ДАҚЫЛДАРЫНЫҢ ЗИЯНДЫ ЖӘНДІКТЕРІ

Түсініктеме

Айқышгүлді дақылдарда - рапста, қышада, қырыққабат түрлерінде, мал азықтық шалқанда, шомырда, шалғамда фитофагтардың көптеген түрлері байқалады. Бұл дақылдар зақымдануға осалдау болады. Фитофагтардың келтіретін шығындарынан қорғамаса, белсенді шаралар қолданбаса, олардан түсім алу мүмкін емес.

Қырыққабаттың ақ көбелегі - Pieris brassicae L. (Lepidoptera отряды, Pieridae тұқымдасы). Қырыққабатты, шомырды, шалғамды, тарнаны, рапс пен басқа крестгүлді дақылдарды зақымдайды.

Көбелегі қанатын жайғанда 50-60 мм дейін жетеді, қанаттары ақ, алдыңғы қанаттарында жоғарғы бұрыштары қара, артқы қанаттарында – ішкі жақтарын бойлай қара жұғындылар бар. Еркек жәндікке қарағанда ұрғашысында алдыңғы қанаттарының үстіңгі бетінде екі дөңгелек дақтар болады. Ересек жұлдызқұрттың ұзындығы 40-45 мм жетеді, құрттың үсті сұрғылт-жасыл, асты сары, қылшықтармен, түкпен қапталған; денесінің үстінде көлденең қатарларға топтасқан қара дақтар мен нүктелерден тұратын сурет бар; екі жағы мен артында үш көлденең сары жолақтар өтеді.

Қырыққабаттың ақ көбелегі қуыршақ сатысында талдарда, шарбақтарда, құрылыс қабырғаларында немесе арамшөптерде қыстайды. Ол субстратқа жібек белдікшесімен бекітіледі. Сәуірдің аяғында – мамырдың басында көбелектердің ұшуы байқалады. Ұрғашылары лимон-сары түсті бөтелке тәрізді жұмыртқаларын қырыққабат жапырақтарының төменгі жағына 15-200 данадан салады. 8-12 күннен соң жұлдызқұрттар пайда болады. Кіші жастағы жұлдызқұрттар жапырақтардың жоғарғы қабығына тиіспей, төменгі жұмсағын жейді, ересек жастағы жұлдызқұрттар жапырақтарды жуан тарамыстарын ғана қалдырып тегіс жеп қояды. Құрттар 15-30 күн бойы қоректеніп, одан кейін қуыршақтанады. Қолайлы жағдайларда 10-20 күннен кейін жаңа ұрпақ көбелектері пайда болады. Жаз бойы қырыққабат ақ көбелегінің 2-4 ұрпағы дамиды.

Күресу шаралары. Арамшөптермен күрес жүргізу қажет, кішігірім учаскелерде жұлдызқұрттарды қолмен жинау керек. Жұмыртқа салу кезінде үш рет трихограммалар жібереді (1 га жерге 45 мың дарақтан). Жапырақ дегелек кезеңінде әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынама тексеріледі. 5% астам өсімдіктерде жұмыртқа табылған жағдайда немесе қауданның түйнектелуі кезеңінде кем дегенде 5-10% егіс танабында 1 өсімдікке шаққанда 5-10 жұлдызқұрттан келсе, не болмаса жапырақ үсті 25% зақымданғанда инсектицидтерді қолдану қажеттілігі туындайды. Қырыққабат ақ көбелегінің әрбір ұрпағының кіші жастағы жұлдызқұрттарына қарсы инсектицидтермен өңдеуді ЭЗШ саны асқанда Â«Тізім...» регламенті бойынша жүргізеді.

Шомырдың ақ көбелегі – Pieris rapae L. (Lepidoptera отряды, Pieriidae тұқымдасы). Крестгүлді дақылдарды, әсіресе қырыққабатты қатты зақымдайды.


Көбелегі қырыққабаттың ақ көбелегіне ұқсас, бірақ одан кішірек – қанатын жайғанда 40-50 мм жетеді. Көбелектің қанаттары сарғыш, ұрғашы көбелектің алдыңғы қанаттарының үстіңгі жағында екі қара дақ бар, ал еркек көбелекте – бір ғана дақ болады. Артқы қанаттарының алдыңғы жағында қара дақ орын алған. Шомырдың ақ көбелегінің ересек жұлдызқұртының ұзындығы 20-28 мм. Ол барқыт-жасыл арқасын бойлай сары жолағы бар, денесін қалың қысқа түк басқан.

