Т. Ахтанов шығармашылығының негізгі арналары мен бастыбағыттары

Заманында кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов Тахауи Ахтанов жайында «ол әдебиеттегі жаңа құбылыс» деп айтып кеткен еді.

Т.Ахтанов 1923 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүрген кезінде майдан даласына өзі сұранып аттанған.

Соғыста қолынан қаруымен бірге қаламы да түскен жоқ. Майдан газеттерінің беттерінде әдеби көркем шығармалары, өлеңдері мен очерктері жарық көрген. Кейін, 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан соң шығармашылыққа түбейгейлі бет бұрды. Алғашқы өлеңдері "Жастар дауысы" деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдеби-сын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары - проза мен драматургия.

Ең алғаш жарық көрген әңгімесі "Күй аңызы". Артынан, 1956 жылы "Қаһарлы күндер" атты романы да дүниеге келген болатын. Ал, "Дала сыры" повесі үшін Тахауи Ахтановқа Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1968 жылы жазылған "Сәуле" драмасы, одан кейінгі "Боран", "Ант", "Әке мен бала" драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. "Махаббат мұңы", "Күтпеген кездесу" драмалары, "Арыстанның сыбағасы", "Күшік күйеу" комедиялары өзге елдердің сахналарында қойылып жүр. А.Н. Толстойдың "Азапты сапарда" трилогиясын, М. Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ сөз өнері дамуы үдерісіндегі Тахауи Ахтанов шығармашылығы әдеби тек түрлері, прозалық, драматургиялық жанрлары бойынша дамып қалыптасты: біріншісі – романдары («Қаһарлы күндер», 1956; «Боран», 1963; «Шырағың сөнбесін», 1973); екіншісі– повестері («Үндістан хикаясы», 1970; «Махаббат мұңы», 1960; «Жолы болмас жігіттің», 1968);үшіншісі – әңгімелері («Алғашқы ән», 1955; «Қызғаныш», 1959; «Күй аңызы», 1960; «Жоғалған дос»,1968); төртіншісі– пьесалары («Ант»,1973; «Сәуле», 1962; «Боран», 1966; «Әке мен бала», 1975; «Махаббат мұңы», 1974; «Күтпеген кездесу», 1970; «Арыстанның сыбағасы», 1964; «Күшік күйеу», 1976); бесіншісі– әдебиет тарихындағы көрнекті ақын-жазушылар (Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тайыр Жароков, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Шерхан Мұртаза, Федор Достоевский, Антон Чехов, Шыңғыс Айтматов) шығармашылығына арналған және әдеби-сын мақалалары, сонымен бірге әдебиет пен басқа да өнер салалары туралы эсселері; алтыншысы – көркем аударма саласында А.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, А. Горькийдің әңгімелерін қазақ оқырмандарына жеткізген аудармашылығы.

Жазушы Тахауи Ахтанов – «Боран» романы үшін берілген Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Т.Ахтанов 1994 жылы дүниеден озды. "Көркем әдебиет" баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы. "Әдебиет және искусство" - "Жұлдыз" журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі" ордендерімен марапатталған. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілген.

Ерекшелік-Тахауи ұшқанмен жөнсіз аспандамайды, реализм рельсінен шықпайды, орынсыз романтикаға ұрынбайды. Бұл да қаламгер басынан кешкен қатал өмірдің өнерге көшкен өзгеше сипаты: қаһарлы жылдардағы қаһарман солдат шындықты тек шын қалпында тануға және шынайы түрде танытуға жаттыққан.

Әдебиеттің проза, драматургия, сын-зерттеу салаларында тер төгіп, құнарлы еңбек еткен (ақындықтан да қара жаяу болмаған), қазақ әдебиетінің, қазақ сахнасының мәртебесін биікке көтеруге елеулі үлес қосқан, проблемалық тақырыптар қозғалған құнды дүниелері бұрынғы КСРО-да да лайықты бағаланған, ондаған шетел тілдеріне аударылған, сондай қазыналы шығармалары үшін Мемлекеттік және өзге сыйлықтарды иеленген классик – Т.Ахтанов, ол – әрі қан кешкен майдангер. Соғысқа өзі сұранып аттанғандардың бірі Тахауи Ахтанов еді. Тахауи Ахтанов — кешегі қан кешкен солдаттар сол қанға малынған шинельдерін әлі де түгел тоздырып болмаған шақта, соғыс туралы көркем шығармаға, ең алдымен, сол от кешкендер ақиқат бағасын беретін кезде, еш үрейленбестен, еш қобалжымастан сол тақырыпта роман жазған ерекше талант.

