ХІ апта. 1 кредит-сағат

Дәріс тезисі: Оралхан Бөкеевтің шығармалары дүние жүзінің басқа да ұлт тілдеріне: орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және де басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Мысалы, «След молний», «Молодая гвардия», М, 1978; «Поющие барханы», «Советский писатель», М, 1981; «Чағылған», Қырғызстан, Фр., 1981; «След молний», Христо Данов, Болгария, 1981; «Кербұғы», Эстония, 1981; «Крик», Советский писатель, М, 1984; «Үркер ауып барады», Фольк Унд Вельт, Берлин. 1982 жылы Оралхан Бөкеевтің шығармаларынан «Кісікиік» (1985, режиссері М.Самағұлов), «Сайтан көпір» (1986, режисері Д.Манабаев) көркем фильмдері және «Кербұғы» (1986, балетмейстер б.Аюханов) балеті қойылды.1994 жылы Оралхан Бөкеевтің повестері «Таңдамалы» 1 том болып, 1996 жылы повестері мен романдары «Таңдамалы» 2 том «Жазушы» баспасында жарық көрді.1993 жылы 17 мамырда талай әңгіме, повесть, романдардың авторы, қазақ халқының маңдайына біткен шолпан жұлдызы Үндістан жерінде, Делиде дүниеден озды.

«О.Бөкей шығармаларындағы ұлт тағдыры. Жазушының «Қайдасың, қасқа құлыным?» повесіндегі Таңатардың жұмбақ өлімі, Сарқынды шал трагедиясы көп жайды аңғартады. Таудың қуысында ешкімге араласпай, жұмбақты ғұмыр кешіп жатқан Сарқынды шал неге қобызын зарлатып, қайғылы күй тартады? Оған неге Алтай күрсінеді? Әулиекөл неге тебіренеді? Сарқынды шал неге азаланады? Неге кектенеді? Жаңа туған қара қасқа құлынды қызғаныштан шыдай алмай: « Менің бабамның жылқысынан қалған тұяқ, сондықтан да менің малым» деп сары мойын кездігімен алқымынан орып жібереді. Содан кейін боз бие құлындамай бедеу қалады. Неге? Бұл арқылы автор нені меңзеп отыр.Сарқынды шал неге кектенбесін, несіне жетісіп қуансын? Кеңес үкіметі бір тұяқ қалдырмай бар жылқысын тартып алса, ауып келген кержақтар ата қонысынан қуып шығады. Өмірі жетесіз ұрпақты желкесіне мініп қартайса, азаланбай нетсін? Бұдан артық қорлық бола ма? Сарқынды шал өмірі кекпен қайнап өткен халқым болса, боз биенің бедеу қалуы – қазақтың басынан бағының таюы емес пе? Шалдың о дүниеге аттанар сәтіндегі мына толғанысына назар аударайық: « Шын жыласа соқыр көзден жас шығар болар, мен қамықсам, қызғаныштан қамықтым, мен қаралы күй тартып зарласам, ата-бабамның ақ бөкендей жосылған, жер қайыстырар жылқысын, қолында қаршыға, соңында құмай тазысы бар әкемді, сол әкемнің қырық нарға артқан зарын, қойдай өріп, жылқыдай жусайтын момақан елін елестетем». Азып-тозудың басы осы да. Ал Сарқынды шал өлерінде қобызы мен домбырасын өзімен бірге көмуді сұрайды. Неге? Салт-дәстүр, ұлттық болмысымыз, тіліміз, дініміз де солармен бірге көміліп кеткен жоқ па?

«Сайтан көпірде» адам рухының мәңгілігі мен табиғат арасындағы сабақтастық алынған. Ал Аспан шалдың «Сайтан көпірдің» бағандары ғана қалғанын көріп: «Енді кісі өлімі болмайды. Бетоннан құйып жаңасын салып алар дейсіз ғой. Ол «Сайтан көпір» емес, бірде-бір адам қорықпай, қарқ-қарқ күліп өте шығады да, Алтай жайлауынан қадір-қасиет кетеді. Адамның бойынан қатерден сескену сезімі жоғалып, мүлдем құрып бітіп, есінетер ессіздік үстемдік алады»,- деп тебіренеді. Шынымен, адамдар бойындағы қорқыныш, үрей сезімдері өлген сайын сұлулыққа, мейірімділікке , биік рухқа деген құштарлығы тұншыға береді. Ендеше, қазіргі қоғамдағы белең алған тасбауыр, безбүйректіктің бастауы да осы шығармада қылаң бермей ме? Ал повестегі көркем образды дәрежеге жеткен АНАУ, АЙҚАЙ, ЖАҢҒЫРЫҚ қазіргі қоғамдағы екіжүзділік, етектен шалушылықтың айқын көрінісі. Сондықтан да Оралханның қолданған АНАУЫ ешқандай түсіндірмені тілемейді. Халық жадында АНАУларға қандай мінез тән екені белгілі.

О.Бөкей прозасындағы миф және кейіпкер әлемі.

Әңгімедегі мифтік желі бас кейіпкер, Айпара анаға тікелей қатысты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ері Олжай мен ұлы Қайдос жауға аттанып кеткендегі ананың сырласы да, мұңдасы да дала болады. «Айпара ана әлгінде ғана көз алдынан сылаң етіп көрініс берген баян даланың бүгінгі өзгеше дидарынан тіксініп қалса керек. Дала оған біртүрлі қорқынышты елестеген. Ақселеу мен бозкөдеге оранып жатқан сахараның іңір алдындағы қан қызыл пошымы, ақырындап соққан қоңыр желмен жағаласып, жүрегіңді шымшылап, күні ертең салып ұрып келетін шерлі күйді қоздырғандай еді. Иесіз жүдеп-жадаған өмірдің үзіліп-үзіліп жетіп тұрған салқын лебі бой тоңазытып, әлдеқандай бір суық сырдан хабар жеткізіп, қызара бөртіп батып кеткен күнмен мынау елдің де бар арман-мақсаты жоғалып бара жатқан секілді; сазарып жатқан сахара қатал да суық...» Бұл – шығармадағы көркемдік аңдату, яғни табиғат мінезінен ана жақындап келе жатқан қауіпті сезеді. Мифтік сананың алғашқы дәуірінде табиғат пен адам арасындағы бірлік, яғни теңдік заңы тән екенін миф зерттеушілерінің тұжырымына сүйене отырып, Айпара ананың табиғат құбылысынан сыр түюін мифтік таным аясында түсінеміз [ «Сайтан көпір» повесіндегі сайтан көпір – мұсылмандық мифологияда айтылатын, сират көпірі, мифтік танымдық желі. Сол көпірде Аспан көшкін астында қалса, Аманды әкесінің аяқтары сол көпірден алып өткізеді.

№22 дәріс тақырыбы: Қазақ поэзиясындағы өршіл рух (Қадыр Мырза-Әлидің, М.Шахановтың шығармашылығы негізінде)