Азақстанның саяси ойлары

Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси ойларының идеялық қайнар көздері өздерінің бастауын өткен ойшылдардың саяси көзқарастарынан және тұжырымдамаларынан алады. Олардың көпшілігі адамзат қоғамын жаңаша, әділетті негізде қайта құру туралы армандаған еді. Осы орайда адамзат өркениетінің қазынасына құнды үлес болып қосылған Қазақстанның қоғамдық-саяси ойының үлкен де даңқты тарихының бар екендігін атап өтуіміз қажет.

Қазақстан қоғамтанушыларының соңғы жылдардағы зерттеулері Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойдың тарихи-саяси шындықты әр түрлі қоғамдық күштердің меңгерген ерекше формасы ретінде, тарихи дамығандығын және қазақ халқының саяси санасының қалыптасуы мен дамуында зор роль атқаратындығын сендіре көрсетті. Қазақстанның алдыңғы қатарлы ойшылдары прогресс үшін, тарихи алдыңғы қоғамдық-саяси құрылыс орнату үшін күресті. Нақтылай сөз етсек, олар ХІХ ғасырдың соңынан бастап басқа халықтардың, елдердің дамыған қоғамдық-саяси ойларынан ешбір кем түспеді, кейбір мәселеде тіптен басым болғанын айтуымыз қажет.

Әрине, Қазақстандағы барлық ойшылдардың саяси көзқарастарын бір параграфта қарастыру мүмкін емес. Сондықтан бұл параграфта Орта ғасырдың және ағарту-демократиялық кейбір ойшылдардың саяси ойларын қысқаша қарастырамын.

Орта ғасырдағы Шығыстың, Қазақстанның ойшылдарының арасында Қорқыт, әл-Фараби, Ахмет Яассауи ерекше орын алады.

Қорқыт – жай ғана мифтік адам емес, ол – 8-9 ғасырда оғыз-қыпшақ тайпалары арасында Сырдария бойында өмір сүрген ойшыл, ақын-сазгер, емші. Оның үлкен еңбегі – «Қорқыт ата кітабы». Бұл кітап он екі жырдан тұрады, оғыз-қыпшақ тайпаларының бәріне бірдей түсінікті ортақ тілде жазылған.

«Қорқыт ата кітабы» – түркі тілдес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, аралас некенің, отбасылық дәстүрдің, тұлғаның қыр-сырын, салт-санасын танытатын әлеуметтік, әрі тарихи саяси мұра. Оның кітабының кейіпкерлері, соның ішінде өлең туындыларындағы кейіпкерлері оғыздар мен қыпшақтар.

Қорқыт бізге жеткен әңгімелер мен аңыздарда ұлы күйші-қобызшы ретінде, өзінің музыкасымен жауыздыққа, табиғат күштеріне қарсы тұрушы, халықтардың өзара түсіністігін нығайтушы ретінде т.с.с. болып көрсетілген. Сонымен қатар, Қорқыттың қазақ даласында әдеттегі, мейірімді бақсы болғандығын атап өтуіміз керек. «Қорқыт ата кітабының» терең әлеуметтік-саяси маңыздылығы бар[25]. Бұл кітап өзінің тарихи-саяси мазмұны, кейіпкерлері және жазылу стилі жағынан қазақтың эпостық дастандарына өте жақын тұр.

Тарихи деректер бойынша, Қорқыт ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болған, үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарған. Қорқыт адамдардың, халықтардың бостандығын, еркіндігін, достығын, жақсылығын, патриотизмі мен адамгершілікті, махаббатты, адалдықты, ептілікті, қулықты, әдептілікті, үлкенді құрметтеуді, кішіпейілдікті, т.б. толып жатқан әлеуметтік-саяси мәселелерді жырлаған. Сонымен бірге оғыз-қыпшақ жұртының дәстүрлі әлеуметтік-саяси өмірін, халықтардың, адамдардың мінез-құлқын, қарым-қатынасын, т.б. көптеген әлеуметтік-саяси түсінік-ұғымын зерттеген. Оның жырындағы ел қорғау, күллі оғыз-қыпшақ елінің топтасқан бірлігі, достығы, беріктігі, ар-намыс үшін күресу, ізгі ниетті болу, тәрбие, бейбіт өмір мәселелері жөніндегі ой-пікірлері мәңгі асыл қағида, әлеуметтік-саяси мұра. Бұл жырларында ол әлеуметтік-саяси жанжалдарды, қақтығыстар мен соғыстарды, қайшылықтарды және халықтардың, бектердің, алыптардың алауыздығын, бірікпейтіндігін, әрқайсысы жеке-дара әрекет жасайтындығын, опасыздықты, залымдықты жақсы көрсеткен. Сонымен қатар, оғыз-қыпшақ жұртының күш-қуаты, билігі, қуанышы, мақтанышы, өзге халықтар алдында мәртебесін, беделін әлеуметтік-саяси мәнмен бейнелеген.

Қорқыт жырлары азаматтарды соғыс өнерін игеруге, ар-намысты жоғары ұстауға, ел басына күн туғанда, оны ерлікпен қорғауға үндейді. Сонымен бірге ел қорғайтын жігіт пен қыздар ақылды да айлалы, қиын-қыстау шақтарды жауын ақыл-айламен алып шығатын болуы керек деген пікір, көзқарасты уағыздайды.

Тағы да айта кететін бір мәселе, Қорқыттың әлеуметтік-саяси, тәрбиелік мән-мағынасы ешқашанда жоғалмайтын өсиет-нақыл сөздері көп болған.

