Білім берудің және оқытудың әдістері: жұптасып жұмыс істеу, жаттығуларды орындау.

6. Информациялық-дидактикалық блок (аннотация)

Өсімдіктердің құрамында және жануарлардың организмінде кездесетін майлар мен май тәрізді заттарды липидтер деп атайды.

Организмде липидтер протоплазмалық май (клетка протоплазмасына кіреді) түрінде, немесе іркілген қорлы май (майлы тканьдардың құрамында болады) түрінде кездеседі. Клеткалардың құрамдық бөлшегі болғандықтан протоплазмалық май организмде белоктармен байланысқан күрделі қосылыстар түрінде болады, оның құрамы организм аштықтан әлсірегенде де, семіргенде де өзгермейді. Бұл жағдайларда тек қорлы майлардың мөлшері өзгереді.

Липидтердің биологиялық маңызы зор; олар тірі организмдегі энергия көзі, 1 кг май тотыққанда 39 кДж бөлініп шығады. Липидтер биологиялық активті заттарды ерітетін жақсы еріткіш. Осыған байланысты организмде липидтермен қатар липидті фракцияда аз мөлшерде төменгі молекулалық биорегуляторлар-стероидты гармондар, простагландиндер, кейбір коферменттер, витаминдер болады. Майлы ұлпа ішкі органдарды және бүкіл денені соққыдан, салқынданудан сақтайтын жекелегіш аралық қабатқа жатады.

Липидтерсілтілі ортада жоғары карбон қышқылдарыныңтұздарына, яғни сабынға дейін гидролизденуіне қарай сабынданатын және сабынданбайтын болып екі топқа бөлінеді. Сабынданбайтын липидтер бір бөлікті (компонентті), олар гидролизденбейтін қосылыстардың бір класының туындылары. Ал сабындалатын липидтер екі бөлікті (жай липидтер) немесе үш, үштен де көп бөліктерден (күрделі липидтер) тұрады, олар гидролизденгенде екі, үш және т.б. органикалық кластарға жататын қосылыстар түзеді.

Сабындалатын липидтер.Сабындалатын липидтерге жоғары молекулалы карбон қышқылдары мен жоғары бір атомды спирттер, үш атомды спирт глицерин немесе екі атомды аминоспирт сфингозин әрекеттесу нәтижесінде түзілген заттар жатады. Липидтерде глицерин мен сфингозиннің бір гидроксил тобы фосфор қышқылымен этерификацияланған болуы да мүмкін. Сабынданатын липидтер жай және күрделі липидтерге бөлінеді. Гидролизденгенде спирт және карбон қышқылын түзетін сабынданатын липидтерді жай, ал гидролизденгенде спирт пен карбон қышқылдарынан басқа заттар (мысалы, фосфор қышқылын, көмірсулар және т.с.) түзетін липидтерді күрделі деп атайды.

Жай липидтер. Жай липидтер – бұл спирттерді майлы қышқылдармен этерификациялау нәтижесінде түзілген күрделі эфирлер. Егер де біздің спиртіміз глицерин болса, онда шыққан заттарды глицеридтер, ал алифатикалық спирттің бірі болса – балауыз деп атайды. Мысалы:

 

Балауыздар негізінде жоғары бір негіздік бірінші реттік алифатикалық спирттер мен жоғары (әсіресе қаныққан) майлы қышқылдар әрекеттескенде түзілген эфирлердің күрделі қоспасы. Балауыздар суда ерімейтін заттар, жылытып әртүрлі формаға келтіруге болады. Балауыздар өсімдіктерді құрғаудан сақтайтын, адам мен жануарлардың терілерін қорғайтын өте жұқа қабыршық құрады. Олардың шыққан тегі өсімдіктер мен жануарлар. Жануарлар балауыздарында ара балауызы немесе кашалоттың бас сүйегінің қуысында болатын ворвань (спермацет) жатады. Спермацеттің негізгі компоненті пальмитин қышқылының цетил эфирі

 

Бұл фармокологияда және косметикада майлар дайындауға қолданылады. Фармакалогия мен косметикада өте жиі қолданылатын эфирлердің бірі қой жүнінің шайырынан алынатын ланолин. Бұл алифатикалық стероидті және үштерпеноидты спирттермен (С1820) әртүрлі майлы қышқылдардың (С1020) эфирлері.

Майлар липидтер өкілдерінің бірі. Бұлар жоғары молекулалы карбон қышқылдары мен үш атомды спирт глицериннен түзілген күрделі эфирлердің қоспасы, яғни жоғары қышқылдардың глицеридтері. Табиғатта өсімдіктер көмір қышқылы ассимилляцияланғанда пайда болған қрахмалдан май түзеді. Жануарлар организмінде майлар тағам майларынан және көмірсулардан пайда болады. Ең алғаш рет майлардың химиялық табиғатын ХІХ ғасырдың бірінші жартысында (1811 жылы) анықтаған француз химигі Бертло алғаш рет глицерин мен стеарин қышқылын пайдаланып май алды.

Барлық майлардың структуралық компонентінің бірі глицерин қалдығы, майлардың құрамының бір-бірінен айырмашылығы тек қана қышқылдар қалдығының табиғатына байланысты. Майлардың және май тәрізді заттардың құрамына негізінде қаныққан немесе қанықпаған монокарбон қышқылдарының қалдықтары кіреді, және бұл қышқылдарды көміртек атомдарының саны жұп, көміртек тізбегі тармақталмаған болып келеді. Атап айтқанда, қаныққан қышқылдар-дан – май СН3(СН2)2СООН, капрон (гексан) СН3(СН2)4СООН, каприл (октан) СН3(СН2)6СООН, каприн (декан) СН3(СН2)8СООН, лаурин СН3(СН2)18СООН; қанықпаған қышқылдардан – пальмитоолеин CH3-(CH2)5-CH=CH-(CH2)7COOH,

олеин CH3-(CH2)7-CH=CH(CH2)7COOH,

линол CH3-(CH2)4-CH=CH-СН=CH-(CH2)7COOH,

линолен CH3CH2CH=CHCH2CH=CHСН2CH=CH(CH2)7COOH кіреді.

Майлар органикалық еріткіштерде: эфирде, хлороформда, төрт хлорлы көмірсутекте, бензолда, толуолда, бензинде оңай еритін заттар. Оларды суда ерімейді деуге болады, бірақ беттік активті заттар бар ортада олар сумен тұрақты эмульсия түзеді. Табиғи жағдайда жануарлар организміндегі майлар белоктармен, өт қышқылының тұздарымен эмульсия түзеді. Мысалы, сүт белокпен тұрақтандырған майдың судағы эмульсиясы. Эмульгация ас қорытатын мүшелерде майлардың тез қорытылуына қажетті жағдай.

Глицеридтер күрделі эфирлерге тән химиялық реакциялардың бәріне қатысады. Осы реакциялардың ішінде ең маңыздысы сабындану реакциясы, мұның нәтижесінде глицерин және жоғарғы молекулалық қышқылдардың қоспасы шығады:

Организмде май түкірікте, бауырда, асқазан мен ішек шырындарында болатын липаза ферментінің әсерінен қорытылып, негізінде бос қышқыл мен глицеринге дейін гидролизденеді, ал бұл заттар ішектерден оңай өтіп, қайтадан қосылып, қорлы май қыртыстарын түзеді.

Организмнен тыс жағдайда сабындану процестері қышқылдар мен сілтілердің әсерінен де жүреді: сілтіні қолданғанда түзілген тұздардың қоспасын сабын деп атайды:

Әдетте натрий сабындары қатты, ал калий сабындары сұйық болып келеді.

Соңғы кезде техникада сабын алу үшін майларды сілтісіз гидролиздеп, шыққан қышқылдар мен глицериннің қоймалжың қоспасына соданың ерітіндісін құяды; сабын бөлініп, қалқып шығады. Осы массадан кәдімгі кір сабын жасалады.

