Шағын комплектілі бастауыш мектепте математика сабағын өткізудің теориялық негіздерін меңгерту және әдістемесін ашып көрсету.

Шағын жинақталған мектептің дамуы (бұдан әрі ШЖМ) әдетте соңғы жиырма жылда жалпы мемлекеттік міндет болып жарияланды. ШЖМ алатын орны ерекше, себебі ол білім беру мекемесі болып қана қоймай, сонымен қатар ауыл социуымының мәдениетіне көпқырлы және ерекше ықпал ететін әлеуметтік институт болып қала бермек.
Ауыл оқушыларының азаматтық көзқарасының қалыптасуына, олардың әлеуметтену үдерісіне айрықша ықпал ететін ауыл мектебінің білім беру ортасына, оның табиғатпен, ауылшаруашылығы өндірісімен байланысына айрықша көңіл бөлінеді.
Ауыл қоғамы мектепті бала мен оның отбасын әлеуметтік қорғаудың бірден-бір кепілі ретінде қабылдайды, ұсынылып отырған білім беру қызметінің сапасын жақсартуға ғана жауап беріп қоймай, сонымен қатар ондағы тұрақтандыру орталығы болып табылады.
Шағын жинақталған мектеп – бұл оқушылар саны аз және оқу сабақтарын ұйымдастыру түрлері ерекше болып келетін жалпы білім беретін мектеп. Шағын жинақталған мектепте бір мұғалім бірнеше пәнді оқытуы мүмкін, ал мектеп басшысы әкімшілік міндеттемелерді белсенді оқыту қызметімен ұштастыра алуы тиіс.
Шағын жинақталған мектепке оқушылар саны аз сыныптары бар (5-8 оқушыдан артпайтын), сондай-ақ құрамында шағын жинақталған бастауыш сыныптары бар негізгі және орта мектеп жатады.
Шағын жинақталған мектептердегi оқу үрдiсiнiң тиiмдiлiгi төмендегi жағдайларға байланысты. Олар:
– сыныптарды бiрiктiрудiң педагогикалық ұтымдылығы мен дұрыстығы;
– сабақ кестелерiнiң оңтайлы жасалуы;
– тәрбие мен оқытудың тиiмдi әдiстерi мен түрлерiн таңдау, оларды технологиялық үрдiсте дұрыс үйлестiру және ұтымды пайдалану;
– сабақтың белгiленген мақсатқа сай неғұрлым тиiмдi құрылуын анықтау;
– оқу-тәрбие жұмысының сабақтық және сабақтан тыс түрлерiн дұрыс үйлестiру;
– оқушылардың өзiндiк жұмысы мен оқытушы басшылығымен атқаратын жұмысының ұтымды алмастырылуы;
– балалардың бойында бiлiм алу және өздiгiнен бiлiм жинай бiлу дағдыларын қалыптастыру;
– оқушылардың бiлiм және тәрбие деңгейлерiнiң дамуының ғылыми диагностикасы;
– оқушылардың бiлiм, бiлiктерiн iзгiлiктi педагогикалық ұстанымдарға негiзделген жүйелi бақылау;
– әр түрлi жастағы балалардан құралған бiрлестiктердi ұтымды басқару;
– оқытудың техникалық құралдарын қолдану;
– оқу-тәрбие үрдiсiн тұлғалық-бағдарлық ұстаным негiзiнде құру;
– бала өмiрiнiң тұрмыстық жағдайлары және олардың ата-аналары туралы жалпы мәлiметтер жинау;
– ата-аналарды шағын жинақталған мектеп жұмысына тарту.
Сыныптарды бiрiктiруде мектептегi сыныптардың, оқушылар мен мұғалiмдердiң саны ескерiледi.
Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесiнде екi жол бар: көршiлес-шектес сыныптарды бiрiктiру және әр түрлi жасты сыныптарды бiрiктiру. Педагогикалық тұрғыдан әр түрлi жасты сыныптарды ұйымдастыру неғұрлым қолайлы, өйткенi ол балаларды ауыспалы жұптарда жұмыс iстетуге, үлкен сынып оқушыларының өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн кiшi сынып оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт бөлiп алуға мүмкiндiк бередi.
