V. Өндiрiстiк кооператив

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 96-бап өзгертiлдi

96-бап. Өндiрiстiк кооператив туралы жалпы ережелер

1. Азаматтардың бiрлескен кәсiпкерлiк қызмет үшiн мүшелiк негiзде олардың өз еңбегiмен қатысуына және өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк жарналарын бiрiктiруiне негiзделген ерiктi бiрлестiгi өндiрiстiк кооператив деп танылады.

2. Кооператив мүшелерi екеуден кем болмауға тиiс.

3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелерi кооператив мiндеттемелерi бойынша Өндiрiстiк кооператив туралы заңда көзделген мөлшер мен тәртiп бойынша қосымша (жәрдем беру) жауапты болады.

4. Өндiрiстiк кооперативтiң және оның мүшелерiнiң құқықтық жағдайы осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 97-бап өзгертiлдi

97-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысы

Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа кооператив мүшелерi жарнасының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна қосу тәртiбi және олардың жарналарды енгiзу жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооператив қызметiне оның мүшелерiнiң еңбекпен қатысу сипаты мен тәртiбi және олардың жеке еңбекпен қатысуы жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтiң таза табысын бөлу тәртiбi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бiрауыздан немесе бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөнiндегi шешiмдер қабылдау тәртiбi туралы ережелер болуға тиiс.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 98-бап өзгертiлдi

98-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң мүлкi

1. Өндiрiстiк кооперативтiң меншiгiндегi мүлiк, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң пайларына олардың жарналарына барабар бөлiнедi.

2. Кооператив таза табысы оның мүшелерi арасында, егер кооператив жарғысында өзгеше тәртiп көзделмесе, олардың еңбекке қатысуына сәйкес бөлiнедi.

3. Өндiрiстiк кооператив таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда кооператив мүшесiнiң өз пайын бөлiп алуға құқығы бар.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 99-бап өзгертiлдi

99-бап. Өндiрiстiк кооперативтi басқару

1. Өндiрiстiк кооперативтi басқарудың жоғары органы оның мүшелерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.

Өндiрiстiк кооперативте кооперативтiң атқарушы органдарының қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын қадағалау кеңесi құрылуы мүмкiн. Қадағалау кеңесi мүшелерiнiң өндiрiстiк кооператив атынан әрекет жасауға құқығы жоқ.

Басқарма және (немесе) оның төрағасы кооперативтiң атқарушы органдары болып табылады. Олар кооператив қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және қадағалау кеңесi мен кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысына есеп бередi.

Тек кооператив мүшелерi ғана қадағалау кеңесi мен өндiрiстiк кооператив басқармасының мүшесi бола алады. Кооператив мүшесi бiр мезгiлде қадағалау кеңесiнiң мүшесi және басқарма мүшесi бола алмайды.

2. Өндiрiстiк кооперативтi басқару органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және кооператив атынан әрекет жасау тәртiбi заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.

3. Өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының ерекше құзыретiне мыналар жатады:

1) кооператив жарғысын өзгерту;

2) атқарушы, тексерушi органдарды және қадағалау кеңесiн құру мен олардың мүшелерiн керi шақырып алу;

3) кооператив мүшелерiн қабылдау және шығару;

4) кооперативтiң қаржы есебiн бекiту және оның таза табысын бөлу;

5) кооперативтi қайта құру мен таратуды шешу.

Жалпы жиналыстың ерекше құзыретiне заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында басқа мәселелердi шешудi де жатқызуы мүмкiн.

Жалпы жиналыстың немесе кооперативтiң қадағалау кеңесiнiң ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi олар кооперативтiң атқарушы органдарының шешуiне бере алмайды.

4. Жалпы жиналыс шешiмдер қабылдаған кезде кооператив мүшесiнiң бiр даусы болады.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 ; 2007.07.08 № 321-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 100-бап өзгертiлдi

100-бап. Өндiрiстiк кооперативке мүшелiктiң тоқтатылуы

1. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi кооперативтен өз қалауымен шығуға құқылы. Бұл ретте оған оның жарнасы төленуге немесе берiлуге, сондай-ақ жарғыда көзделген басқа төлемдер төлеу жүзеге асырылуға тиiс.

Кооперативтен шығатын мүшеге жарна мен басқа мүлiк есептi кезең аяқталып, кооперативтiң қаржы есебi бекiтiлгеннен кейiн берiледi.

2. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi өзiне кооператив жарғысында жүктелген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, сондай-ақ заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында көзделген басқа да реттерде жалпы жиналыстың шешiмi бойынша кооперативтен шығарылуы мүмкiн.

Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелiгiнен шығарылғаны үшiн сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi кооперативтен соған ұқсас кооперативке мүше болуына байланысты жалпы жиналыстың шешiмi бойынша шығарылуы мүмкiн.

Өндiрiстiк кооперативтiң одан шығарылған мүшесi өз жарнасын және осы баптың 1-тармағына сәйкес кооператив жарғысында көзделген басқа да төлемдердi алуға құқылы.

3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi өз жарнасын немесе оның бiр бөлiгiн, егер осы Кодексте, заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооперативтiң басқа мүшесiне беруге құқылы.

Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi болып табылмайтын азаматқа жарнаны (оның бiр бөлiгiн) беруге , егер заңна­ма­лық актілерде өзгеше көзделмесе, кооперативтiң келiсуiмен ғана рұқсат етiледi. Бұл ретте осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспа­ғанда, кооперативтiң басқа мүшелерi мұндай жарнаны (оның бiр бөлiгiн) сатып алуды басым құқықты пайдаланады.

4. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерi, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, кооператив мүшесi етiп қабылдануы мүмкiн. Қайтыс болған кооператив мүшесiнiң мұрагерi кооперативке кiруден бас тартқанда немесе кооператив мұрагердi қабылдаудан бас тартқанда оған мүлiктегi қайтыс болған кооператив мүшесiнiң пайына бара-бар үлес, сондай-ақ кооперативтiң таза табысының қайтыс болған адамға тиесiлi бөлiгi және кооператив қызметiне қосқан жеке еңбегi үшiн сыйақы төленедi.

5. Өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарнасынан оның жеке борышын өндiрiп алуға оның мұндай борышты заң құжаттары мен кооперативтiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша жабу үшiн басқа мүлкi жетпеген жағдайда ғана жол берiледi.

 

101-бап. Өндiрiстiк кооперативтi қайта құру және тарату

1. Өндiрiстiк кооператив өз мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша ерiктi түрде қайта құрылуы және таратылуы мүмкiн.

Өндiрiстiк кооперативтi қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртiбi осы Кодексте және басқа заң құжаттарында белгiленедi.

2. Өндiрiстiк кооператив өз мүшелерiнiң бiрауызды шешiмi бойынша шаруашылық серiктестiгi болып қайта құрылуы мүмкiн.