Сабындардың судағы ерітіндісі сілтілік орта көрсетеді, себебі олар гидролизденіп әлсіз карбон қышқылы мен сілті түзеді. Мысалы:

Сабындардың жуғыштық қасиеті карбон қышқылдарының беткейлік активтігіне байланысты келеді.

Негізінде қанықпаған карбон қышқылдарының қалдығынан құралған өсімдік майларын гидрогендеу арқылы қатты майға айналдыруға болады:

Бұл реакция өнеркәсіпте өсімдік майларынан маргарин алуға пайдаланылады.

Майларды көп сақтағанда олардың құрамына кіретін қанықпаған қышқылдар тотығып, альдегидтер мен кетондар береді, ол иістеніп бұзылады.

Майлардың физикалық, химиялық қасиеттері олардың құрамындағы жоғары май қышқылдарының түріне тәуелді. Егер олардың құрамында қаныққан май қышқылдары болса, ондай майлар қатты, балқу t° жоғары. Егер майдың құрамында қанықпаған май қышқылдары болса, ондай майлар сұйық.

Мысалы, организмдегі майдың құрамында 70%-тей олеин қышқылы бар. Бұл майдың балқу t-сы 15°С, сондықтан (36-37°) дененің температурасында май сұйық түрінде болады.

Майдың қасиетін сипаттау үшін балқу t-сы мен қатар оның иодтық санын анықтау қажет.

Иодтық сан майдың қаншалықты қанықпаған екенін көрсетеді. Иодтық сан-бұл 100 г. майға қосылатын граммен берілген иодтың мөлшері. Неғұрлым майдың құрамында қанықпаған май қышқылдары көп болса, соғұрлым иодтық саны жоғары болады. Адам денесінде - 64, сиыр майында 32-47, күнбағыс майында - 130.

Өсімдік майлары қанықпаған май қышқылдарына бай, сондықтан оларды тамаққа көбірек қолдану қажетті. Қанықпаған май қышқылдары активті, реакцияға бейімділігі жоғары, өйткені қос байланыстары бар.

Күрделі липидтер. Сабынданатын күрделі липидтер үш үлкен топқа – фосфолипидтер, сфинголипидтер және гликолипидтерге бөлінеді. Кейбір табиғи липидтерді классификациялау өте қиынға соғады, себебі құрамындағы топтардың табиғатына қарап, оларды қатарымен бірнеше топтарға жатқызуға болады.

Фосфолипидтер(фосфоглицеридтер). Фоссфолипидтер фосфатид қышқылдарының туындылары; олардың құрамына глицерин, майлы қышқылдар, фосфор қышқылы және азотты қосылыстар кіреді.

Фосфолипидтердің жалпы формулаларының түрін былай көрсетуге болады:

бұл жерде R1 және R2 – жоғары майлы қышқылдардың радикалдары.

Фосфолипидтер бірнеше топтарға (класс тармақтарына) бөлінеді.

Фосфатидилхолиндер (лецитиндер). Фосфолипидтердің құрамына глицерин, жоғары майлы қышқылдар, фосфор қышқылы және негіз холин (НО–СН2СН2–N+(СН3)3) кіреді.

Фосфатидилэтаноламиндер, немесе кефалиндер. Бұл қосылыстардың құрамы фосфатидилхолиндерге ұқсас келеді, тек холиннің орнына этаноламин (коламин) (НО–СН2–СН2–NH3+) болады.

Фосфоглицеридтердің ішінде фосфатидилхолиндер мен фосфатидилэтаноламиндер жануарлардың организмінде және жоғары өсімдіктерде көп мөлшерде кездеседі. Фосфоглицеридтердің осы екі тобы да бір-бірімен метаболикалық түрде байланысқан және олар клеткалар мембранасының ең негізгі липидтік компоненттері болып саналады.