«Қаһарлы күндер» романы бірден төрге шықты. Қазақстаннан тіке Мәскеуге жол тартты. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде «Дружба народов» журналының екі номерінде (1958, №2-3) басылып, 1958 жылы «Воениздат» баспасынан, 1960 жылы «Советский писатель» баспасынан жеке-жеке кітап болып шығып, Кеңестер Одағына кең тарады. «Қаһарлы күндер» қазақ прозасының ғана емес, күллі советтік прозаның елеулі табыстарының бірі ретінде бағаланды. Сол кездегі ең беделді сыйлық, енді ғана беріле бастаған жаңа марапат — Лениндік сыйлыққа бейімделген төрт-бес шығарманың қатарында «Қаһарлы күндер» романы да болғаны бертінде мәлім болды.

Екінші романы, кешегі өткен кеңестік заманда саяси цензураның құрығы бұғалықтай алмаған шығармалар өте аз болды. Сол аздың бірі — «Боран» романы. «Романның идеялық-көркемдік бітімінде табиғат ортасы мен мінезі, жер-су көрінісі, құбылған ауа райы айрықша қызмет атқарады. Қысқы даланың үскірік аязы мен ақ түтек бораны – шығарманың басты кейіпкерлеріне үлкен қиындық әкеліп, әрқайсысының жан дүниесіне қозғау салады. Сыртта табиғат дүлейі ысқырына соқса, кейіпкерлердің ішкі әлемі де мазасыз: ішкі-сыртқы аласапыран бірін-бірі толықтырып, күшті тартыс арнасын құрайды.

…Жазушы табиғат құбылысын осындай көркемдік мақсатта, әдеби фон ретінде алады.

Боран – әрекет, қимыл-қозғалыс.

Боран – характердің ашылу кілті.

Боран – символ кілті.

Табиғат үскірігі – бір кездері халыққа ауыр тиген заман ызғырымен де астарлас секілді. Қырылған қой – бір кездегі солақай саясат салдарынан боса көшкен бүтін бір халықтың тағдырынан да елес беріп өткендей».

Прозадағы үшінші көлемді туындысы — «Шырағың сөнбесін» романы. Тахаң баяғыда, отыз жастың маңайында жүрген шағында ұсынған «Қаһарлы күндер» романында соғыстағы тірліктің қалай болғанын, қас дұшпанмен кім қалай арпалысқанын жазса, енді елу жасқа толар шақта қағазға түсірген мына «Шырағың сөнбесін» романында соғыстың неліктен болмауы керектігін, адамзаттың неліктен соғысу үшін жаралмайтынын баян етті. Соғыс суреттерін әйелдің, анығырақ айтқанда, әйелдердің көзімен суреттейтін шығарма. Шырағың сөнбесін» романы — қазақ әдебиетінің әскери жанрдағы санаулы жәдігерлерінің бірі.

Драматургия. Тахауи Ахтановтың трагедиялық, драмалық, комедиялық пьесалары классикалық өнер дәстүрінің қазақ топырағындағы мәдени-эстетикалық даму деңгейінің көрсеткіштері. Зерттеуші драматург Тахауи Ахтанов драматургиясындағы пьесалардың XX ғасырдың 60-90 жылдарындағы қоғамдық-әлеуметтік орта шындығын бейнелеуге арналған.

Жазушы-драматург пьесаларындағы маңызды ерекшелік – қайшылықтардың, тартыстардың негізгі себепкерлері екіжүзді, қатыгез, алаяқ адамдар бейнелерінің көркем шындық поэтикасы жинақтауларымен берілгендігі. Жеке басын ғана ойлайтын өзімшіл, парықсыз, бірақ жұрт алдында «көпшіл», «ақылман» Естемесов («Күтпеген кездесу»), жаңашылдыққа жаны қас Сырдақ, жарға опасыз Жарас, жылпос Әділғазы («Сәуле»), қиянатшылдар Кемел Қаражанович, Қаздаяқ Есенович («Әке мен бала»), алаяқтар Момын, Білеубай («Арыстанның сыбағасы»), жатыпішерлер, масылдар Кубик (Көбейсін), Тюренчик (Төребек) («Күшік күйеу») – бәрі де адамдар ортасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жамандық ұғымын әр алуан сипатымен танытатындардың көркем шындықпен жинақталғандарын зерттеуші драмалық, комедиялық пьесалардағы қақтығыстардың, қайшылықтардың басты себепкерлері болып келе жатқандардың сиқын-сықпытын сахналық бейнелеулер заңдылықтарына орай талдап бағалаған.

Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романының шырағын сөндірмей, өмірді, ұрпақты жалғастырушы – осы, «СОЛ». Нәрестенің әзірге ат-есімі жоқ. Бірақ «СОЛ» аман болса, Қасымбектің шаңырағы құламайды, аты өшпейді.

Романның күллі оқиғасы әйелдің көзімен тізілгендіктен де шығар, мұнда әйелдер бейнесі – психологиясы, әсіресе, әсерлі шығыпты. Дуня апай, жоғарыда айтылған Қамқа әжей, Нәзираны қосқанда (бұл екеуін – Света мен Нәзираны бөліп қарау мүмкін емес) Света бейнелері толыққанды, кәдімгі тірі тұлғалар. Күлегеш Мусяның өзі әдемі. Жазушы мақсатының өзі осы – эвакуацияға ұшыраған әйел, бала-шағаның хал-күйін көрсету. Бірақ автордың «мені» – Нәзираның ғана етегінен ұстап, еріп кеп отырса, кітап мұнша қызғылықты оқылмас еді. Орынды-орынды шегіністер арқылы автор көп-көп жайлардан хабардар етеді. Соғысты суреттеп отырып ауыл тірлігіне ауысады; бүгінгіден өткенге, өткен күннен одан арғыға, одан қайта оралғанда айтылмыш оқиғаның (сюжеттің) жігі білінбейді. Кешегі мен бүгінгінің бірінен соң біріне «секіріп» көшкенде – арасында сына қағар саңылау қалмайды. Бәрі орынды. Зорлық жоқ, күллісі өзінен-өзі туындап жатқан жайлар.

Жыл туралы тарихи жырлар.

Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі патша өкіметінің сол жылғы 25 маусым күнгі указына («Июнь жарлығына») – қазақ, қырғық, өзбек, тәжік, түрікмен сияқты бұрын әскери қызметке алынбаған халықтардың 19-31 жас аралығындағы азаматтарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығына – байланысты шықты. Бірақ оның саяси-экономикалық себебі онан көп терең жатыр еді.

Россия ХІХ ғ.ң ақыры мен ХХ ғ.дың басынан бастап қоғамдық дамудың империалистік жолына түскен еді. Империализм дәуірінде капиталистік системаның саяси-экономикалық қайшылықтары күшейеді; жалпы дамуы тоқырайды. Осыдан ол бірте-бірте іріп-шіріп құруға бет алады.

Қазақ еңбекшілері, бір жағынан, капиталистік, ұлт-отарлық жөнмен қаналса, екінші жағынан, бектік-феодалдық жөнмен – қазақтың байлары мен феодалдары тарапынан қаналды. Халық түрлі жақтан қысым көрді; оның тынысы әбден тарылып, бойын ыза, кек кернеген еді. Осыдан, маусым жарлығы асқынған жараның аузын алу тәрізді болды.

* Қазақтың 1916 ж. көтерілісі империализм дәуірінде, империалистік соғыс кезінде шықты; еңбекші бұқараның ұлт-отарлық жөнмен, бектік-феодалдық жөнмен мейлінше қаналуы салдарынан шықты.

* Ол халықтың ұлт-азаттық көтерілісі болды; патша өкіметіне, империализмге, байлар мен феодалдарға, империалистік соғысқа қарсы бағытталды.

* Ол Россияда 1917 ж. болған буржуазиялық-демократтық революцияға әзірлік дәуіріндегі жалпы демократиялық қозғалыстың бір көрінісі болды.

ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиетіндегі ұлт азаттық көтеріліс туралы өлең, жырлар, т.б. көркем шығармалар ауыз әдебиет нұсқалары. Қазақ халқының ұлт азаттық көтеріліс туралы жырларды түгелдей сол көтерілістің басы-қасында болған, ел ішінде бұрын ауызша өлең, жыр шығарып, жыршы, жырау, өлеңші деп аталған ақындар, аузының ебі бар адамдар шығарған.

«Қара қойын көтерілісі» деген жырды шығарған Бозаев Қуанышбай деген кісі сол Қара қойынның адамы екен, ескіше шала хат таниды екен; 16 жылы көтеріліске бастан-аяқ қатынасқан, сарбаз болған. Көтерілістен бұрын ол ел ішінде болған іс, оқиғаларды суреттеп өлең шығарып, көбінше домбыраға қосып өлең айтып жүреді екен. Осыдан оны жұрт ақын деп атап кеткен екен. Көтеріліс туралы жырын Қуанышбай сол 1916 ж. кітапша етіп бастырған; сондағы «Жазушыдан» деген сөзбасында былай дейді: «1916 жылы, 25 маусымда Николай патшаның қазақтан майдан жұмыскерін аларында, мұндағы төрелер қазақты тұңғыш солдат боласыңдар деп қорқытқан кезде шығарылған өлең еді… Өлеңнің уақытындағы жазылғанынан артық, яки кеміп, өзгергені жоқ». «1916 жыл» деген поэманы шығарған Біржан Берденов, «Қоштасу» деген өлеңді шығарған Асқар деген ақын да 1916 жыл оқиғасына бастан-аяқ араласқан, майдан жұмысына барып қайтқан адамдар; Аманкелді туралы жырларды шығарған Омар Шипин, Күдері Жолдыбаев, Сәт Есембетов, «Бекболат» жырын шығарған Иса Дәукебаев Амангелді, Бекболат бастаған көтерілістердің ішінде болған ақындар.

Қазақ халқының 16 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы сол жылы, сонан кейінгі он шақты жыл ішінде ауызша шығарылған бізде бар, жиналып, басылып жүрген өлең, жырларды тақырыптарына, мазмұнына қарай мынадай топтарға бөлуге болады: 1) маусым жарлығы, халықтың сасу, дағдаруы туралы, 2) халықтың көтеріліске бел байлауы, әзірленуі туралы, 3) көтеріліс, ұрыс, қақтығыс туралы, 4) прием, азаматтардың майданға жөнелтілуі, майдан өмірі туралы өлең, жырлар. 5) майданнан елге, елден майданға хаттар деп бөлуге болады. Алғашқы топқа өлең, жырлардың көрнектілері – Жамбылдың «Патша әмірі тарылды» деген, Көбдіков Төлеу ақынның «Сарыарқаның сарыны» деген, Жиенбеков Жүсіпбектің «Июнь жарлығы» деген жырлары мен толғаулары.

Бұзаубақ патша өкіметінің империалистік соғысқа араласып, әскері майданда жеңіліске ұшырап, өзі қысылып отырғанын сондықтан оның қазақтан майданға адам алу туралы жарлық шығарғанын айта келіп:

…Ел болмас бұған солдат бергенменен,

Патшаның дегеніне жүргенменен.

Жақсылық жауыздардан қазақ таппас,

Соғысқа босқа барып өлгенменен…

Үш жүздің баласына жар салайық,

Берсең де өлдің балаңды, бермесең де

Онан да жауға қарсы ат салайық! – дейді. Осыған бүкіл елді, елдің басшы адамдарын, ер-азаматтарды – бәрін шақырады.

Омар өлеңінде июнь жарлығын жариялау үшін елге губернатордың өзі келгені, оның халықты майданға адам бер деп қысқаны, губернаторға Аманкелдінің тайсалмай қарсы сөйлегені, жар салып, халықты шақырғаны, артынша еңбекші халықтан сарбаз құрғаны баяндалады.

Құбаша өз елінің июнь жарлығын естіп, оған қарсы көтеріліс жасағалы тұрғанын хабарлайды:

Бұзылып тұр ниетіміз,

Бұрылып тұр бетіміз.

Алты бақан құрылып,

Ұлықтарға шекіміз…

Боз балалар буланды,

Қайрат тасып нұрланды.

Айнымасқа анттасып,

Шалып жатыр құрбанды – дейді.

