Инновацияны жүргізудің орындылығын бағалау

 

Инновация жүргізудің орындылығын бағалау үшін ең алдымен олардың өндірістік, коммерциялық, бәсекелестік, қаржылық тәуекел тұрғысынан алғандағы зардаптарын болжау қажет.

Инновациямен бірге жүретін радикалды өзгерістердің дәрежесін бағалау қажет. Бұл өзгерістер айтарлықтай дәрежеде өндірістің қалыптасқан үрдісін бұзып, үлкен зардап алып келуі мүмкін.

Мысалы, нарықтық қатынасқа көшкен кезде өздерінің дәстүрлі құрылымын стратегиялық бизнес-бірлік үлгісіндегі құрылымға жедел өзгерткен ресейлік кәсіпорындардың бір бөлігі басқаруда тұрақтылығын жоғалтқан, соның нәтижесінде банкротқа ұшыраған.

Инновация мақсаттары ұйымның миссиясымен, оның стратегиялық және тактикалық мақсаттарымен сәйкес келе ме соны салыстыру қажет.

Өнім инновациясын жүргізудің орындылығын бағалау үшін болжалды инновацияға деген сұранысты зерделеп, тұтынушы нарығының көлемін анықтап алу қажет. Бұл үшін нырықтың маркетингтік талдауы жүргізіледі. Сұраныстың болжалды көлемі келесі мәліметтер бойынша талдау мен бағалауға байланысты анықталады:

- Жаңа тауардың сату нарқының көлемі;

- Потенциалды сатып алушылар саны;

- Бағалардың баламалы нұсқалары;

- Сатып алушылардың тауарды алу мүмкіндігі;

- Тауардың айналымда болу уақытының болжамы;

- Сұранысқа әсер ететін факторлар – жаңа тауардың сәнге, мәдениетке, дәстүрге сәйкес келуі; сапа мен қауіпсіздікті растау үшін сертификаттау мүмкіндігі; тауарды ауыстырушының болуы;

- Қосалқы тауарлардың болуы және т.б.

Бағалау үшін нарықтың басқа да параметрлері қолданылуы мүмкін – нарықтық кедергілердің болуы, бәсекелестік жағдайы, баға өзгергіштігі, талап етілетін инвестициялар және т.б.

Аталған параметрлердің сандық және сапалық бағасы болуы мүмкін. Бағалаудың қолайлылығы мен көрнекілігі үшін әрбір инновациялық идея үшін бағалық матрица құрастырып, ұсыныстың сапалық көрсеткішін жалпылай есептеуге болады. (2.2. кесте).

Инновациялық идеяларды алдын ала бағалаудың екінші кезеңінде олардың тиімділігіне болжалдық талдау жасау қажет. Бұл үшін қажетті сала бойынша мамандарды: заңгерлерді, патентанушыны, инженерлерді, экономистерді және т.б. тарта отырып инновацияға сараптама жасалады. Инновацияны талдауда тек экономикалық тиімділік емес, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, экологиялық және басқадай тиімділіктер бағаланады.

Сонымен қатар, инновациялық үрдістің ұзақтығын және бәсекелестерді анықтау үшін осы ұзақтылықты қысқарту бойынша кәсіпорынның мүмкіндіктерін бағалау қажет.

Бұл кезеңнің соңында ары қарай қолданылатын бірнеше идеялар қалады.

Инновацияны жүргізудің мүмкіндіктері мен орындылығын бағалаудың жалпы сызбасы 2.2. суретте көрсетілген.

 

2.2. кесте. Нарықтық көрсеткіштердің бағалық матрицасы

 

2.2 сурет – Ұйымның инновациялық потенциалы мен инновацияны жүргізудің орындылығын бағалау

 

3 ИННОВАЦИЯНЫҢ ӨМІРЛІК ЦИКЛЫ (ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҮРДІС ФАЗАЛАРЫ)

 

Алдыңғы дәрісте фирманың инновациялық қызметінің ішкі және сыртқы ортасын зерттеумен және оның негізінде инновациялық мүмкіндіктерді іздеумен байланысты маркетингтік аспектілер қаралған. Осындай іздеу нәтижесінде фирманың таңдалған инновациялық идеялары – инвенциялар бар.

Инновациялық қызметтің келесі кезеңі инновациялық үрдісті инвенциядан жүзеге асырылған инновацияға дейін басқару болып табылады.

