Салық салынатын табысты түзету

Жалпы ережелер, салық жүйесі мен түрлері

Салық ­ жеке адамдар мен заңды ұйымдардың заң жолымен белгіленген салық мөлшерлемесіне (ставкасына) сәйкес мемлекеттік (жергілікті) өкімет органдарының бюджетіне төлейтін тіркелген аударым жарналары. Ол мемлекеттік бюджет кірісінің негізгі көздерін құрайды.

Салықтардың теориялық негізін оның элементтері құрастырады, олардың бастылары мыналар:

1) салық төлеуші – салық төлеуге тапсырған міндеттемелерді орындайтын жеке және заңды тұлғалар;

2) салық салу объектісі – белгілі бір салық өндіріп алынатын мүлік, мәміле немесе мүліктік құқық;

3) салық салу өлшемі – салық базасын сандық тұрғыдан көрсетуге пайдаланылатын салық салу ауқымының өлшемі. Мысалы, алаң ­ жер салығының ауқымы болып табылады;

4) салықтың мөлшерлемесі – салық базасының өлшем бірлігіне салық есептеулерінің шамасын білдіреді, пайыз немесе абсолютті сомамен белгіленеді.

Салықтың мөлшерлемелерінің түрлері мынадай:

1) тұрақты - салық салатын бірлігіне абсолюттік сомамен белгіленеді (мысалы, бензинге акциздік мөлшерлемесі 500 теңге/т);

2) пропорционалды – салық салу объектісі біркелкі пайыздық қатынаспен әрекет жасайды (мысалы, корпорациялық табыс салығы, қосылған құн салығы);

3) прогрессивтік – табыс өскен сайын, мөлшерлеме шамасы артуды болжайды (мысалы, жеке табыс салығы, жер қойнауын пайдаланушылардың үстеме пайда салығы).

Салықтар былай топтастырылады:

1) салық төлеу нысанына қарай:

а) жеке тұлғалардың төлейтін салықтары;

ә) заңды тұлғалардың төлейтін салықтары;

2) салық салу нысанына қарай:

а) мүлік салығы;

ә) жер салығы;

в) капиталға салынатын салық;

3) тұрпатына қарай:

а) тікелей – табыс пен мүлікке тікелей белгіленеді;

ә) жанама – тауар бағасын көбейтетін және тұтынушылар төлейтін акциздер, қосылған құн салығы.

 

Салық жүйесі мен қызметі

Салық қызметі – салық қатынастарын реттейтін құқықтық нормаларды қамтитын жүйе, сонымен қатар салықтар мен баж салықтары түрінде бюджетке түсетін міндетті төлемдердің, сондай-ақ, олардың құрылымы, нысандары мен әдістерінің жиынтығы. Қазіргі жағдайда салық жүйесі мыналарды қамтиды: бүкіл территорияға бірыңғай мөлшерлеме бойынша алынатын жалпы мемлекеттік салықтар (қосылған құн салығы, корпорациялық табыс салығы, бағалы қағаздармен жасалатын операцияларға салынатын салық, экспорт пен импортқа салынатын салық, кеден тарифі және баж салығы, жеке табыс салығы, т.б.); жиыны тиісті жергілікті бюджеттерге аударылатын жалпыға міндетті жергілікті салықтар мен алымдар.

Мемлекеттік салық салу мөлшерлемелері бір жағынан ­ өндірісті дамытуға бөгет жасамау, екінші жағынан - мемлекеттік бюджетке қаражаттардың барынша көп түсуін қамтамасыз етуге мүдделі.

Салық салу қызметі:

1) қазыналық - бұл қызмет негізгі және барлық мемлекеттерге тән, мемлекеттік бюджеттің кірістерін қалыптастыруға байланысты;

2) экономикалық - табыстарды қалыптастыруда салықтар өндірісті барынша жоғары ынталандыруға, салық салу базасын дамыту мен салық төлеушілер санын көбейтуге бағытталған;

3) әлеуметтік - табысты қалыптастырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталуы керек.

Салықтардың түрлері:

Салық және басқа да міндетті төлемдердің сомалары "Бюджет жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңына және тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңдарда белгіленген тәртіппен тиісті бюджеттердің кірісіне түседі.

Қазақстан Республикасында:

1) корпорациялық табыс салығы;

2) жеке табыс салығы;

3) қосылған құн салығы;

4) акциздер;

5) жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен арнаулы төлемдері;

6) әлеуметтік салық;

7) жер салығы;

8) көлік құралдары салығы;

9) мүлік салығы.

Алымдардың 13, төлемақылардың 9, мемлекеттік баж және кеден төлемдердің 4 түрін ажыратады.

Салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді айқындап, салық міндеттемелерін есептеу үшін негіз болатын бастапқы құжаттар – бухгалтерлік есептің тіркелімдері және өзге де құжаттар есеп құжаттамасы болып табылады.

 

9.2. Корпорациялық және жеке табыс салығы,

Жанама салықтар

Корпорациялық табыс салығын төлеушілерге, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, республиканың барлық заңды тұлғалары жатады.

Салық салатын объектілерге: салық салынатын табыс, төлем көзіне салық салынатын табыс, республикада қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы жатады.

Салық салынатын табыс жылдық жиынтық табыс пен түзетулерді ескере отырып, салық кодексі баптарында көзделген шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Жылдық жиынтық табыста салық төлеушінің барлық табыстарының түрлері, соның ішінде:

1) тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді көрсетуді) өткізуден түсетін табыс;

2) үйлерді, ғимараттарды, құрылыстарды, сондай-ақ амортизация-лауға жатпайтын активтерді өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін табыс;

3) міндеттемелерді есептеп шығарудан түсетін табыстар;

4) күмәнді міндеттемелер бойынша түсетін табыстар;

5) мүлікті жалға беруден түсетін табыс;

6) Қазақстан Республикасының заңдарымен провизиялар жасауға рұқсат етілген банктер мен банк операторларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жасаған провизиялардың мөлшерін азайтудан түсетін табыстар;

7) борышты талап етуді басқаға беруден түсетін табыстар;

8) кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісім үшін алынған табыстар;

9) шығып қалған тіркелген активтер құнының ішкі топтың құн балансынан асып түсуінен алынатын табыстар;

10) кен орындарын игеру зардаптарын жою жөніндегі нақты шығыстар сомасынан кен орындарын игеру зардаптарын жою қорына аударылған соманың асып түсуінен алынатын табыстар;

11) ортақ үлестік меншіктен түсетін табысты бөлу кезінде алынатын табыстар;

12) бұрын негізсіз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, борышкерлерге салынған немесе ол мойындалған айыппұлдар, өсімпұлдар және санкциялардың басқа да түрлері, егер осы сомалар бұрын шегеріп тасталмаған болса;

13) бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар;

14) өтеусіз алынған мүлік, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер;

15) дивидендтер;

16) сыйақылар;

17) бағамдық оң айырма;

18) ұтыстар;

19) роялти;

20) әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған табыстардың шығыстардан артығы қамтылады.

Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өткізуден түскен табыс ­ қосылған құн салығы мен акцизді қоспағанда өткізілген тауардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны болып саналады.

Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өткізуден түскен табыс:

1) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;

2) мәміле шарттары өзгерген;

3) өткізілген тауарлар үшін келісілген өтемдер өзгерген;

4) теңгемен төленген кезде өткізілген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) құнындағы айырма алынған жағдайларда түзетілуге тиіс.

Құн өсімінен түсетін табыс ­ үй, ғимарат, құрылыстарды, сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын басқа да активтерді өткізу кезінде құралады. Ол өсім активтерді сату құны мен олардың баланстық құны арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Егер кен орындарын игеру салаларын жою жөніндегі нақты шығыстар, аталған қорға жасалған аударымдардан төмен болса, онда айырма ­ жер қойнауын пайдаланушының жылдық жиынтық табысына енгізілуге тиіс. Салық төлеуші өтеусіз алған кез келген мүлік, сондай-ақ жұмыстар мен қызмет көрсету, оның табысы болып есептеледі.

Жылдық жиынтық табысты түзету үшін салық төлеушілердің жылдық жиынтық табысынан:

1) Қазақстан Республикасындағы төлем көзінен бұрын салық салынған, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасынан алынған дивидендтер;

2) эмитент өз акцияларын орналастыру кезінде алған олардың құнының номиналдық құнынан асып кетуі және өз акцияларын өткізу кезіндегі құн өсімі;

3) қор биржасының "А" және "В" ресми тізімдерінде тұрған акциялар мен облигацияларды өткізу кезінде құн өсімінен алынған табыс;

4) мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түскен табыстар;

5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған ретте ізгілік көмек түрінде алынған және мақсатты түрде пайдаланылған мүліктің құны;

6) мемлекеттік кәсіпорынның Қазақстан Республикасы үкіметінің шешімі негізінде мемлекеттік органнан немесе мемлекеттік кәсіпорыннан өтеусіз негізде алған негізгі құрал-жабдықтардың құны;

7) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңдарына сәйкес алынған және жеке зейнетақы есеп-шоттарына жіберілген инвестициялық табыстар алып тасталуға тиіс.

