Сақтау туралы жалпы ережелер

768-бап. Сақтау шарты

1. Сақтау шарты бойынша бiр тарап (сақтаушы) оған екiншi тараптың (жүк берушiнiң) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйiнде қайтаруға мiндеттенедi.

2. Сақтау шарты зат сақталуға берiлген кезден бастап жасалған деп танылады.

3. Қозғалмайтын мүлiктi күзетуге осы тараудың күшi қолданылмайды.

769-бап. Затты сақтауға қабылдау туралы шарт

1. Сақтауды кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыратын сақтаушы шарт бойынша өзiне жүк берушiнiң затын сақтауға қабылдау және жүк берушiнiң берген затын осы тараудың ережелерiне сәйкес сақтау мiндеттемесiн өз мойнына алуы мүмкiн.

2. Шарт бойынша өзiне затты сақтауға қабылдау мiндеттемесiн алған сақтаушының бұл заттың өзiне сақтауға берiлуiн талап етуге құқығы жоқ. Алайда шартта көзделген мерзiмде затты сақтауға бермеген жүк берушi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сақталмай қалуға байланысты келтiрiлген залалдар үшiн сақтаушының алдында жауапты болады.

3. Егер жүк берушi сақтаушының қызметiнен бас тартқандығы туралы қисынды мерзiмде мәлiмдеген болса, ол затты сақтауға бермегенi үшiн жауапкершiлiктен босатылады.

4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шартта келiсiлген мерзiмде зат сақталуға өткізілмеген, ал бұл мерзiм шарт жасалған күннен бастап отыз тәулiк өткенге дейiн белгiленбеген жағдайларда сақтаушы затты сақтауға қабылдау мiндетiнен босатылады.

770-бап. Затты сақтауға қабылдау мiндетi

Өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне қарай сақтауды жүзеге асыратын сақтаушының, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, техникалық мүмкіндік бола тұра затты сақтауға қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда сақтау шарттары жария деп танылады (осы Кодекстің 387-бабы).

771-бап. Заттарды иесіздендіріп сақтау

1. Иесiздендiрiп сақтау кезiнде сақтауға алынған заттар басқа жүк берушiлердiң сол тектес және сапасы сондай заттарымен араласып кетуi мүмкiн. Жүк берушiге заттар сол тектес және сапасы сондай тең немесе тараптардың келiсiлген мөлшерiнде қайтарылады.

2. Заттарды иесiздендiрiп сақтау кезiнде, егер заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленсе, заттар осы тектес және сапасы сондай заттардан оқшау ұсталуға тиіс.

772-бап. Сақтау шартының нысаны

1. Сақтаушының нөмiрлер, жетондар және басқа да заңды деп танылған белгiлер беруi арқылы заттарды қысқа мерзiмге сақтауға сақтау камераларына және вокзалдардың, әуежайлардың, мекемелердiң, кәсiпорындардың, театрлардың, мұражайлардың, стадиондардың, асханалардың және т.б. киiм iлгiштерiне өткiзулердi қоспағанда, сақтау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.

2. Егер сақтауға алынған заттар сақтаушы жүк берушiге сақтау қолхатын, түбіртек, куәлік, сақтаушы қол қойған өзге де құжаттар беру жолымен куәландырылған болса, шарттың жазбаша нысаны сақталған болып есептеледi.

3. Тұрмыстық қызмет көрсету түрiндегi сақтау шарты ауызша нысанда жасалуы мүмкiн.

4. Сақтауға алынған зат пен сақтаушы қайтарған заттың бірдейлігі туралы дау туған жағдайда куәгерлік айғақтарға жол берiледi.

5. Заттарды төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны және басқалар) кезiнде сақтауға өткiзу, шарттың жазбаша нысаны болмаған жағдайда сақтауға өткiзiлген заттардың құнына қарамастан куәгерлiк айғақтар бойынша дәлелденуi мүмкiн.

