Шетел асқан қара баланың көз жасы мен жетім балалардың тағдыры

Депутаттар шетелдегі қарадомалақтарымызға алаңдаулы екен. Олар бұл жолы болары болды, бояуы сіңді дегенді айтпады. Сірә, жаны ашыған болуы керек. Жуырда ғана Ресейдің басылымдары шетелге сатылған балалар өгей отбасына ұнамай қалған жағдайда арнайы сайт арқылы саты­лып, «қолдан-қолға» ауысатынын жазған. Жал­ғыз ғана орыс қызының тағдырын ала отырып, оның бір жыл ішінде бірнеше отбасының «балас­ы» болғанын тілге тиек еткен болатын.

Ресей­мен бір шекпеннен шыққан Қазақстанның жайы тым бөлек. Жақында АҚШ-тың Массачусетс штатына қарасты Вустер қаласының алқа билер соты қазақстандық балаларды зорлаған Мэйоттар отбасына қа­тысты үкiм шығарды. 50 жастағы Джозеф Мэ­йотт «17 жастағы асырап алған қазақстандық қыз­ды зорлады, ұрып-соқты, балаларға керi әсер ететiн фильмдер таратты және заңсыз қару сақтады» деген­ айыптар бойынша кiнәлi деп танылды. Ал оның әйелi 49 жастағы Линда Мэйотт «асыранды ұлын зорлады, ұрып-соқты, куәгерлердi қор­қытты және полицияға қарсылық көрсеттi» деп айыпталды. Петропавл қаласындағы бала­лар үйiнiң бұрынғы тәр­биеленушiлерi АҚШ поли­циясына өздерiн асырап алған ата-аналары зорлағанын айтып, 2009 жылы шағымданған. Алайда ол кезде ерлi-зайыптылардың кiнә­лары дәлелденбеген екен. Арада 4 жыл өткенде оқиға тағы қайталанып, бұл жолы Мэйоттардың кiнәлары толық дәлел­дендi. Аймақтық про­курордың көмекшiсi Шэрил­ Риддлдiң айт­уынша, бұл балалар Қазақстаннан 2004 жылдың тамы­зында әкелiн­ген екен. Ол кезде қыз­дың жасы 8-де, ал ұл бала 13-те болыпты

Осындай жайттардан соң, коммунист Ж.Ахметбеков Бiлiм және ғылым министрiне шетелдiктер асырап алған әрбiр баланың жағдайы туралы ақпарат берудi сұрап, әрбiр шетел асқан баланың тағдырынан хабардар болу туралы ұсыныс білдірді. Ол: «Ақпарат құрал­дары арқылы тараған жағымсыз хабар бүкiл қоғамды дүр сiлкiндiрдi. Әлеу­меттiк желiлерде жетiм балаларды сату және айырбастау туралы жарнама берiлiп, таратылған хабарландырулар әшкере болды. Бұл саудаға түскен балалар­дың iшiнде Қазақстаннан асырап­ алынған бiздiң азаматтарымыз да бар. Яғни, тағдыры ауыр осы бейбақ балаларымызды кейбiр шетелдiк асырап­ алушы ата-аналары бiраз уақытта­н кейiн саудаға шығарып, сатып жiберетiнi анықталды. Сонымен қатар бұл сайттар балаларды сатумен қоса, оларды алмастыру, ауыстырумен де айналыс­ыпты. Отбасында бақытты бола бермейтiнiн көрсетедi. Бүгiнге дейiн Қазақстаннан қанша бала шетелге асырауғ­а берiлдi? Олардың денсаулығы, отбасы, өмiр сүру салты туралы деректер бар ма? Жасы он сегiзге толып, Қазақстан азаматтығын алып, отанына қайта оралғандары бар ма? Шетелдiк отбасы асырап алған балаларды қорғау үшiн Қазақстан заңнамасы толық жеткiлiктi ме? Шетелдiктердiң қазақстандық балаларды асырап алуына толық­тай тыйым салуға бола ма?», - деп сауалды төтесінен қойды.