Салық төлеушінің жылдық жиынтық табыс алуына байланысты шығындары – салық салынатын табысты анықтау кезінде шегерілуге тиіс. Шегерімдерді жылдық жиынтық табысты алуға байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде салық төлеуші жүргізеді. Бұл шығыстар болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, нақты жүргізілген салық кезеңінде шегерілуге жатады. Болашақтағы кезеңдердің шығыстары қай салық кезеңге қатысты болса, сол кезеңде шегерілуі тиіс.

Егер шығыстардың бірнеше баптарында белгілі бір шығындар көзделсе, салық салынатын кірісті есептеу кезінде көрсетілген шығындар тек бір рет қана шегеріледі. Мемлекеттік бюджетке енгізілуге тиістілерін қоспағанда, жылдық жиынтық табыс табуға байланысты салынған немесе танылған айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыбы шегеріліп тасталуға тиіс.

Жылдық жиынтық табыстан салық салынатын табысты анықтау кезінде мыналар шегерімге жатады:

1) қызмет бабындағы, іссапар кезіндегі және өкілдік шығыстар өтем сомалары;

2) сыйақы бойынша шегерімдер. Сыйақылар бойынша мыналар шегерімдерге жатады:

– құрылысқа алынған және құрылыс кезеңінде төленетін кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақыны қоспағанда, алынған кредиттер (қарыздар) бойынша, оның ішінде, қаржы лизингі түріндегі сыйақы;

– сенімгерлік басқаруға алынған мүлік үшін сыйақы;

– борыштық бағалы қағаздар иесіне оларды шығару және орналастыру шарттарына сәйкес эмитент төлейтін дисконт не купон (дисконтты не сыйлықақыларды есепке ала отырып);

– дипозиттер бойынша сыйақы;

3) төленген күмәнді міндеттемелер бойынша шегерімдер;

4) күмәнді талаптар бойынша шегерімдер;

5) резервтік қорларға аударымдар бойынша шегерімдер;

6) ғылыми-зерттеу, жобалау, іздену және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстар бойынша шегерімдер;

7) сақтандыру сыйлықақылары бойынша шығыстарды шегеру сомалары;

8) әлеуметтік төлемдерге жұмсалған шығыстарды шегеру сомалары;

9) табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және оларды өндіруге әзірлік жұмыстарына жұмсалған шығыстар бойынша шегерімдер мен жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шегерімдері;

10) теріс бағамдық айырма бойынша шегерімдер;

11) салықтар шегерімі. Жылдық жиынтық табыс анықталғанға дейін есептен шығарылатын салықтарды, Қазақстан Республикасының аумағы мен басқа мемлекеттерде төленген корпорациялық табыс салығы мен табысқа салынатын салықтарды және үстеме пайдаға салынатын салықты қоспағанда, есептелген шектерде мемлекеттік бюджетке төленген салықтар шегерімге жатады.

Шегерімге жатпайтын шығыстар:

1) жылдық жиынтық табыс алуға байланысты емес шығыстар;

2) құрылысқа және тіркелген активтерді иемденіп алуға жұмсалған шығыстар мен күрделі сипаттағы басқа да шығыстар;

3) мемлекеттік бюджетке енгізуге жататын (енгізілген) айыппұлдар мен өсімпұлдар;

4) шегерімдерге жатқызудың белгіленген нормасынан асып түсетін жылдық жиынтық табыс алуға байланысты шығыcтар;

5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген нормалардан артық төленуге тиіс (төленген) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасы;

6) кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын объектілерді салу, пайдалану мен күтіп-ұстау жөніндегі шығыстар ;

7) салық төлеушінің өтеусіз негізде берген мүлкінің, орындаған жұмыстарының, көрсеткен қызметтерінің құны шегерімге жатпайды.

 

Тіркелген активтер бойынша шегерімдер

 

Тіркелген активтердің құны ­ амортизаторлық аударымдарды есептеп шығару арқылы шегерімдерге жатқызылады. Тіркелген активтер бойынша амортизациялық аударымдарды есептеу, амортизациялық ішкі топтар бойынша жүргізіледі. Амортизациялауға жатпайтын тіркелген активтерге жер, өнім беретін мал, мұражай құндылықтары, сәулет және өнер ескерткіштері, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, жағажолдар, бульварлар, скверлер, аяқталмаған күрделі құрылыс, фильм қорына жататын нысандар, инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға берілген негізгі құралдар жатады.

Әрбір топ бойынша негізгі құралдарды жөндеуге жұмсалған нақты шығыстар сомасы, топтың салық кезеңінiң соңындағы құн балансының 15 – 25% шегінде шегеріледі.

