Білімнің жүйелілігі

Жүйе ретінде білім – бұл өзара ұштасқан білімдену бағдарламалары мен мемлекеттік білім стандартының жиынтығы əрі оларды іске асырушы білім мекемелері мен білімді басқару органдарының торабы.

Еліміздегі осы заманғы білімдену жүйесі Қазақстан Республикасының 1992 жылы қабылданған « Білім туралы заңына» сəйкес құрылады. Бұл Заң білім саласындағы келесідей мемлекеттік саясат принциптерін белгілеп берді. Олар:

· білімнің адамилық (гуманистік) сипаты, жалпы адамзаттық құндылықтардың , адам өмірі мен салауаттылығының, тұлғаның еркін дамуы, азаматтық сезім жəне Отанға деген сүйіспеншілік тəрбиесінің басымдылығы принципі;

· аймақтық мəдени жəне білім кеңістіктерінің бірлігі, білім жүйесі арқылы көп ұлтты мемлекет жағдайында ұлттық мəдени құрылымдар мен аймақтық мəдени салт-дəстүрді қорғау принципі;

· жалпы халықтың білімге теңдей қол жеткізе алуы, білім жүйесін оқушы-тəрбиеленушілердің даму деңгейлері мен ерекшеліктері жəне дайындығына икемдестіру принципі;

· мемлекеттік, жеке меншік білім мекемелеріндегі оқудың зайырлылық (светский) сипаты;

· білім жүйесіндегі еркіндік пен əрқилы пікірлер сиыстығы (плюрализм) принципі;

· білім басқарудың демократиялық, мемлекеттік-қоғамдық сипаты, білім мекемелерінің дербестігі принципі.

Заң өзіндік сипаттарымен, əсіресе, деңгейі жəне кəсіби бағыттарымен ажыралатын білім мекемелерінің құрылымын анықтап береді.

Қазіргі қалыптасып жатқан білім жүйесінде білім мекемелерінің төменде көрсетілген типтері белгіленген:

- мектепке дейінгі: ясли, бала бақшалар;

- жалпы білімдік (бастауыш, жалпы, негізгі жалпы, орта(толық) жалпы білім) : мектептер, гимназиялар, лицейлер, т.б.

- бастауыш кəсіби (училищелер), орта кəсіби (техникумдар, колледждер), жоғары кəсіби (институттар,университеттер,академиялар) жəне ЖОО-дан соңғы кəсіби (аспирантура жəне докторантура, курс-тар, біліктілік көтеру жəне қайта дайындау институттары) білім мекемелері;

- дамуында ауытқуы бар оқушыларға арналған арнайы (түзету –коррекциялық) оқу мекемелері; көруі мүкісті жəне зағиптар, естуі мүкісті жəне кереңдер , ақыл- ес дамуы кемістер, есі ауысқандар жəне т.б. мектептері:

- қосымша білім мектептері: əн-күй, өнер, спорт мектептері, шығармашылық орталықтары, жас техниктер мен туристер станциялары жəне т.б.;

- жетім балалар мен ата-ана қарауынсыз қалған балаларға арналған мекемелер: интернаттар, балалар үйі;

- білімдену процесін іске асырушы басқа да мекемелер.

Ұйымдасу – құқықтық формалары бойынша білім мекемелері мемлекеттік, мунициалды жəне мемлекеттік емес (жеке меншік, қоғамдық мекемелер мен діни ұжым оқу орындары) болуы мүмкін.

Жеке тұлға қажеттері мен мүмкіндіктерін ескеруге орай əрқилы білім алу формалары: оқу орнында (күндізгі, күндізгі-сырттай(кешкі), сырттай оқу формалары), отбасылық оқу формасында, өзіндік оқу, экстерін оқуы.

ҚР «Білім туралы Заңына» орай білім жүйесіне оқу мекемелері мен олардың іске асырып баруы тиіс білімдік бағдарламалар жəне стандарттар кіреді. Бағдарламалар қажетті деңгейдегі жəне бағыттағы білім мазмұнын анықтайды. Қазақстан Республикасында жалпы білімдік (негізгі жəне қосымша) жəне кəсіптік (негізгі жəне қосымша) болып ажыралған жалпы білім бағдарламалары бойынша оқу, білім процестері жүргізіледі.

Жалпы білімдік бағдарламалардың міндеті тұлғаның жалпы мəдениетін қалыптастыру, жеке адамды қоғам өміріне бейімдеу, кəсіби білім бағдарламаларын саналы таңдау мен игеру негіздерін қалау.

Кəсіби білім бағдарламалары кəсіби жəне жалпы білімдік деңгейлерді бірізді көтеру міндеттерін іске асыруға , белгілі талаптарға сəйкес мамандар дайындауға бағытталады.

Осы заманғы білім жүйесінің аса бір көзге түсетін ерекшелігі –білім жүйесін басқарудың мемлекеттік формасының мемлекеттік – қоғамдық формаға біртіндеп ауысуы, мұндай басқарымның мəні- білім проблемасын мемлекет пен қоғам мүдделерін үйлестіре жасау үшін осы екі жүйенің бірлікті күш- қуат жұмсау қажеттігі.

Білімнің мемлекеттік сипатын елде ҚР «Білім туралы Заңына» сай жүріп жатқан білім саласындағы біртекті мемлекеттік саясат айқындайды. Оның ұйымдасу негізі- нақты уақытқа арналған жоғары заң шығарушы билік қабылдаған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарлама мазмұны, бір жағынан, мемлекеттік саясаттың жалпы принциптерімен анықталса, екінші жағынан, замандық бағыт-бағдар жəне болашақ даму жағдайларын ескерумен білім жүйесіне жасалатын объектив талдаулар нəтижелерімен белгіленеді.

Білім кеңістігінде мемлекет саясатын бірізді асырып бару үшін мемлекеттің білім басқару- республикалық, облыстық, аудандық - органдары түзіледі. Елдегі басқару құрылымдары- білім жəне ғылым министрлігі , облыстық оқу департаменттері жəне аудандық оқу бөлімдеріне бөлінген.

Білім жүйесін басқарудың мемлекеттік органдары құзырына төмендегідей міндеттер жүктеледі:

- білім бағдарламалары мен стандарттарын дайындау, стандарттар негізі білім бағдарламаларын міндетті білімнің ең аз педагогикалық ықшамдалған (минимум) көлемін, оқушыларға арналған оқу жүктемесінің ең жоғары (максимум) ауқымын, түлектер дайындығына қойылатын талаптарды белгілейді;

- оқу мекемелері мен оқушыларды аккредитациялайды жəне аттестациялайды;

- білімдік құрылым бірліктерін қалыптастырады;

- білім мекемелері торабының дамуын қамтамасыз етеді жəне болжастырады;

- білім жүйесіндегі бюджеттік жəне қаржылық қызметтерде ҚР заңдарының орындалуын қадағалайды.;

- бүгінгі таңда білімді басқару жүйесі бір орталыққа тəуелділігінен босатылған, яғни республикалық органдар дамудың стратегиялық бағыттарын береді де, ал жергілікті мекемелер нақты ұйымдастыру, қаржылық, мамандар жəне материалдық қамтамасыз ету мəселелерін шешеді. Мемлекеттік басқару көздерімен бірқатар мұғалімдер мен оқушылар ұжымдарының өкілдері, ата-аналар мен əлеумет белсенділерінен жасақталған қоғамдық басқару органдары да жұмыс алып барады.