Көкеніс дақылдарының негізгі зиянкестері.

Көкөніс дақылдарының бейімделген зиянкестеріне қатты қанаттылар, қабыршақ қанаттылар, тең қанаттылар, жартылай қатты қанаттылар, қос қанаттылар мен трипслердің түрлері жатады. Жылыжайларда көкөніс өсімдіктеріне сорғыш зиянкестердің бірнеше түрлері зиян келтіреді.Қырыққабат зиянкестері.Қырыққабаттың ақ көбелегі - Pieris brassicae L. (Lepidoptera отряды, Pieridae тұқымдасы). Қырыққабатты, шомырды, шалғамды, тарнаны, рапс пен басқа крестгүлді дақылдарды зақымдайды. Көбелегі қанатын жайғанда 50-60 мм дейін жетеді, қанаттары ақ, алдыңғы қанаттарында жоғарғы бұрыштары қара, артқы қанаттарында – ішкі жақтарын бойлай қара жұғындылар бар. Аталықтарға қарағанда аналықтарында алдыңғы қанаттарының үстіңгі бетінде екі дөңгелек дақтар болады. Жоғарғы жастағы жұлдызқұрттың ұзындығы 40-45мм жетеді, құрттың үсті сұрғылт-жасыл, асты сары, қылшықтармен, түкпен қапталған; денесінің үстінде көлденең қатарларға топтасқан қара дақтар мен нүктелерден тұратын сурет бар; екі жағы мен артында үш көлденең сары жолақтар өтеді.Қырыққабаттың ақ көбелегі қуыршақ сатысында талдарда, шарбақтарда, құрылыс қабырғаларында немесе арамшөптерде қыстайды. Ол субстратқа жібек белдікшесімен бекітіледі. Сәуірдің аяғында – мамырдың басында көбелектердің ұшуы байқалады. Ұрғашылары лимон-сары түсті бөтелке тәрізді жұмыртқаларын қырыққабат жапырақтарының төменгі жағына 15-200 данадан салады. 8-12 күннен соң жұлдызқұрттар пайда болады. Төменгі жастағы жұлдызқұрттар жапырақтардың жоғарғы қабығына тиіспей, төменгі жұмсағын жейді, ересек жастағы жұлдызқұрттар жапырақтарды жуан тарамыстарын ғана қалдырып тегіс жеп қояды. Құрттар 15-30 күн бойы қоректеніп, одан кейін қуыршақтанады. Қолайлы жағдайларда 10-20 күннен кейін жаңа ұрпақ көбелектері пайда болады. Жаз бойы қырыққабат ақ көбелегінің 2-4 ұрпағы дамиды.Күресу шаралары. Арамшөптермен күрес жүргізу қажет, кішігірім учаскелерде жұлдызқұрттарды қолмен жинау керек. Жұмыртқа салу кезінде үш рет трихограммалар жібереді (1 га жерге 45 мың дарақтан). Жапырақ дегелек кезеңінде әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынама тексеріледі. 5% астам өсімдіктерде жұмыртқа табылған жағдайда немесе қауданның түйнектелуі кезеңінде кем дегенде 5-10% егіс танабында 1 өсімдікке шаққанда 5-10 жұлдызқұрттан келсе, не болмаса жапырақ үсті 25% зақымданғанда инсектицидтерді қолдану қажеттілігі туындайды. Қырыққабат ақ көбелегінің әрбір ұрпағының кіші жастағы жұлдызқұрттарына қарсы инсектицидтермен өңдеуді ЭЗШ саны асқанда «Тізім...» регламенті бойынша жүргізеді.