Шомырдың ақ көбелегі қуыршақ кезінде өсімдік қалдықтарында, арамшөптерде, ағаш діңгектерінде, шарбақтарда, үй қабырғаларында қыстайды. Көбелектер қырыққабат ақ көбелегіне қарағанда ертерек пайда болады. Ұрғашылары ақшыл-сары бөтелке тәрізді жұмыртқаларын крестгүлді өсімдіктердің жапырақтарына бір-бірден салады. Бірінші ұрпақ арамшөптерде дамиды, ал зиянкестің кейінгі ұрпағы – крестгүлді дақылдарда дамиды. Ұрықтық даму 7-11 күнге созылады. Жұлдызқұрттар жапырақтарды жеп, қырыққабат қауданының ішіне кішігірім тесікшелер жасап, оларды шірітіп жібереді. Жұлдызқұрттар үш апта шамасында дамиды, одан кейін қуыршақтанады. 8-15 күннен соң жаңа ұрпақ көбелектері пайда болады. Бір жыл ішінде 3-4 ұрпаққа дейін дамиды.

Күресу шаралары. ЭЗШ саны 3-5 жұлдызқұрт/өсімдік немесе жапырақтардың зақымдану дәрежесі 25%-ды құрайды. Қырыққабат ақ көбелегіне қарсы қолданылатын шаралар ұсынылады.

Қырыққабат қоңыр көбелегі – Barathra brassicae L. (Lepidoptera отряды, Noctuidae тұқымдасы). Жұлдызқұрттар көп қоректі, олар қызылшаны, асбұршақты, салатты, пиязды, темекіні зақымдай алады, бірақ көбінесе қырыққабатты артық көреді.


Көбелек қанатын жайғанда 40-50 мм, көбелектің алдыңғы қанаттары қара-қоңыр, ішкі жағына қарай екі толқынды көлденең жолақтары бар; қанатының ортасында екі қара жиектелген дақтар орын алған, олардың сыртқы жағындағысы ақшыл бүршік тәрізді, ал ішкісі – қара дөңгеленген болып келеді. Ересек жұлдызқұрттың ұзындығы 35-45 мм, екі жағында сұрғылт-жасыл, сарғыш-қоңыр, кейде қара түсті жуан кіршең-сары жолақтары және арқасында үш ақшыл көлденең жолақтары болады.

Қуыршақ топырақта 5-10 см тереңдікте қыстайды. Көбелектердің ұшып шығуы сәуір-мамыр айларынан бастап тамыздың соңына дейін байқалады; көбелектер ымырт түскенде, әсіресе кешкі 10-нан түнгі 12-ге дейінгі кезеңде белсенді түрде ұшады. Ұрғашылары жапырақтың төменгі жағына бір ұяда 10-40 данаға дейін сұр жартылай шар тәрізді жұмыртқа салады. Құрттар 5-12 күннен кейін пайда болады. Жұлдызқұрттар бастапқыда бірге өмір сүріп, үшінші жастан бастап жапырақтың астыңғы жағындағы жұмсақпен қоректенеді, олар өсімдікке өрмелеп шығып, жапырақтарға қисық формадағы тесіктер жасайды. Ересек жұлдызқұрттар қырыққабат қауданында өз нәжістерін қалдыратын терең жолдар тесіп шығады. Жұлдызқұрттар 25-50 күнде дамиды да, топыраққа еніп, сонда қуыршақтанады. Қуыршақтану кезеңі 12-30 күнге созылады және шілденің аяғында – тамыздың басында екінші ұрпақ көбелектерін кездестіруге болады. 1-2 ұрпақ дамиды.

Күресу шаралары. Қыстап жатқан қуыршақтарды жою үшін терең сүдігер жырту қажет. ЭЗШ саны 1-3 жұлдызқұрт/өсімдікте 5% егіс танабында табылса немесе 5-8 жұлдызқұрт/м2. Мөлшерден көп болған жағдайда зиянкеске қарсы жою шаралары қажет. Өңдеуді Â«Тізімге...» сәйкес препараттармен жүзеге асырады.

