ЖАҢА ЗАМАН ЭМПИРИЗМІ

Эмпиризм және сенсуализм Ф. Бэкон, Т. Гоббс, Дж. Локк,
Философ Шығармасы Тұжырымдары
Фрэнсис Бэкон (1561-1626 жж.) «Жаңа Органон», «Жаңа Атлантида» - ғылыми білімнің міндеті, адамзат ұрпағына пайда алып келу. Барлық ғылымдардың ортақ мақсаты – адамның табиғатқа билігін одан әрі нығайта түсу. «Білім - күш» Жаңа ғылымның практикалық мәні мен бағытылығы айқындалған. Ғылым – бұл құрал, өзіне өзі мақсат емес, оның мақсаты табиғи құбылыстардың себептілік байланысын ашу, өйткені бұл құбылыстарды адамзат игілігі үшін пайдалану мақсатында қажет. - адам табиғатқа үстемдік жүргізу үшін, ғылыми танымның әдістерін өзгерту қажет. Барлық таным, барлық жаңалық тәжірбиеге сүйенуі қажет. Ол тәжірбиенің екі түрін көрсетті: 1) «жемісті» тәжірибе, оның мақсаты – адамға қажетті пайданы көздеу, 2) «сәулелі» тәжірибе, ол тек заттар мен құбылыстардың заңдылықтарын ғана танумен шектеледі. - ғылыми дәстүрді қалпына келтірудің логикалық негіз ретінде индукция теориясын алды. Индукцияның алғышартын тәжірбиені аналитикалық тұрғыдан ұғыну құрайды. - ғылыми дәстүрді қалпына келтіру арқылы бос елестерден, қателіктерден тазарту керек деп тұжырымдады. Осыған байланысты ол таным жолына кедергі келтіретін – төрт түрлі «елестер» (қате бейнелер) немесе себептердікөрсетті. Олар: «тектік елестері» (адам табиғатына тән ой қабілеттерінен), «үңгір елестері» (ғалымдардың жекелеген топтарына немесе жеке адамдар тобына тән қателіктерден туады), «алаң елестері» (түсіндіру барысында тілдің шикілігі мен дәлелсіздігінен сөздер арқылы кеткен қателіктер) және «театр елестері» (ақылды қате көзқарастарға тәуелді етіп, бөтен біреулердің пікіріне сын көзбен қарамай қабылдау немесе тарихи қалыптасқан философиялық қағидалардың шеңберінен шыға алмай, адасу). Жалған көзқарасты жойған соң шынайы әдістің негізінде жаңа ғылым жасауға болады. Бэкон бойынша, ғылым тәжірбие фактілерінің ұтымды түрде өңделіп, пысықталуы болуы тиіс, яғни оның тұжырымдарының индукция арқылы жинаған ұғымдарға негізделген қағидалар болды. Бэконның философияны дамытудағы маңызды үлесі: - жаңа ғылыми дәстүрді қалпына келтіріп, өткен кезеңнің философиялық ілімдеріне баға берді; - табиғатқа материалистік түсініктерін қалыптастырды, материяға – бөлшектердің жиынтығы, табиғат – денелердің жиынтығы ретінде қарауды ұсынды; - қозғалысқа материяның ажырамас бөлігі ретінде қарап, механикалық қозғалыспен шектеліп қалмай, қозғалыстың 19 түрін тапқан; - Англиядағы алғашқы капиталистік қор жинау дәуірінде ғылымға қойылған талаптарды , жаңа қажетіліктерді көрсетті.