Қырыққабат қоңыр көбелегі – Barathra brassicae L. (Lepidoptera отряды, Noctuidae тұқымдасы). Жұлдызқұрттар көп қоректі, олар қызылшаны, асбұршақты, салатты, пиязды, темекіні зақымдай алады, бірақ көбінесе қырыққабатты артық көреді.Көбелек қанатын жайғанда 40-50 мм, көбелектің алдыңғы қанаттары қара-қоңыр, ішкі жағына қарай екі толқынды көлденең жолақтары бар; қанатының ортасында екі қара жиектелген дақтар орын алған, олардың сыртқы жағындағысы ақшыл бүршік тәрізді, ал ішкісі – қара дөңгеленген болып келеді. Ересек жұлдызқұрттың ұзындығы 35-45 мм, екі жағында сұрғылт-жасыл, сарғыш-қоңыр, кейде қара түсті жуан кіршең-сары жолақтары және арқасында үш ақшыл көлденең жолақтары болады.Қуыршақ топырақта 5-10 см тереңдікте қыстайды. Көбелектердің ұшып шығуы сәуір-мамыр айларынан бастап тамыздың соңына дейін байқалады; көбелектер ымырт түскенде, әсіресе кешкі 10-нан түнгі 12-ге дейінгі кезеңде белсенді түрде ұшады. Аталықтары жапырақтың төменгі жағына бір ұяда 10-40 данаға дейін сұр жартылай шар тәрізді жұмыртқа салады. Құрттар 5-12 күннен кейін пайда болады. Жұлдызқұрттар бастапқыда бірге өмір сүріп, үшінші жастан бастап жапырақтың астыңғы жағындағы жұмсақпен қоректенеді, олар өсімдікке өрмелеп шығып, жапырақтарға қисық формадағы тесіктер жасайды. Ересек жұлдызқұрттар қырыққабат қауданында өз нәжістерін қалдыратын терең жолдар тесіп шығады. Жұлдызқұрттар 25-50 күнде дамиды да, топыраққа еніп, сонда қуыршақтанады. Қуыршақтану кезеңі 12-30 күнге созылады және шілденің аяғында – тамыздың басында екінші ұрпақ көбелектерін кездестіруге болады. 1-2 ұрпақ дамиды.Күресу шаралары. Қыстап жатқан қуыршақтарды жою үшін терең сүдігер жырту қажет. ЭЗШ саны 1-3 жұлдызқұрт/өсімдікте 5% егіс танабында табылса немесе 5-8 жұлдызқұрт/м2. Мөлшерден көп болған жағдайда зиянкеске қарсы жою шаралары қажет. Өңдеуді «Тізімге...» сәйкес препараттармен жүзеге асырады.

Қырыққабат күйесі - Plutella maculipennis Curt. (Lepidoptera отряды, Plutellidae тұқымдасы).Жұлдызқұрттар крестгүлді дақылдарды: қауданды және гүлді қырыққабатты, мал азықтық шалқанды, шомырды, рапсты, қышаны зақымдайды.Көбелек қанатын жайғанда 14-17 мм жетеді. Алдыңғы кіші сұрғылт-қоңыр немесе қара-қоңыр қанаттарының ішкі жағында ақ толқынды жолағы бар; артқы қанаттары сұр ұзын шашақты. Ересек жұлдызқұрттар жасыл түсті, ұзындығы 9-12 мм, олардың денесі аяқ жағына қарай кішірейіп келген және сирек ұзынша қылшықтар басқан.Зиянкес қуыршақ кезінде ақ ұзынша жұмсақ пілләда түрлі арамшөптер мен өсімдік қалдықтарында қыстайды. Көбелектер сәуірдің аяғында – мамырдың басында ұшып шығады. Көбелектер сопақша ақшыл-сары жұмыртқаларын жапырақтың төменгі бетіндегі тарамыстарды бойлай бір-бірден немесе 4 данадан салады. 3-7 күннен кейін жұлдызқұрттар пайда болады, олар әуелі жапырақ жұмсағымен қоректенеді, 2-3 күннен кейін жапырақ бетіне шығып, «кішкене терезе» қылып жеп қояды. Жоғарғы жастағы жұлдызқұрттар жапырақтарда тесіктер жасайды. Қатты зақымданған өсімдіктерде қаудандар дамымай қалады. Жұлдызқұрттар 12-15 күнде дамып, қуыршақтанады. 1-2 аптадан соң жаңа ұрпақ көбелектері ұшып шығады. Жаз бойы қаракүйе үштен сегіз ұрпаққа дейін бере алады.Күресу шаралары. Қыстау сатысын жою үшін топырақты күзде терең қопсыту. Арамшөптермен күресу, шірне беретін өсімдіктермен көкөніс дақылдарын жақын отырғызу. Жапырақ дегелек немесе қауданның түйінделуі кезінде әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынама тексеріледі және кем дегенде 10% егіс танабында әр өсімдікте 2-5 жұлдызқұрт табылса «Тізімге...» сәйкес инсектицидтермен бүрку жүргізеді.