Қырыққабат күйесі - Plutella maculipennis Curt. (Lepidoptera отряды, Plutellidae тұқымдасы). Жұлдызқұрттар крестгүлді дақылдарды:қауданды және гүлді қырыққабатты, мал азықтық шалқанды, шомырды, рапсты, қышаны зақымдайды.

Көбелек қанатын жайғанда 14-17 мм жетеді. Алдыңғы кіші сұрғылт-қоңыр немесе қара-қоңыр қанаттарының ішкі жағында ақ толқынды жолағы бар; артқы қанаттары сұр ұзын шашақты. Ересек жұлдызқұрттар жасыл түсті, ұзындығы 9-12 мм, олардың денесі аяқ жағына қарай кішірейіп келген және сирек ұзынша қылшықтар басқан.


Жәндік қуыршақ кезінде ақ ұзынша жұмсақ пілләда түрлі арамшөптер мен өсімдік қалдықтарында қыстайды. Көбелектер сәуірдің аяғында –мамырдың басында ұшып шығады. Көбелектер сопақша ақшыл-сары жұмыртқаларын жапырақтың төменгі бетіндегі тарамыстарды бойлай бір-бірден немесе 4 данадан салады. 3-7 күннен кейін жұлдызқұрттар пайда болады, олар әуелі жапырақ жұмсағымен қоректенеді, 2-3 күннен кейін жапырақ бетіне шығып, «кішкене терезе» қылып жеп қояды. Ересек жұлдызқұрттар жапырақтарда тесіктер жасайды. Қатты зақымданған өсімдіктерде қаудандар дамымай қалады. Жұлдызқұрттар 12-15 күнде дамып, қуыршақтанады. 1-2 аптадан соң жаңа ұрпақ көбелектері ұшып шығады. Жаз бойы қаракүйе үштен сегіз ұрпаққа дейін бере алады.

Күресу шаралары. Қыстау сатысын жою үшін топырақты күзде терең қопсыту. Арамшөптермен күресу, шірне беретін өсімдіктермен көкөніс дақылдарын жақын отырғызу. Жапырақ дегелек немесе қауданның түйінделуі кезінде әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынама тексеріледі және кем дегенде 10% егіс танабында әр өсімдікте 2-5 жұлдызқұрт табылса Â«Тізімге...» сәйкес инсектицидтермен бүрку жүргізеді.


Көктемгі қырыққабат шыбыны - Delia brassicae Bouche. (Diptera отряды, Athomyiidae – гүлшілер тұқымдасы). Қырыққабат, тарна, шомыр, шалғам мен басқа екпелер мен тұқымдықтарды зақымдайды.

Көктемгі қырыққабат шыбынының ұзындығы 6-6,5 мм. Денесі сұр түсті, арқасында үш жіңішке жолағы бар, құрсағының жоғарғы жағында қара жолақ өтеді. Қанаттары түссіз, қара тарамысты. Құрты ақ түсті, ұзындығы 6-8 мм. Артқы жағында 14 төмпешіктері бар, олардың төменгі төртеуі өте ірі және барлық денесінде екі-екіден орналасқан.

Қуыршақ кезінде топырақта 10-20 см тереңдікте жалған пілләларда қыстайды. Шыбындардың ұшып шығуы қайың мен беде қышаның гүлдеу кезеңімен сәйкес келеді және бұл сәуір айында болатын құбылыс. 7-10 күннен кейін ұрғашылары ақ ұзынша жұмыртқаларын топыраққа, әсіресе топырақ пен өсімдік сабағының арасындағы тесікке, кейде топырақ бетіне, сирек жағдайда крестгүлді дақылдардың төменгі жапырақтарының ішіне салады.