Сайып келгенде айтарымыз: Қорқыт дастатнының әлеуметтік-саяси сипаты идеялық бағыт-бағдарынан және шығарманың мазмұнынан анық көрініп тұр. Ол бүкіл Шығыстың, Қазақстанның әлеуметтік-саяси ойларының жинақталған ұлы тұлғасы. Қорқыттың әлеуметтік-саяси дүниетанымының негізіне: адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құндылығын көрсетуі және өмір, отан, бостандықты сүйгіштік көзқарас, қасиетпен күнделікті күйкі тірліктің аумағынан шыға білуге, қайталанбас уақытты, әлеуметтік-саяси құндылық пен идеалды қадірлеп, бағалай білуге үндеуі және сол арқылы қоғамдық өмірді мәңгілік ету идеясы жатады. Сондықтан да оның әлеуметтік-саяси идеялары тек Шығыстың ғана емес, Европа халықтарының да ортақ игілігі болып табылады. Сонымен бірге, Қорқыт жырларының әлеуметтік-саяси мән-мағынасы болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор.

Арыс пен Сырдария өзендері тоғысатын жерде орналасқан Фараб (Отырар) қаласында туған Әбу Нәсір Мұхаммед әл-Фараби (870-950) прогрессивті әлеуметтік-саяси ойдың жарқын білдірушісі болды. Ол көптеген тілдерді жете білді және ғалым-энциклопедист әрі философ болды.

Әл-Фарабидің мұрасы өте көп және алуан түрлі боп келеді. Ол сол тұста белгілі болған бүкіл білім салаларын: философияны, этиканы, әлеуметтануды, саясатты, психологияны, жаратылыстануды, музыканы т.б. зерттеді, және ол еңбектері әлеуметтік-саяси ойдың дамуына айтарлықтай рөл атқарды. Әл-Фараби 100-ден астам ғылыми еңбектер жазды, олардың кейбіреулері ғана біздерге белгілі болып отыр.

Әл-Фараби саяси ілімге де айтарлықтай үлес қосты. Ол «Рақымшыл қала тұрғындарының көзқарастары», «Саясат туралы», «Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету туралы» және т.б. еңбектерінде пайымдалған.

Әл-Фараби өзінің саяси ілімдерімен тығыз байланысқан философия мен этикадан көптеген шығармалар жазды. Белсенді сана жетелейтін адамның шығармашылық қызметі, әл-Фарабидің пікірінше, этика мен саясат саласындағы прогрестің алғышарты болып табылады.

«Рақымшыл қала тұрғындарының көзқарастары», «Азаматтық саясат» шығармаларында әл-Фараби орта ғасырлық Шығыста бірінші болып философияның көмегімен әлеуметтік-саяси қарама-қайшылықтармен ушыққан феодалдық қоғамның саяси және моральдық жағдайын пайымдауға талпыныс жасады. Ол рақымды істердің және дұрыс саясаттың көмегімен адамдардың бақытқа жетуін түпкі мақсат деп есептеді.

Әл-Фараби саяси мәні бойынша адамзат қоғамының бір-бірінен ерекшелену мүмкіндігін түсінді. Олардың арасында толығы да және толық емесі де бар. Толық қоғамның ұлы, орта және шағын делінетін үш түрі белгілі. Ұлы қоғам – «бұл жер бетінде тұратын барлық адамдар қауымдастығының жиынтығы», орта қоғам – «бұл бір ғана халықтан тұратын қоғам», шағын қоғам – «бұл қайсыбір халық тұратын, белгілі бір жердің бөліміне орналасқан қайсыбір қаланың тұрғындарынан тұратын қоғам».

Толық емес қоғам – бұл ауылдың тұрғындарынан, кварталды мекендейтіндерден, қайсыбір көшеде, бір үйде өмір сүретіндерден құралған қоғам. Соңғылары, – деп жазды әл-Фараби, – қоғамның төменгі сатысын құрайды, ал квартал мен ауыл екеуі бірігіп – қалаға қарайды, ауылдың қалаға қарауы оның қалаға қызмет етуімен байланысты, ал кварталдың қалаға қарауы оның бөлімін құрайтындығына байланысты.

Әл-Фараби сол дәуірде халықтар өмірінің алуан түрлілігінің себебі туралы мәселеде қабылданған ғылыми емес түсініктеме беруден алыстатуға тырысты. Халықты халықтан ерекшелейтін, – деп жазды ол «Азаматтық саясатта», – екі табиғи нәрсе: табиғи әдет-ғұрыптар және табиғи қасиеттер, сонымен қатар үшінші нәрсе ... тіл. Табиғи әдет-ғұрыптар мен қасиеттер, оның пікірі бойынша, халықтарды қайсыбір географиялық ортаның ықпалымен пайда болады. Қазақстандық ойшылдың бұл пайымдаулары қаншалықты аңғалдау болғанына қарамастан, адам және адамзаттың әдет-ғұрыптары жөнінде, өмір туралы сол тұста үстем еткен ғылыми емес түсініктермен салыстырғанда бір қадам алға басқандық еді.

Қоғамдық бірлестіктердің әр түрлі еркін, сонымен қатар халықтар арасындағы өзгешеліктерді зерттеп, әл-Фараби қоғамның құрамына да мейлінше толығырақ тоқталады. Қоғам, оның пікірінше, рақымшыл және рақымшыл емес болып бөлінетін әр түрлі қалалардан тұрады. Ең жақсы қала болып рақымшыл қала саналады. Ол өзі өмір сүрген қоғамның әр түрлі қоғамдық жіктерінің өмір салты мен мінез-құлқына толығырақ талдау жасайды. Оның назары жетілген қоғамдық құрылымға қолы жеткен феодалдық мемлекеттік құрылысқа ауған, оның пікірінше, бұл рақымшыл қала болып табылады. Ол ішімдікке салынған, жұмыс істемейтін және ләззатқа беріліп, жатып ішер өмір салтын ұстанған феодалдық қоғам өкілдері бөлігінің кемістіктерін ашады.

