Оқұшылардың девианттық мінез-құлқының себептері мен факторлары неде?

Біздіңше, балалар мен жеткіншектердің мінез-құлқындағы ауытқушылықтар мына себептерге байланысты болуы ғажап емес.

-дұрыс тәрбиеленбегендігінің себебінен қажетті білімдердің, біліктердің,дағдылардың жоқтығы, мінез-құлқындағы жағымсыз таптаурындардың қалыптасқандығынан баланың, жеткіншектің өзін дұрыс ұстамайтындығынан туындайтын әлеуметтік-педагогикалық олқылықтар;

-жайсыз отбасылық өзара қарым-қатынастар, жағымсыз психологиялық ахуал, оқудағы жүйелі сәтсіздіктер, сынып ұжымындағы құрбыларымен өзара қарым-қатынастың орнамағандығы, ата-аналарының, мұғалімдердің, сыныптас жолдастарының дұрыс емес (әділетсіз, дөрекі, қатал) қатынастарынан туындайтын терең психологиялық жайсыздықтар;

-психикалық және физикалық денсаулығы мен дамуы жағдайындағы ауытқушылықтар, жас ерекшелік дағдарыстары, мінез акцентуациясы және басқа да физиологиялық, психоневрологиялық ерекшеліктер себептері;

-ішкі және сыртқы белсенділігінің саналы көріністеріне, өзін-өзі көрсетуіне жағдай жасалмағандығынан, іс-әрекеттердің пайдалы түрлерімен айналыспағандығынан, жағымды және маңызды әлеуметтік, сондай-ақ жеке өмірлік мақсаттары мен жоспарларының болмауы;

-қараусыз қалумен, қоршаған ортаның кері ықпал етуімен және осының негізінде дамитын әлеуметтік-психологиялық дезадаптациямен, әлеуметтік және жеке құндылықтарының жағымсыз түрде ауысуы, т.б. жағымсыз жәйттер.

Балалар мен жасөспірімдерге қоршаған адамдардың немқұрайдылығы, зейін қоймауы негізінде дамитын әлеуметтік-педагогикалық бақылаусыздық бұл тізбектегі ерекше рөл мен мағынаға ие. Нәтижесінде жалғыздық, қараусыз қалғандық, қажетсіздік, қорғансыздық сезімдері пайда болады. Үлкендерге деген қарсылық, жатырқаушылық, жек көру сезімдері, баланың пікірінің, тағдырының, қызығуы мен икемділіктерінің өз бетінше ұйымға, кооперацияға өзін-өзі ұйымдастыруға ұмтылуына алып келеді.

Жағымды әлеуметтік тәжірибенің жеткіліксіздігі, өмірге көзқарасының, құндылықтар жүйесінің, әдеп қалыптары мен эстетикалық талғамдарының жетілмегендері және қалыптаспағандығы жасөспірімдердің өз белсенділігін жағымсыз, құқыққа қайшы келетін нәрсеге жұмсауын тандауға ықпал етеді, бұл олардың мінез-құлқынан, тұлғаның қалыптасуынан, әлеуметтік бейнесінен көрініс береді.

Қазіргі кездегі жасөспірімнің жүрген ортасы қолайлы емес. Өйткені, бала ауытқушы мінез-құлықтың әр түрлі нысандарын мектепке бара жатқанда да, аула мен қоғамдық орындарда да, тіпті үйде де, мектепте де көреді.

Балалар мен жасөспірімдердің дамуы мен мінез-құлқына кері әсер ететін сыртқы факторларға мыналарды жатқызуға болады.

1. Қоғамда өтіп жатқан үрдістер:

-заңдардың және құқық қорғаушы орындардың жетілмегендігі, қылмыстардың жазаланбауы;

-жұмыссыздық (нақты және жасырын);

-экономикалық тұрмысы төмен балалы отбасыларға әлеуметтік кепілдіктермен және мемлекеттік қолдаудың жоқтығы;

-бұқаралық ақпарат құралдары арқылы зорлық-зомбылық және қатігездікті насихаттау;

-балалардың денелік және психикалық денсаулығының бұзылуын дер кезінде анықтаудың, соған сәйкес көмек көрсетудің және квалификациялық диспансеризациясының болмауы;

-сапалы тегін қосымша білімге балалардың қолының жетпеуі(үйірмелердің, секциялардың және т.б.);

-темекі ішімдікке, нашақорлық заттарға жолдың ашықтығы.

2. Отбасының жағдайы және оның ауаны:

-толық емес отбасы;

-отбасының материалдық жағдайы (кедейлік, байлық);

-ата-аналардың төмен әлеуметтік-мәдени деңгейі;

-отбасындағы тәрбие стилі (балаға бірыңғай талаптардың қойылмауы, ата-аналардың қатігездігі, олардың жазасыздығы және баланың құқықсыздығы);

-баланың өзіндік құндылығын жоққа шығару;

-балалардың қажеттіліктерінің жеткіліксіз немесе асыра қанғаттандырылуы;

-ата-аналардың ішімдікті, нашақорлық заттарды теріс пайдалануы;

-ата-аналардың балалардың психоактивті заттарды қолдануына жол беруі.

