Көтермелеулерді қолдану тәртібі

 

47. Командирлер (бастықтар) көтермелеулерді жекелеген әскери қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің, әскери бөлімнің (кеменің) барлық жеке құрамына қатысты қолдануы мүмкін.

Көтермелеу түрін айқындаған кезде әскери қызметшінің сіңірген еңбегінің немесе ерекшелігінің сипаты, сондай-ақ оның әскери қызметке деген бұрынғы көзқарасы назарға алынады.

Әскери қызметшінің дәл сондай ерекшелігі үшін тек бір көтермелеу жариялана алады.

48. Тәртіптік жазасы бар әскери қызметші бұрын қолданылған жазасын алып тастаумен көтермеленеді. Тәртіптік жазаны алып тастау құқығы жазаны қолданған командирге (бастыққа), сондай-ақ жоғары тұрған тікелей бастыққа тиесілі болады.

Көтермелеу түрінде бір уақытта тек бір тәртіптік жазаны алып тастау мүмкін болады, бұл ретте көтермелеудің осы түрімен көтермелеулердің басқа түрлері қолданылмайды.

Командирдің (бастықтың) тәртіптік жазаны өзінің тәрбиелік рөлін атқарса, әскери қызметші жаңа теріс қылық жасамаса және өз тәртібін әскери борышын адал орындаумен түзесе, оны алты ай өткенге дейін алып тастауға құқығы бар.

49. Көтермелеу – алғыс жариялау – жекелеген әскери қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің, әскери бөлімнің барлық жеке құрамына қатысты қолданылады.

50. Көтермелеу – әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге босату – мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне, сондай-ақ әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қатысты қолданылады және әскери қызметшінің мүдделерін ескере отырып, әскери бөлімнің командирі (бастық) белгілеген күндерде жүргізіледі.

51. Көтермелеу – грамотамен, бағалы сыйлықпен наградтау – барлық әскери қызметшілерге қатысты қолданылады. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, бұдан басқа, ақшалай сыйлықақымен де наградталуы мүмкін. Грамотамен, бағалы сыйлықпен немесе ақшалай сыйлықақымен наградтау алғыс жариялаумен бір уақытта қолданылуы мүмкін, бұл ретте грамотамен жекелеген әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамы наградталады.

52. Көтермелеу – әскери қызметшінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындауы туралы және алған көтермелеулері туралы хабарлау – мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қолданылады, бұл ретте әскери қызметшінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындағаны туралы және алған көтермелеулері туралы мақтау қағазы жіберіледі.

53. Көтермелеу – «ефрейтор» («аға матрос») әскери атағын беру, әскери атағын мерзімінен бұрын беру, атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір сатыға жоғары кезекті әскери атақ беру – мемлекетті қорғау, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқару немесе әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жоғары моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиет танытқан, жауынгерлік даярлықта және әскери тәртіпті нығайтуда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерге қатысты қолданылады.

54. Көтермелеу – әскери қызметшіні әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке суретімен наградтау – мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қолданылады.

Осы көтермелеу қолданылатын әрбір әскери қызметшіге әрқайсысының сыртқы жағында – кімге және не үшін тапсырылғаны туралы мәтін жазылған екі фотосурет (әскери қызметшілер салтанатты нысанда қарумен суретке түседі) тапсырылады. Фотосуреттің сыртқы жағындағы мәтін командирдің (бастықтың) қолымен және әскери бөлімнің елтаңбалы мөрімен расталады.

55. Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісімен жауынгерлік даярлықта (оқуда), қызметтік-жауынгерлік әрекетке жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібі бар әскери қызметшілер наградталады.

56. 10 тәулікке дейін қысқа мерзімді демалыс беру – жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштері бар мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қызметтегі ынта-жігері мен ерекшелігі үшін қолданылуы мүмкін.

Бөлімшелер (экипаждар, есептоптар) командирлері, взводтар командирлерінің орынбасарлары, роталар (командалар) старшиналары лауазымдарын атқарып отырған мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қысқа мерзімді демалыс жауынгерлік даярлықта, үлгілі әскери тәртіпте және өздеріне бағынысты жеке құрамды тәрбиелеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген кезде беріледі.

Көтермелеу тәртібінде қысқа мерзімді демалыс жарияланғаннан күннен бастап бір ай мерзімінен кешіктірілмей және көтермелеу жарияланған әскери бөлімде берілуі тиіс.

57. Көтермелеу – әскери бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабына енгізу мыналарға қатысты:

1) жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштерге қол жеткізген, қызмет өткеру кезінде мүлтіксіз тәртіптілік пен жоғары саналылық танытқан соңғы оқу кезеңіндегі мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне – оларды запасқа шығару алдында, ал әскери (арнаулы) оқу орындары мен оқу бөлімдерінің курсанттарына (оқушыларына, тыңдаушыларына) – оқу аяқталғаннан кейін;

2) Қарулы Күштердегі мүлтіксіз қызметі үшін, сондай-ақ әскери борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге – олардың әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімі ішінде қолданылады.

Көрсетілген көтермелеуді жариялаған кезде әскери қызметшіге әскери бөлімнің (мекеменің) Құрмет кітабына әскери қызметшінің тегін енгізу туралы әскери бөлім (кеме) командирінің қолы қойылған мақтау грамотасы тапсырылады, одан басқа мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына хабарланады.

58. Көтермелеу сап алдында немесе әскери қызметшілер жиналысында жарияланады.

Көтермелеулер туралы бұйрықтарды жариялау, сондай-ақ ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі.

Көтермелеулер туралы бұйрықты жариялаумен бір уақытта әскери қызметшілерге грамоталар, бағалы сыйлықтар немесе ақшалай сыйлықақылар, әскери қызметшілердің әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке фотосуреті, Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісі тапсырылады, сондай-ақ туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындағаны туралы және алған көтермелеулері туралы жіберілетін хабарламаның мәтіні оқылады.