773-бап. Сақтау мерзiмi

1. Егер зат талап етiлмелi сақтауға немесе мерзiмi көрсетiлмей өткiзiлген болса, сақтаушы осындай жағдайлардағы заттың әдеттегi сақталу мерзiмi өткен соң жүк берушiнiң заттарды қайтып алуын талап етуге құқылы, бiрақ жүк берушiге затты қабылдап алуға жететiндей қисынды мерзiм беруге мiндеттi.

2. Жүк берушi шарт бойынша сақтаудың өзге мерзiмi көзделгенде де кез келген уақытта сақтаушыдан затты талап етуге құқылы. Алайда бұл жағдайда жүк берушi, егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтаушыға мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын, тоқтатылуынан туған залалдарды өтеуге мiндеттi.

774-бап. Сақтаушыға сыйақы беру және оның шығындарын өтеу

1. Сақтау шарты бойынша сақтаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi тараптардың келiсiмiмен белгiленедi. Заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда сыйақының мөлшерi таксалар, ставкалар, тарифтер бойынша айқындалуы мүмкiн.

2. Тараптардың келiсуiмен немесе заң актiлерiмен сақтаудың тегiн түрi шарттастырылуы мүмкiн. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушi сақтаушыға заттарды сақтау үшiн қажеттi, нақты жұмсалған шығындарды өтеуге мiндеттi.

3. Егер заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмеген болса, сақтаушыға сақтағаны үшiн сыйақы сақтау аяқталған соң, ал егер кезең бойынша төлеу көзделген болса - әрбiр кезеңнiң аяқталуы бойынша төленуге тиiс. Егер сақтау, шартта белгiленген сақтау мерзiмiнен бұрын тоқтаса, сақтаушыға сыйақының соған мөлшерлес бөлiгi төленуi тиiс.

4. Егер шартта көзделген мерзiм өткеннен кейін сақтауда тұрған затты жүк беруші қайтарып алмаған болса, ол сақтаушыға затты бұдан әрi сақтағаны үшiн сол бұрынғы мөлшерде сыйақы төлеуге мiндеттi.

5. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтау бойынша шығындар сыйақының сомасына енгiзiледi. Төтенше шығындар сыйақының сомасына немесе шартта көзделген шығындардың құрамына кірмейдi деп ұйғарылады.

775-бап. Сақтаушының заттардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi міндеттерi

1. Сақтаушы өзiне берiлген заттардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн шартта көзделген, сондай-ақ басқа да қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.

2. Егер сақтау тегiн жүзеге асырылатын болса, сақтаушы сақтауға алынған затқа өз заты сияқты қамқорлық жасауға мiндеттi.

3. Зат оның табиғи бұзылуы немесе табиғи кемуi ескерiле отырып сақтауға қабылданған күйiнде қайтарылуға тиiс.

4. Шартта көзделген, сондай-ақ, егер затты пайдалану оның сақталуын қамтамасыз етуi үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, сақтаушының затты пайдалануға құқығы жоқ.

5. Сақтаушы затты қайтарумен қатар, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, оны сақтау уақытында алынған нәтижелер мен кiрiстердi де беруге құқылы.

776-бап. Сақтау жағдайларын өзгерту

1. Затты сақтаудың сақтау шартында көзделген жағдайларын өзгерту қажет болған кезде сақтаушы бұл туралы жүк берушiге дереу хабарлауға және оның жауабын күтуге мiндеттi.

2. Заттың жоғалу және бүлiну қаупi туған жағдайда сақтаушы жүк берушiнiң жауабын күтпестен, сақтаудың шартта көзделген әдiсi мен орнын өзгертуге мiндеттi (осы баптың 1-тармағы).

3. Егер зат сақталу кезiнде бүлiнуге ұшыраса немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейтiн және жүк беруші тарапынан шаралар қолдануды күтуге болмайтын басқа жағдайлар туындағанда, сақтаушы сақтау және сату бойынша өз шығындарын өтей отырып, затты немесе оның бiр бөлiгiн сатуға құқылы.

