жүйесі және құрылымы

1. Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесі және құрылымы

2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры. Бас прокуратура.

3. Аумақтық прокурорлар және прокуратуралар. Мамандандырылған прокуратуралар.

1.Қазақстан Республикасының прокуратурасы – бұл бірыңғай орталықтандырылған Қазақстан Республикасы атынан Конституция және заңдардың дәл және бірыңғай қолданылуына қадағалауды, сондай-ақ заңдылықтың біртұтастығы мен нығайтуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын және қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында заңнамада көрсетілген басқа да атқарымдарын жүзеге асыратын органдар жүйесі.

Прокуратура органдарының жүйесі келесі қағидаларға сәйкес құрылған: 1) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы; 2) белгілі қызмет аясындағы салалық тиістілік.

Мысалы, облыстық, аудандық прокуратуралар Республиканың әкімшілік аумақтарына қатысты құрылады. Әскери прокуратуралар өздерінің өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, әскерлер мен әскери құрылымдарда жүзеге асырады.

Мамандандырылған прокуратуралардың құрылуының негізінде қызметтің нақты ерекше түрі немесе салалық тиістілігі жатады. Мысалы, көлік прокуратуралары көлік саласында қадағалауды жүзеге асырады.

Прокуратура органдары жүйесін ұйымдастырудың аса маңызды белгілерінің бірі - ол прокуратура органдары мен мекемелерінің құрылуы, қайта құрылуы және қысқартылуы, олардың мәртебесі мен құзыретін анықтау тек қана Республиканың Бас Прокурорымен жүзеге асырылуы.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабының 2-тармағына сәйкес Республика Прокуратурасы төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бiрыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан тәуелсiз жүзеге асырады және Республика Президентiне ғана есеп бередi.

Осы баптың 4-тармағында Республика прокуратурасының құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгiленедi, делінген.

Осы конституциялық норманы «Прокуратура туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 9-бабы әрі қарай нақтылайды.

Оған сәйкес Қазақстан Республикасының прокуратурасы органдарының бiртұтас жүйесiн Бас прокуратура, облыстардың прокуратуралары, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының прокуратуралары, ауданаралық, аудандық, қалалық және соларға теңестiрiлген әскери және мамандандырылған прокуратуралар құрайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының прокуратурасы жанынан прокуратура органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін ведомстволар, мекемелер, білім беру ұйымы құрылуы мүмкін.

Прокуратура органдары жүйесінің ұйымдастырылуының аса маңызды белгілерінің бірі – ол прокуратура органдары мен мекемелерін құру, қайта құру және тарату, олардың статусын анықтау тек қана Қазақстан Республикасы Бас Прокурорынының құзыретіне кіретіндігі.

Жоғарыда айтылғанды түйіндей келе прокуратура жүйесі үш деңгейден тұрады, деп айтуға болады. Олар:

- Бас прокуратура;

- Облыстық прокуратуралар.

- Аудандық прокуратуралар.

2.Бас прокуратураны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры басқарады.

Заңның 10-бабында Бас Прокурордың және оның орынбасарларының құқықтық мәртебесі белгіленген.

Атап айтқанда, Республиканың Бас Прокурорын:

1) Парламент Сенатының келісімiмен Республика Президентi бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды;

2) қызметтен Республика Президентi босатады;

3) ол Республика Президентiне есеп бередi;

4) қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, Сенаттың келiсiмiнсiз өз өкiлеттiктерi мерзiмi iшiнде ұстап алуға, күзет-пен ұстауға, үйқамаққа, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларына, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

Бас Прокурордың бiрiншi орынбасары мен орынбасарларын Бас Прокурордың ұсынуы бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

Республика Бас Прокурорының орынбасарлары сонымен бiрге Бас прокуратураның тиiстi департаменттерiнiң бастықтары болып тағайындалуы мүмкiн.

Қазіргі кезде Бас Прокурордың 1 бірінші орынбасары және 3 орынбасары бар.

Бас Прокурордың және оның орынбасарларының функционалдық міндеттері Бас Прокурордың бұйрығымен анықталады.

Заңның 11-бабымен Республика Бас Прокурорының өкiлеттiгi анықталған.

Атап айтқанда, Республиканың Бас Прокуроры:

1) Республика аумағында заңдар мен Президент Жарлықтарының және өзге де норматив-тiк құқықтық актiлердiң қолданылуына қадағалауды жүзеге асырады, төменгi прокуратуралар-дың қызметiне басшылық етедi.

Яғни Бас Прокурор елдің барлық аумақтарында прокурорлық қадағалауды жүзеге асыра алады. Прокуратураның басқа қызметкерлері осы қызметті толыққанды жүзеге асыруға Бас Прокурорға ат салысады, деген сөз;

2) Республиканың Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен өзге де құқықтық актiлерге наразылық жасайды.