 

Салық салынатын табысты түзету

Салық төлеушінің салық салынатын табысынан салық салынатын табыстың 2 % шегінде мынадай шығыстарды алып тастауға тиіс:

1) әлеуметтік сала нысандарын ұстауға, салық төлеушінің нақты жұмсаған шығыстары;

2) коммерциялық емес ұйымдарға өтеусіз берілген мүлік;

3) жеке тұлғаларға берілген атаулы әлеуметтік көмек.

Мүгедектердің еңбегін пайдаланатын салық төлеушілер, салық салынатын табысты мүгедектердің еңбегіне ақы төлеуге шығарылған шығыс сомаларынан 2 еселенген және мүгедектерге төленетін жалақы мен басқа да төлемдердің есептелген әлеуметтік салық сомасынан 50 % мөлшеріндегі соманы азайтуға құқығы бар.

Салық төлеушілер, салық салынатын табысты үш жылдан артық мерзімге берілген негізгі құралдардың қаржы лизингі бойынша алынған сыйақы сомасына, кейіннен оларды лизинг алушыға бере отырып, азайтады.

Кәсіпкерлік қызметтен шегетін залалдар, сондай-ақ төлеушінің кәсіпкерлік қызметінде пайдаланылған үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды өткізуден шеккен залалдар – кейінгі салық кезеңдерінің салық салынатын табысы есебінен өтеу үшін, үш жылға дейінгі мерзімге, үшінші жылы қоса есептеліп, ауыстырылады.

Жер қойнауын пайдалану келісім-шарттары бойынша жүзеге асырылатын қызметке байланысты туындайтын залалдар жеті жылға дейінгі мерзімге, жетінші жылы қоса есептеліп, ауыстырылады.

Корпорациялық табыс салығын төлеушінің жүргізілген түзетулері ескерілген, шеккен залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 30 %-дық ставка бойынша салық салуға жатады.

Жеке табыс салығы

2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жеке табыс салығын төлеушінің жыл ішіндегі салық салынатын табыстарына мынадай ставкалар бойынша салық салынуы тиіс:

 

15 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін;   Салық салынатын табыс сомасынан 5 %;
15 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен 40 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін; 15 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 8 %;
40 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен 200 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін;   200 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен 600 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін; 40 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 13 %;   200 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 15 %;  
600 еселенген және одан жоғары 600 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан алынатын сомадан 20 %.

Дивидендтер, сыйақылар (жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақыларды қоспағанда) мен ұтыстар түріндегі табыстарға 15 %-дық ставка бойынша салық салынады.

2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке табыс салығы 10 %.

Осылған құн салығы

 

Қосылған құн салығы – тауарларды өндіру мен олардың айналысы процесінде қосылған, оларды өткізу бойынша салық салынатын айналым құнының бір бөлігін бюджетке аударуды білдіреді. Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиісті қосылған құн салығы, сатылатын тауарлар үшін есептелген қосылған құн салығының сомасы мен алған тауарлар үшін төленуге тиісті қосылған құн салығының сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Салық салу объектілері ­ салық салынатын айналым мен салық салынатын импорт болып табылады.

Қосылған құн салығы – төлеушілер есепке тұрған немесе тұруға міндетті тұлғалар болып табылады. Қосылған құн салығын төлеушінің тауарларды өткізу бойынша жасалған айналымы – салық салынатын айналым болып есептеледі. Оған қосылған құн салығынан босатылған және өткізу орны, Қазақстан Республикасы болмайтын айналым, қосылмайды.

Түсті және қара металдар сынығының экспортын қоспағанда, экспортқа тауарлар өткізу бойынша айналым мен халықаралық тасымалдарға байланысты орындалатын жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге нөлдік ставка бойынша қосылған құн салығы салынады.

Қосылған құн салығының ставкасы 13 %.

 

 

Акциздер

 

Қазақстан Республикасы аумағында өндіріліп, республика аумағына импортталатын мына тауарларға акциздер салынады:

1) спирттің барлық түрлері;

2) алкоголь өнімдері;

3) темекі бұйымдары;

4) құрамында темекі бар басқа бұйымдар;

5) бекіре және қызыл балық уылдырығы;

6) алтыннан, платинадан немесе күмістен жасалған зергерлік

бұйымдар;

7) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны;

8) жеңіл автомобильдер (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын автомобильдерден басқа);

9) атыс және газ қарулары;

10) газ конденсатын қоса алғанда, шикі мұнай.

Акциз ставкаларын үкімет бекітеді және тауар құнына пайызбен және заттай нысандағы өлшем бірлігіне абсолюттік сомада белгіленеді.