Гликолипидтер құрамында көмірсулар, әсіресе Д- галактоза қалдықтары бар, фосфор қышқылы және онымен байланысқан азоттық негіздер болады. Гликолипидтердің өкілдері – цереброзидтер және ганглиозидтер – сфинголизинді липидтер (оларды сондықтан сфинголипидтер деп қарастыруға болады). Нерв жасушалардың қабықтары құрамындарына енетін цереброзидтердецерамид қалдығы b-Д-галактопиранозаминмен b-гликозидтік байланыспен қосылған.

Сфинголипидтер. Сфинголипидтердің үш тармағы болады: сфингомиелині, цероброзиді және ганглиозиды.

Сфингомиелиндер жануарлар организмінде клетка мембраналарының құрамында кездеседі, сонымен қатар өсімдіктердің де клетка мембранасының негізгі құрамы болып саналады.

Сфингомиелиндер жануарлардың нерв, бүйрек, бауыр және тағы да басқа тканьдерінде болады.

Цероброзидтердің құрамында фосфор қышқылы мен холин кездеспейді. Олар гексозадан (көбіне Д-галактоза) және құрамында 24 көміртек атомы бар майлы қышқылдардан құралады. Мысалы, лигноцерин, нервон және цереброн қышқылдары.

Ганглиозидтермолекулаларының құрамына жоғары майлы қышқылдар, сфингозин спирті, Д-глюкоза мен Д-галактоза және N-ацетилглюкозамин мен N-ацетилнейрамин қышқылы кіреді.

Ганглиозидтер көбіне мидың сұр заттарында, нерв клеткаларының плазмалық мембранасында және глиальдық клеткаларда болады.

Сабынданбайтын липидтер. Cабынданбайтын липидтер сілтілі немесе қышқылды ортада гидролизденбейді. Оларға стероидтер мен терпендер жатады. Сабынданбайтын липидтер табиғатта өте көп тараған органикалық қосылыстар. Көп мөлшерде стероидтер жануарлар организмінде түзілетін липидтердің құрамында, ал терпендер өсімдік липидтерінде кездеседі. Қазіргі кезде 20.000-ға жуық стероидтер белгілі, олардың 100-ге жақыны медицинада қолданылады.

Стероидтер құрылысы циклды келеді, олардың қаңқасында көп сақиналы көмірсутекфенантреннің туындылары, негізінде циклопентан пергидрофенан-трен немесе қазіргі номенклатура (ИЮПАК ережесі) бойынша атасақ, гонан болады. Сероидтердің негізі – холестан көмірсутегі.

Стероидтерге бүйрек безінің гармондары мен жыныс гармондары, өт қышқылдары, жүрек гликозидтері жатады. Әсіресе, адам организмінде сероидтердің ішінде ең маңыздысы болып саналатын стериндер (стеролдар), яғни стероидті спирттер. Стериндердің басты өкілдерінің бірі холестерин (холестерол) болып табылады. Алғашқы рет ол өт тастарынан бөлініп алынған. Структуралық формуласы:

 

Биологиялық объектілерде стериндер не бос күйінде, не эфир түрінде кездеседі. Адам организмінде стериндердің 10%-на жуығы эфир түрінде болады. Холестериннің гидроксотобы жоғары майлы қышқылдармен этерификацияланғанда холестериннің эфирлері холестеридтер түзіледі.

Холестеридтер гидролизденгенде бос холестерин және майлы қышқылдарға ыдырайды. Холестерин мен оның эфирлері басқа липидтерге ұқсас суда ерімейді, бірақ ісінеді және кейбір жағдайда олар тұрақты эмульсия түзеді. Керісінше холестерин мен оның эфирлері органикалық сұйықтарда, мысалы, хлороформда, эфирде, ысыған спирттерде өте оңай ериді.

Холестериннің нейтралды майлардан және фосфатидтерден ерекшелігі, оны кристалл түрінде алуға болатындығы. Мысалы, холестериннің спирттегі ерітіндісіне су қосқанда холестерин кристалл түрінде тұнбаға түседі.