Әл-Фарабидің өз кезегіндегі қоғам жағдайын парасаттылықпен талдағанын және мемлекеттің іріп-шіруінің бүкіл жауапкершілігін жоғарыда тұрған билеушілерге, феодалдарға жүктейді, олар өздерінің билігін құдайдың еркін орындау үшін қолданбай, керісінше өздерінің өзгермейтін құмарлығын қанағаттандыруға жұмсайды. Кемшіліктерді сынағанымен ол феодалдық тәртіпке қарсы шықпайды. Керісінше әл-Фараби феодалдық саяси құрылысты нығайтудың жолдарын іздестіреді.

Әл-Фараби өзінің саяси теорияларында дәуірдің өткір мәселелерін, ең алдымен мемлекеттің қоғамға қатынасы мәселесін көтерді және шешті. Бұл теорияның бастапқы категориясы етіп «жаппай игілік» ұғымын алады, адамдардың қандай сословияға жататынынан тәуелсіз, олардың бәріне бірдей тең тарайтын ұстаным – құдайлық ұстаным. Жаппай игілікті тарату мемлекеттік билік пен заңнаманың мақсаты болуы тиіс. Мемлекетті адамдардың қажеттіліктерін қоғамдық қанағаттандыру үшін құрылған саяси ұйым ретінде анықтай отырып, ғалым, бұл ұйымның қалыптасуын, оның даму сатыларын зерттеудің керектігімен қатар адамдардың игілікке жетуінің қоғамдық-саяси жолдарын да қарастыруды қажет деп санайды. Адами игілікті тарату, әл-Фарабидің пікіріне сәйкес, ең бастысы жасампаздық бастауларға негізделген рақымшыл мемлекеттің болуына байланысты.

Кез келген жақсылық, әл-Фарабидің айтуынша, шындығында еркін таңдау мен тілегі бойынша жүзеге асады. Өздерінің мүдделері мен тілегін біріктіре келіп, адамдар рақымшыл мемлекет құрады. Қала, – деп жазды ол, – жұмыста өзара көмек көрсетуді мақсат етіп, адамдарды біріктіретін, сонымен нағыз бақытқа бөленетін рақымшыл ғана болып табылады, және де адамдар бақытқа жету мақсатында бір-біріне көмектесетін қоғам бұл рақымшыл қоғам болып есептеледі. Бақытқа жету мақсатында бір-біріне көмек көрсететін халық, барлық қала рақымшыл халық. Осылайша барлық жер, егерде халықтар, оны мекендейтін, бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесетін болса, рақымшыл жерге айналады[26].

Рақымшал мемлекетте, әл-Фарабидің пікіріне сәйкес, ел басы – басшы болады, оның қарамағында феодалдық иерархиялық баспалдақта тұрған әр түрлі мүшелері болады. Бұл мемлекетте адамдардың теңсіздігі орнайды, олар қоғамда әр түрлі орынды иеленеді. Әл-Фараби қоғамдағы адамдардың арасындағы тек теңсіздікті көріп қана қойған жоқ, сонымен қатар оны сынады. Осымен байланысты оқыған ел басы – басшының көмегімен рақымшыл мемлекеттегі барлық адамдар, өздерінің қоғамдағы орындарынан тәуелсіз, өз бақытын табуға тиіс деп ойлады, бұл мемлекетті шығармашылық ойлауға, танымға және халыққа қамқорлық жасауға қабілеті бар адамдар басқаруы қажет деп пайымдады. Әл-Фараби кемеңгер ел билеушінің және дана адамдардың болмауын мемлекет үшін аса қатерлі апат деп есептеді, егерде мемлекет басына әкеліп қоюға болатын дана табылмаса, мемлекет белгілі бір уақыттан кейін сөзсіз жойылады.

Әл-Фараби рақымшыл мемлекеттің пайда болуы ең алдымен оның басшысына байланысты деп, оған шынайы сенді, ол қабілетті, саналы, ерік-жігерлі, ғылымды сүйетін болуы тиіс. Рақымшыл мемлекеттің басшысы, оның пікірінше, табиғатынан өзінің айтатындарын жақсы түсініп, бәрін көре білетін болуы тиіс, айтушының айтылған пікірі мен ісін жағдайына сәйкес пайымдауы керек; қалай түсінгенін, нені көргенін, естігенін бәрін жадында жақсы сақтауы қажет, бұлардың ешқайсысын ұмытпауы керек; қайсыбір нәрсенің кішкентай белгілерін байқап, ол белгілердің неге бағыттайтынын тез қағып алатындай қырағы және көреген ақылы болуы қажет; оқуға және танымға сүйіспеншілігі бар, оған жеңіл жететін, оқудан ешбір шаршамайтын, бұл еңбекпен азапталмайтын болуы тиіс; шындықты және оның жақтаушыларын сүйетін, өтірікті және оған жүгінетіндерді жек көретін болуы керек; табиғатынан әділеттілікті және оның жақтаушыларын сүйетін, әділетсіздік пен тиранияны және олар кімнен шықса да жек көретін болуы тиіс; ...әділетті болуы керек, бірақ қыңыр болмауы керек, әділеттілік алдында бірбеткейлік көрсетпеуі және қасарыспауы қажет, бірақ кез келген әділетсіздік пен опасыздық алдында мүлдем бас имейтіндей болуы тиіс; ол қажетті деп санаған нәрсені жүзеге асыруда табандылық көрсетуі тиіс және мұндайда батыл болуы тиіс, қорқуды және қажырсыздықты білмеуі керек.

Осымен байланысты, рақымшыл мемлекет пен оқыған, білімді билеуші туралы Фараби теориясының ғылыми емес негізде құрылғанын, бірақ оның ерте ортағасырлық дәуірдегі әлеуметтік-саяси ойдың тарихында бір қадам алға басу болғанын айтуымыз қажет. Әл-Фараби қорғаған ағартушылық идеялар негізінен ғылыми, философиялық және әлеуметтік-саяси білімге бағындырылған еді, солардың көмегімен, оның пікірінше, қоғам рақымшыл және әділетті болады.