Жұмыртқадан шыққан құрттар көшеттердің тамырларын, сабақтарының негізі мен тамыржемістерін жеп қояды, бұдан кейін бұралаң жолдар жасайды. Құрттар 20-30 күн қоректенеді, бұдан кейін қуыршақтанады да, 15-20 күннен соң жаңа ұрпақтың ересек шыбындары пайда болады. Құрттар шырышты бактериозға ұшырайды, осының салдарынан кейде қырыққабат тұқымдықтары түгелдей жерге түсіп қалады. Қырыққабат шыбынының крестгүлді дақылдарда қоректенуі нәтижесінде өсімдіктің өсуі баяулайды, жапырақтары солып, көкшіл-қызғылт түске боялады, қатты зақымданған өсімдіктер өліп қалады. Екінші ұрпақ шыбынының ұшып шығуын мамырдың үшінші онкүндігінде – маусымның басында байқауға болады. Екінші ұрпақ құрттары шілде мен тамыз айларында зиян келтіреді, одан кейін топырақта қуыршақтанып, сонда қыстап шығады. 2-3 ұрпақ береді.

Күресу шаралары. Қырыққабат шыбынының жұмыртқаларын жою үшін жерді өсімдіктің тамыр мойнынан 15 см алысырақ қазып тастайды да, оның орнына қатар аралықтарындағы жаңа топырақтан салады. Түптеу қосымша тамырлардың пайда болуына және өсімдіктің төзімділігінің артуына негіз болады. Төзімді және сау көшеттерді отырғызу. Қырыққабат пен басқа айқышгүлді дақылдарды жинап алғаннан кейін учаскеден қабықшаларды алып тастау және топырақты қайта қазу. Көшеттерді отырғызып болған соң 4-5 күні сабақтың тамырлы бөлігі мен өсімдік айналасындағы топырақты тексереді. 10% өсімдікте 1 өсімдікке шаққанда 5-10 жұмыртқа немесе 5-6 құрт табылса, Â«Тізімге...» сәйкес препараттарды іріктеп алып, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізеді.

Жазғы қырыққабат шыбыны - Delia floralis Fall. (Diptera отряды, Athomyiidae – гүлшілер тұқымдасы). Қырыққабатты, шалғамды, шомырды, тарнаны, мал азықтық шалқанды, ақжелкекті зақымдайды.

Жазғы қырыққабат шыбынының ұзындығы 7-8 мм. Денесі сарғыш-сұр. Қанаттары қоңыр немесе сарғыш, сары тарамыстары бар. Құрттары ақ, аяқсыз, ұзындығы 7-9 мм. Соңғы анальдық буынтығында бір-бірінен тең қашықтықта орналасқан алты төмпешіктер байқалады.

Қуыршақтар топырақта жалған пілләларда қыстайды. Шыбындардың ұшып шығуы ерте пісетін қырыққабатты жинаудың бастапқы кезімен (маусымның аяғы) сәйкес келеді. Ұрғашысы ұшып шыққаннан кейін бірнеше күннен соң тамыр мойнына, сабақтың төменгі бөлігіне, өсімдіктің айналасындағы топыраққа ұсақ ақ жұмыртқалар салады. Ұрықтық даму 5-14 күнге созылады. Жұмыртқадан шыққан құрттар топыраққа еніп, өсімдіктің жер асты бөлігіне тесіп кіреді де, сонда өздеріне жолдар жасап алады. Құрттар 24-32 күн ішінде дамып шығып, топырақта 10-30 см тереңдікте қуыршақтанады. Жазғы қырыққабат шыбыны жылына бір ұрпақ беріп дамиды.

Күресу шаралары. Көктемгі қырыққабат шыбынына қарсы күресу шараларымен бірдей.


Қырыққабат бітесіBrevicoryne brassicae L. (Homoptera отряды, Aphididae тұқымдасы). Қырыққабат бітесі қырыққабатты, тарнаны, рапс пен басқа да айқышгүлді өсімдіктерді зақымдайды.

Сұрғылт-ақ балауызды өңезбен қапталған жәндіктің ұзындығы 1,5-2,0 мм құрайды. Жәндіктер колониялармен өмір сүреді.

