Күрделі туынды үстеулер

Күрделі туынды үстеулер деп екі сөзден я бірігіп, я қосарланып жасалған немесе кемі екі я онан да көп сөздерден тіркесіп тұрақтанған үстеулерді айтамыз. Осыған қарай, күрделі туынды үстеулер үш түрлі жолмен жасалады.

1. Басқа сөз таптарына тән сөздер бірігудің нәтижесінде үстеулерге айналады. Ондай үстеулер мыналар: бүгін, биыл, таңертең, жаздыгүні, қыстыгүні, әрқашан, әрдайым, екіншәрі, ендігәрі, түнеугүні, бірталай, ешқашан, әлдеқайда, бірқатар, неғұрлым, әжептәуір, бірқыдыру, әлдекімше, сөйтіп т. б.

2. Сөздердің қосарлану арқылы туған үстеулер мынадай: әрең-әрең, енді-енді, зорға-зорға; қолма-қол, сөзбе-сөз, көзбе-көз; бет-бетімен, тоб-тобымен, лег-легімен; үсті-үстіне, алды-артына, қолды-қолына; бостан-босқа; тектен-текке, турадан-тура; күнде-күнде, жылда-жылда; сөйлей-сөйлей, көре-көре, айтып-айтып; жата-жастана; кие-жара, күліп-ойнап, аунап-қунап; бір-бірлеп, он-ондап, мың-мыңдап; бірте-бірте, біртіндеп-біртіндеп; оқтын-оқтын, оқта-текте, анда-санда; жапа-тармағай, тырым-тырағай т. б.

3. Жазуда бөлек таңбаланып, мағына жағынан бір сөз ретінде қолданылатын грамматикаланған және идиомаланған тұрақты тіркестер - оларды екі салаға бөлуге болады.

· Грамматикаланған жай тіркестер: күні кеше, күні бүгін, күні ілгері, ала жаздай, күндерде бір күн, ертеден қара кешке, ала сала, келе сала, айта келе, оқи келе, жаза келе, алдын ала, соңын ала, сабаққа бола, кітапқа бола т. б.

· Идиомаланған тұрақты тіркестер: қас пен көздің арасында, аяқ астынан, түн баласында, қаннен қаперсіз, елден ала бөтен, томаға тұйық, құлан таза т. б.[1][2]

Стеулердің мағыналары

Үстеу сөздер мағынасына қарай таптастырғанда мынадай сегіз топқа бөлінеді.

1. Мезгіл үстеулер

2. Мекен үстеулер

3. Мөлшер үстеулері

4. Сын (я бейне) үстеулері

5. Күшейту (я ұлғайту) үстеулері

6. Мақсат үстеулері

7. Себеп-салдар үстеулері

8. Топтау (я бөлу) үстеулері

Мезгіл үстеуі.

Мезгіл үстеуі қимылдың, әрекеттің мезгілін, мерзімін білдіреді де, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеуі етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: бүгін келді, ертең барады, таңертең тұрады, бұрын жүрді, күні бойы дайындалды, күні-түні оқиды, жазғытұрым келеді, т.б.

Мекен үстеуі.

Мекен үстеуі іс-әрекеттің болу орнын, бағытын білдіріп, қайда, қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулері де негізінен етістікпен тіркеседі. Мысалы: ілгері жүр, жоғары тартты, төмен түсті, алды-артынан орады, әрі-бері жүрді, жолшыбай ала кетті, т.б.

Сын-қимыл (бейне) үстеуі

Қимылдың, іс-әрекеттің амалын, сынын, бейнесін, тәсілін білдіріп, қалай? қайтіп? қалайша? кімше? деген сұрақтарға жауап береді. Сын-қимыл (бейне) үстеуі көбінесе етістікпен тіркесіп жұмсалады. Мысалы: ақырын жүрді, тез келді, бірден сөйледі, шалқасынан құлады, балаша мәз болды, емін-еркін отырды, бостан-бос жүрді, т.б. Сын-қимыл үстеулері де құрамы жағынан негізгі я туынды түбір немесе күрделі түбір бола береді.

Мөлшер үстеуі.

Мөлшер үстеуі қимылдың немесе сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін, шама-шарқын білдіреді де, қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? және кейде қалай? қалайша? сияқты сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулері бірде етістікпен тіркесіп, қимылдың мөлшерін, шама-шарқын білдірсе, енді бірде сын есімдермен тіркесіп, сынның мөлшерін білдіреді. Мысалы: онша жараспайды, анағұрлым көбейді, едәуір өсіпті дегенде, онша, анағұрлым, едәуір мөлшер үстеулері жараспайды, көбейді, өсіпті деген етістіктермен тіркесіп, қалай? қанша деген сұрақтарға жауап беріп, қимылдың шама-шарқын білдіріп тұр. Ал онша биік емес, анағұрлым үлкен, недәуір ұзын дегенде, онша, анағұрлым, недәуір мөлшер үстеулері биік (емес), үлкен, ұзын тәрізді сын есімдермен тіркесіп, қалай? қанша? деген сұрақтарға жауап беріп, сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін білдіріп тұр.

Мөлшер үстеулері құрамы жағынан туынды не күрделі түбір болып келеді.

Күшейткіш үстеу.

Күшейткіш үстеу сынның немесе қимылдың, іс-әрекеттің белгісін я сапасын күшейтіп я солғындатып көрсетеді. Күшейткіш үстеулер көбінесе сапалық сын есімдермен тіркесіп жұмсалады да, онымен тұтасып келіп сын есімнің күшейтпелі шырай түрін жасауға негіз болады. Мысалы: ең әдемі, тым биік, өте жақсы, аса терең, орасан зор, т.б.

Күшейткіш үстеулердің біразы етістікпен тіркесіп, қалай? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың сипатын күшейте я солғындата көрсетеді. Мысалы: мүлдем білмейді, әбден шаршаған, сәл жүріңкіре, керемет сөйледі, т.б.

Құрамы жағынан күшейткіш үстеулер негізгі түбір болып келеді.

Мақсат үстеуі. Мақсат үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу мақсатын білдіреді де, қалай? не мақсатпен? деген сұрақтарға жауап береді. Мақсат үстеулері сан жағынан көп емес. Оған: әдейі, жорта, әдейілеп, қасақана, т.б. сөздер жатады. Мысалы: әдейі келдім, жорта айтты, әдейілеп шақырды, қасақана үндемеді., т.б.

Себеп-салдар үстеуі. Себеп-салдар үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу себебін немесе салдарын (нәтижесін) білдіреді де, не себепті? неге? қалай? деген сұрақтарға жауап береді. Себеп-салдар үстеуіне: босқа, құр босқа, амалсыздан, лажсыздан, шарасыздан, бекерге, жоққа сияқты сөздер жатады. Мысалы: босқа әуре болма, амалсыздан келіп отыр, бекерге айтқансың, т.б.

 

Тіл білімі терминдерінін түсіндірме сөздігі — Алматы. "С