Инновациялық үрдіс бірнеше бөлімдерден (фазалардан) тұрады, олар бірлесіп инновацияның өмірлік циклын (ИӨЦ) құрайды.

Инновациялық үрдіс фазаларының құрамы мен мазмұнын инновацияның басқа түрлері арасында неғұрлым маңызды болып табылатын өнімдік инновацияға қатысты қарастырайық.

Әдетте инновациялық үрдістің бес фазасын бөліп қарайды:

 

Фундаменталды ғылым – Қолданбалы ғылым – Жасалым (Жобалау) – Өндіріс – Тұтыну (Қолданысқа беру)

 

Жеке фазалардың мазмұны келесідей.

1. «Фундаменталды ғылым» фазасы

Бұл фазаға фундаменталды ғылыми зерттеулер жатады – табиғат пен қоғамның дамуының негізгі заңдылықтары туралы жаңа білім алуға бағытталған эксперименталды және техникалық қызмет. Фундаменталды ғылым академиялық институттарда, жоғарғы оқу орындарында, салалық институттарда жүзеге асырылады.

Батыс Еуропа елдерінде, АҚШ және Жапонияда фундаменталды ғылым негізінен жоғарғы мектепте негізделеді. Қазақстанда – салалық және экономикалық институттарда.

Фундаменталды ғылымды қаржыландыру қайтарымсыз негізде мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Фундаменталды ғылым зерттеулерінің нәтижесі болып жаңа теориялық білім – ашылымдар болып табылады. Оларды практикада қолдану мүмкіндігін болжау қиынға соғады.

Статистика көрсетіп отырғандай, фундаменталды зерттеулердің 10% ғана оң нәтиже береді.

2. «Қолданбалы ғылым» фазасы.

Инновациялық қызметтің бұл фазасында практикалық нәтижеге қол жеткізуге және нақты халық шаруашылығының міндеттерін шешуге бағытталған қолданбалы теориялық және экспериментті зерттеу – ғылыми қызмет жүзеге асырылады.

Ф. Бэкон XVII ғасырдың басында атап өткендей, «табиғат туралы білімді себептерді зерртеу мен нәтиже алуға бөлуге болады: теориялық және практикалық бөлімдер. Алғашқысы табиғат қойнауын зерттейді, екіншісі табиғатты темірді төске өзгерткендей өзгертеді».

Қолданбалы ғылыми зерттеулер мемлекеттік мекемелерде де, жеке ғылыми мекемелер – салалық институттарда, жоғарғы оқу орындарында, ірі өндірістік кәсіпорындардың арнайы құрылған ғылыми бөлімшелерінде жүзеге асырылады.

Қоданбалы зерттеулер мемлекет бюджеті есебінен де – мемлекеттік ғылыми бағдарламалар, конкурстар және жеке тапсырыс берушілер есебінен де қаржыландырылады.

Қоданбалы зерттеулер фундаменталды ғылыммен алынған жаңа білімді түрлі қызметтердің жаңа және жетілдірілген құралдары мен әдістерін жасау үшін қолданылады. Қолданбалы зерттеулердің нәтижелері жасалымдарда, «ноу-хау», ғылыми-техникалық монографияларда, жаңа нысандарды жобалау үшін берілген техникалық тапсырмаларда бекітіледі.

Ғылым бірден жасампаз қоғамдық күш болған жоқ. XVIII ғасырдың ортасына дейін ғылыми жетістіктер өндірісте тек жоспарсыз қолданылады. Ф. Бэкон айтқандай, бұл кезеңде ғылым «бос сөзге бейім, бірақ қуатсыз және жаңа нәрсе жасауға әлі жетілмеген».

XVIII ғасырдың екінші жартысында ғылым бүтін жүйе ретінде қалыптасты. Осы кезден бастап ол адам қызметінің оқшауланған саласынан өндірістің маңызды факторына айналады.

Ғылымның бұлайша дамуына қуатты итермелеуші күш болып экономикада жетілген талап - өндірістің машиналық негізге ауысуы болды. Ғылыми инфрақұрылымды, «ғылыми ақпарат банкін» құруда кітап басып шығару маңызды роль атқарды.

Алайда, XX ғасырға дейін ғылым мен өндіріс арасында тығыз кооперация болған жоқ – қолданбалы зерттеулердің алынған нәтижелері көп жағдайда өз қолданылған жоқ.

Бұл техниканың жаңаруының баяу қозғалысында байқалып отырды, мысалы ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында жаңа техника 35-40 жыл қолданылған болған.

