және жинақ қорлары қалыптасады.

Резервтік капитал – бұл кәсіпорынның кейбір жағдайларына байланысты құрылған ақша қорлары. Бұл кәсіпорын банкроттық жағдайға душар болса, немесе төтенше жағдайлар және т.б. жағдайларға арналған капитал. Корпорацияда резервтік капиталдың болуы корпорация қаржылық жағдайының тұрақтылығын қамтудың маңызды шарты болып табылады.

Жинақ қоры - өндірісті дамытуға бағытталған ақша қорлары. Бұл қорларды пайдалану кәсіпорын даму саясатымен тікелей байланысты.

Тұтыну қоры - әлеументтік қажеттілік, өндірістік саладағы емес объектілерді қаржыландыру және т.с.с. бағытталған ақша құралдары.

Валюталық қор – бұл корпорацияның даму саясаты үшін өнімдерді экспортқа шығару нәтижесінде валюталық түсім алу мақсатында корпорацияларда қалыптасады.

Осындай жоғарыда аталған қорлардың нәтижесінде корпорацияның даму саясаты қалыптасады.

3.Корпорация қызметінің тиімділігі және іскерлік белсенділігі.Корпорацияның қызмет белсенділігі мен қызмет тиімділігін бағалау сол корпорацияның жалпы қаржылық жағдайын бағалаудың қорытынды этапы болып табылады.

Корпорацияның іскерлік белсенділігі қаржылық жағдайда ең алдымен оның қаражат айналымының жылдамдығымен көрінеді. Іскерлік белсенділікті талдау корпорацияның өз қаражатын қаншалықты тиімді пайдаланғанығын анықтауға мүмкіндік береді. Корпорациядағы қаражаттарының айналым жылдамдығының өсуі оның өндірістік-техникалық күшінің артқандығын көрсетеді.

Корпорацияның іскерлік белсенділігінің көрсеткіштеріне келесі коэффициенттер жатады:

1. капиталдың жалпы айналымдылық коэффициенті. Ол жылына қанша рет айналу мен өндірудің толық циклі болатындығын корсетеді. Ол өнімді сатудан түскен табысты авансталған капиталға, яғни есепті кезеңдегі орташа баланес валютасына бөлгенге тең болады.

2. Негізгі құралдардың айналымдылығы – бұл көрсеткіш қор қайтарымдылығын көрсетеді, яғни корпорацияның есепті кезеңдегі негізгі өндірістік қорларын пайдаланудың тиімділігін сипаттайды. Ол келесі негізде анықталады, яғни сатудан түскен түсімді негізгі құралдардың орташа құнына бөлеміз.

Бұл коффициент жоғары болған сайын азая түседі, керісінше төмен болған сайын өнімді сатудан түскен түсімнің жеткіліксіздігін немесе осы активтер түрлеріне көп қаржы бөлінгендігін көрсетеді.

3. Меншікті капиталдың айналымдылық коэффициенті – ол өнімді сатудан түскен табысты баланс бойынша меншікті капиталдың есепті кезеңдегі орташа шамасына бөлгенге тең болады.

Бұл коэффициент корпорациядағы сатудың артықшылығын немесе жетіспеушілігін анықтайды, салынған меншікті капиталдың айналым жылдамдығын, корпорацияның меншік иелері тәуекелділік етіп отырғаен ақша қаражаттарының белсенділігін көрсетеді.

4. Ағымдағы активтер /мобильдік қаржылар/ немесе айналым капиталының айналымдылық көэффициенті. Ол сатудан түскен түсімді ағымдағы активтердің орташа шамасына бөлу арқылы анықталады. Ал ағымдағы активтердің орташа шамасы жыл басы мен жыл соңы мәліметтерін қосып, екіге бөлетіндігі белгілі.

Кез-келген корпорациядағы айналымдылық процесін жылдамдатуға тырысу қажет. Айналым уақытын қысқартуға мамандандыру мен бірлесудің дамуы, тікелей шаруашылық аралық байланыстардың жақсаруы, жүк тасу, өзара есеп айырысу мен құжат айналымын тездетумен қол жеткізуге болады.

5. Материалдық айналым құралдарының айналымдылық коэффициенті – ол сатылған өнімнің толық өзіндік құнын өндірістік қорлардың орташа өзіндік құнына бөлу арқылы анықтаймыз Мұнда неғұрлым айналымдылық көрсеткіші жоғары болған сайын, соғұрлым қорлар тезірек ақшалай қаражатқа айналады. Оның төмендеуі өндірістік қорлар мен аяқталмаған өндірістің ұлғайғандығын көрсетеді немесе дайын өнімге деген сұраныстың төмендегенін көрсетеді.

6. Дайын өнімнің айналымдылық коэффициенті – ол өнімді сатудан түскен табысты баланс бойынша есепті кезеңдегі дайын өнімнің орташа шамасына бөлу арқылы анықталадлы. Бұл дайын өнімнің айналым жылдамдығын көрсетеді.

7. Дебиторлық қарыздардың айналымдылық коэффициенті – ол сатудан түскен түсімді дебиторлық қарыздардың есепті кезеңдегі орташа шамасына бөлгенге тең Бұл көрсеткіш компанияның қойған шоттарын клиенттердің төлеуге қажет уақытын сипаттайды. Ол көрсеткіштің төмендеуі – оң, ал артуы – теріс бағаланады.

8. Кредиторлық қарыздардың айналымдылық коэффициенті – ол сатудан түскен түсімді кредиторлық қарыздардың орташа шамасына бөлу арқылы анықталады.

Бұл коэффициенттің өсуі – корпорацияның борышты төлеу жылдамдығының артқандығын, ал төмендеуі - несиеге тәуелді екендігін көрсетеді.

Корпорацияның нарықтық белсенділігін келесі негізгі көрсеткіштер сипаттайды:

· бір акцияға түскен табыс;

· акция құндылығы;

· дивидентті төлеу көэффициенті;

Бір акцияға түскен табыс – инвестор акция сатып алғанда әрқашан дивиденд түрінде алатын болашақ табысты қарастырып отырады. Себебі, компанияның табысы дивиденттер төлеудің негізгі көзі болып табылатындықтан, және келешекте акцияның нарықтық құнын көтеруге бизнес болғандықтан, инвесторлар әрқашан акцияға табыстылық коэффициенттеріне қызығушылық білдіреді.

Бақылау сұрақтары:

Жалпы компания капиталы түсінігі бойынша оның бірнеше түрлерін сипаттаңыз.

Компания капиталының пайда болуы шаруашылық субъектісі пайда болғаннан бастап іске асады. Осыған сәйкес кәсіпорын өзінің жарғылық капиталын қалыптастыруды есептеңіз.Жарғылық капитал дегеніміз не? Корпорация қорларының қайнар көзінің біріне қосымша капиталдар кіреді. Бұл қор негізгі қорларды қайта бағалауды анықтаңыз.Корпорация қызметінің тиімділігі және іскерлік белсенділігін анықтаңыз.Корпорацияның іскерлік белсенділігінің көрсеткіштеріне қандай коэффициенттер жататынын анықтаңыз.