Жұмыртқалар өсімдік қалдықтарында (мысалы, қабықшада) немесе айқышгүлді арамшөптерде қыстайды. Көктемде 10-12Â°С температурада жұмыртқалардан құрттар шығады, олар 4 жастан өтіп, ұрықтанбай-ақ 40 дерңәсіл дейін туа алатын қанатсыз негіз салушы ұрғашыға айналады. Жаздың ортасында, қанатты негіз салушы ұрғашылар пайда болғанда, бит азық-түліктік айқышгүлді дақылдарға ауысады. Қырыққабат жапырақтарының зақымданған жерлері ауырып, қауашақтанады. Өсімдіктерді биттер шамадан тыс басып кеткенде, нашар қаудан түзіледі немесе ол мүлдем қалыптаспай қояды. Тұқымдықтардағы зақымданған жапырақтар ширатылып, кеуіп, түсіп қалады, түйіндер дамымай қалады. Сонымен қатар, біте өзінің кілегей нәжістерімен қаудандардың бетін ластайды. Бір жыл ішінде біте 15 ұрпаққа дейін береді (бір ұрпақ жағдайға байланысты 4-12 күнде дамиды). 3 немесе 4 ұрпақта басқа айқышгүлді өсімдіктерге ұшып кететін қанатты негіз салушы ұрғашылар пайда болады. Осы жерде олар бірнеше ұрпақ беріп, едәуір жиынтық-колониялар құрады. Қыркүйек айында жынысты ұрғашылар пайда болады. Олардан еркек жәндікке айналып, ұрықтанған ұрғашы жәндіктерге айналатын дернәсілдер туады. Ұрықтанған ұрғашы жәндік арамшөптерге, қабықшаларға және қырыққабаттың ширатылмай қалған жапырақтарына бар болғаны 2 немесе 4 жұмыртқа салады.


Күресу шаралары. Айқышгүлді арамшөптерді, қабықшалар мен басқа жинаудан қалған қалдықтарды жою. Топырақты терең сүдігер өңдеу. Энтомофагтарды тарту үшін крестгүлді дақылдардың тұқымдықтарының айналасына шатыр тәрізді дақылдарды (сәбіз, аскөк және т.б.) отырғызу қажет. Егістерді тексеруді қаудандар түйінделе бастаған кезеңде, әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынама қарастырып, жүргізеді. Экономикалық зияндылық шегі - 5-10% өсімдікте уақ биттер колониясы табылуы. Бітеге қарсы екпелер мен егістерді өңдеуді зиянкестер саны ЭЗШ жоғары болғанда Â«Тізімге...» сәйкес жүргізеді.

Рапс егеуішіAthalia colibri Christ. (Hymenoptera отряды, Tenthredinidae тұқымдасы). Айқышгүлді тұқымдасына жататын өсімдіктерді, әсіресе қыша мен рапсты зақымдайды.

Ересек дарақтар қызыл-сары түсті, арқасында төрт дақ және екі жұп түссіз қанаттарының басында сары дақтар бар. Жәндіктің басы қара түсті. Ұрғашысының құрсаққа қарай созылған ара тәрізді жұмыртқа қоймасы бар. Денесінің ұзындығы 7-8 мм. Құрты – жалған жұлдызқұрт, кіршең-жасыл түсті, басы қара. Қатпарлы денесінде ұзына бойына қара-қоңыр жолақтар мен ұсақ сүйелдер бар. Ересек жалған жұлдызқұрттың ұзындығы – 18-25 мм.

Соңғы жастағы жұлдызқұрттар топырақта пілләларда қыстайды. Көктемде олар қуыршақтанады да, мамырдың аяғында – маусымның басында әртүрлі айқышгүлді және шатыр тәрізді өсімдіктердің тозаңы мен балауызы мен қоректенетін жәндіктер пайда болады. Жәндіктер жұптасып, жұмыртқа салады.

Ұрғашылары жапырақтардың төменгі жағына тарамыстарды бойлай жұмыртқа салады. Мұндайда ұрғашы жәндік жапырақ қабығын теседі де, әрбір тесікке жұмыртқа салып, оларды жылдам қататын сұйықтықпен жауып тастайды. Жұмыртқа салған жерлерде төмпешіктер түзіледі. Ұрықтық даму 5-12 күнге созылады. Жұмыртқадан шыққан жалған жұлдызқұрттар жапырақтармен қоректенеді, олардың шеті мен ортасын қалай болса солай жейді, бірақ жуан тарамыстарға тиіспейді (өрескел қоректену). 2-3 аптадан соң жұлдызқұрттар өз дамуын аяқтап, топыраққа енеді де, онда 7-15 см тереңдікте өте тығыз піллә жасап, сонда қуыршақтанады. 10-14 күннен кейін қуыршақтардан ІІ ұрпақтағы ересек жәндіктер шығады, олардың жұлдызқұрттары көбінесе тамыз айында зиян келтіреді. Зиянкес 2-3 ұрпақ береді.