Заманауи әлемде ғылымның тікелей өндіргіш күшке айналып, ал өндірістің – ғылыми жетістіктерді практикада қолдану үрдісі үнемі тереңдеп отырады.

Кондорсе жазғандай: «Ғылымдағы жетістік өндірістегі жетістікті қамтамасыз ететі, бұдан соң өзі ғылыми жетістіктерді жеделдетеді, бұл өзара әсер етушілік адамзат баласын жетілдірудің неғұрлым қуатты себептеріне қосылуы керек».

Бұл нәтижені өндірісте қолдануды үнемі болжау мүмкін емес және теріс нәтиже алу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан қолданбалы зерттеулерге жұмсалған инвестициялардың тәуекелі жоғары.

3. «Жасалым (жобалау)» фазасы.

Бұл фазада ары қарай шығару үшін бұйымның конструкторлық дайындығы бар. Бұған келесі негізгі жұмыстар кіреді:

- Инженерлік болжау – жаңа техникалық шешімдерді, жаңа материалдарды, жобалаудың жаңа әдістерін болжау. Мұнда сонымен қатар жаңа бұйымды жобалауға, жасауға және қолдануға мүмкін болатын шектеулер белгіленеді – ресурстық, техникалық, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық.

- Параметрлік оңтайландыру – бұйымның (үлгінің) техникалық сипаттамасын анықтау, бұйымның бірқатар оңтайлы параметрлерін қамтамасыз ету;

- Бұйымды жобалау – эскизді жобаны жасау, мүмкін техникалық баламаларды анықтау, техникалық жобаны жасау, бұйымның техникалық жағын қалыпқа келтіру;

- Тәжірибелік үлгіні дайындау (прототипті), оны сынақтан өткізу;

- Тәжірибелік үлгіні сынақтан өткізу нәтижесі бойынша конструкторлық құжаттаманы түзету.

«Қолданбалы ғылым» мен «Жасалым» фазаларын көп жағдайда бір фазаға біріктіреді – өндірісті ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық дайындау (ҒЗТКД).

ҒТТКД арнайы зертханаларда, конструкторлық бюроларда, тәжірибелік өндірістерде де, ірі фирмалардың ғылыми-өндірістік бөлімшелерінде де жүргізіледі. Бұл фазаның соңында – пысықталған инвенция – новация. Новация жоба, тәжірибелік үлгі, пайдалы үлгі ретінде болады.

Жаңа жасалымдардың барлығы өндірісте игеріле бермейді. Осылайша, 80 жылдары КСРО-да жасалған жаңа машиналар мен құрылғылардың 70% өндірісте қолдануға ұсынылған. Олардың тек 20 % шығарылған жылы, 30 % – екінші жылы, 18 % – үшінші жылы өндіріске жолданған.

Инновацияның экономикалық тиімділігі тұрғысынан алғанда инновациялық үрдістің аталған фазасының маңыздылығын атап өту қажет. Шетелдік мәліметтерге сәйкес, жаңа бұйымды жасау кезеңінде өз құнының 75% күні бұрын шешіледі, алайда бұл кезеңдегі жалпы шығын 4 % аспайды. «Өндіріс» фазасында бұйымның өз құнын 6% төмендетуге болады.

4. «Өндіріс» фазасы.

Аталған фаза келесі бөлімдерден тұрады:

- Ұйымдастыру-техникалық дайындық, бұған өз кезегінде өндірістегі конструкторлық-технологиялық, материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық дайындық жатады.

Өндірісті конструкторлық дайындыққа арнайы құрылғыларды, жабдықтарды, құралдарды жобалау жатады.

Өндірісті технологиялық дайындауға негізгі және қосалқы өндіріс үшін технология жасалымы жатады.

Материалдық-техникалық дайындық, біріншіден, шикізатпен, материалдармен, жинақтаушылармен, стандарттық құрылғылармен, саймандармен материалдық-техникалық қамтамасыз ету, ал екіншіден – құрылғыны жөндеу мен бастама-реттеу жұмыстарын жүргізу.

Ұйымдастырушылық дайындыққа жаңа өнімді игеру бойынша жоспарлар жүйесін дайындау; бар бөлімшелерді қайта құрылымдау және жаңа өндірістік бөлімшелердің құрылымын жасау; ұйымның ішінде де, сыртқы ортамен де өзара іскерлік қарым-қатынас жүйесін жасау; еңбекақы төлеу жүйесін жасау.