Бұл идеялардың жүзеге асуына кедергі жасағандардың бәрін әл-Фараби сынға алды. Ол ғылыми, философиялық және әлеуметтік-саяси білімдерді бағаламайтын, мәдениетсіздік, байлыққа ашкөздік, сараңдық және зорлық-зомбылық үстем еткен мемлекет мейлінше аз дамиды деп айтты. Ойшыл адамдардың сараңдығы мен жыртқыштығына негізделген мемлекет құрып, өздерінің ашкөздігімен және тираниясымен қоғамның рухани, әлеуметтік-саяси күштерін қирататын феодалдық билеушілердің деспотизміне қарсы шықты. Мұндай мемлекет, оның пікірінше, білімсіз, мәдениетсіз, рақымсыз адамдардың зорлық-зомбылығының көмегімен басқарылады. Олар тек байлықты, билікті және ләззатты ғана бағалайды. Мұндай адамдар әр түрлі қулық-сұмдықтың көмегімен қалған халыққа өздерінің үстемдігін орнатуға тырысады. Әділеттілік бұзылатын, тирания орнайтын және ғылыми, философиялық және әлеуметтік-саяси білім бәсеңдейтін рахымсыз мемлекетте обскурантизм сөзсіз салтанат құрады. Рахымсыз мемлекет туралы айта келіп, әл-Фараби ортағасырлық дәуірде бірінші болып Аббасид халифатының әлеуметтік-саяси қарама-қайшылықтарын көрсетті[27] және оларды теориялық деңгейде түсіндіруге талпынды.

Осымен байланысты, әл-Фарабидің түптеп келгенде, жауыздықтың жойылатынына және жер бетінде мейірбан, әділетті бастаулардың салтанат құратынына сенгендігін айтуымыз керек.

Феодалдық езгі күшейіп, соғыс өршіген заманда әл-Фараби зорлық-зомбылықсыз және қанаусыз, жер бетіндегі барлық халықтардың арасында бейбіт және достық қатынастар орнайтын жалпыадамзаттық үлгілі қоғам идеясын батыл ұсынды. Алайда, ол өзінің прогрессивті әлеуметтік-саяси идеясына жетудің дұрыс жолын таба алмады. Бірақ соған қарамастан феодализм дәуірі мен ислам реакциясы заманында әділетті әлеуметтік-саяси идеалды жариялаудың өзі аса батыл да прогрессивті іс болатын. Сондықтан да оның прогрессивті идеялары тек қана Шығыстың ғана емес, Еуропаның халықтарының әлеуметтік-философиялық, саяси ойларының дамуына үлкен ықпал етті.

Ахмет Яссауи (шамамен 1093-1166) – түркі тілдес халықтардың көрнекті ойшылы, есімі ислам әлеміне белгілі, түркілік суфизмнің негізін салушы. Ол Сайрам (Испиджаб) қаласында туған. Оның негізгі еңбегі «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») – парасатты сөздер, өлеңдер жинағы – 12 ғасырдағы сақталған әдеби, тарихи, әлеуметтік-саяси асыл мұра болып табылады. Мұнда 149 хикмет берілген, соның 109 Яссауидікі екені сөзсіз. Бұл кітап оғыз-қыпшақ – ежелгі түркі тілінде жазылған.

«Диуани хикмет» бірнеше рет Қазанда (1887-1901), Стамбулда (1901), Ташкентте (1902-1911) жарық көрді. Ол ақынның, ойшылдың үлкен дарынын көрсетті. Автор игілікті әрекетті, әділеттілікті, сүйіспеншілікті, бостандықты, ерлікті жырлады және түркі халқын ынтымаққа және адамгершілік адалдығына шақырды.

Ахмет Яссауидің әлеуметтік-саяси ілімінің ең бастысы Құдай идеясы болғанын айтуымыз керек. Ахмет Яссауи үшін Құдайды тану – адамды тануды білдірді.

«Хикметте» суфистік идеологияның, саясат пен практиканың бүкіл алуан түрі көрсетілді. Сондықтан да Ахмет Яссауидің суфистік ілімі әлеуметтік-саяси тұрғыдан алғанда аса күрделі ағым болып саналады. Алайда «Даналық кітабында» Ахмет Яссауи әлеуметтік-саяси ойларының тереңдігін сақтаған, қарапайым бұл дүние адамдарының эмоционалды-психологиялық үміттің жақындығын қарастырған. Сондықтан «хикметтер» рухани, әлеуметтік-саяси өмірдің барлық жақтарын қамтыған, сол кездегі діни ахуалды бейнелеген автордың дүниетанымы[28], біртұтас тұжырымдамасы.

Осымен байланысты ақын-ойшылдың өз өлеңдерінде құдайға жасампаз адам сияқты қарағанын айтуымыз керек, сондықтан қарапайым өлеңдерінде берілген оған деген лирикалық сүйіспеншілік қатынасын көрсетуі орынды. Ахмет Яссауи әлеуметтік-саяси дүниетанымдық ойының өзегі етіп белсенді адамгершіліктің бастауы ретіндегі адамды алады, жауыздыққа қарсы күресті, тек жақсылықты, әділеттілікті, бейбітшілікті және адамдарға деген сүйіспеншілікті және т.б. пайымдайды.