Халықтың маусым жарлығына қарсы көтерілісін, көтерілісшілердің патша өкіметінің әскерлерімен шайқасып, ұрысын суреттейтін жыр, дастандар, Иса Дәукебаевтың «Бекболат», Жамбылдың «Зілді бұйрық», Әлтай Сүйіншалиннің «Қалаба», Бөлтірік ақынның «Ел жарыла көшкенде», Қуанышбай Бозаевтың «Қарақойын көтерілісі», Күдері Жолдыбаевтың «Аманкелдінің Торғайды алғаны», Сәт Есембетовтың «Құмкен соғысы», Омар Шипиннің «Аманкелді» деген жыр, дастандары т.б.

Иса «Бекболат» жырында Алматының қазіргі Қаскелең ауданында болған оқиғаны суреттейді. Онда халық патша өкіметінің жарлығына бірден қарсы болады; майданға адам бермейміз:

Баланы қолдан бергенше,

Қасірет-қайғы көргенше,

Патшаға қарсы тұрамыз,

Өлсек шейіт боламыз – дейді.

Бекболат тұтқында, тергеуде, дарға асыларда жасымайды, қайраттанады; оның саяси санасы өседі. Ол былай дейді:

Әуелде солдат қылып ойнатпадың,

Орысша тіл үйретіп сайратпадың,

Көзін ашып, бұл қазақ оянар деп,

Қананың аяп едің қара нанын.

Соңында: «Мені өлтіргеніңмен халықты өлтіре алмайсың. Ол кек алады, маған істегеніңді өзіңе істейді» дейді патшаға.

Жамбылдың өлеңінде Алматы облысы Ұзынағаш, Қордай жағында болған көтеріліс, Әлтай Сүйіншалинның жырында қазіргі Жамбыл облысының Мерке, Луговой, аспара – Шу жағындағы елдердің Ақкөз бастаған көтерілісі баяндалады. Ол жерде халық майданға адам беруден бас тартады; өкімет әскер жіберіп, көтерілісшілерді, халықты атқызып, шапқызады.

Бөлтіріктің Алматы обл. Кеген ауданы жағындағы елдердің жарлыққа қарсы көтеріліп, Қытайға көшкені, жолда, онда көп азап шеккені, азып-тозып, революциядан кейін отанына қайтқаны жырланады.

Омар, Күдері, Сәт ақындардың өлең, жырлары Аманкелді және оның ұрыстары туралы. Омар бұрын «Аманкелдінің айбаты», «Губернатор келгенде» деген өлеңдер және Аманкелдінің әр ұрысы туралы бөлек-бөлек өлеңдер шығарған. Отызыншы жалдары құрап, жалғастырып, қисса етіп жазып, қырық екінші жылы «Аманкелді» деген атпен бастырып шығарған.

Қиссада қазақ халқының батыр ұлы Аманкелдінің туысы, жас, жігіт шағы, әлеуметтік қызметі, өз халқының азаттығы, теңдігі үшін жүргізген күресі толық баяндалып, бейнесі шебер, жақсы жасалған.

Біржан Берденовтің «1916 жыл» деген ұзақ поэмасы мынадай бөлімдерден тұрады: «Прием», «Қызылжар казармасының тамағы», «Ұзақ жол», «Алғашқы әскер», «Майданда», «Дүрлігу», «Жаңа мекен», «Қашаға таласу», «Оқтан қорқып қашу», «Жұма күні», «Қамығу», «Газет хабары», «Мысалы», «Қозғалшы бір қаламым!», «Қайрат», «Елде қалғандарға сәлем».

Поэма бастан-аяқ автордың өзінің көзімен көргені, басынан өткені, көңіл күйі, ізгі тілегі болып келеді. Ақын әрі автор, поэманың бас кейіпкері ретінде бірте-бірте ширап өсіп, оның ой-санасы, саяси білімі артып отырады.

Қазақ халқының 16-шы жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы жырлар реалистік жырлар. Олар халықтың өмірінде, тарихында болған оқиға, авторлары басынан кешірген, көзімен көрген оқиға туралы соның үстінде, ізінше шығарылған, өмір тарих шындығын баяндайтын поэзия. Ол жырлар тек авторларды оқиғаны көзімен көріп жырлағаны, оқиғаның барлық егжей-тегжейін, жеке, ұсақ детальдарын түгел, дәл көрсеткені үшін ғана реалистік шығарма емес, сонымен бірге оларды оқиғаның негізгі саяси мәні, өмір, тарих шындығының заңдылығы дәл, терең ашылғаны үшін де реалистік поэзия болады.