Көктемгі қырыққабат шыбыны - Delia brassicae Bouche. (Dipteraотряды, Athomyiidae – гүлшілер тұқымдасы). Қырыққабат, тарна, шомыр, шалғам мен басқа екпелер мен тұқымдықтарды зақымдайды. Көктемгі қырыққабат шыбынының ұзындығы 6-6,5 мм. Денесі сұр түсті, арқасында үш жіңішке жолағы бар, құрсағының жоғарғы жағында қара жолақ өтеді. Қанаттары түссіз, қара тарамысты. Құрты ақ түсті, ұзындығы 6-8 мм. Артқы жағында 14 төмпешіктері бар, олардың төменгі төртеуі өте ірі және барлық денесінде екі-екіден орналасқан.Қуыршақ кезінде топырақта 10-20 см тереңдікте жалған пілләларда қыстайды. Шыбындардың ұшып шығуы қайың мен беде қышаның гүлдеу кезеңімен сәйкес келеді және бұл сәуір айында болатын құбылыс. 7-10 күннен кейін аналықтары ақ ұзынша жұмыртқаларын топыраққа, әсіресе топырақ пен өсімдік сабағының арасындағы тесікке, кейде топырақ бетіне, сирек жағдайда крестгүлді дақылдардың төменгі жапырақтарының ішіне салады.Жұмыртқадан шыққан құрттар көшеттердің тамырларын, сабақтарының негізі мен тамыржемістерін жеп қояды, бұдан кейін бұралаң жолдар жасайды. Құрттар 20-30 күн қоректенеді, бұдан кейін қуыршақтанады да, 15-20 күннен соң жаңа ұрпақтың ересек шыбындары пайда болады. Құрттар шырышты бактериозға ұшырайды, осының салдарынан кейде қырыққабат тұқымдықтары түгелдей жерге түсіп қалады. Қырыққабат шыбынының крестгүлді дақылдарда қоректенуі нәтижесінде өсімдіктің өсуі баяулайды, жапырақтары солып, көкшіл-қызғылт түске боялады, қатты зақымданған өсімдіктер өліп қалады. Екінші ұрпақ шыбынының ұшып шығуын мамырдың үшінші онкүндігінде – маусымның басында байқауға болады. Екінші ұрпақ құрттары шілде мен тамыз айларында зиян келтіреді, одан кейін топырақта қуыршақтанып, сонда қыстап шығады. 2-3 ұрпақ береді.Күресу шаралары. Қырыққабат шыбынының жұмыртқаларын жою үшін жерді өсімдіктің тамыр мойнынан 15 см алысырақ қазып тастайды да, оның орнына қатар аралықтарындағы жаңа топырақтан салады. Түптеу қосымша тамырлардың пайда болуына және өсімдіктің төзімділігінің артуына негіз болады. Төзімді және сау көшеттерді отырғызу. Қырыққабат пен басқа айқышгүлді дақылдарды жинап алғаннан кейін учаскеден қабықшаларды алып тастау және топырақты қайта қазу. Көшеттерді отырғызып болған соң 4-5 күні сабақтың тамырлы бөлігі мен өсімдік айналасындағы топырақты тексереді. 10% өсімдікте 1 өсімдікке шаққанда 5-10 жұмыртқа немесе 5-6 құрт табылса, «Тізімге...» сәйкес препараттарды іріктеп алып, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізеді.

Жазғы қырыққабат шыбыны - Delia floralis Fall. (Diptera отряды, Athomyiidae – гүлшілер тұқымдасы).Қырыққабатты, шалғамды, шомырды, тарнаны, мал азықтық шалқанды, ақжелкекті зақымдайды.Жазғы қырыққабат шыбынының ұзындығы 7-8 мм. Денесі сарғыш-сұр. Қанаттары қоңыр немесе сарғыш, сары тарамыстары бар. Құрттары ақ, аяқсыз, ұзындығы 7-9 мм. Соңғы анальдық буынтығында бір-бірінен тең қашықтықта орналасқан алты төмпешіктер байқалады.Қуыршақтар топырақта жалған пілләларда қыстайды. Шыбындардың ұшып шығуы ерте пісетін қырыққабатты жинаудың бастапқы кезімен (маусымның аяғы) сәйкес келеді. Ұрғашысы ұшып шыққаннан кейін бірнеше күннен соң тамыр мойнына, сабақтың төменгі бөлігіне, өсімдіктің айналасындағы топыраққа ұсақ ақ жұмыртқалар салады. Ұрықтық даму 5-14 күнге созылады. Жұмыртқадан шыққан құрттар топыраққа еніп, өсімдіктің жер асты бөлігіне тесіп кіреді де, сонда өздеріне жолдар жасап алады. Құрттар 24-32 күн ішінде дамып шығып, топырақта 10-30 см тереңдікте қуыршақтанады. Жазғы қырыққабат шыбыны жылына бір ұрпақ беріп дамиды.Күресу шаралары. Көктемгі қырыққабат шыбынына қарсы күресу шараларымен бірдей.

Қырыққабат бітесіBrevicoryne brassicae L. (Homoptera отряды, Aphididae тұқымдасы). Қырыққабат бітесі қырыққабатты, тарнаны, рапс пен басқа да айқышгүлді өсімдіктерді зақымдайды.Сұрғылт-ақ балауызды өңезбен қапталған жәндіктің ұзындығы 1,5-2,0 мм құрайды. Жәндіктер колониялармен өмір сүреді. Жұмыртқалар өсімдік қалдықтарында (мысалы, қабықшада) немесе айқышгүлді арамшөптерде қыстайды. Көктемде 10-12°С температурада жұмыртқалардан құрттар шығады, олар 4 жастан өтіп, ұрықтанбай-ақ 40 дерңәсіл дейін туа алатын қанатсыз негіз салушы ұрғашыға айналады. Жаздың ортасында, қанатты негіз салушы ұрғашылар пайда болғанда, біте азық-түліктік айқышгүлді дақылдарға ауысады. Қырыққабат жапырақтарының зақымданған жерлері ауырып, қауашақтанады. Өсімдіктерді биттер шамадан тыс басып кеткенде, нашар қаудан түзіледі немесе ол мүлдем қалыптаспай қояды. Тұқымдықтардағы зақымданған жапырақтар ширатылып, кеуіп, түсіп қалады, түйіндер дамымай қалады. Сонымен қатар, біте өзінің кілегей нәжістерімен қаудандардың бетін ластайды. Бір жыл ішінде біте 15 ұрпаққа дейін береді (бір ұрпақ жағдайға байланысты 4-12 күнде дамиды). 3 немесе 4 ұрпақта басқа айқышгүлді өсімдіктерге ұшып кететін қанатты негіз салушы ұрғашылар пайда болады. Осы жерде олар бірнеше ұрпақ беріп, едәуір жиынтық-колониялар құрады. Қыркүйек айында жынысты аналықтар пайда болады. Олардан аталық бітелерге айналып, ұрықтанған аналықтары дернәсілдер туады. Ұрықтанған аналықтары арамшөптерге, қабықшаларға және қырыққабаттың ширатылмай қалған жапырақтарына бар болғаны 2 немесе 4 жұмыртқа салады.Күресу шаралары. Айқышгүлді арамшөптерді, қабықшалар мен басқа жинаудан қалған қалдықтарды жою. Топырақты терең сүдігер өңдеу. Энтомофагтарды тарту үшін крестгүлді дақылдардың тұқымдықтарының айналасына шатыр тәрізді дақылдарды (сәбіз, аскөк және т.б.) отырғызу қажет. Егістерді тексеруді қаудандар түйінделе бастаған кезеңде, әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынама қарастырып, жүргізеді. Экономикалық зияндылық шегі - 5-10% өсімдікте уақ бітелер колониясы табылуы. Бітелерге қарсы екпелер мен егістерді өңдеуді зиянкестер саны ЭЗШ жоғары болғанда «Тізімге...» сәйкес жүргізеді.

 

88.Жеміс ағаштарының негізгі зиянкестері.Алма күйесі – Yponomeuta malinellus Zell. (Lepidoptera отряды, Yponomeutidae тұқымдасы)Ұсақ көбелектер ақ түсті, қанатын жазғанда 18-20 мм дейін жетеді, алдыңғы қанаттарында үш қатар қара дақтар бар, артқы қанаттары сұр, ұзын шашағы бар. Жұлдызқұрты ақшыл-сары, арқасын бойлай екі қатар қара дақтары бар. Басы мен аяқтары қара. Жоғарғы жастағы жұлдызқұрттың ұзындығы шамамен 18 мм.Бірші жастағы жұлдызқұрттар алма ағашының екі-үш жылдық бұтақшаларының қабығында қалқанша астында қыстайды. Көктемде бүршік ашылған кезде олар қалқанша астынан шығып, жас жапырақтарға еніп, шағын тесіктер түзеді. Алма гүлдеген кезде жұлдызқұрттар тесіктерден шығып, өрмек ұяларын түзеді және жапырақ жұмсағымен қоректенеді, тек жүйкелерін ғана қалдырады. Жұлдызқұрттың дамуы 40-45 күнге дейін созылады. Қоректеніп болған жұлдызқұрттар ұяларында өздеріне піллә жасайды және үлкен топтармен қуыршақтанады. Қуыршақтану кезеңі 2-3 аптаға дейін созылады. Пайда бола бастаған көбелектер түнде ұшады және 1-2 аптадан кейін бір қабықта тобымен 20-80 дана жұмыртқа салады. Жұмыртқаларын көбелек кілегей сұйықтықпен қаптайды, олар кейін құрғап, қатып қалады. 2-3 аптадан соң жұлдызқұрттар шығып, қыстап қалады. Алма күйесі бір ұрпақта дамиды.Күресу шаралары. Шағын учаскелерде жұлдызқұрттарды өрмек ұяларымен қоса жинап, жою. Өлі қабықтарын тазартып, өртеу. Күзде немесе көктемде түскен жапырақтарды жинап алып, қордалайды; ерте көктемде ағаштардың бөрікбастарын төрт жағынан қарап, 0,5 м бұтақтарын зерттейді және қабығындағы алма күйесінің барлық қалқаншаларын санайды. ЭЗШ саны 2 м ағашта 2 қалқаншаны құрайды. Өңдеуді «Тізімге...»... сәйкес препараттармен жүргізу ұсынылады.

Алма жеміс жеміріLaspeyresia pomonella L. (Lepidoptera отряды, Tortricidae тұқымдасы). Алманы, алмұртты, өрікті, алқорыны, шабдалыны және басқа тектес өсімдіктерді зақымдайды.Көбелек қанатын жайғанда 18-22 мм жетеді, алдыңғы қанаттары көптеген көлденең жолақтары бар қара-сұр түсті, қанатының басында қола түстес жылтырмен шағылысатын ірі қоңыр дақ («айна») бар; артқы қанаттары қоңырқай сұр, ашық түсті шашақпен жиектелген. Жұлдызқұрттың ұзындығы 18-22 мм, ашық-қоңыр, басты қызғылт түсті болып келеді. Соңғы жастағы жұлдызқұрттар өспей қалған қабық астындағы өрмек пілләларында, қабық жарықшаларында, ескі ыдыстағы топырақтың жоғары қабатында қыстайды. Көктемде олар қуыршақтанады, ал алма гүлдеп болғанда, көбелектер ұшып шығады. Аналықтары дөңгелек жұмыртқаларын бастапқыда жапырақтарға, кейін жемістерге салады. 10-12 күннен кейін одан жұлдызқұрттар шығады. Олар жеміс жұмсағына еніп, тұқым қалтасына дейінгі жолды кеміріп, тұқымдарды жеп қояды. Бір жұлдызқұрт 2-4 жеміске дейін зақымдай алады. Зақымданған жемістер түсіп қалады, нашар сақталады. Дамыған жұлдызқұрттар қуыршақтанады. Жазғы кезеңде зиянкес 1-3 ұрпаққа дейін береді.Күресу шаралары. Ағаш түптерінің шеңберлерін қазу. Ағаш діңдерін тазарту. Тосқауыл белдіктер орнату. Жарық және еліктіргіш торлар ілу. Үзіліп түскен жемістерді жинау. Пайдалы энтомофагтарды қорғау. Егер аптасына торға қыстап шыққан ұрпақтан аталықтары және жазғы ұрпақтан 3-4 еркек көбелектер түссе немесе 100 ц/га жоспарланған түсімде зақымданған жемістер мөлшері 2% болса, онда мұндай жағдайда түсімділікті белсенді түрде қорғау қажеттілігі туындайды. Өңдеулерді «Тізімге...» сәйкес инсектицидтермен жүргізу ұсынылады.

Жасыл алма бітесіAphis pomi Deg. (Homoptera отряды, Aphididae тұқымдасы). Шекілдеуікті жемістер тұқымдастарын зақымдайды.Қанатсыз ұрғашы бітелердің ұзындығы 1,5-2 мм, ақшыл-жасыл, қара-қоңыр басы және шырынды түтікшелері бар. Аталықтары аналықтарынан кішірек болып келеді. Дернәсілдері 0,5-1,5 мм, ашық немесе қара-жасыл түсті, қызыл көздері бар.Жұмыртқалар бүршіктерінің басында немесе бір жылдық өркендерде қыстайды. Дернәсілдері бүршік жарғанда жұмыртқадан шыға бастайды. Олар өсімдік шырынымен қоректенеді және 12-15 күннен соң ұрықтанбай-ақ дернәсілдер пайда болатын қанатсыз негіз салушы аналықтарғае айналады. Бітелердің екінші ұрпағында басқа ағаштардың жас өркендеріне ұшып келетін қанатты көшпелі аналықтары пайда болады. Күзде бітелер тобында аталықтары және аналықтары пайда болады. Жұптасудан кейін аналықтары қыстауға қалатын 5 жұмыртқадан салады. Климаттық жағдайларға қарай жазғы мезгілде біте 10-15 ұрпақ береді. Күресу шаралары. Шыбықтар мен тамыр шыбықтарын кесу. Бүршік жарғанға дейін 0,5 метрлік төрт бұтақта 30 астам жұмыртқа болса, ал вегетация кезеңінде 100 жапырақта 15 бітелер тобы байқалса, «Тізім...» регламенті бойынша инсектицидтермен өңдеу жүргізу қажет.