Күресу шаралары. Арамшөптерді жою және зиянкес көп дамыған алқапты сүдігер өңдеу. Өңдеулерді Â«Тізімге...» сәйкес инсектицидтермен жүргізеді. ЭЗШ саны 12% егіс танабында 2-5 құрт/өсімдікті құрайды.

Айқышгүлді қандалалар (Hemiptera отряды, Pentatomidae тұқымдасы).

Айқышгүлді көкөніс дақылдары қандалалардың бірнеше түрімен: рапс (Eurydema oleracea L.), қырыққабат немесе боялған (Eurydema ornata L.), қыша (Eurydema festiva L.) және орта азиялық (Eurydema maracandica Osh..) қандалалармен зақымданады.


Рапс қандаласының ұзындығы 5,5-8 мм. Алдыңғы арқасының ортасында қызыл, сары немесе ақ түсті, артына қарай ұлғайған жолақтар бар.

Қыша қандаласы жуан денесімен сипатталады; оның қалқаншасының артқы бөлігі қабырғасыз немесе қабырғасы аса біліне қоймайды; құрсағының жоғарғы жағы қара түсті; ұзындығы 7-8,5 мм.

Қырыққабат немесе боялған қандала тым тегіс, қалқаншасындағы ұзына бойына орналасқан қабырғалары анық байқалады; құрсағының төменгі жағында тыныс алу мүшесін жағалай екі қатар дақтар орналасқан, ал ортасындағы дақтар мен жолақтар араласып кеткен немесе жолақтар мүлде болмайды; құрсағының жоғарғы жағы қызыл, тек оның соңғы сегменттері ғана қара түсті болып келеді; ұзындығы 9-10 мм.

Орта азиялық қандала қырыққабат қандаладан айырмашылығы – оның құрсағының төменгі жағында шеттері анық емес қызыл дақтарға бөлінген екі қатар қара дақтар, ал ортасында бір-біріне қосылмайтын екі қатар қара дақтары болады.

Дернәсілдері қанатсыз немесе қанаттарының белгілері білінеді, 4 буынды мұртшалары бар, олардың құрсақтарының жоғарғы беті ақшыл шеттерінде көлденең қара дақтары бар.

Ересек қандалалар түскен жапырақтардың астында, орман шетінде, көшетжайлар мен бақтарда ағаштардың түбінде, жыралардың шеттерінде және басқа жерлерде қыстайды. Ерте көктемде олар қыстаған орындарынан шығып, бастапқыда арамшөптерде, кейін крестгүлді дақылдарда қоректенеді. Ұрғашылары жұмыртқаларын (бөшке тәрізді, дөңес қақпақшасымен; жұмыртқалардың жоғарғы және төменгі жақтары қара құрсаумен жиектелген) жапырақтардың төменгі жағына салады; әрбір қоймада екі қатарға орналастырылған 12 дана жұмыртқа болады. Дернәсілдердің келтіретін зияны ересек қанадалалардың тигізетін залалымен бірдей. Шаншылған жерлерде ақшыл дақтар пайда болады. Қатты зақымданған жапырақтар бірден сарғайып, қурап қалады, ал жас өсімдіктер өліп қалуы да мүмкін. Гүл жаратын өркендердің зақымдануы салдарынан генеративтік мүшелері (гүлдері мен түйіндері) шашылып қалады, ал пайда болған бұршаққындардағы дәндер солғын болады. 1-2 айдан кейін дернәсілдер ересек жәндікке айналады. Айқышгүлді қандалалар 1-3 ұрпақ беріп дамиды.

Күресу шаралары. Тыңайтқыштар енгізу, арамшөптерді жою, қауданның түйнектелуі кезінде әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынамада тексеру жүргізеді және көкөніс дақылдарында 1-2 қандала/м2, тамыр жемістілерде 0,2 қандала/1 өсімдік; рапста, қышада 5-8 қандала/м2 анықталған жағдайда, Â«Тізімге...» сәйкес инсектицидтермен өңдеу жүргізеді.


