Мәлімет Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1997ж. алынды

«Оғыз-наме» көркем қара сөз, яғни проза түрінде жазылған шығарма екені даусыз. Әдеттегі прозалық шығармалардан өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда қара сөздің өзі белгілі бір ырғаққа, сөздің ішкі ұйқасына бағынатын сияқты. Мұны кезінде шежірешілер әуезді жүйеге салып, түрлі-түрлі мақаммен жыр сияқты етіп оқитын болған. Сол себепті Оғыз батыр жайындағы хикая-аңызды кейде «Оғыз-жыры» немесе «Оғыз батыр дастаны» деп те атай береді. «Оғыз-намеде» негізінен Оғыз қағанның әскери жорықтары, батырдың қан майдан соғыстағы ерлік істері мадақталады. Эпостық сарында жазылған «Оғыз-наме» хикаясының тарихи негіздерін дұрыс аңғару үшін оғыз тайпалары бірлестігі жайында бірер сөз айта кетейік. Оғыздар – ертедегі түркі тайпаларының бірі. Олар көбінесе дерлік Сырдарияның төменгі ағысы мен Қаратау бөктерін мекендеген. Ұзақ жылдар бойы көршілес тайпалармен соғысып, Арал теңізінің батысы мен Каспий теңізінің солтүстік жағалауын өздеріне қаратып алады. Кенгарпеченек бірлестіктеріне қарсы ІХ-Х ғасырларда жүргізілген осы соғыстың оқиғалары «Оғыз-наменің» сюжеттік желісіне негіз болған.

Композициялық құрылысы. Мазмұны.«Оғыз-наме» аңызының Парижде сақталған нұсқасының көлемі жағынан үлкен емес. Қолжазба 21 парақ немесе 42 бет болып келеді. Әрбір бетке 9 жолдан ғана жазылған. Мұның өзі кездейсоқ емес, «Оғыз-наме» өзінің композициялық құрылысы жағынан «Күлтегін» жырына өте-мөте ұқсас деуге болады. Бұл екі шығарманың авторлары сол дәуірдің өзіндік әдеби дәстүрін берік ұстаған сөз зергерлері болса керек. «Оғыз-наме» -қырықтан астам цикл-хикаядан тұрады. Әрбір циклда Оғыз қаған туралы белгілі бір оқиғалар баяндалады. Әр циклдың өзі үш элементті қамтиды, олар 1. Оқиғаның басталуы. 2. Оқиға желісінің ұлғайып, өрістеуі. 3. Оқиғаның түйіні, қорытынды. Бірінші циклда Ай-қаған атты анадан ғажайып сұлу бір ұл бала туылады.

Мазмұны: Ертеде күндердің бір күні

Ай қағанның көзі жайнап,

Бір ұл бала тапты.

Сол баланың жүзі көгілдір,

Аузы – оттай қызыл еді,

Көзі – ал қызыл, шашы, қасы

Қап-қара болатын,

Екінші циклда сол баланың қырық күнде өсіп, ер жете бастағаны әңгіме болады; үшінші, төртінші циклда Оғыз батырдың аң аулауға шыққаны, марал, аю, қаршыға атып алғаны, соның бәрін жеп қойған жалғыз мүйізді үрейлі жыртқышпен арпалысып, ақыры жеңіп шыққаны – қазақ ертегілеріндегідей қызықты етіп баяндалады. Бұдан кейінгі бірнеше цикл-хикая Оғыз батырдың үйленгенін, одан үш бала туылғанын баяндауға арналған; бұдан соң Оғыз аң аулап жүріп тағы бір теңдесі жоқ сұлуды көрегені, қызға ғашық болып, оған да үйленгені, одан үш ұл бала туылғаны, есімдерін «Көк» (Аспан) «Тау» және «Теңіз» деп қойғаны тартымды етіп баяндалады; Міне, содан кейін ғана жырдың негізгі оқиғалары басталады. Оғыз қаған үлкен той жасап, сонда өз халқына үндеу тастайды: «Дүниенің төрт бұрышы түгел маған бағынуы тиіс. Бізге өз еркімен бағынғандар – салық төлесін. Бағынбағандар – жауымыз болады. Оларға қарсы қисапсыз көп әскер жіберіп, құртамыз. Біздің ұранымыз, жолбасшымыз – көк қасқыр болсын» дейді қаған.

Алтын қаған басқаратын ел Оғыз қағанға елші жіберіп, көптеген алтын мен күміс, қисапсыз қазына әкеліп беріпті. Ал, енді Үрім қаған басқаратын ел Оғыз қағанның жарлығына құлақ аспапты. Оғыз қаған дереу Үрүмге қарсы соғысқа аттанады. Жолда әскер шаршап, тынығады. Таңсәріде Оғыз батыр жатқан шатырға бір жарық сәуле түседі… Бұдан кейін жырда Оғыз батырмен соғыспақ болған Урус бек (Орыс бек) туралы, оның баласы Саклаб қаланы өз еркімен бергені жайында, Еділ өзенінен Оғыз батырдың әскерін сал жасап өткізген Қыпшақ бектің тапқырлығы хақында, Қағарлұқ пен Калач бектер жөнінде айтылады.

Джурджит қағанмен болған соғыста Оғыз батырдың жеңіп шыққаны, оның үнді еліне, Тибет пен Сирияға жорықтары Масар қағанды бағындырғаны мейлінше тартымды сюжет негізінде суреттеледі.

Оғыз қағанның жанында жүрген Ұлы Түрік деген бір данышпан адам бар екен. Сол қария түсінде бір алтын садақ пен үш күміс жебе көріпті. Алтын садақ күннің шығыс жағынан батысына қарай, ал үш күміс жебе түн тарапқа (солт.ке) қарай жатыр екен. Ол өз түсін Оғыз қағанға айтып, «жаулап алған жерлеріңді ұлдарыңа бөліп бер»с дейді. Оғыз қаған бұл кеңесті мақұл көреді. Соңы: «Ей, ұлдарым менің,

Мен басымнан көп нәрсе өткіздім,

Талай-талай шайқасты көрдім.

Садақ тартып, көп оқ аттым,

Дұшпандарымды жылаттым,

Достарымды күлдірдім.

Көк Тәңірі алдындағы парызымды өтедім.

Ел-жұртымды сендерге табыс етем».