3.мектепішілік өмірдің жеткіліксіз ұйымдастырылуы:

-мектептің материалдық қамтамасыз етілуінің нашарлығы;

-оқушылардың білімін бағалауда объективтіліктің болмауы;

-мұғалімдердің оқушы тұлғасын басуы;

-мектепке келген оқушылардың дамуының және оқу түрткілерінің төмендігі.

Аталып өткен тәуекел факторлары сыртқы, объективтік сипат алады.

Сондай-ақ, балаларға бұдан басқа да педагогтер білуге тиісті ішкі тәуекел факторлары да әсер етеді. Оларға мыналар жатады: өзінің қажетсіздігін және өзіндік орны жоқтығын сезінуі, өзіндік бағасының төмендігі, өзіне-өзі сенімсіздік, өзін-өзі бақылау мен өзіндік тәртіптің жеткіліксіздігі, әр түрлі жағдайларда сындарлы ойлау мен адекваттық шешім қабылдай алмау, өз-өзіне және басқаларға өзінің сезімдері мен реакцияларын көрсете алмауы.

Балалар мен жасөспірімдердің тұлғасындағы және мінез-құлқындағы ауытқушылықтардың алдын алу оларды психологиялық иммунизациялауды қажет етеді, яғни, әлеуметтік-құзырлы адам болып қалыптасуы үшін мінез-құлықтың психогигиеналық дағдыларына дұрыс таңдау жасай алу біліктерін үйрету.

Леуметтік педагогтің қиын оқушыларды тәрбиелеудегі және мінез-құлқындағы ауытқушылықтың алдын алу жұмысы.

Баланың өсіп жетілуіне, үлгеріміне, тәрбиесіне, мінез-құлқына, жанұяның, мектептің, сыртқы ортаның, әлеуметтік жағдайларын қарастыруға, балаларда тиімді қарым-қатынас жасай алу қабілетін қалыптастыруға көмек беру.

Балалармен, мұғалімдермен және ата-аналармен әңгіме өткізу. Қиын оқушының мекен-жайы бойынша үйіне барып тұрмыс жағдайын анықтау. Әке-шешесі туралы толық мәлімет алу. Ата-анасынан оқушының сабақтан тыс бос кезіндегі уақытын қалай өткізетін жайлы сұрап білу,акт қағазын толтыру.

Оқушының оқуға, мұғалімге деген көзқарасы, денсаулығы, отбасының құрамы, мінез-құлық ерекшеліктері, сыныптағы алатын орны, оқушылармен қарым-қатнасы, ақыл-ойының даму деңгейін анықтау. Оқушылардың және олардың ата-аналарының білімге және тәрбиеге деген қажеттіліктерін зерттеу. Алынған нәтижелердің ерекшелігін диагностикалау.

Жасөспірім салауатты тандау жасай алуы үшін оған эмоциясын игере алуға, үрейленуді, қақтығысты жеңе алуға үйрету қажет, сынды, өзін-өзі қорғауды, басқа адамдар тарапынан шыққан қысымға қарсылықты агрессиясыз қабылдау тәсілдеріне баулуды, зиянды әдеттерге қарсы тұруға үйретуді, салауатты тандау жасауға және пайда болған мәселелерді әлеуметтік-жағымды құралдармен шешуге мүмкіндік беретін құндылықтармен қатар қалыптастыру қажет.

Балалар мен жасөспірімдер тұлғасы мен мінез-құлқындағы ауытқушылықтың алдың алу жұмыстары тек мыналардың негізінде жүзеге асса ғана тиімді болады:

-оқу іс-әрекеті жемісті болғанда;

-оқушыларды қанағаттандыратын эмоционалдық жағымды өзара қарым-қатынас жүйелері (құрбыларымен, мұғалімдермен, ата-аналарымен) және психологиялық қорғалуы болғанда..

Соңғы жағдай тікелей түрде әлеуметтік қорғалумен байланысты. Оған мыналар кіреді:

-оқушылардың өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуі;

-оларды мұғалімдер мен оқу және тәрбие үрдісіндегі басқа субъектілердің бұлжытпай орындауы;

-оқушылардың қандай да бір белгісіне қарай дискриминацияға ұшырауына жол бермейтін психологиялық және әлеуметтік теңдік;

-оқушылардың жеке дара ерекшелігі мен өзін-өзі анықтау құқығын сақтау.

Бұл талаптарды орындау жасөспірімдердің барлық топтарымен және типтерімен өткізілетін оқу-тәрбие жұмыстарын педагогикалық дифференциация жолымен жүргізуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды орындаған жағдайда жасөспірімдерге көрсетілетін көмектің жиынтығы тұлғаның бірқалыпты үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді.