Абілет және тұлға даралығы

Адам қабілетіндегі айырмашылық іс-әрекеттің нәтижесінен, яғни оның сәтті не сәтсіздігінен байқалады. Қызығушылық адамда объектті жан-жақты танып білуге ұмтылудан туындайды. Ал бейімділік - нақты іс-әрекетті орындауға талпыну. Қызығушылық пен бейімділік сапаларының үнемі өзара үйлесім тауып, бір бағытта тоғысып отыруы мүмкін емес. Дегенмен, белгілі бір іс-әрекет түріне қабілеті бар адамдардың қызығушылығы мен бейімділігі бір-бірімен үйлесім таба алады.

Іс-әрекетпен айналысқанда адамның табысқа жетуі үшін қабілет, қызығушылық, бейімділіктен тыс оның мінез-құлқында келесі сапалық көріністер болуы қажет: ең алдымен - еңбексүйгіштік, табандылық, батылдық. Адам өзінің іс-әрекетіне, жеке басына сын көзімен қарап, мінезінің ұнамды, ұнамсыз сапаларын айқын ажырата аларлық деңгейде болуы керек.

Адам қабілетінің даралық ерекшеліктеріне дарындылық, шеберлік, талант, данышпандық, шабыт кіреді.

Әртүрлі іс-әрекеттер аймағына қажет білім, ептілік-дағдылар бірлігін жеңіл әрі нәтижелі игеруді қамтамасыз етуші жалпы қабілеттер ерекшелігін дарындылық деп атайды. Дарындылық әрбір адамның ақыл-сана, оқу, шығармашылық, көркемөнер, адамаралық қатынастар түзу және психомоторлық қызметтерінде көрініс береді. Дарынды адамдарға тән қасиеттер: зейінділік, жинақылық, тұрақтылық, әрқашан қызметке дайын болу; мұндай тұлғалар, сонымен бірге, мақсатқа жетуде ақылға сай табандылыққа ие, еңбекте шаршап шалдығуды білмейді, басқалармен салыстырғанда интеллекттік деңгейі анағұрлым жоғары.

Дарындылық дәрежесінің артуы қажетті білімдер мен ептілік, дағдыларды игеріп әрі жетілдіріп баруға тікелей тәуелді.

Қабілеттер өз деңгейлері мен ауқымы жағынан ажыралады. Нақты іс-әрекет аймағында өте жоғары деңгейге көтерілген қабілет - шеберлікдеп аталады. Шеберлік, яғни бір іс-әрекет аймағында жоғары жетілгендік үлкен де қажырлы еңбек негізінде пайда болады. Шеберлік көбіне өндірістік қайта жасау қызметтерімен байланысты келеді.

Әрқандай кәсіптегі (мұғалім, дәрігер, ұшқыш, спорт-шы ж.т.б.) шеберлік кез келген жаңа мәселелерді шешуге қажет болған психологиялық дайындықты қажет етеді.

Шеберлік деңгейі - өзгермелі, дамудағы құрылым. Іс-әрекет барысында адамның қабілет түзілімі, тұлғалық мәні қалыптасып, бір деңгейден екіншісіне көтерілумен ұдайы ауысып барады. Өте дарынды адамдар да қарапайым еліктеуден бастап, кейін бірте-бірте тәжірибе жинақтаудан жасампаздық дәрежесіне көтеріледі.

Адам қабілетінің ерекше даралық сипатын көрсететін психологиялық құбылыс - талант. Талант арнайы қабілеттердің (музыкалық, суреткерлік, әдеби шығармашылық ж.т.б.) жоғары деңгейлі дамуын білдіреді. Қабілеттер сияқты талант та іс-әрекетте көрініп, өрістейді. Талантты адамның қызметі өзінің жаңашылдығымен, қайталанбас мәнерімен ажыралады.

Таланттың оянуы тікелей қоғамдық болмысқа тәуелді. Қай бағыттағы дарындылықтың жол алуы дәуір қажеттігі мен әлеумет алдында тұрған нақты міндеттерге байланысты.

Қабілеттердің даму барысындағы ең жоғары, шың-далу деңгейі - данышпандық деп аталады. Шығармашылық қызметі қоғам өмірінің бір дәуірінде, адамзат мәдениетінің тарихында белгілі із қалдырған адам ғана данышпан бола алады. Өркениеттің 5000 жылдық тарихында мұндай шыңға 400-ақ кемеңгер көтеріліпті (Котс). XX ғасыр саңлақтары атанған, арамызда жүрген замандастарымыз ақын Олжас Сүлейменов, сынаушы-ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Әубакиров қазақ данышпандарының бірінші ондығынан.

Адамның шығармашылық іс-әрекетінің аса табысты болуына себепші рухи көтеріңкілік пен ерекше күш-қуат туындайтын кезеңдер болады. Бұл жағдайдағы адамды жаңа идеяларға жетектеп, оларды іске асыруға ынталандыратын психологиялық қалып - шабыт деп аталады. Шабыт шығармашыл тұлғаның жоғары белсенділігінен, оның іс-әрекетінің жемістілігінен, жасампаздық ептілігінен, жаңалық ойлап табу қызметіне толық берілуінен көрінеді.

Шабыт пен еңбек - екеуі егіз, бір-бірінсіз асамайды. Осыдан, шабыт - қажырлы еңбек пен орасан бай білім қоры негізінде туындайтын мүмкіндік. "Шабыт - еріншектерден қашатын, шақырғанға баратын қонақ" (П.И.Чайковский). Сана айқындығы, ой мен бейнелер кернеуі; ес, зейін өткірлігі, мақсатқа бағыттайтын арнасына симаған ерік күші - шабыттанудың алғы шарттары.