Азақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгi

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 7-бап өзгертілді

7-бап. Республика Президентiнiң сыртқы саясаттағы өкiлеттiгi

1. Республика Президентi:

1) келiссөздер жүргiзедi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қояды;

2) келiссөздер жүргiзуге және Республиканың мемлекетаралық шарттарына қол қоюға өкiлеттiк бередi;

4) бекiту грамоталарына қол қояды;

5) Республика жасасқан, бекiтуге жатпайтын халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдайды;

6) Парламентке Республика жасасқан халықаралық шарттарды денонсациялау туралы ұсыныс енгiзедi.

2. Республика Президентi Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады.

3. Республика Президентi өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 8-бап өзгертілді

8-бап. Республика Президентiнiң мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн және қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы күштердiң жоғары қолбасшылық құрамын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады:

2) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген әрi мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялар алысқаннан кейiн, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;

3) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;

4) Парламент Палаталарының бiрлескен отырысының қарауына Республика Қарулы Күштерiн бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн пайдалану туралы ұсыныс енгiзедi;

5) өзiне бағынысты Республика Президентiнiң Күзет қызметiн және Республикалық ұланды жасақтайды;

6) Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiтедi;

7) Республика азаматтарын мерзiмдi әскери қызметке шақыру және мерзiмдi әскери қызметтiң қызметшiлерiн запасқа шығару туралы шешiм қабылдайды;

8) Парламент Сенатының келiсiмiмен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасын қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен;2006.11.12 № 200-III (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 265-III (бұр.ред.қара) Конституциялық заңдарымен 9-бап өзгертілді

9-бап. Республика Президентiнiң Парламентке және оның Палатасына қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Парламентке кезектi және кезектен тыс сайлау тағайындайды;

2) Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды сақтай отырып, Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын тағайындайды. Сенаттың тағайындалатын мүшелері өкілеттіктерінен айырылған немесе олардың өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда бір ай мерзімде шығып қалғандардың орнына Сенат депутаттарын тағайындайды;

3) сайлау нәтижелерi жариялаған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей Парламенттiң бiрiншi сессиясын шақырады;

4) Парламент депутаттарының Қазақстан халқына беретiн антын қабылдайды;

5) Парламент сенатының Төрағасы лауазымына кандидатура ұсынады;

6) әдетте, Парламент сессияларын ашады;

7) Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады, онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады;

8) Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады; егер Парламент Конституцияның 54-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, бір ай ішінде заңға қол қояды;

9) Парламенттiң қарауына Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы жоба беруге хақылы;

9-1) заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына заңнамалық актілер жобаларын өзінің арнайы жолдауымен енгізеді;

10) заң жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге, сондай-ақзаң жобасын қарауды шұғыл деп жариялауға, яғни Парламенттiң осы жобаны оның енгiзiлген күнiнен бастап бiр ай iшiнде қарауға мiндеттi екендiгiн бiлдiретiн ұсыныс енгiзуге құқығы бар. Осы талапты Парламент орындамаған жағдайда Республика Президентi Заң күшi бар, Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламент жаңа Заң қабылданғанға дейiн күшi болатын жарлық шығаруға хақылы;

11) Парламент Палаталарының кез келген бiрлескен отырыстарына немесе оның Палаталарының бөлек отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар;

12) Үкiмет мүшесi заңдарды орындамаған жағдайда Сенат немесе Мәжiлiс Конституцияда көзделген тәртiппен қабылдаған Парламент Сенатының немесе Мәжiлiсiнiң оны қызметiнен босату жайындағы өтiнiшiн қарайды, сондай-ақ Парламенттiң тиiстi Палатасы Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Республика Президентiне Yкiметтiң осы мүшесiн қызметiнен босату туралы алғаш өтiнiш берген күннен бастап алты ай өткен соң ол туралы қайталап мәселе қойса, Yкіметтiң ол мүшесiн қызметiнен босатады;

13) Конституцияда көзделген тәртіппен Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 10-бап толықтырылды ; ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

10-бап. Республика Президентiнiң Үкiметке қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Парламент Мәжілісінің келiсiмiмен Республиканың Премьер-Министрiн қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады;

2) Премьер-Министрді тағайындағаннан кейінгі он күн мерзім ішінде оның енгізген ұсынысы бойынша Үкімет құрылымын айқындайды, Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады;

3) Үкiмет мүшелерiнiң антын қабылдайды;