Айқышгүлді бүргелер (Coleoptera отряды, Chrysomelidae тұқымдасы).

Бүргелер айқышгүлді дақылдардың барлық түрлерін зақымдайды. Бүргенің бірнеше түрлері бар (толқынды, оймалы, ақшыл аяқты, көк, қара және басқа түрлері). Бұл жәндіктердің секіретін артқы аяқтары бар, қара түсті, бір түсті немесе қанатының үстін бойлай сары жолақтары бар; мұртшалары жіп тәрізді, ұзындығы 2-3 мм.

Толқынды (Phyllotreta undulata Ktsch.) – қоңыздар қара; әрбір жапырақ үстінде сыртындағы тесігі терең емес сары үлкен жолағы болады, денесінің ұзындығы 2-2,8 мм.

Оймалы (Phyllotreta vittata F.) – қоңыздар қара; әрбір жапырақ үстінде сыртындағы тесігі жартылай шеңберлі сары үлкен жолағы болады; денесінің ұзындығы 1,8-2,5 мм.

Ақшыл аяқты (Phyllotreta nemorum L.) – қоңыздар қара; басы мен алдыңғы арқасы жасыл металл түстес; сыртындағы тесігі терең емес сары кішірек жолағы болады; алғашқы үш мұртша буындары сары; сирағы мен аяқтары қызғылт-сары; денесінің ұзындығы 2,5-3,5 мм.

Көк бүрге (Phyllotreta nigripes L.) қоңыздары бірыңғай түсті, жасыл-көк, жібектей құлпырған; мұртшалары қара; денесінің ұзындығы 2,2-2,8 мм.

Қара бүрге (Phyllotreta atra F.) – қоңыздар бірыңғай түсті, қара металл, құлпырған жасыл; негізгі мұртша буындары қызғылт; денесінің ұзындығы 2,0-2,8 мм.

Дернәсілдері ұзынша, ақшыл-сары, басы қара және үш жұп кеуде аяқтары бар.

Қоңыздар өсімдік қалдықтарының, түсіп қалған жапырақтардың астында, топырақтың жоғарғы қабатында қыстайды. Ерте көктемде олар топырақ бетіне шығып, өсімдікті кішірек жаралар, кейде тұқым жарнағы мен кәдімгі жапырақтарда кішірек тесіктер жасап зақымдайды. Жас өскіндерді айқышгүлді бүргелер топырақ бетінде тұқым жарнақтары пайда болғанға дейін жеп қояды. Ақшыл аяқты бүргенің ұрғашысы жұмыртқаларын жапырақтарға, басқа бүргелер – топыраққа салады. Айқышгүлді бүргелердің дернәсілдері тамырда өмір сүреді де, онша зиян келтіре қоймайды. Басқаларынан өзге, ақшыл аяқты бүрге жапырақтарда кішірек қисық формалы миналар істейді. Дернәсілдердің дамуы 15-30 күнге созылады. Олар топырақта қуыршақтанады. 8-12 күннен кейін жаңа ұрпақ қоңыздары пайда болады. Бір ұрпақ дамиды.

Күресу шаралары. Бүргелермен ерте егістер мен екпелер қатты зақымданады. Зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу қажет. ЭЗШ саны 2-3 қоңыз/өсімдік (тамыржемістер өскіні), 20-30 қоңыздар/м2 (қыша өскіні). Көкөніс дақылдары үшін себелеп жиі суару тиімді, өйткені құрғақшылық пен ыстықта бүргелердің зияндылығы жоғары.

Қырыққабатпен қатар қызанақты, сарымсақты, пиязды отырғызған дұрыс. Көшеттерді отырғызғаннан 4-5 күннен кейін әрқайсысы 5 өсімдік құрайтын 20 сынамада тексеру жүргізеді. ЭЗШ саны 10% егіс танабында 1 өсімдікке шаққанда 3-5 қоңыз табылуы. Крестгүлді дақылдарды өңдеу үшін препараттарды Â«Тізімге...» сәйкес іріктейді.