Құдаймен кездесу, оны көруге деген ықыласы Ахмет Яссауидің басты мақсаты еді. Ол «кім құдайды есінде ұстаса, сол онымен кездеседі» деп айтты. Ахмет Яссауи әлеуметтік-саяси идеяларын дін арқылы түсіндіреді. Мұндай жақсылық пен жауыздық, әділеттілік пен әділетсіздік, қақтығыс және достық, жағымды және теріс әрекеттер сияқты әлеуметтік, моральдық-саяси сапалар адамның құдайға деген сеніміне байланысты болады. Ахмет Яссауи «кім жауыздық жасаса, ол күнәдан тазара алмайды, кім жақсылық жасаса, ол құдайдың сүйіктісіне айналады» – деп жазды.

Ол адамдарды өзін-өзі тазартуға, өзін-өзі жетілдіруге, жақсылыққа, өзара түсіністікке, ынтымақтастыққа шақырды. Өйткені әділеттілік, гуманизм, саясат құдайдан тарайды. Сонымен бірге Ахмет Яссауи халықты алдайтын ишандар мен молдаларды, сондай-ақ өтірік сенімдегі адамдар мен халықты езуші ел билеушілерін сынады және әшкереледі. Ол әлеуметтік-саяси қайшылықтар мен теңсіздіктерді де сынайды және халықтар мүддесін қорғайды

Ахмет Яссауи әділетті саясат жүргізуге және халыққа қызмет етуге шақырды. Оның әлеуметтік-саяси ойларын шәкірттері дамытты. Ол өзін ортағасырлық дәуірдің ұлы ойшылы ретінде көрсетті, оның көзқарастары қазақ халқының және басқа да түркі халықтарының әлеуметтік-саяси ойларының дамуына ықпал етті. Ахмет Яссауидің әлеуметтік-саяси идеяларының тарихи маңыздылығы олардың қазақ халқының қалыптасуының, қазақ мемлекеттілігінің, әдет-ғұрыптарының, салт-дәстүрлерінің және т.б. пайда болуының қайнар көзі болғандығында еді.

Сайып келгенде, Ахмет Яссауи тек дін насихатшысы деп қарауға болмайды, сонымен бірге, ол адам, халық бойындағы жақсы қасиеттерді, бостандықты, әділдікті, мейірімділікті, сабырлықты, жомарттықты, достықты, бірлікті, махаббатты және басқа да қоғамдық құбылыстарды көкке көтере мадақтаушы, басқа сөзбен айтқанда жаңа әлеуметтік-саяси көзқарасты қалыптастырушы. Күллі түркі тілдес халықтарды әлеуметтік-саяси ойымен тамсандырған Ахмет Яссауи Қазақстан саяси ілімі тарихынан тиісті орнын алатыны сөзсіз. Оның мұрасын танып-білу, зерттеу, оны қоғам игілігіне пайдалану қазақстандық саясаттанудың өзекті мәселесі.

Белгілі ағартушы-демократтар Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин Қазақстанның ғылыми және саяси ойының ірі өкілдері болды. Олардың саяси ойлары прогрессивті орыс ойшылдарының идеяларының және орыс халқының алдыңғы қатарлы мәдениетінің ықпалымен қалыптасты.

Ш.Уәлиханов (1835-1865) – жан-жақты ғалым, прогрессивті әрі бірегей ойшыл, көрнекті саяхатшы. Оның саяси көзқарастары «Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы записка», «Жоңғария очерктері», «Аблай», «№1 записка» еңбектерінде және орыс достарына жазған хаттарында баяндалған.

Ш.Уәлиханов Омбыдағы кадет корпусында білім алды, Омбы қаласының генерал-губернаторының адъютанты қызметін атқарды, Орта Азия мен Қазақстанның аз зерттелген аудандарына шығарылған бірнеше экспедицияларға қатынасты. 1860 ж. атақты географ П.П.Семенов-Тянь- Шанскийдің ұсынысымен ол Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды.

Алдыңғы қатарлы орыстың саяси, әлеуметтік-философиялық идеяларымен Ш.Уәлиханов алғаш рет Омбыда оқыған жылдары танысты. Орыстың көрнекті қоғамдық қайраткерлерімен, жазушыларымен және ғалымдарымен тікелей таныстығы, Белинскийдің және Чернышевскийдің еңбектерін оқуы, Петербордағы өмірі және т.б. – осының бәрі Ш.Уәлихановтың алдыңғы қатарлы әлеуметтік-саяси дүниетанымының қалыптасуына оң ықпал етті.

Ш.Уәлихановтың қазақ халқының орыс және Ресейдің басқа да халықтарымен достықты шын жақтаушысы болды және дінаралық жаулаушылықты қолдамады.

Ш.Уәлихановтың бүкіл қызметі «қарапайым халықтың» мүдделерін қорғауға арналды және ол феодалдық билеушілердің зорлық-зомбылығын тоқтатуды талап етті. Осымен байланысты Ш.Уәлиханов халықтың материалдық жағдайын және тұрмысын жақсартуға әкелетін экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар жүргізуді жақтады. Әсіресе саяси реформаларды ол экономикалық және әлеуметтік қайта құруларды барынша терең жүргізудің құралы ретінде қарастырды. «Біздің заманымызда, – деп жазды Ш.Уәлиханов, – халықтың мұң-мұқтаждарына тікелей қатынасы бар экономикалық және әлеуметтік реформалар халық үшін ең маңызды ... адамның тұрмыс жағдайын жақсартуға себеп болатын реформалар ғана пайдалы да, ал осы мақсатқа жетуге, бір себеппен, кедергі болатын реформалар зиянды болмақ»[29].

Ш.Уәлиханов сұлтандардың, билердің және басқа да ақсүйектердің халыққа қарсы қызметін, сонымен қатар патша әкімшілігі жасаған бюрократиялық хаосты, халықты тонаған управительдерді Қазақстанның еңбекші жұртының жағдайын жақсарту жолында тұрған негізгі кедергілер деп санады[30].

Қоғамдық-саяси қайта құрулар, Ш.Уәлихановтың пікірінше, егерде олар халықтың мұқтажын қанағаттандыратын болса, сол уақытта өз мақсатына жетеді.