- Өндірісті жүргізу – жаңа бұйымды өндірісте игеру мақсатында жүргізілетін техникалық, ұйымдастырушылық, экономикалық іс-шаралар кешені.

- Ағымдағы өндірісті басқару.

«Өндіріс» фазасында тұтынушылардың инновацияға қатысты реакциясы әлі белгісіз, сондықтан инвестиция тәуекел сипатта болуын жалғастырады.

Батыс статистикасы көрсетіп отырғандай, инновацияның заттану мүмкіндігі тек 8,7 % жетеді. Әрбір 12 инвенцияның тек біреуі соңғы «Тұтыну» фазасына жетеді.

Тәуекелді азайту үшін көп жағдайда тәжірибелік өндірісті ұйымдастырып, ары қарай тәжірибелік партияны сынақтан өткізіп жүзеге асырады. Бұл жағдайда тұтынушылардың іс-әрекетіне, бәсекелестердің реакциясына және өтімділік желісіне бақылау жасалады.

Өндіріске жұмсалатын инвестиция көлеміне келетін болсақ, олар өте маңызды болуы мүмкін және көп жағдайда қаржы қорын тарту үшін құнды қағаздар эмиссиясы жүргізіледі. Дегенмен, инновациялық бизнес бүкіл әлемде өте табысты және анағұрлым кең таралған.

АҚШ-та жасалымдар мен ғылыми нәтижелерді сәтті бизнеске айналдыру жақсы дамыған. АҚШ – көп ғылымды өнімді экспортқа шығару бойынша әлемде көшбасшы: жылына 700 млрд долларға жуық.

5. «Тұтыну (қолданысқа беру)» фазасы.

Аталған фаза келесі бөлімдерден тұрады:

- Инновациялық өнімді тұтынушыға өткізу;

- Тұтынушының өнімді қолдануы (қолданысқа беру);

- Өнімді жөндеу мен қызмет көрсету бойынша қызметті ұсыну.

Жаңа өнімнің көптеген түрі, әсіресе, қысқа мерзімді және орташа мерзімді қолданыстағы тауарлар үшін «тұтыну» фазасы аса маңызды емес, алайда кейбір өнім түрлері бұл фазада ерекше назарды талап етеді. Бұл күрделі зардаптары болуы мүмкін ақаулардың алдын алу үшін мұндай бұйымның жұмысына, оның техникалық жағдайына мониторинг жүргізуде және бұйым конструкциясын түзетуде көрінеді. Осылайша, мұндай бұйымдар үшін зерттеулер мен жобалаулар тоқтамайды деп айтуға болады.

Нарықтық экономикада инновациялық қызметтің коммерциялық тиімділігіне қол жеткізу үшін маңызды екі фаза бар – «Маркетинг» және «Инвестициялау».

«Маркетинг» фазасы инновациялық үрдісте екі рет кездеседі:

- инновациялық үрдістің басында «Жасалым» фазасының алдында, нарықтың, сыртқы және ішкі ортаның маркетингтік зерттеуі ретінде – инновациялық мүмкіндіктерді іздеу, инновацияны жүргізудің орындылығын бағалау мақсатында;

- инновациялық үрдістің соңында «Тұтыну» фазасының алдында,«4Р» маркетингі ретінде – жаңа өнімді алға жылжыту мен өткізуді ұйымдастыру мақсатында.

Инновацияның өмірлік циклы ленталы диаграмма түрінде ұсынылуы мүмкін (3.1 сурет), ол инновациялық үрдіс фазаларының реті мен байланысын көрсетеді.

 

3.1сурет – Инновациялық үрдіс диаграммасы

 

Табиғат пен қоғам үшін қауіпті болып саналатын күрделі инновациялық бұйымдар үшін өмірлік циклдың «Жою» сияқты кезеңін қосады, себебі оларды қолданыстан шығару өте тәуекелді және қымбат, инновациялық шешімдер мен әрекеттерді талап етеді. Мұндай бұйымдарға мысал – атом станциялары, ракеталы қару-жарақ, ғарыш станциялары, көлік құралдарының сирек кездесетін түрлері және т.б.

Инновациялық үрдісті график түрінде өмірлік циклдың қисық сызығымен көрсетуге болады, бұл инновациялық үрдіс фазасының ретін көрсетіп қана қоймайды, қаржы қорының бөлінуін де көрсетеді – пайдалылықтың қисығы (3.2. сурет).

 

3.2 сурет – Инновацияның өмірлік циклының қисығы