4) жүйелi түрде Премьер-Министрдiң үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары туралы және оның барлық маңызды шешiмдерi туралы баяндамасын тыңдайды, оның барысында Премьер-Министр Үкiмет жұмысы туралы есеп бередi;

5) Премьер-Министрдiң ұсынысы бойынша Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдар үшiн қаржыландыру мен қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi;

6) аса маңызды мәселелер бойынша Үкiмет отырыстарына төрағалық етедi;

7) Үкiметке Парламент Мәжiлiсiне заң жобасын енгiзудi тапсырады;

8) Республика Үкіметі мен Премьер-Министрі актiлерiнiң күшiн жояды не толық немесе iшiнара тоқтата тұрады;

9) егер Үкiмет пен оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыруы мүмкiн емес деп санаса, немесе егер Парламент Мәжілісі не Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiрсе, олар мәлiмдеген орнынан түсуi туралы, сондай-ақ Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспейтiн немесе оны жүргiзбей отырған Үкiмет мүшесi мәлiмдеген орнынан түсуi туралы шешiмдi қабылдайды;

10) Үкiмет немесе оның кез келген мүшесi мәлiмдеген орнынан түсудi он күн мерзiм iшінде қабылдайды немесе қабылдамай тастайды;

11) Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуiн қабылдамай тастаған ретте оларға өз мiндетiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады;

12) өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату, Премьер-Министр мен Үкiметтiң кез келген мүшесiн қызметтен босату туралы шешiм қабылдауға хақылы;

13) өз актiлерiмен Үкiметке Республика Конституциясы мен заңдарында белгiленгеннен басқа атқару мiндеттерiн жүзеге асыруды жүктеуге хақылы;

14) Республика Үкiметiне заң шығару тапсырмаларын бередi.

11-бап. Республика Президентiнiң Конституциялық Кеңеске қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен екi мүшесiн қызметке тағайындайды, конституциялық заңға сәйкес оларды мерзiмiнен бұрын қызметтен босатуға хақылы;

2) Республика Конституциясының 72-бабында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңеске өтiнiш білдіредi;

3) Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толық немесе оның бiр бөлiгiнде қарсылықтар енгiзедi.

 

ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

12-бап. Республика Президентінің соттарға және судьяларға қатысты өкілеттіктері Республика Президенті:

1) Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесін негізге ала отырып, Республика Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын қызметке сайлау және қызметтен босату үшін Парламент Сенатына ұсынады;

2) Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

 

13-бап. Республика Президентiнiң прокуратура органдарына қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Парламент Сенатының келiсiмiмен Республиканың Бас Прокурорын бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады.

2) Бас Прокурордың ұсынысы бойынша Республика Бас Прокурорының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

3) әр тоқсанда кемiнде бiр рет Бас Прокурордың елдегi заңдылықтың жай-күйi туралы есебiн тыңдайды.

ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

14-бап. Республика Президентiнiң Орталық сайлау комиссиясына қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін тағайындайды;

2) Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереженi бекiтедi;

3) Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының тағайындалған республикалық референдумға, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға әзiрлiк барысы туралы және референдум мен сайлау нәтижелерi жөнiндегi хабарламасын тыңдайды.

ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

15-бап. Республика Президентiнiң Ұлттық Банкке қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Парламент Сенатының келiсiмiмен Республика Ұлттық Банкiнiң Төрағасын қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады;

2) Ұлттық Банк Төрағасының ұсынысы бойынша Ұлттық Банк Төрағасының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

3) әр тоқсанда кемiнде бiр рет Ұлттық Банк Төрағасының Республика Ұлттық Банкiнiң жұмысы туралы есебiн тыңдайды.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 16-бап өзгертілді

16-бап. Республика Президентiнiң Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiне қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды, оларды қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатуға хақылы;

2) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы Ереженi бекiтедi;

3) әр тоқсанда кемiнде бiр рет Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi Төрағасының Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң жұмысы туралы хабарламасын тыңдайды.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 17-бап толықтырылды; ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 17-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

17-бап. Республика Президентiнiң әкiмдерге қатысты өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының әкімдерін қызметке тиісінше облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының келісімімен тағайындайды;

2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жояды не толық немесе iшiнара тоқтата тұрады;

3) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша әкiмдерге тапсырмалар бередi және олардың орындалуы жөнiнде әкiмдердiң есебiн тыңдайды;

4) өз қалауы бойынша әкiмдердi қызметiнен босатуға, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының әкiмдерiне тиiстi мәслихаттар өз депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен сенiмсiздiк бiлдiрген жағдайда, оларды қызметтерiнен босатуға хақылы.