Жергілікті феодал шонжарлардың «қастығы мен арам ниетіне», зұлымдығына қарсы, «қарапайым халықтың» өздерінің жеке мүдделерін қорғау ісіндегі немқұрайдылық пен енжарлықты өкінішпен атап көрсетті. Алайда халық бұқарасының «немқұрайдылық пен енжарлығының» себептерін ол ғылыми түсіндіре алмады, оларды оқу-ағартудың жеткіліксіздігімен, білімсіздік және тағылықпен түсіндірді.

Ш.Уәлихановтың зорлық-зомбылық пен заңсыздықтың дұшпаны ретінде, патша самодержавиесінің жауы болғандығын және оның отарлау саясатын сынағанын атап айтуымыз қажет. Сонымен қатар ол халыққа қарсы бағытталған қозғалыстарды, діннің кемшіліктерін мінеді және славянофильдіктің де, либералды «батыстықтың да» қарсыласы болды.

Қоғамдық формалар, саяси және заңды институттар, Ш.Уәлихановтың пікірінше, «материалдық мұқтаждыққа» және «ұлттық мінез-құлыққа» байланысты. Ол адамдардың көзқарастары, «пікірлері» мен олардың қоғамдағы орнының арасында тікелей байланыстың барлығын атап көрсетті. Адамның көзқарасы оның тәрбиесінің жағдайына, қайда өскендігі мен тәрбиесіне тәуелді болады, өйткені адами бүкіл талаптар мен уәждар физикалық және әлеуметтік-саяси жағдайлардың жиынтығының ықпалынан туындайды.

Ш.Уәлиханов халық бұқарасының өздеріне қажетті мемлекеттік басқарудың саяси-заңды формасын таңдау еркіндігін беру туралы және өз билеушілерін таңдауға құқық беру жөніндегі идеяны насихаттады. Ру аралық қырқысуларды ұйымдастырушы – сұлтандар мен хандарды қатаң сынға ала отырып, монархиялық билік формасын бүкіл халықтың мүддесіне пайдалану мүмкіндігіне үміт артты. Феодалдық билеушілердің «заң тәртібін бұзушылығы мен зорлық-зомбылығын» тоқтатуға шақырып, ол патша үкіметінің өзіне керегі есерсоқ сұлтандар емес, керегі халық екендігін түсінуі тиіс деп есептеді.

Ш.Уәлиханов округтың ірі чиновнигі – аға сұлтан болып, отандастарына көмек көрсете алатынына, оларды басқа да чиновниктердің зорлық-зомбылығынан және ру ақсүйектерінің үстемдігінен қорғай алатынына үміттенді, өзінің жеке басының мысалымен жерлестеріне «білімді сұлтан – билеушінің» қаншалықты пайдалы болатындығын көрсеткісі де келді. Патша чиновниктері оны аға сұлтан қызметіне бекітпей тастады.

Ш.Уәлиханов орталық Ресейдің сот мекемелерінің халыққа қарсы және реакциялық сипатын түсінді, сот шендерінің бюрократизмі мен сатылғыштығын, олардың әдеттен шықпаушылығын және формализмін, соттың «объектіні» қорғауын және т.б. айыптады.

Ш.Уәлиханов қоғамдағы шешуші рөлді рухани факторға жатқызды, тек қана ғылым мен оқу-ағартудың көмегімен өмірде орын алған саяси құрылысты өзгертуге болады, қоғамдық-саяси прогреске жетуге болады деп қате ойлады. Ол халықтың, қоғамның өміріндегі географиялық ортаның рөлін асыра бағалады, адамдардың мінез-құлқын, көзқарастарын, әдет-ғұрпын сыртқы орта, әлеуметтік және табиғи жағдайлар анықтайды деп есептеді, адами талаптар мен уәждар ең алдымен осы ортаның, климаттың және топырақтың жағдайларымен анықталады деп санады.

Осылайша, сол тұстағы орыс патшалығының саясаты және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық артта қалуы себебінен Ш.Уәлихановтың саяси көзқарастарында, дүниетанымында орын алған қарама-қайшылықтарға қарамастан, жалпы ол прогрессивті болды. Оның саяси көзқарастарының прогрессивті жақтары қазақ және басқа да халықтардың қоғамдық-саяси ойларының және мәдениетінің одан әрі дамуына жағымды ықпал етті.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ш.Уәлихановтың прогрессивті саяси ойларын қазақтың қоғамдық-саяси ойында есімдері кеңінен танымал болған Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев одан әрі жалғастырды.

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) – тамаша педагог-ағартушы, ірі ғалым және ойшыл. Ол көрнекті педагог, қазақ даласында халық ағарту ісін дарынды ұйымдастырушы және белгілі ғалым болумен қатар, ол ірі жазушы және прогрессивті қоғамдық-саяси қайраткер де болды. Оның әлеуметтік-саяси шығармалары: «Халыққа білім беру туралы», «Жауыз шонжарға», «Қырғыздардың бақытсыздығы», «Таза бұлақ», «Әділдік», «Шариғат және ислам», және т.б. өз кезегінде Ресейдің инттелигенциясы арасында танымал болды және қазірге дейін өздерінің маңыздылығын жоймаған туындылар.

Ы.Алтынсарин қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданының аумағында орналасқан Жаңбыршы ауылында дүниеге келген. Үш жасында ата-анасынан айырылды, олар Жаңбыршы ауылына жасалған шапқыншылық кезінде қаза тапқан еді. Ы.Алтынсаринді би әрі старшина болған атасы Балғожа Жаңбыршы тәрбиесіне алады.

Өзінің саяси сенімі бойынша Ыбырай демократ болды, халықтың өзін-өзі басқаруын қолдады, социализм идеясынан бас тартты. Ол орыс-қазақ достығының қызу жақтаушысы болды және Қазақстанда прогрессивті әлеуметтік-саяси ойдың және алдыңғы қатарлы мәдениеттің насихаттаушысы болды.