777-бап. Затты үшiншi тұлғаға сақтауға беру

1. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмеген болса, сақтаушының жүк берушiнiң келiсiмiнсiз, егер бұл орайда жүк берушiнiң мүдделерiндегi қажеттiлiк тумаса және сақтаушы оның келiсуiн алу мүмкiндiгiнен айырылса, затты үшiншi тұлғаға беруге құқығы жоқ. Заттың үшiншi тұлғаға берiлгендiгi туралы сақтаушы дереу жүк берушiге хабарлауға мiндеттi.

2. Сақтаушы затты сақтауға берген үшiншi тұлғаның iс-әрекетi үшiн жауап бередi.

778-бап. Сақтаушының заттың сақталмағандығы үшiн жауапкершiлiгi

Сақтаушы сақтауға алған заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi. Егер ол заттың жоғалуы, кем шыққаны немесе бүлiнуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдесе, жауаптылықтан босатылады.

779-бап. Сақтаушы-кәсiпкердiң жауапкершiлiгi

1. Сақтауды өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне орай жүзеге асыратын тұлға, тек заттың жоғалуы, кем шығуы немесе бүлiнуi дүлей күштiң салдарынан не заттың өзiне тән ерекшелiгiнен, не жүк берушiнiң қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан болған жағдайларда ғана заттың сақталмағаны үшiн жауаптылықтан босатылады.

2. Егер шартта көзделген сақтау мерзiмi немесе осы Кодекстiң 773-бабында белгiленген тәртiппен сақтаушы көрсеткен мерзiм өткен соң жүк берушi затты қайтарып алмаған болса, оның тарапынан қасақана пиғыл немесе өрескел абайсыздық болғанда ғана сақтаушы бұл заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.

780-бап. Сақтаушының жауаптылық мөлшерi

1. Заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушiге келтiрiлген шығындарды, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 350-бабына сәйкес сақтаушы өтейдi.

2. Егер шартта немесе сақтаушы берген өзге де жазбаша құжатта көрсетiлгендей сақтауға өткiзу кезiнде затқа баға беру жүргiзiлген болса, сақтаушының жауаптылығы баға сомасының негiзiнде айқындалады.

3. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушiге заттың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген залалдар:

1) затты жоғалтқаны және оның кем шыққаны үшiн - жоғалған немесе кем шыққан заттың құны мөлшерiнде;

2) заттың бүлiнгенi үшiн - оның құны төмендеген соманың мөлшерiнде өтеледi.

4. Егер сақтаушы жауап беретін заттың бүлінуі салдарынан, зат сапасының соншалықты өзгергендiгiнен оны бастапқы мақсат бойынша пайдалану мүмкін болмайтын жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi одан бас тартуға және сақтаушыдан бұл заттың құнын өтеуді, сондай-ақ басқа да залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

781-бап. Затты алу мерзiмдерiн бұзудың зардабы

1. Жүк берушi осы Кодекстiң 773-бабында көзделген мерзiм аяқталғаннан кейiн сақтауға берiлген затты қайтарып алуға мiндеттi.

2. Жүк берушi өз затын алудан жалтарған жағдайда сақтаушы кемiнде бiр ай бұрын ескерткеннен кейiн, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде көзделген тәртiппен затты сатуды талап етуге құқылы.

3. Затты сатудан түскен сомалар сақтаушыға тиесiлi сома шегерiлiп тастап жүк берушiге берiледi.

782-бап. Сақтаушыға келтiрiлетiн залалдардың орнын толтыру

Егер сақтаушы заттың сақтауға қабылдағанда бұл ерекшелiктер туралы бiлмесе және бiлуi тиiс болмаса, жүк берушi сақтаушыға заттың өз ерекшелiктерiнен туындаған залалдардың орнын толтыруға мiндеттi.

783-бап. Сақтау туралы жалпы ережелердi оның жекелеген түрлерiне қолдану

Егер осы Кодекстiң 784-802-баптарында көзделген сақтаудың жекелеген түрлерi туралы ережелерде және (немесе) басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, сақтау туралы жалпы ережелер оның жекелеген түрлерiне қолданылады.