Басқаша айтқанда, Бас Прокурор мемлекеттегі барлық құқықтық актілерге, оның ішінде нормативтік құқықтық актілерге наразылық енгізе алады. Бұл жерде бір атап өтетін мәселе: ол Бас Прокурордың заңнамалық актілерге наразылық келтіру механизмі (тетігі). Бұл өте күрделі мәселе, осы күнге дейін заңнамалық тұрғыда өз шешімін таппай отыр;

3) Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады.

Бас Прокурордың бұл өкілеттігі туралы кейінгі тақырыптарда айтылады;

4) Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарының, ведомстволарының, мекемелерiнiң және білім беру ұйымының барлық қызметкерлерi және жұмыскерлері орындауға мiндеттi, Қазақстан Республикасының прокуратурасын ұйымдастыру және оның қызметiнiң мәселелерi мен материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру шараларын іске асыру тәртiбiн реттейтiн бұйрықтар, нұсқаулар, өкiмдер, ережелер мен нұсқаулықтар шығарады.

Бас Прокурордың актілеріне келесі тақырыптарда нақты тоқталамыз;

5) өз құзыретi шегiнде:

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-iс жүргiзу кодексi мен жедел-iздестiру қызметi туралы заңдарының анықтау мен тергеу органдарының, сондай-ақ жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың орындауы үшiн мiндеттi нормаларын қолдану мәселелерi бойынша;

құқықтық статистиканың барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi құқықтық статистика мен арнаулы есепке алу мәселелерi бойынша;

құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алынған мәліметтерді қалыптастыру, оларға қол жеткізу, оларды пайдалану, сақтау, қорғау және жою мәселелері бойынша;

құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі-нің деректерін пайдалана отырып жүргізілетін ақпараттық-талдамалық қызметтің негіздерін, тәртібін және оны жүргізген кезде прокуратура органдары қызметкерлерінің жауаптылығын белгілейтін нормативтiк құқықтық актiлер;

осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне сәйкес басқа да нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;

6) жедел-iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органдар шығаратын нормативтiк құқықтық актiлер бойынша келiсу туралы шешiм қабылдайды.

Аталмыш 5) және 6) тармақшаларда көрсетілеген Бас Прокурордың өкілеттіктері туралы біз тергеу мен анықтау және жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалауға арналған тақырыптарда талқылаймыз;

7) прокуратураларды, прокуратура органдарының мекемелерiн құрады, қайта құрады және таратады, олардың құрылымын, құрылымдық бөлiмшелердiң құқықтары мен мiндеттерiн, Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен штат санының лимитi шегiнде прокуратура органдарындағы штат санын және еңбекақы төлеу қорын белгiлейдi;

8) Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының прокуратура-сы жанынан ведомстволарды, мекемелерді және білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату, олардың басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымынан босату туралы ұсыну енгізеді;
9) Республика Президентiне жоғары сыныпты шендер мен әскери атақтар беру үшiн кандидатуралар ұсынады;

10) Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен облыстардың прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорларды қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

11) ведомстволар, мекемелер және білім беру ұйымы басшыларының орынбасарларын, облыстар прокурорларының және оларға теңестiрiлген прокурорлардың орынбасарларын, сондай -ақ, аудандар, қалалар прокурорларын және оларға теңестірілген прокурорларды лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

12) елдегі заңдылықтың жай-күйі және прокуратура органдарының қызметi туралы Республика Президентi алдында есеп бередi.

Елдегі заңдылықтың және құқықтық тәртіптің жай-күйін Бас Прокурор Елбасына жылдың әр тоқсаны сайын баяндайды;

13) белгiленген тәртiппен прокуратура органдарының қызметкерлерiне сыныптық шендер мен әскери атақтар бередi.

Бұл өкілеттік Бас Прокурордың 2011 жылғы 17 мамырдағы 410ца бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы органдары, ведомстволары және мекемелері қызметкерлерінің сыныптық шендері және әскери атақтары туралы ережелерінде айқындалған. Сол ережелердің тиісті тармақтарына сәйкес Бас Прокурор: алғашқы 3 сыныпты заңгер шенін және әділет лейтенанты әскери атағын, кезекті кіші әділет кеңесшісі, әділет кеңесшісі, аға әділет кеңесшісі сыныптық шендерді және әділет майоры, әділет подполковнигі, әділет полковнигі әскери атақтарын береді. Сонымен қатар, Бас Прокурор Бас прокуратураның қызметкерлеріне сыныптық шендер береді.