Ы.Алтынсарин Орынбордағы орыс мектебін бітірген. Мектептегі оқуын тәмамдағаннан соң старшинаның кеңсе хатшысы, Орынбор басқармасының тілмашы, мектеп мұғалімі, Торғайдағы қазақ мектептерінің инспекторы болып қызмет істеді. Жұмыстың алғашқы жылында-ақ Ы.Алтынсаринның қоғамдық, ғылыми, педагогтық және саяси қызметі басталды.

Ы.Алтынсарин кедейлерді арсыз тонаған және мүліктерін тартып алған байларға, ру билеушілерін және кез келген алаяқтарға, қан сорғыш деп атанған феодалдық шонжарларға сын айтты, ойшыл бұқара халықты ғасырлар бойғы құлдықтан, қараңғылықтан және мәдениетсіздіктен құтқаруға көмектесуге тырысты. Ол қазақтардың қоғамдық байлығын жеген және олардың болашағын бүлдіретін жауыздыққа қарсы тұруды өзінің борышы санады. «Әділдік көрмеген үшін төреге айтылған сөз» деген өлеңінде, халықты қанаушыға бағыттап, Ы.Алынсарин кімді сен езіп жаншысаң, олардың да саған құрық салатын күні туатынын ұмытпа[31] – деп жазады.

Ы.Алтынсарин зайырлы оқу-ағарту, мәдениет, мектепті шіркеуден бөлу үшін күресті. Ол исламның феодалдық-клерикалдық идеологиясымен күрес жүргізді, ислами білім берудің схоластикалық жүйесін, сонымен қатар патшалық Ресейдің ұлттық-отаршылдық саясатын әшкереледі.

Ы.Алтынсарин қазақтарды алдыңғы қатарлы өркениетті халықтардың қатарынан көргісі келді. Ол үшін, оның пікірінше, қазақтардың патриархалды рулық тұрмысын өзгерту қажет. Әрбір халық, – деп жазды ол, – прогрессивті дами отырып, түптің түбінде көшпелі тұрмыстан отырықшы тұрмысқа қалайда өтуі қажет, өйткені онымен оқу-ағарту тығыз байланысты.

Сонымен бірге Ы.Алтынсарин сауда мен өндірісті дамытуға шақырды. Осымен байланысты ол өндіріс пен сауданың әр түрлі салалары бойынша мамандар дайындау міндетін көтерді, адамдарды тері илеуге, сабын, шырақ, жүннен мата және т.б. жасайтын қолөнерге үйрететін оқу орындарын ашуды талап етті. Оған сондай бір қолөнер училищесін ашудың сәті де түседі.

Көрнекі орыс педагогі К.Д.Ушинскийдің жолын қуған Ы.Алтынсариннің әлеуметтік-саяси дүниетанымында тәрбиеге деген көзқарасы маңызды орын алады. Ол алған білімді практикалық қызметте қолдануға қабілеті бар адамдарды «ғылымның рухына және нәрсеге дұрыс көзқарас» қалыптастыруға әзірлеуді және өз халқының экономикалық, рухани және әлеуметтік-саяси дамуына ықпал етуге дайындауды тәрбиенің негізгі міндеті деп санайды.

Далалық мектептерге, – деп жазды ол, – қазіргі кезде тек орыс тілі мен сауаттылыққа оқытатын оқу орындары ретінде қарамау керек, оларда оқушылар сонымен қатар отырықшылдықтың әдеттерін, тазалық пен затқа дұрыс көзқараспен қарауға үйренуі қажет: бір сөзбен айтқанда, оқушылардың тәрбиелік жағына көп көңіл аудару қажет, мақсатқа жету үшін бұл оқушылар, белгілі бір тиянақты және белгілі бағыттарға толыққанды білім алып, өздерінің жаңа және дұрыс ойларымен қоршаған халыққа ықпал жасай алатындай болуы тиіс.

Білімсіздік пен мәдениетсіздіктің қараңғылығынан өз халқын алып шығуға көмектесуге тырысқан Ы.Алтынсарин, қазақтар үшін ана тілінде оқытқан шын мәніндегі зайырлы мектеп құрды. Ол көптеген өлеңдер, қызықты әңгімелер, оқулықтар мен көпшілікке арналған кітаптар жазды, оларда білімді насихаттады, оқырмандарды ғылымның жетістіктерімен таныстырды. Ол білімді, оқу-ағартуды қоғамдық, саяси прогрестің басты серпіні, әлеуметтік-саяси құрылысты өзгертудің негізгі алғы шарты деп есептеді. Сондықтан Ы.Алтынсарин қалың халық арасында білімді тарату үшін күресті. Ол тек білім, ағарту ғана халық бұқарасын байлар билігінің қол сұғуларынан құтқаруға қабілетті, олардың шынайы дүниеге көздерін ашуға, олардың иллюциясын сейілтуге және шын прогреске жетуге ықпал етуге қабілетті деп ойлады.

Ы.Алтынсарин ұлт мәселесін, қазақтардың атақ сүйгіштігін, олардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, отбасы мен неке қатынастарын зерттеуге айтарлықтай үлес қосты. Ы.Алтынсаринның саяси көзқарастарына терең бойлаған гуманизм, демократизм, өз халқының мүддесін және оның еркіндігін қорғауға тырысушылық тән.

Осылайша Ы.Алтынсаринның саяси көзқарастары және оның прогрессивті идеялары өз халқының артта қалушылығына қарсы, оның білімсіздігіне, қорғалаңдығына, ұлттық және әлеуметтік-саяси езгісіне қарсы кескілескен күресінің негізіне жатты. Оның ағартушылық идеялары және педагогтық, қоғамдық, саяси қызметі қазақ халқының әлеуметтік-саяси ілімінің және прогрессивті мәдениетінің дамуына үлкен рөл атқарды.