Томас Гоббс (1588 – 1679 жж.) «Азамат туралы ілімнің философиялық элементтері» (1642), «Левиафан» (1651).   - Өз заманында пайда болған әдістерді пайдалана отырып, оларды қоғам өмірімен, адам туралы іліммен байланыстыруға тырысты. Оның ойынша, әлем – механикалық қозғалыс заңдарына бағындырылған денелердің жиынтығы. Денесіз ешбір нәрсе өмір сүрмейді. Ойды материядан ажыратуға болмайды, материя – барлық өзгерістердің субъектісі. Адамдардың рухани өмірін де қозғалыс пен күш-жігерге саяды. Олар сырттан жасалған әсерлермен тұтас айқындалатын күрделі механизм. - Таным теориясында табиғаттың сапалық алуан түрлігінің объективтік сипатын теріске шығарды, оны заттардың механикалық айырмашы-лықтарында жатқан адам сезім-түйсіктерінің қасиеті деп есептеді. Декарттың туа пайда болатын идеяларына қарсы шықты, бірақ идеяларды өңдеу туралы ілімді дамытты. Гоббс бойынша, таным идеялар көмегімен жүзеге асады. Идеялардың түптамыры тек сыртқы дүниені сезімдік қабылдау болып табылады және біздің танымымыздың да түпкі негізі. - Қоғамның пайда болуы мен дамуын жан-жақты қарастырды. Қоғамды екі дәуірге бөлді: 1) алғашқы дәуір табиғи деп аталды. Мұнда адамдар тең құқылы, барлығы заттарға тең иелік етеді. Бұл тең құқылық адамдар арасындағы қақтығысқа, соғысқа әкелді, ол адамның жер бетінен құрып кетуін әкелетін болды. 2) екіншісі азаматтық деп аталды. Онда адамдар өзара келісімге келеді, сөйтіп құқықтық қатынастарды тудырды. Жеке меншік пайда болды. Ал жеке меншікті қорғау үшін мемлекет пайда болды. Гоббс қоғамның құдіреттің күшімен орнайтындығын теріске шығарып, қоғамдық келісім теориясын жасады. Қоғамдық келісім барлық адамдардың табиғи теңдігін қамтамасыз етеді. Бұл теориясы бойынша, жеке меншік пен мемлекеттің пайда болуы заңды процесс. Оған қарсы шығуға болмайды, оған қарсы шығу адамзат табиғатына, белгілі бір заңдылыққа қарсы шығу деген сөз. Ол мемлекеттің демократиялық, аристократиялық және монархиялық үш түрін атап көрсетеді. Гоббс монархияны жақтады. Монарх ақыл-парасатына сүйене отырып, халықтың рухани материалдық жағдайына қамқорлық жасап, экономиканың дамуы мен моральдың кемелденуіне қамқорлық жасауы тиіс деген. Адамдардың табиғи келісімі негізінде мемлекет пайда болады. Мемлекет табиғи заңдар орнына қоғам заңдарын қояды.
Джон Локк (1632 – 1704 жж.) «Адамның ақылы туралы тәжірибе», «Мемлекетті басқару туралы екі трактат» - гносеологиялық және онтологиялық мәселелер қарастырылған. Декарттың туа біткен идеялар туралы ілімін теріске шығарып, тәжірбиені барлық идеялардың бірден-бір көзі деп жариялады (Tabula rasa – таза тақта). Локк тәжірбиені екіге бөлді: сыртқы және ішкі тәжірбие. Алғашқысы – сезінуге негізделген, екіншісі – рефлекске негізделеді. Идеялар сыртқы әсердің сезім органдарына әсері нәтижесінде, (сезіну идеялары), немесе жанның жай-күйіне және қызметіне бағыталған назарының нәтижесінде пайда болады (рефлекс идеялар). - Сезімдік қабылдау идеясында сапаны екіге бөлді, «бірінші ретегі», яғни, объективті, «екінші ретегі», яғни, субъективті. Объективті сапалар – заттар мен процестерге тән, ал субъективті сапа – заттардың өзіне тән сияқты, ал шындығында оларда болмайтын біздің сезім мүшелеріміз арқылы берілетін сапалар. - Биліктің бөлінісі идеясын негіздейді. Билікті заң шығару, атқарушы және федеративтік билік түрлеріне бөлген. Конституциялық монархияны жақтады.