Жануарлар тканьдерінде аз мөлшерде холестериннен басқа да стериндер кездеседі. Мысалы, оксихолестерин, 7-дегидрохолестерин, дигидрохолестерин және оның цис-изомері копростерин.

Холестерин және оның туындылары организмде сірке қышқылынан түзіледі. Организмде холестерин алмасу процесінің бұзылуы артерий қабықтарында оның тұнуына әкеп соғады, ал бұл тамырлардың иілімділігін бұзып, атеросклероз ауруына шалдықтырады. Холестерин организмде көп жиналса, өт тастары пайда болады.

Өт қышқылдары.Стериндер, нақты айтқандахолестерин, бауырда өт қышқылдарына айналады. Өт қышқылдарының организмде атқаратын міндеті зор, олар азқазанда майлардың сіңірілуіне қатысады. Адам өтінде төрт түрлі қышқыл бар екені дәлелденген. Бұлардың ішінде ең маңыздысы хол қышқылы.

Стероид гормондары. Бұлар организмде жыныс және бүйрек бездерінде түзіледі. Гармондардың организмнде зат алмасуда маңызы өте зор, өйткені организмнің өніп-өсуі, жыныстық көбеюі және қартаюы оларға тығыз байланысты. Стероидты гормондар физиологиялық әсеріне байланысты кортикостероидтық және жыныстық (еркектік және әйелдік) болып бөлінеді.

Бүйрек безінде түзілетін кортикостероидты гормондардың саны 40-қа жуық келеді. Олардың ішінде ең маңыздысы кортикостерон мен преднизолон. Организмде осы гормондар белгілі нормалық мөлшерден аз немесе көп болса зат алмасу процестері бұзылып, адам әртүрлі ауруларға душар болады. Кортикостерон инсулиннің антагонисі, ол қандағы глюкозаның мөлшерін көбейтуге себебін тигізеді. Преднизолон синтетикалық кортикостероид, бұның организмге әсері медицинада ревматизм, демікпе және қабыну ауруларын емдеуге қолданылады.

Жыныс гормондары еркектер мен әйелдердің жыныс бездерінде түзіледі. Олар зат алмасу процестерін реттеп, жыныстардың бір-бірінен өзгешелігін (дене құрылысын, дауысын т.б.) анықтайды. Әйелдік жыныс гормондарға гестагендер мен эстрогендер, ал еркектік жыныс гормондарына андростерон мен тестостерон жатады.

Гестагендер немесе жүктілік гормондар аналық бездің сары затында өндіріледі. Бұлардың ішінде ең активтігі жоғарысы прогестерон.

Терпендер.Терпендерге көмірсутектер, спирттер, альдегидтер және кетондар жатады. Құрамында оттегі бар терпенді көмірсутектер туындыларын терпеноидтар деп атайды.

Терпендер, дағдыдағыдай, сүйкімді иісі бар, суда ерімейтін сұйық заттар. Олар өсімдіктердің эфир майларында (геран, раушан, лаванда, лимон т.б.), қылқан жапырақты ағаштың шайырларында және каучукты өсімдіктерде кездеседі. Осымен қатар терпендерге әр түрлі өсімдіктегі бояғыш заттар (пигменттер) және майда еритін витаминдер жатады.

Терпендер мен терпеноидтардың жалпы формулалары (С5Н8)n, құрылысы ациклды және циклды (би-, үш-, және полициклды) болып келеді. Көміртек қаңқасында екі изопрен буындары бар терпендер монотерпендерге, үш-сесквитерпендерге, ал төрт, алты, сегіз изопрен буындары барлар тиісінше, ди-, үш- және тетратерпендерге жатады.