Алма бүргешіркейіPsylla mali Forst. (Homoptera отряды, Psyllidae тұқымдасы). Ересек жәндік сарғыш-жасыл түсті, күзге қарай қоңырқай түске енеді, денесінің ұзындығы 2-3 мм. Дернәсілдері жалпақ, қызғылт-сары, көздері қызыл, аз қозғалады. Жұмыртқалары қабықжарықшаларында, жеміс бүршіктерінің ұшында және өркендердің басында қыстайды. Көктемде шыққан дернәсілдер жарылған бүршіктерге еніп, оларды зақымдайды. Бұдан кейін бүргешіркейлер жапырақ сабағында, гүл шанақтарында қоректенеді, оларды тәтті сұйықтықпен жауып, оларға күйе саңырауқұлақтары орнығады. Нәтижесінде жапырақтары бүрісіп қалады, гүлдері мен гүл шанақтары қурайды, түйіндері үзіледі, жемістерінің формалары өзгереді, дәмдік сапасын жоғалтады, түсім төмендейді. Алма гүлдегеннен кейін екі апта өткен соң пайда болатын ересек дарақтар бақша ішіне тарайды. Күзге қарай бүргешіркейлер алма ағашына қайтып келіп, қызғылт сары жұмыртқалар салады.Күресу шаралары. Ағаштарды ескі қабықтардан тазарту. Түскен жапырақтарды жинап, жою. Топырақты күзде қазу. Зиянкестер көп болған жағдайда «Тізімге...» сәйкес препараттармен химиялық өңдеу жүргізу ұсынылады.

Долана көбелекAporia crataegi L. (Lepidoptera отряды, Pieridae тұқымдасы). Алманы, өрікті, алмұртты, шабдалыны, мойылды, долананы және басқа тұқымдастарды зақымдайды.Көбелек қанатын жайғанда 50-65 мм жетеді, қанаттары ақ, қара тарамыстары бар, кеудесі мен құрсағы қара. Жұлдызқұрттардың ұзындығы 45 мм, қысқа қалың түктермен қапталған, денесі сұр түсті, арқасында үш қара, ал олардың арасында екі қоңыр-қызғылт сары жолақтары бар. Екінші-үшінші ұрпақ жұлдызқұрттары өрмек ұяларда қыстайды. Қысқы ұя 1-2 жапырақтан тұрады және өрмекте бұтаққа ілінген. Ұяның ішінде 20-70 жұлдызқұрттан келеді, оның әрбіреуі жеке пілләда орналасады. Алма ағашы бүршік жарған кезде жұлдызқұрттар ұяларынан шығады, олар тобымен жүріп бүршіктерді кеміріп тастайды. 30-45 күннен кейін жұлдызқұрттар қуыршақтанады. Қуыршақтың дамуы шамамен екі аптаға созылады. Көбелектердің ұшуы маусым-шілде айларында байқалады. Аналықтары жұмыртқаларын жапырақтарға тобымен 30-150 данадан салады. Олардың дамуы 10-15 күнге созылады. Пайда болған жұлдызқұрттар топтасып жүреді және көрші жапырақтарда қоректеніп, олардың қаңқасын ғана қалдырады. Күзге қарай олар қысқы ұяларын жасайды. Долана көбелегі бір ұрпақ береді.Күресу шаралары. Қысқы ұяларды күзде жапырақ түскеннен кейін немесе қыста жинау және жағып жіберу. 2 метрлік төрт бұтақты сілкігенде 8-10% зақымданған дегелек немесе 8 жұлдызқұрт анықталған жағдайда «Тізім...» регламенті бойынша препараттармен өңдеу жүргізу ұсынылады.

Жемістің қоңыр кенесіBryobia redikorzevi Reck. (Arachnoidea класы, Acariformes отряды, Bryobiidae тұқымдасы). Жеміс ағаштарының түрлі тұқымдарын, әсіресе алманы, өрікті, алмұртты, алшаны қатты зақымдайды.Аналықтары қызыл-қоңыр түсті үлкен сопақша формалы, ұзындығы 0,6 мм; аталықтары ұзын- сопақша формалы, ұзындығы 0,3 мм.Өркендердің қабығына салынған жұмыртқалар көбінесе бүршіктердің басында қыстайды. Жұмыртқалар көп болған жағдайда қабығы қызғылт түске айналады. Көктемде бүршік жарғанда, жұмыртқалардан құрттар шығып, жапырақ шырынымен қоректенеді. Кененің қоректенуі нәтижесінде жапырақтары кіршең-сары түске енеді, дамымайды, түсімділік пен ағаштардың аязға төзімділігі төмендейді. Бір жылда 4-5 ұрпақ беріп дамиды.Күресу шаралары. Қатты зақымданған бұтақтарды кесу және жағып жіберу. Ерте көктемде немесе күзде діңдер мен қаңқасы қалған бұтақтарды қурап қалған қабығынан тазартады. Экономикалық зияндылық шегі болып 10 см бұтақтардың 20 кесіндісіне 200 жұмыртқадан келуі саналады. Акарицидтермен өңдеуді «Тізім...» ережесі бойынша жүргізу ұсынылады.

