Бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру 4 страница

4. Шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi iшiнде – абайсызда қылмыс не онша ауыр емес қасақана қылмыс, ал шартты түрде сотталған кәмелетке толмаған адам онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған жағдайларда, шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе оны күшінде қалдыру туралы мәселенi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындаған кезде шешедi.

5. Шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi iшiнде – ауырлығы орташа қасақана қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс, ал кәмелетке толмаған адам ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, сот шартты түрде соттаудың күшiн жояды және оған үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды. Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда жаза осы қағидалар бойынша тағайындалады.

 

5-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚТАН ЖӘНЕ ЖАЗАДАН БОСАТУ

65-бап. Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық

жауаптылықтан босату

 

1. Қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам, кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс, жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

 

66-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезінде қылмыстық

жауаптылықтан босату

 

Қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан туындаған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғаныс шегiнен шыққан адам iстiң мән-жайлары ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

 

67-бап. Процестік келісімнің талаптары орындалған кезде

қылмыстық жауаптылықтан босату

 

Процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

 

68-бап. Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан

босату

 

1. Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.

2. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

3. Қылмыстық құқық бұзушылықпен қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтірілген жағдайларда, осы баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам, егер ол шынайы өкінсе және қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

4. Осы баптың ережелері абайсызда адам өліміне не екі және одан да көп адамдардың өліміне әкеп соққан қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

 

69-бап. Кепiлгерлік белгіленуіне байланысты қылмыстық

жауаптылықтан босату

 

1. Қылмыстық теріс қылықты не қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес, жасалғаны үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында немесе бабының бөлігінде негізгі жазаның өзге де түрлерімен бірге айыппұл көзделген онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған адамды сот кепілгерлік белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.

2. Кепiлгерлік белгілеу кепiлгер болатын жеке тұлғаның – жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген айыппұлдың екі еселенген мөлшеріне тең мөлшерінде, ал заңды тұлғаның – он еселенген ең жоғары мөлшерінде кепіл енгізуінен тұрады.

3. Кепiлгерлік мерзімі:

1) қылмыстық теріс қылық жасалған кезде – алты айдан бір жылға дейін;

2) онша ауыр емес қылмыс жасалған кезде – бір жылдан екі жылға дейін;

3) ауырлығы орташа қылмыс жасалған кезде – екі жылдан бес жылға дейін белгіленеді.

4. Егер қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам кепілгерлік кезеңі ішінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаған болса, кепілгерлік мерзімі өткеннен кейін кепіл кепілгерге қайтарылады.

5. Егер кепілгерлік кезеңі ішінде адам жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешімнің күшін жояды және үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша оған жаза тағайындайды. Бұл ретте кепіл мемлекеттің кірісіне алынады.

6. Осы баптың ережелері сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды.

 

70-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық

жауаптылықтан босату

 

1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер iс сотта қаралған уақытта жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған іс-әрекет қоғамға қауiптi болудан қалды деп танылса, соттың қылмыстық жауаптылықтан босатуына жатады.

2. Қылмыстық теріс қылықты алғаш рет жасаған не онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған адам, егер осы адамның содан кейiнгi мінсіз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта оның қоғамға қауiптi деп есептелмейтіні анықталса, соттың қылмыстық жауаптылықтан босатуына жатады.

 

71-бап. Ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық

жауаптылықтан босату

 

1. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер:

1) қылмыстық теріс қылық жасалғаннан кейін бір жыл;

2) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейiн екi жыл;

3) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейiн бес жыл;

4) ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн он бес жыл;

5) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн жиырма жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

2. Ескіру мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап және сот үкiмi заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.

3. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімдерінің өтуi жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.

4. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзімдерінің өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімдерінің өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен бастап қайта басталады. Бұл ретте, егер қылмыс жасаған уақыттан берi ескіру мерзімі үзілмесе және мынадай мерзімдер:

1) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін он жыл;

2) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейін он бес жыл;

3) ауыр қылмыс жасалғаннан кейін жиырма жыл;

4) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін жиырма бес жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.

Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады. Өзге жағдайларда, егер ескіру мерзімі өткенге дейiн адам қайтадан қылмыс жасаса, әрбiр қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес өтедi.

5. Осы Кодекс бойынша өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмысты жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға болады деп таппаса, онда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.

6. Бейбiтшiлiкке және адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы, экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ескiру мерзiмдерi қолданылмайды.

 

72-бап. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын

босату

 

1. Егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.

Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады.

Адамдардың қаза табуына әкеп соқтырмаған және аса ауыр қылмыстың жасалуымен ұштаспаған террористік немесе экстремистік қылмысы үшін тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, егер ол террористік немесе экстремистік қылмыстарды болдырмауға, ашуға немесе тергеп-тексеруге, террористік немесе экстремистік топтардың қатысушыларын әшкерелеуге белсенді түрде жәрдемдескен болса, сот оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.

Бұл ретте адам жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.

2. Бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамға жазасының қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде сот осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша пробациялық бақылауды белгілейді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде адамға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген міндеттер жүктеледі.

3. Сотталған адам:

1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;

2) ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;

3) аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісiн іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;

4) осы Кодекстің 120-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында, 121-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында көзделген қылмыстар үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;

5) сотталған адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін не аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын іс жүзінде өтегеннен кейін ғана шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылуы мүмкін.

4. Жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерге жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату:

1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сот тағайындаған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін;

2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;

3) адам өміріне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшін сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;

4) адам өміріне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс не осы Кодекстің 120-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында, 121-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында көзделген қылмыстар үшін сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіз бойынша жойылған болса;

5) сотталған адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін не аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.

5. Сотталған адамның бас бостандығынан айыруды іс жүзінде өтеген мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.

6. Сот тағайындаған өмiр бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, егер сот оның бұл жазаны одан әрi өтеуін қажет етпейдi деп таныса және ол бас бостандығынан айырудың кемiнде жиырма бес жылын іс жүзінде өтесе, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Егер сот тағайындаған өмір бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаса, ол бас бостандығынан айырудың кемінде он бес жылын іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

7. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:

1) екі және одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасап, олар үшiн оған әкiмшiлiк жаза қолданылса немесе шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуды қолдану кезiнде өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан дәлелсіз себеппен екі реттен артық жалтарса не бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдалған тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін бес жұмыс күні ішінде дәлелсіз себеппен келмесе, сот уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою және жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн орындау туралы қаулы шығара алады;

2) қылмысты абайсызда жасаса, сол сияқты жүктi әйел, жас балалары бар әйел, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркек, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйел, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркек, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек қылмыстық теріс қылық, қасақана онша ауыр емес қылмыс жасаған жағдайларда, жаңа қылмыс үшін жаза тағайындау кезiнде шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою не оны күшінде қалдыру туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жойса, жаза үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша тағайындалады;

3) қылмысты қасақана жасаса, осы бөліктің 2) тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сот оған үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.

8. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамға, адамдардың қаза табуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс үшін сотталған адамға, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамға қолданылмайды.

 

73-бап. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза

түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін

қысқарту

 

1. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Бұл ретте адам, өмір бойына тағайындалған жазаларды қоспағанда, жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.

2. Жазаның өтелмеген бөлiгi, сотталған адам онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемінде төрттен бірін, ауыр қылмысы үшiн немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден бұрын шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған және жазаның қалған өтелмеген бөлiгi кезеңiнде жаңа қылмыстар жасаған адам жаза мерзiмiнiң үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.

Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру адамдардың қаза табуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы жасалған қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты қолданылмайды.

3. Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш есебiмен айыппұлды не бас бостандығынан айырудың бiр күнiне бас бостандығын шектеудің бiр күнi есебiмен бас бостандығын шектеуді таңдауы мүмкiн. Айыппұлға ауыстырудың шарты қылмыспен келтірілген залалды толық өтеу болып табылады.

4. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр қылмыстар немесе аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, егер ол жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық топ жасаған қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал еткен не процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, сот қалған өтелмеген жазасының жартысынан аспайтын бөлігін қысқарта алады.

 

74-бап. Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар

әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп

отырған еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру

 

1. Сотталған жүкті әйелдердің жазаны өтеуін сот бір жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін. Жас балалары бар сотталған әйелдер мен жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазасын орындауды сот бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруы мүмкін. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуі кейінге қалдырылмайды.

2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген сотталған адам баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған адамды бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынуы бойынша жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жойып, сотталған адамды сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады.

3. Жазаны орындаудың кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген не жүктiлiгi үзiлген жағдайларда, сот сотталған адамның мінез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе тағайындалған жазаны неғұрлым жеңiл жаза түрімен ауыстыруы не сотталған адамды жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.

4. Егер сотталған адам жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.

 

75-бап. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату

 

1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн оны өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасының бұзылуы пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жатқан адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.