Балаларды медициналық қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

220. Балалар толық және тәулік бойы болатын сәбилер үйлерінде және МДҰ-да балаларға медициналық қызмет көрсету қамтамасыз етіледі.
Медицина қызметкері болмаған кезде медициналық қамтамасыз етуді аумақтық алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы жүзеге асырады.
221. Изолятор палаталары өтпелі болмауы көзделеді, олардың арасында 1,2 м биіктікте әйнектелген қалқа құрылғысы арқылы медициналық кабинетпен жапсарлас орналасады.
222. Сәбилер үйлеріне жаңа түскен балалар үшін ойын бөлмесінде бір сәбиге ауданы 2,5 м2, жатын бөлмесі – 1,8 м2, дәретхана – 0,8 м2 болатын карантиндік бөлімше көзделуі тиіс.
223. Сәбилер үйлерінің және МДҰ-ның медициналық үй-жайларының жиыны мен ауданы осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаның 2, 4–кестелеріне сәйкес қабылданады.
224. Балалар қысқа уақытқа болатын объектілерде медициналық үй-жай көзделмейді.
225. Медициналық кабинеттің жабдықталуы осы Санитариялық қағидаларға 12-қосымшаға сәйкес қабылданады.
226. Аурудың созылмалы түрі, қатер факторлары, сондай-ақ профилактикалық медициналық тексерулер кезінде анықталған және (немесе) жекелеген жіті аурулармен ауырған балалар диспансерлік есепке алынып, кейіннен сауықтыру арқылы бақылауға жатады;
227. Емдеу-профилактикалық және сауықтыру іс-шараларын медицина персоналы жүргізеді, сондай-ақ балалардың сырқаттанушылығын төмендетуге және денсаулықтарын нығайтуға бағытталған кешенді сауықтыру іс-шараларының жоспары жасалады.
228. Балалар толық және тәулік бойы болатын сәбилер үйлерінде және МДҰ-да балаларға профилактикалық медициналық тексерулер жүргізіледі. Объектілердің балалары және персоналы профилактикалық егулер алуы тиіс.
229. Балалар толық және тәулік бойы болатын сәбилер үйлерінде және МДҰ-да объектілердің медицина қызметкерлері мен әкімшілігі:
1) балалардың сырқаттанушылығының статистикалық есебін жүргізеді;
2) балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, олардың арасында сырқаттанушылықты төмендету бойынша іс-шараларды жыл сайын жоспарлайды және балаларды сауықтыру бойынша іс-шаралар жүргізеді;
3) созылмалы ауруы бар балаларды уақытылы диспансерлеуді ұйымдастырады және бақылайды;
4) тереңдетілген медициналық тексеру нәтижелері бойынша динамикалық бақылау тобын (денсаулық топтары), дене бітімінің даму деңгейін, дене шынықтыру сабақтары үшін медициналық топтарды айқындайды;
5) емдеу-сауықтыру жұмысын (оның ішінде балалардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылау, күн сайын амбулаториялық қабылдау, шынықтыру, сауықтырудан өту және т.б.) жүргізеді;
6) тоқсан сайын сауықтыру жоспарларын кейіннен түзете отырып, сырқаттанушылыққа талдау жүргізеді;
7) объектілердегі қызметкерлердің профилактикалық медициналық тексеруден уақытылы өтуін бақылауды және осы Санитариялық қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес «Ас блогы қызметкерлерінің денсаулық жағдайын тіркеу журналына» деректерді тіркеу арқылы ас блогы қызметкерлерінің денсаулығына күн сайын бақылауды жүзеге асырады;
8) тиісті аумақтағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне сырқаттанушылық, профилактикалық медициналық тексеруді өткізу, денсаулық жағдайы бойынша балаларды бөлу (денсаулық тобы), дене дамуы, дене тәрбиесі топтары, диспансерлік бақылау және жүргізілген сауықтыру бойынша есептерді жыл сайын және сұратуға байланысты ұсынады;
9) балалардың тамақтануының ұйымдастырылуын: келіп түскен тағам өнімдерінің сапасын, оларды сақтау мерзімдері мен талаптарын, дайындау технологиясы, дайын тағамның сапасын, ас блогының ұсталуын бақылауды жүзеге асырады;
Балалар толық және тәулік бойы болатын сәбилер үйлерінде және МДҰ-да осы Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаның 4-нысанына сәйкес «Тамақ өнімдерінің нормаларын орындауды бақылау ведомосына» деректерді енгізе отырып, ай сайын онкүндікте тамақтануға және кейіннен бақылау ведомосын түзете отырып, жекелеген өнімдер бойынша тәуліктік нормалардың орындалуына талдау жүргізеді. 10 күн ішінде тамақтану нормасының орындалуын қамтамасыз ете отырып, күні бойы нормадан 5% асырмай ауытқуға жол беріледі;
10) балалардың жеке гигиена ережелерін сақтай отырып, дене тәрбиесіне жүйелі бақылауды жүзеге асырады.
230. Сәбилер үйіне және МДҰ-ға түсетін балалар медициналық тексеруден өтеді және денсаулық жағдайы туралы анықтама тапсырады. Үш күн және одан да көп күн болмаған балалар педиатр дәрігердің денсаулық жағдайы туралы анықтамасы болған кезде МДҰ-ға қабылданады.
231. МДҰ-ға және сәбилер үйлеріне түскен кезде, сондай-ақ басқа топқа ауысқан кезде балалар гельминтозға және ішек протозоозына, ары қарай – жылына бір рет зертханалық тексерілуге тиісті.
232. Медициналық кабинеттерде жабдықтар мен мүкәммалды нұсқаулыққа сәйкес, белгіленген тәртіпте қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялаушы құралдармен санитариялық-дезинфекциялық өңдеуден өткізеді.
233. Балалар немесе персонал арасында инфекциялық аурулар тіркелген жағдайда, объектілердің басшылығы, олардың персоналы және медицина қызметкерлері эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізеді.
234. Балалар толық және тәулік бойы болатын сәбилер үйлерінде және МДҰ-да осы Санитариялық қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес есепке алу-есеп беру құжаттамасы жүргізіледі.
235. Объектілердің персоналы медициналық тексеруден және гигиеналық оқудан өтеді. Жеке медициналық кітапшасынсыз және жұмысқа жіберілгені туралы белгісі жоқ тұлғалар жұмысқа қабылданбайды.

«Балаларды мектепке дейінгі
тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне
қойылатын санитариялық-
эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидаларына
1-қосымша