89.Пияз зиянкестерінің түр құрамы.

Пияз шыбыны – Hylemyia antiqua Mg. (Diptera отряды, Muscidae тұқымдасы).Шыбынның ұзындығы 5-7 мм, түсі сұрғылт, арқа жағы жасыл реңкі. Еркек шыбынның құрсағында қара түсті, ұзынша келген жолағы болады. Дернәсілдерінің ұзындығы 10 мм шамасында, түсі ақ, пішіні цилиндр тәрізді, бас жағы жіңішкерген.Топырақта 10-20 см тереңдікте қуыршақтары қыстайды. Ұшып шыққаннан кейін (мамырдың екінші жартысында) ұрғашысы жұмыртқаларын жапырақтарға, бадананың қабықшасының астына және пияз бен сарымсақтың айналасындағы топырақ түйірлерінің астына салады. Жұмыртқадан 5-7 күннен кейін дернәсілдер шығып, баданаға түпше жағынан енеді. Дернәсілдер 15-25 күн қоректенгеннен кейін топырақта қуыршақтанады. Зақымданған баданалар тез шіриді, олардың жапырақтары сарғайып қурап қалады. Пияз шыбыны 1-3 ұрпақ береді.Күресу шаралары. Дақылдарды кезек орналастыру, өсімдік қалдықтарын жою. Өткен жылы пияз егілген жерлермен ара-қашықтықты сақтау. Пиязды ерте отырғызу. Пияз бен сәбізді қатар егу. Егер пияз жуасының өсуі кезінде зиянкестер саны ЭЗШ- тен (1 өсімдікте 3 жұмыртқадан болса және пияз егістігінің 25% қоныстанылса немесе аулағышты 100 рет сілтегенде 50-80 данадан астам шыбын түссе) асып кетсе, онда химиялық өңдеу жүргізу қажет.

Пияздың ызылдақ шыбыны – Eumerus strigatus Fall. (Diptera отряды, Syrphidae тұқымдасы) Шыбын жасыл-қола түстес. Құрсағының екі жағында үш-үштен ашық жартылай ай тәрізді дақтары болады. Оның ұзындығы 5-9 мм. Құрттары сұрғылт-сары, ұзындығы 7-11 мм. Денесінің артқы жағында қоңырқай түтік тәрізді өскіні бар, екі жағында бір-бірден ірі терісі болады.Құрттар егістік танаптағы жуашықта немесе сақтау қоймаларында қыстайды. Шыбындардың ұшуы мамырдың ортасында байқалады. Аналықтары жұмыртқаларын жуашықтың үстіне, қабыршақтарының астына, жуашық мойнына немесе жуашық маңындағы топыраққа салады. Құрттар жуашық мойны мен жуашықтың өзіне кіріп, ішкі бөліктерін түгел жеп қояды. Зақымданудың салдарынан түтік тәрізді жапырақтар сарғаяды, ал пияз мойны шіріп кетеді. Одан кейін жуашық түгелдей шіриді де, едәуір зақымдануы нәтижесінде қара шіріген массаға айналады. 18-25 күннен кейін екінші ұрпақ шыбындары ұшып шығады. Көбінесе 2 ұрпақ дамиды.Күресу шаралары. Пияз шыбынымен күресу шараларына ұқсас.

90.Жүзім зиянкестерінің түр құрамы.

Жүзім шоғының жапырақ ширатқышы – Polychrosis botrana Schiff (Lepidoptera отряды, Totrricidae тұқымдасы). Жүзім өндірістері аймақтарының барлық жерінде таралған және өнімге көп шығын келтіреді. Қарақат, құлпынай, долананы да зақымдайды. Көбелектердің қанат өрісі 10-13 мм. Алдыңғы қанаттары әр түрлі жолағы бар қонырқай – сарғыш түсті, артқылары – қарамен жиектелғен сұр түсті. Жұлдызқұрт ұзындығы 12 мм – ге дейін, алдымен ақ кейін қоңыр басы бар сарғылт қоңыр болады. Қуыршақтар әк түсті пілләларда қабығында, жапырақтардың астында, топырақта қыстайды. Көктемде температура 14° С жоғары қалыптасқанда қөбелектер ұшып шығады және жұмыртқалауға кіріседі. Жұмыртқаларын бір- бірлеп немесе 2-5 данадан шанақ пен гүлдерге салады. Жалпы 60-160 жұмыртқа салады. Эмбриональдық дамуы 5-10 күнге созылады. Жұлдызқұрттар алғашында шанақтармен, кейін гүл мен түйіндермен қоректенеді. Олардың дамуы 35 күнге дейін созылады. Осы уақыт аралығында әрбір жұлдызқұрт 40-60 шанақтарды немесе түйіндеген жидектерді зақымдап жапырақ шеттерінің майысқан жерлерінде, зақымдалған гүлшоғырда қуыршақтанады. Қуыршақ фазасы 7-12 күнге созылады. Екінші ұрпақ көбелектері жұмыртқаларын бір - бірден жидектерге салып, содан кейін жұлдызқұрттар дамиды. Олар жидектерді зақымдайды. Зақымдалған жидектер қоңырланады, әжімденеді және жиі қурап түседі. Үшінші ұрпақтық көбелектер пісіп келе жатқан жидектерге жұмыртқа салады. Күзгі жауын - шашынды жылдары асхана сорттары өте қатты зақымдалады. Жапырық ширатқыштардың популяция тығыздығына абиотикалық факторлар ықпал етеді. Қатты қыс болғанда көбінесе қуыршақтардың тіршілік қабілеттлігі жойылады.

Жүзімнің түкті (беріш) кенесі – Eriophyes vitisPgst.(Arachnidae өрмекші тәрізділер класы, Acari класс тармағы). Жүзім өндіру, өңдеу жерлерінде тегіс таралған. Ұзындығы 0,16-0,2мм. Ақ немесе сарғыш түсті. Жұмыртқалары сопақ, ақ түсті. Даму сатылары: жұмыртқа, дернәсіл, нимфа, ересек. Ұрғашылары жүзім бүршіктерінің қабыршақтарының астында қыстайды. Көктемгі кезеңде қоректенуі бүршік ату кезеңінен басталады. Жапырақтар шыға бастағанда кенелер жапырақтарға өтіп қоректенеді. Осы кезеңде беріштер (галлалар) түзіледі. Жазғы кезеңде генерацияның даму ұзақтығы 10-14 күнді құрайды. 5-8 ұрпақ береді. Ескі беріштердің (галлалардың) солуынан кенелер басқа орындарға ауысып, жаңадан беріштер пайда болады. Күзде кенелер қыстап шығатын бүршіктерге ауысады. Кененің популяциясының жоғары болуынан өркендер қысқарып, өнімділік төмендейді.

Кәдімгі өрмекші кене - Tetranychus urticae Koch. (Acarie класы, Tetranychidae тұқымдасы). Барлық жерлерде таралған, көптеген дақылдарға оның ішінде жүзімдерде кездеседі және оған қауірті зиянкес. Аналықтары сопақша келеді, ұзындығы 0,43 мм сұрғылт – жасыл немесе сарғылт – жасыл түсті. Аталықтардың артқы жағы бірден кілт сүйірленген, ұзынша (ұзындығы 0,28 мм) болады. Жұмыртқасы шар тәрізді, жасыл реңді мөлдір, диаметрі 0,14 мм. Жылына 10-12 ұрпақ береді. Вегетация кезеңінде өрмекші кенелер төменгі ярустан жоғарыға, ескі жапырақтардан жас жапырықтарына ауысады. Дақыл қатты зақымданғанда түсімі азайып, жемістердің сапалары төмендейді. Күресу шаралары. Күздік тыныштық кезеңінде және ерте көктемде негізгі агротехникалық шаралар жүйесін жасайды: топырақ өңдеу, өсімдік қалдықтарын жою, тырмалау және т.б. Ерте көктемде бұтақтарды өлі қабықтарынан тазалау және жою. Бұл шаралар көптеген көп қоректі және мамандандырылған зиянкестердің санының азаюына бағытталған. Қажет жағдайда бүршік шықпастан бұрын кенелерге және басқа зиянкестерге қарсы препараттармен өңдейді. Жүзім шоғының жапырақ ширатқышының ЭЗШ - 100 гүлшоғынында 4-6 жұмыртқа және дернәсіл. Инсектицидтер бірнеше қайталамамен қолданылады (көктемде жүзім гүлдемей тұрған кезде, жидектер өсіп келе жатқан кезде, жидектер пісер кезде). Бүрку жұмыстары көбелектердің ұшу қарқындылығы 2-3 күн тоқтағаннан соң жүргізіледі. Бұл үшін мынадай препарттарды: актеллик, 500 э.к., БИ-58, 40% э.к., золон, 35% э.к. және т.б. Бұл препарадтар кенелерге де әсер етеді. Жүзім шоғының жапырақ ширатқышына қарсы биоагенттерді де (микробиологиялық заттар, тоғышар – трихограмма) қолдануға болады. Кенелердің саны экономикалық зиян шегінен асатын болса акарицидтер мен өңдеу қажет. ЭЗШ - 1 жапырақта бүршік жарғаннан жеміс өскенге дейін 3-5 дарақ. Арнаулы акарицидтер: аполло, омайт, ниссоран және т.б. Жапырақтарда кенелер табылғанда метасейулюс жыртқышты қолдану болады.