3, 2, 1 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшілері, жоғарғы сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шендерін және әділет генерал-майоры, әділет генерал-лейтенанты, әділет генерал-полковнигі әскери атақтарын Қазақстан Республикасының Президенті береді. Аталмыш шендер мен атақтарды беру туралы ұсынысты Президентке Бас Прокурор енгізеді;

14) прокуратура органдарының қызметкерлерiн және жұмыскерлерін Қазақстан Республи-касының мемлекеттiк наградаларымен наградтауға және құрметтi атақтар беруге ұсынады, ведомстволық наградалармен наградтайды;

15) "Прокуратураның құрметтi қызметкерi" атағын бередi, осы атақты беру тәртiбi туралы Ереженi бекiтедi;

16) прокуратура органдары қызметкерлерiнiң қару мен оқ-дәрi алу, сақтау, алып жүру және тасымалдау тәртiбiн айқындайды;

17) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына сот практикасының мәселелерi бойын-ша түсiндiрмелер беру туралы ұсыныстар енгiзедi;

18) прокуратураның білім беру ұйымына оқуға қабылдаудың тәртібін айқындайды;
19) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында берiлген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Заңның 12-бабына сәйкес Бас Прокурор Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына басшылық етедi, сондай-ақ Бас прокуратураның құрылымын және оның қызметкерлері мен жұмыскерлерінің өкiлеттiктерiн белгілейді.

Бас прокуратура:

1) Республика прокуратура органдарының iс-қимылдарын олардың қызметiнiң негiзгi бағыттары бойынша үйлестiрiлуi мен орайластырылуын қамтамасыз етедi;

2) Республикада заңдардың қолданылуын, заңдылықтың жай-күйiн қадағалау практика-сына, оның ішінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтерді пайдалана отырып талдау жасайды;
3) прокурорлық қадағалауды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

4) Республика прокуратура органдарының заңдардың орындалуын қадағалау жөнiндегi жұмысын бақылайды;

5) жедел-iздестiру қызметiн, жасырын тергеу әрекеттерін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын басқа да республикалық құқық қорғау органдарымен өзара iс-қимыл жасайды және олардың қызметiн үйлестiрiп отырады;
6) қылмыстар профилактикасы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостан-дықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғау, халық тарапынан сенім мәселеле-ріне басымдық беріп, өкілді органдар мен жұртшылық беретін сыртқы бағалау тетіктерін айқындай отырып, сыбайлас жемқорлық деңгейінің рейтингтік бағасын енгізіп, есептілік және қызметті бағалау жүйесін жетілдіреді, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын белгілейді;

7) кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады және жүргiзедi;

8) норма шығарушылық қызметiне қатысады;

9) халықаралық ынтымақтастық саласында прокуратура органдарының атынан өкiлдiк етедi.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы реттеуші мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесін Қазақ-стан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде орналастырады.

Қазір Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы келесі құрылымдық бөлімшелерден тұрады: 1) Бас Прокурордың аппараты; 2) құқықтық қорғау департаменті; 3) қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау департаменті; 4) жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаменті; 5) соттарда мемлекет мүддесін білдіру департаменті; 6) кадрлық жұмыс департаменті; 7) арнайы прокурорлар департаменті; 8) ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеуші тұлғалардың құқықтарының сақталуын қадағалау департаменті; 9) халықаралық ынтымақтастық департаменті; 10) қаржылар, ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік департаменті; 11) қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және сотта мемлекет мүддесін білдіру департаменті; 12) қоғамдық қауіпсіздік туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау департаменті; 12) заң шығарушылық саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасы; 13) ішкі аудит басқармасы; 14) мемлекеттік құпияларды қорғау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау басқармасы; 15) ішкі қауіпсіздік басқармасы; 16) өтініштерді қарау жөніндегі заңдардың қолданылуын қадағалау және іс-қағаздарын жүргізу басқармасы.

Сонымен Бас прокуратураның құрамында 11 департамент, 5 басқарма бар. Департаменттердің құрамында басқармалар мен бөлімдер, дербес басқармалардың құрамында бөлімдер мен топтар бар.

Бас прокуратурада Бас Прокурордың аға көмекшілері мен көмекшілері, бөлім және басқарманың аға прокурорлары мен прокурорлары бар.

3. Прокуратура жүйесінің екінші деңгейін облыстық прокуратуралар құрайды. Олардың қатарына 14 облыстардың прокуратураларымен бірге республикалық маңызы бар қалалар (бүгінгі күні ол Алматы қаласының прокуратурасы) және Республика астанасының прокуратуралары да кіреді.

Олардың қатарына мамандандырылған Қазақстан Республикасының Бас әскери және Бас көлік прокуратуралары да кіреді. Бұл прокуратуралар туралы төменде бөлек айтылады.

Сонымен, елімізде 18 облыстық прокуратура органдары жұмыс істейді.

Облыстардың прокуратураларына және оларға теңестiрiлген прокуратураларға Республика Президентінің келісімiмен Республиканың Бас Прокуроры бес жыл мерзiмге тағайындайтын тиiстi прокурорлар басшылық етедi.

Олар өздерінің құзыретіне сәйкес (Заңның 13-бабы):

1) облыстық, қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокуратуралардың прокурорлық қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне басшылық жасайды;

2) бағынысындағы барлық қызметкерлерi мен жұмыскерлері үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулар шығарады.

Облыстардың прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлардың бiрiншi орынбасарлары мен орынбасарлары, аға көмекшiлерi мен көмекшiлерi болады. Облыстардың прокурорларының орынбасарлары облыстық прокуратуралардың тиiстi басқармаларының бастықтары болып тағайындалуы мүмкiн.

Облыстардың прокуратураларында және оларға теңестiрiлген прокуратураларда басқармалар мен бөлiмдер болады. Басқармалар мен бөлiмдердiң бастықтары тиiсiнше облыстар прокурорларының аға көмекшiлерi және көмекшiлерi болып табылады. Басқармалар мен бөлiмдерде аға прокурорлар мен прокурорлардың лауазымдары белгiленедi.

Прокуратура жүйесінің төменгі деңгейінде аудандық прокуратуралар орналасқан. Олардың қатарына ауданаралық, қалалық прокуратуралар да кіреді.

Заңның 15-бабына сай қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокуратураларға Республиканың Бас Прокуроры бес жыл мерзiмге тағайындайтын тиiстi прокурорлар басшылық етедi.

Аудандық прокурорлар өз құзыретіне сәйкес:

1) қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген өзге де прокуратуралардың прокурорлық қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметіне басшылық жасайды;

2) бағынысындағы барлық қызметкерлер мен жұмыскерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулар шығарады.

Қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокурорлардың қарамағында қадағалау салалары бойынша орынбасарлар, аға прокурорлар және прокурорлар болады.

Аталмыш прокуратураларда бөлiмдер құрылуы мүмкiн.

Қазір бөлімдер облыстық орталықтарда орналасқан прокуратураларда құрылған.

Прокуратура органдары жүйесінде мамандандырылған прокуратуралар өз орнын тапқан. Олардың қатарына әскери, көлік және табиғатты қорғау прокуратуралары кіреді.

Әскери және көлік прокуратуралардың облыстық және аудандық органдары бар.

Атап айтқанда, әскери прокуратура органдары облыстық деңгейдегі Бас әскери прокуратурадан және аудандың деңгейдегі әскери гарнизондар мен аумақ прокуратураларынан тұрады.

Көлік прокуратурасы органдары облыстық деңгейдегі Бас көлік прокуратурадан және аудандық көлік прокуратуралардан тұрады. Аудандық көлік прокуратуралары облыстық орталықтарда және кейбір аудандық орталықтар мен ірі қалаларда орналасқан.

Бас әскери және Бас көлік прокуратуралары құрылымының облыстық прокуратуралар құрылымдарынан айырмашылығы жоқ. Сондай-ақ әскери гарнизондар және аудандық деңгейдегі көлік прокуратуралардың құрылымы аудандық прокуратуралар құрылымына өте ұқсас.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Қазақстанның прокуратура органдарының жүйесіне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет пен оның аумақтық басқармалары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы және Бас прокуратураның жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасы кіреді.

Аталмыш комитеттің қызметі туралы кейінгі дәрістерде айтылады.

Заңның 17-бабына сай Бас прокуратурада, ведомстволарда, облыстардың прокуратураларында және оларға теңестiрiлген прокуратураларда алқалар құрылады.

Алқа отырыстарында прокуратура органдары қызметiнiң мәселелерi, сондай-ақ заңдардың бұзылуының анықталуына байланысты Бас Прокурордың, ведомство басшысының, облыс прокурорының немесе оған теңестiрiлген прокурордың ұйғарымы бойынша заңды бұзған лауазымды тұлғалардың қатысуымен алқалы түрде қарауды қажет ететiн өзге де мәселелер қаралады. Алқа шешiмдерi оның мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

Алқаның шешiмдерi тиiстi прокурорлардың бұйрықтарымен iске асырылады және прокуратура органдарының қызметкерлерi мен жұмыскерлері үшiн мiндеттi. Заңның бұзылуының анықталуына қарай прокурорлық қадағалау актілері қабылданады.

Алқа жұмысының регламентiн және алқа мүшелерiнiң мәртебесiн Республиканың Бас Прокуроры айқындайды.