4-1) аудандардың, қалалардың (астана мен республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда), қалалардағы аудандардың, ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың, селолардың (поселкелердiң) әкiмдерiн тағайындаудың немесе сайлаудың тәртiбiн белгiлейдi.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 17-1-баппен толықтырылды

17-1-бап. Республика Президентiнiң өзiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдарға қатысты өкiлеттiгi

1. Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшыларының өкiлеттiгi жаңадан сайланған Президент қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады. Бұл орайда олар Мемлекет басшысы осы органдардың басшыларын тағайындағанға дейiн өз мiндеттерiн атқара бередi.

2. Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшыларының ұсынуы бойынша Республика Президентi:

1) осы мемлекеттiк органдар туралы ережелердi, олардың құрылымы мен жалпы штат санын бекiтедi;

2) егер Республика Президентi өзгеше белгiлемесе, Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн органдар басшыларының орынбасарларын, осы органдар ведомстволарының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

3) аталған мемлекеттiк органдардың ведомстволарын құрады, таратады және қайта ұйымдастырады. Егер Республика Президентi өзгеше белгiлемесе, бұл ведомстволар орталық атқарушы органдардың ведомстволары үшiн көзделген мәртебенi иеленедi.

3. Республика Президентi өзi белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшыларының аталған органдардың жұмысы туралы есептерiн тыңдайды.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 18-бап толықтырылды

18-бап. Республика Президентiнiң республикалық референдумға қатысты өкiлеттiгi

1. Республика Президентi конституциялық заңға сәйкес өз бастамасы бойынша, Парламенттiң, Үкiметтiң немесе сан жағынан облыстардың, Республика астанасы мен республикалық маңызы бар қалалардың бәрiн бiрдей дәрежеде бiлдiретiн Республиканың сайлау құқығы бар кем дегенде екi жүз мың азаматының бастамасы бойынша республикалық референдум өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

2. Республика Президентi Парламенттiң, Үкiметтiң немесе Республика азаматтарының референдум өткiзу туралы бастамасы бойынша мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

1) референдум өткiзу туралы;

2) референдум өткiзбей-ақ, оның мәнi ретiнде ұсынылып отырған мәселе жөнiнде Республика Конституциясына, конституциялық заңына, заңына өзгертулер мен толықтыруларды немесе өзге шешiмдi қабылдау қажеттiгi туралы;

3) референдум өткiзу туралы ұсынысты қабылдамай тастау туралы. Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк дауысымен Парламент Конституцияға осы өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi бұл заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады.

3. Референдум бастамашыларының келiсiмiмен Республика Президентi оны өткiзгенге дейiн оның бастамашыларының өз еркiн неғұрлым анық бiлдiруi үшiн референдумға ұсынылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымын нақтылауға хақылы.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 ; 2007.19.06. № 265-III (бұр.ред.қара) Конституциялық заңдарымен 19-бап өзгертілді

19-бап. Республика Президентiнiң өзге де өкiлеттiгi

Республика Президентi:

1) жыл сайын Қазақстан халқына елдегi жағдай және Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы ауызша не жазбаша жолдау арнайды. Егер арнау Парламент сессияда жария етiлсе, ол талқыланбайды, ол бойынша сұрақ қойылмайды;

2) стратегиялық жоспарларды, республикалық бюджеттi және оның орындалуы туралы есептi әзiрлеу тәртiбiн белгiлейдi, мемлекеттiк бағдарламалар мен стратегиялық жоспарларды бекiтедi;

3) Республиканың мемлекеттiк наградаларымен марапаттайды және құрметтi, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi; аталған наградалардан, атақтардан, шендерден, дәрежелер мен сыныптардан айырады;

4) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, оны сақтау және одан шығу, Республика азаматтығын қалпына келтiру туралы шешiм қабылдайды;

5) саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;

6) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;

7) Республика Мемлекеттiк хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды;

8) ұлттық валютаның қолданылу тәртiбiн, мерзiмi мен шарттарын белгiлейдi;

9) Президент Әкімшілігін жасақтайды; Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады;

10) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;

11) мәслихат өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатады;

12) Республика Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

III тарау