Ациклды монотерпендерге құлмақтың эфир майында және лаврда болатын мирценді, оцименді, геран және раушан гүлдерінің эфир майларында кездесетін мирцен туындысы болып саналатын спирт-гераниолды және линаоолды (інжугүлдің иісі бар сұйық зат), сондай-ақ цитраль альдегидін жатқызуға болады.

Ациклды терпендерге, мысал ретінде, холестерин биосинтезіндегі аралық зат үштерпен С30Н50 скваленді де келтіруге болады.

Ациклды терпендер және олардың оттекті туындылары циклды терпен қосылыстарына оңай айналатын заттар.

Моноциклды терпендерге немесе ментан тобына 1,8-ментадиен (лимонен), 3-ментанол (ментол), 3-ментанон (ментон), 1,8-ментадиол (терпин), 1-ментен-8-ол (терпинеол) кіреді.

Терпин мен терпинеолдың практикалық маңызы зор. Терпин судың бір молекуласымен терпингидрат деп аталатын кристаллогидрат түзеді. Ол медицинада жөтелді емдейтін дәрі ретінде пайдаланылады. Ал терпинеол ландыш пен сиреннің иісіне ұқсас иісі болғандықтан парфюмерияда кеңінен қолданылып жүр.

Бициклды терпендерге немесе пинан және борнан (камфан) топтарына α-пинен (скипидардың негізгі құрам бөлшегі) және оның ілеспе изомері β-пинен, кетон-камфора, екіншілік спирт борнеол жатады.

Негізінде камфора Жапония мен Қытайда өсетін камфора ағашынан өндіріледі. Бұл ерекше иісі бар түссіз кристалды зат; целлулоид, кинопленка, түтінсіз оқ-дәрі өндірістерінде қолданылады. Камфора әлдеқашаннан бері медицинада жүректің қызметін жақсартуға қолданылып келеді.

Каротиноидтар.Бактериялар, саңырауқұлақтар және жоғары өсімдіктер түзетін сары, қызғылт сары және қызыл пигменттер. Каротиноидтардың қайсы біреулері витаминдердің немесе витамин тәрізді заттардың орнын алмастырады, сонымен қатар олар фотосинтез процестерінде де қатысады. Олар қанықпаған көмірсутектерінің және кейбір соларға жақын оттегі бар қосылыстардың қоспасы.

Каротиноидтардың ерекше қасиеттерінің бірі олардың майларда жақсы еритіндігі. Осыған байланысты оларды липохромдар деп те атайды. Каротиноидтардың ішінде кеңінен тараған өкілдері ликопин мен каротиндер; бұлардың молекулалары көптеген изопрен буындарынан тұрады, яғни формулалары С40Н56.

Каротиндер. Сәбіздің түсі оның құрамында С40Н56 көмірсутегінің үш изомері: α-, β-, γ-каротиндердің болуына тікелей байланысты. Каротин помидорда және сары майдың, сүттің құрамында да болады. α, β, γ-каротиндердің бір-бірінен өзгешелігі сақинаның саны мен қос байланыстардың орналасуына байланысты. Осы изомерлердің бәрі «А» тобына кіретін витаминдердің негіздерін құрайды. Себебі тамақ арқылы адам немесе жануарлардың бойына енгеннен кейін олар ыдырыап, «А» витаминін түзеді.

Β-каротиннің молекуласы симметриялы, екі бірдей бөліктен тұрады. Сәбізде басқа изомерлерге қарағанда β-каротин көбірек мөлшерде болады.

«А» витаминін өсу витамині деп атайды. Организмде бұл витамин жетіспесе, оның өсуі кешігеді, салмағы азаяды және организмнің әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті де нашарлайды. «А» витамині әсіресе, көздің көру қабілетіне үлкен әсер тигізеді. Оның жетіспеуі көздің мөлдір қабығының ауруына (көздің күндіз көріп, түнде көрмеуі) әкеп соғады. «А» витамині майларда еритін сары түсті кристалды зат, яғни терпендерге ұқсас ациклды бір атомды спирт.

Өте көп мөлшерде «А» витамині балық майында болады. Бұл витаминді синтетикалық жолмен де алады.