Мектептiң бастауыш сатысында оқушыларды сынып-кешенге бiрiктiрудiң мынадай варианттары болуы мүмкiн: 2+3, 2+4, 3+4; мұнда 2 және 4 сынып оқушыларын бiрiктiру (2+4) оңтайлы болып табылады.
Бiрiншi сынып оқушыларын сынып-кешендер құрамына енгiзбеген дұрыс. Бұл кезеңде баланың мектепке күнделiктi оқуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн дене және психикалық-физиологиялық дамуы жүрiп жатады. Бұл жастағы балалар болмашы нәрсеге алаңдағыш, зейiнiн ұзақ шоғырландыруға қабiлетi дамымаған, қозғыш, елiктегiш болады. Жаңа әлеуметтiк жағдаяттар баланы қатаң қалыптағы әлемге ендiредi, бала өмiрiн тәртiпке түсiредi, сөйтiп оқу жұмысы шаршау мен беймазалықтың көзiне айналады. Мектепке түскен әрбiр оқушыға психикалық қысым түседi. Бұл тек оның денсаулығында ғана емес, мiнез-құлқында да көрiнiс табатын болады. Сонымен бiрiншi сынып оқушыларының оқу әрекетiне, табысқа ұмтылуына, өзiн-өзi бақылауға дайын болуына, бейiмделу үрдiсiнiң жеңiл өтуiне оң мотивтерi қалыптасуы үшiн оларды сынып-кешенге қоспай, өз қатарластарымен жеке оқыту ұсынылады.
Үш немесе төрт сыныпты бiрiктiру қажет болған жағдайда (мысалы,1+2+3+4), сабақтың белгiлi бiр бөлiгiн әрбiр сыныппен жеке өткiзу үшiн жағдай жасау мақсатында (бұл талапты сақтау, әсiресе, бiрiншi сынып оқушылары үшiн ерекше қажет) әр түрлi жастағы балалар үшiн сабақтың жылжымалы кестесiн қолдану дұрыс болады.
Мектептiң негiзгi және жоғарғы сатыларында сыныптарды бiрiктiру, негiзiнен, әр сыныптағы оқушылар санына байланысты болмақ. Негiзгi және жоғарғы сатыдағы оқушылар санының аздығы жағдайында сыныптарды мынадай тәртiпте қосу тиiмдi болып табылмақ: 5+6; 6+7; 7+8. Мұндай бiрiктiруде математика, химия, физика, биология, мемлекеттiк тiл, ана тiлi және шетел тiлдерi сияқты базалық пәндер әрбiр сыныпта жеке өткiзiлгенi мақұл. Мәжбүрлiк жағдайда пәндер бойынша бiрiктiрудi қолдануға болады, яғни әдебиет, тарих, география пәндерiн өткiзуде сыныптарды қосып оқытуға мүмкiндiк бар. 9, 11 сыныптар бiтiрушi сынып болғандықтан, оларды, тiптi бала саны жетiмсiз болған жағдайда да өзге сыныптармен қосып оқытуға жол берiлмеуi керек.
Сыныптарды бiрiктiру ШЖМ-де оқу сабақтарын ұйымдастыруда қиындықтар тууына әсерiн тигiзедi. Бастауыш шағын жинақталған мектеп жағдайында балалардың бағдарламалық материалдармен ұйымдастырылатын өзiндiк жұмысына кететiн уақыт мөлшерi сақталуы керек: жазу сабағы бойынша 2 сыныпта 20 минуттан, 3-сыныпта 25 минуттан, математика сабағы бойынша 2 сыныпта 15 минуттан, 3 сыныпта 20 минуттан аспауы тиiс. Оқушылардың шаршауының алдын алу мақсатында қосарланған сабақтардың (әсiресе соңғы 4 және 5 сабақтар) ұзақтығын 10-15 минутқа дейiн (дене шынықтыру сабағынан басқа) қысқарту мүмкiндiгi қарастырылады.
Шағын жинақталған мектептiң оқу үрдiсiн ұйымдастырудағы педагогикалық қиындықтарды шешудiң маңызды бағыттарының бiрi жаңа педагогикалық технологияларды жасау және енгiзу болмақ. Оның негiзгi белгiсi ретiнде педагогикалық жүйенiң барлық элементтерiнiң бейiмделу деңгейiн, атап айтқанда: мақсатының, мазмұнының, формасының, әдiстерiнiң, құралдарының, оқушылардың танымдық әрекеттерiн ұйымдастыру түрлерiнiң, оқыту нәтижелерiнiң болжаммен сәйкестiгi дәрежелерiн атауға болады.

Шағын комплектілі мектептердің оқу процесін ұйымдастыру мәселесі қашанда өзекті. Қазақстан Республикасының білім жүйесіндегі мектептің төрттен үш бөлігін ауыл мектептері құраса, оның жартысы – шағын комплектілі. Сыныптардың аздығы, біріктірілген сынып-комплектілерінің әр жастағы топтарда оқуы, мұғалімнің бірнеше пәндерден сабақ беруі – осының бәрі жоғарыда аталған мектептің ерекшелігін көрсетеді. Шағын мектептерде ұстаздар ұжымы әр оқушының ғана емес, олардың ата-аналары мен туыстарын да жақсы таниды, сондықтан шағын комплектілі мектеп болашақтағы азаматтық қоғамымыздың ұлттық дәстүрі мен рухани ізгілігін сақтаған “мәдени орталығы” болып көрінеді.

Шағын комплектілі мектептің мұғалімі әр түрлі жастағы оқушылардың ұжымын басқара отырып, оларды өз бетінше жұмыс істеуін ұйымдастырып, сондай-ақ сенімділік атмосферасын құрып, оқушылардың өзара сыйласымдылығын орнатып, ата-аналарды қоғамдық-педагогикалық жұмыстарға қызықтыра білуі керек. Әр түрлі деңгейдегі дайындықпен бір уақытта оқытылатын оқушылардың комплектілі – сынып ұжымы ұстаздан оқушының біліктілігі мен дағдысын, білім деңгейін дамытуды қамтамасыз ететін сабақты дұрыс ойланып, ұйымдастыруын талап етеді.

Лекция 8 (8 – апта, 3 сағат)

Шағын комплектілі бастауыш мектептегі математика сабағы. Шағын комплектілі бастауыш мектепте математикадан сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыру ерекшеліктері

Сабақ - оқу тәрбие үдерісін ұйымдастырудың негізгі формасы. Сабақ туралы айтқан кезде оның мынандай негізгі белгілерін атап кетуіміз керек:

- оқу-тәрбие үдерісінің белгілі бір шектелген уақыт (35 не 45 минут) ішінде өтуі;

- сынып деп аталатын жас шамалары бірдей балалардың тұрақты құрамынан тұруы;

- қатаң бекітілген сабақ кестесінің болуы;

- өтілетін материалдардың барлық балаларға бірдей болуы;

- әр түрлі оқыту әдістерін пайдалана отырып, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырудың ұжымдық, топтық, ұжымдық-үлестірімділік, жеке-дара формаларымен іске асырылуы.

Әрбір сабақтың мақсаты, міндеттері, түрі, қолданылатын көрнекі құралдары, әдіс-тәсілдері анықталуы тиіс және сабақтың кезеңдері көрсетіледі.

Оқытудың міндеттеріне сәйкес сабақтың да төрт түрлі міндеттері бар: - білімділік;

- дамытушылық;

- тәрбиелік;

- практикалық.

Педагогика ғылымында сабақтың түрлері өте көп, олардың ішіндегі жиі қолданылатындары - сабақтың дидактикалық мақсатына қарай жіктелетін түрлері. Атап айтсақ: -аралас сабақ;

- мұғалімнің жаңа білімді хабарлау сабағы;

- оқылған материалды бекіту сабағы;

- оқылған материалды қайталау, жүйелеу, жалпылау сабағы;

- тексеру және оқушылардың білімдерін есепке алу сабағы.

Математика сабағы көбінесе аралас сабақ болып келеді. Әрбір сабақтың түріне қарай оның кезеңдері де әр түрлі болуы тиіс. Дегенмен қазіргі кездегі сабақ мұғалімнің түсіндірмесінен, дәптермен және оқулықпен, дидактикалық материалдармен жұмыстан тұрады.

Сабақта қолданылатын әдіс түрлері - сөздік, практикалық және көрнекілік әдістер. Бұлардың да түрлері әрбір сабақта, тіптен әрбір сыныпта әр түрлі болуы мүмкін.

ШЖБМ ерекшелігіне байланысты қалыпты мектептерде қолданылып жүрген жоғарыда аталған сабақ түрлерінен басқа оларды қамтитын мынадай сабақ түрлері бар: бір пәндік, әр пәндік және бір тақырыптық сабақтар.

Бір пәндік сабақ дегеніміз әр біріктірілген сыныптарда бір ғана математика сабағын өткізу сабағы. Бұл сабақты өту кезінде мұғалім бір салада жұмыс істегендіктен, ол назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай көшіруге септігін тигізеді.

Әр пәндік сабақтар дегеніміз математика сабағын басқа бастауыш сынып пәндерімен біріктіріп өткізуге болатын сабақтар. Кейбір әдіскерлер пәндерді екі топқа бөледі де, бірінші топқа математика, қазақ тілі, орыс тілі, еңбек, бейнелеу өнері, яғни өз бетімен жұмысты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктері бар пәндерді, ал екінші топқа дүниетану, ана тілі, ән-күй, дене шынықтыру сабақтарын жатқызады. Сабақ кестесін құрастырған кезде бірінші топты екінші топ пәндерімен біріктіруге болады. Қазақ тілі мен математиканы оқытуда өзбетінше жұмыс істеуді кеңінен қолдануға болады, өйткені оқу, дұрыс жазу, санай білу және дұрыс есептей білу дағдысын дамыту көп жаттығу жұмыстарын жүргізуді талап етеді, бұлардың нәтижелі болуы көбінесе оқушылардың өздігінен жұмыс істей алу қабілетіне байланысты.

Ал екінші топқа жататын ана тілі, табиғаттану пәндері жөнінде іс басқаша. Бұл пәндерді оқыту балалардың сабақта өзбетінше жұмыс істеуін керек етпейді емес, қайта бұл пәндер бойынша оқушылардың білімін оқулық бойынша пысықтауды өте-мөте керек етеді. Бастауыш мектеп жасындағы балалармен аталмыш пәндерді оқытқан кезде мұғалімнің ауызекі әңгімесін, көрнекті құралдарды көрсетуін, т.б. басқаша айтқанда, балалармен тікелей жұмыс істеуді талап етеді.

Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады. Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады.

Бір тақырыптық сабақтар дегеніміз қатар өткізілетін сыныптарда мүмкіндігінше бірдей тақырыптарды таңдау қажет болатын сабақтар. Бір тақырыптық сабақтарда оқушылардың өзіндік жұмыстарын да тиімді басқаруға болады. Жалпы оқытушының ортақ әңгімесін оқушылар ықыласпен тыңдап, өз ойларын айтып, сабаққа белсенді қатысуға тырысады, сонымен бірге бір пәндік, бір тақырыптық сабақтар ретінде біріктіріп өткізуге де болады. Мұндай ортақ сабақтардан оқушылардың ой-өрісі кеңейіп, сабақтың сапасы артады. Оқушылармен бірге отырып, көрнекі құралдар, кестелер, суреттер, диафильмдер мен кинофильмдер, үнтаспа т.б. құралдарын қарауға болады.

«Жоғарыда келтірілген сабақтың қай түрін қолданғанда, математикалық білім жоғары деңгейде игеріледі?» сұрағы туады. Л.Канцева, Т.К.Оспанов және т.б. ғалымдар бір пәндік сабақ кестесін түзу тиімді деп есептеп, оны былай дәлелдейді:

1. Біріктірілген барлық сыныптардағы бірдей сабақтар пәндік алаңдаушылықты туғызбайды.

2. Мұғалім үшін де “үлкен” сабақтың логикалық жүйесін дұрыс құрып, “кіші” сабақтардың барысын жете қадағалауға мүмкіндік туады.

3. Бір пәндік оқу жүйесі іс жүзінде бір тақырыптық сабақ жүргізуге мүмкіндік береді.

 

Лекция 9 ( 9 – апта, 3 сағат)