Рапс гүлжемірі – Meligethes aeneus F. (Coleoptera отряды, Nitidulidae -жылтырақтар тұқымдасы).

Қоңыздары қара көк немесе жасыл құлпырған түсті, ұзындығы 1,5-2,7 мм. Дернәсілі ақшыл-сұр, ұсақ қара сүйелдері бар. Қоңыздар екпе ормандарда, өсімдік қалдықтарының астында қыстайды. Жұмыртқаларын шанақтар ішіне тобымен салады. Қоңыздар мен құрттар зақым келтіреді. Ересек жәндік тозаңмен, гүлдің аталық мүшесімен, өсімдік аналығымен қоректенеді. Құрттары тозаңмен қоректенеді. Шанақтар солып, түсіп қалады.

Күресу шаралары. Гүлжемірінің ЭЗШ саны шанақтанудың бастапқы кезінде 6-8 қоңыз/өсімдікте құрайды.

Шанақтану кезінде егістерді инсектицидтермен өңдеуді Â«Тізім...» регламенті бойынша жүргізеді. Гүлдеу сатысында өңдеу жұмыстарын буынаяқтылардың көптеген пайдалы фаунасына кері әсер етуіне байланысты жүргізуге болмайды.

1- тапсырма. Айқышгүлді дақылдарының қабыршақ қанаттылар отрядына жататын фитофагалардың морфологиялық және биологиялық ерекшеліктерін, зияндылығын зерделеу.

2- тапсырма. Жарғақ қанаттылар, қатты қанаттылар, қос қанаттылар, жартылай қатты қанаттылар отрядына жататын зиянкестердің ерекшеліктері зерттеп танысу.

3- тапсырма. Айқышгүлді дақылдарындағы зақымданған жерлерін қарастыру және олардың типтерін суреттеу.

4- тапсырма. Жәндіктерді зақымдау кезеңіне немесе ересек дарақтары мен зақымдауына қарай анықтау. Анықтау барысын жазып отыру.

5- тапсырма. 13-кестені толтыру.

6- тапсырма. Қырыққабат көбелегінің жұлдызқұртының ішкі белгілерін суреттеу. 14-кестені толтыру.

13-кесте. Қырыққабат дақылдарындағы зиянкестердің сипаттамасы

Анықтау кестесіндегі тармақтар нөмірі Зиянкес атауы Зақымдау кезеңі Келтірілген залалдың типі Зиянкестің жүйелі орны (класы, отряды, тұқымдасы) Типі Ұрпақ саны Қыстау кезеңі және қыстайтын орны Ұсынылатын күресу шаралары Зақымдау кезеңі мен зақымдау типін суреттеу
Дернәсілі Қуыршақта-ры
                     

14-кесте. Көкөніс дақылдарын зақымдайтын көбелек жұлдызқұрттардың ерекше белгілері

Зиянкес атауы Жүйелі орны жұлдызқұрттың сипаттамасы Зақымдау кезеңінің ұзақтығы Ауыз аппаратының типі және зақымдау сипаты
типі дене ұзын-дығы бояуы
Қырыққабат ақ көбелегі            
Шомырдың ақ көбелегі            
Қырыққабат қоңыр көбелегі            
Қырыққабат күйесі            

Бақылау сұрақтары.

1. Айқышгүлді дақылдарының зиянкестерін ата, олардың жүйелі орындарын атап көрсет.

2. Айқышгүлді дақылдардың жапырақ кеміргіш зиянкестерінің зияндылық шегін атаңыз.

3. Айқышгүлді дақылдардың өнуі үшін қандай зиянкестер қауіпті?

4. Айқышгүлді дақылдардың зиянкестерінің қыстау кезеңін және қыстайтын орындарын атап көрсет.

5. Айқышгүлді дақылдардың зақымдау кезеңдерін атап көрсет.

6. Қырыққабат бітесінің тіршілік формалары.

7. Тіршілік кезеңінде зиянкестермен қандай күресу шараларын қолданған жөн?

8. Айқышгүлді дақылдардың зиянкестерімен күресуде қолданылатын агротехникалық тәсілдердің маңызы.

9. Айқышгүлді дақылдардың тұқымдарын зиянкестерден қорғауд