7. Бақылау сұрақтары:

1. Триолеоилглицериннің сабындану реакциясының өнімі:

1) тристеароилглицерин

2) трипальметоилглицерин

3) трилинолеоилглицерин

4) глицерин және олеин қышқылы

5) глицерин және натрий олеаты

2. Тристеароилглицериннің гидролиздену реакциясының өнімі:

1) триолеоилглицерин

2) трипальмитоилглицерин

3) трилинолеоилглицерин

4) глицерин және стеарин қышқылы

5) глицерин және натрий олеаты

3. Триолеоилглицериннің гидрлеу реакциясының өнімі:

1) тристеароилглицерин

2) трипальмитоилглицерин

3) трилинолеоилглицерин

4) глицерин және олеин қышқылы

5) глицерин және натрий олеаты

4. Катты триацилглицерид:

1) диолеолинолеат

2) триолеат

3) пальмитодистеарат

4) трилинолеат

5) олеодилинолеат

5. Сұйық триацилглицерид:

1) олеодилинолеат

2) тристеарат

3) трипальмитат

4) пальмитодистеарат

5) дипальмитостеарат

6.Триацилглицеридтердің қышқылдық гидролиз өнімдері:

1) глицерофосфат

2) фосфор қышқылы

3) бір атомды спирттер

4)глицерин және жоғары май қышқылдары

5) аминоспирттер

7.Триацилглицеридтердің сабындану реакциясының өнімдері:

1) май қышқылдары

2) фосфор қышқылы

3) бір атомды спирттер

4) глицерин және май қышқылдарының тұздары

5) аминқышқылдары

8. Фосфатидилэтаноламиндерді құрауға қатысады:

1) этанол

2) этиламин

3) аминоэтанол

4) серин

5) этилфосфат

9.Лецитиндерді құрауға қатысады:

1) серин

2) этиламин

3) этаноламин

4) треонин

5) холин

10. Ациклды терпен:

1) ментан

2) камфора

3) цитраль

4) ментол

Лимонен

11. Камфораны синтездеу үшін қолданылады:

1) ретинол

2) цитраль

3) борнилацетат

4) ментан

Ментол

12. Терпендерге жатады:

1) холестерин

2) ретинол

3) хол қышқылы

4) кортизон

5) эргостерин

13.Стероидтарға жатады:

1) камфора

2) ментол

3) лимонен

4) хол қышқылы

5) ретинол

14. Терпендер мен стероидтардың негізінде жатады:

1) изопрен

2) фенантрен, циклопентан

3) циклопентан

4) стеран

5)пергидрофенантренциклопентан

15. Қатты триацилглицерид:

1) диолеолинолеат

2) триолеат

3) пальмитодистеарат

4) трилинолеат

5)олеодилинолеат

16. Пальмитин қышқылының формуласы:

1) С17Н35СООН

2) С15Н31СООН

3) С17Н33СООН

4) С16Н29СООН

5) С17Н31СООН

17. Сабынның негізгі құрам бөлігі болып табылатын қосылыстың формуласы:

1) CH3СООNa

2) СН3СООС2Н5

3) С17Н33СОО Na

4) С2Н5СОСІ

5) С4Н9СООСН3

18.Қатты майлардың гидролизі кезінде қандай қышқыл түзіледі?

1) сірке қышқылы

2) қымыздық қышқылы

3) бензой қышқылы

4) стеарин қышқылы

5) олеин қышқылы

19.Күрделі эфирлердің спирт және карбон қышқылдарын түзе отырып сілтілік ортада гидролиздену реакциясының аталуы:

1) сабындалу

2) этерификация

3) сутектендіру

4) сутексіздендіру

5) сульфирлеу

20.Ганглиозидтердің құрамына енеді:

1) күрделі липидтер

2) цереброзидер

3) моносахаридтер

4) олигосахаридтер

5) көмірсулармен бай күрделі липидтер