Абай Құнанбаев Қазақстандағы саяси ойдың дамуында маңызды роль атқарды.

Абай (1845-1904) – ұлы ақын, көрнекті гуманист және ойшыл. Оның шығармашылық мұралары қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірінің ең өткір проблемаларын қамтыған өлеңдерден, дастандардан, прозадан, аудармалардан және ән-әуендерінен тұрады. Оның шығармашылығы демократиялық идеяларға толы.

Абай Семей облысының Шыңғыс болысында туған. Бастауыш білімді ол орыс приход мектебінен алады, оған өз бетінше қатысады және бір мезетте мұсылман рухани училищесі саналатын медреседе оқиды. Абай он үш жасқа толғанда, әкесі оны ауылына қайтарып алады да, бір-бірімен қарсыласқан қазақ руларының арасындағы қиын сот-құқықтық талас-тартысқа тартады. Егесті жақтардың дауларын шешуде ол өзінің әкесіне ұнай қоймаған әділеттілік принципін қатаң басшылыққа алды. Алайда халыққа деген сүйіспеншілігі, ру аралық талас-тартысқа қатысқысының келмеуі, даланың ақсүйектерінің зорлық-зомбылығына зығырданының қайнауы оның әкесінен бөлініп кетуіне әкеліп соғады. Абай орыс тілі мен әдебиетін терең оқуға барынша беріледі және шығармашылық жұмысқа біржола мойнын бұрады.

Жер аударылған орыс революционерлері мен халық ақын-жазушылары оның жақын достарына айналды. Өзінің аудармаларымен қазақ халқын А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, И.Крыловтың шығармаларымен, Шығыс пен Батыс халықтарының мәдениетімен таныстырды.

Абайдың демократизмі, оның қоғамдық-саяси қызметі феодалдар мен байлардың және патша әкімшілігінің жек көрушілігін тудырғанын айтуымыз керек. Семей губернаторының бұйрығы бойынша Абайдың сыртынан жансыз полиция бақылауы орнатылған еді. Сонымен қатар Абайға Омбы генерал-губернаторының қолдауымен қазақ ақсүйектері ұйымдастырған соттың қуғын-сүргіні он жылға созылды.

Абай байлардың байлығын және надан молдаларды жырлаған қазақтың кейбір ақындары мен идеологтарының реакциялық ниетін сынады. Ол зайырлы білімді жақтады.

Абай халық бұқарасын бірігіп езген қазақтың феодал ақсүйектері мен патша әкімшіліктерінің мүдделері мен саясатының ортақтығын түсіну деңгейіне дейін жетті. Ол «биліктің» көпірме және сатқындығын әшкереледі. «Бақытсыздықтан құтқармаған соң халықтың билікке сенімі қалмады» (82б. шығ.жин. 1 томдық).

Оның өлеңдері жергілікті билікті «сайлау» комедиясын суреттеген ыза мен өткір мысқылға толы болды, көнбегендерді қойдың мүйізінше иіп, ал қалғандарына жақсы ішіп-жегізуді, жеңілдіктерді және т.б. уәде берумен «сендірді». Абай «дала жыртқыштары» – феодалдар өздерінің шайқалған позициясын сақтап қалуға тырысып ұлтаралық өшпендікті, ұлтшылдық пен шовинизмді өршітіп отырғанын түсінді. Сондықтан ол ру ақсүйектері мен молдалардың алдыңғы қатарлы орыс мәдениетіне, әлеуметтік-саяси ойға сенімсіздік таратуының қауіптілігін көрсетті және қазақ халқының орыс халқымен барынша тығыз бірігуінің қажеттігі туралы ойын табанды түрде жеткізді. Сонымен бірге, Абай Ресейдің барлық халықтарын теңдік пен әділеттілік принциптері негізінде біріктіре алатын алғышарттар туралы да армандады.

Абай қазақтарға орыс халқынан шаршап-шалдықпай үйренуге, орыс үлгісіндегі өнеркәсіп пен сауданы алуға, орыс тілі мен мәдениетін және т.б. пайдалануға кеңес береді.

Абай бүкіл өмірін патша самодержавиесінің және оны қолдаған орыс империясының шеткі аймақтарында патша үкіметінің қолдауын пайдаланған қайсыбір әлеуметтік-саяси күштердің еркі бойынша өлімшінің аянышты күнін көрген қазақ кедейлерінің, халық бұқарасының мүддесі үшін күресте өткізгенін айтуымыз керек. Ол өзінің көптеген өлеңдерінде қанаушылардың қазақ кедейлерін адам төзгісіз ауыртпалықтарға салып отырғанына қатты қайғырып жанашырлықпен сипаттады.

Сонымен бірге Абай Азия деспоттарын және олардың жақтаушыларын жан күйдіретіндей жек көрді. «Ескендір» дастанында басқыншы Александр Македонскийге Аристотельдің ақыл-парасатын қарсы қоя отырып, оның ашкөздігін сынайды.

Абай халық бұқарасын басқа халықтармен бейбітшілік пен достыққа шақырды, қазақ халқының хәл-ауқатын көтерудің міндетті алғышарттары деп есептеді. Ол алдыңғы қатарлы орыс мәдениетіне және басқа халықтардың мәдениетіне араласу, отырықшылыққа көшу, жер шаруашылығын, қолөнерді және сауданы дамыту, қалалардың өсуі, көрші халықтармен достықты нығайту – осының бәрі, сайып келгенде феодалдар мен байлардың билігін тежейді, өзара тартысты тоқтатады және реакциялық ислам идеологиясының ықпалын жояды деп сенді. Бұл жерде Абайдың феодалдар мен байлардың зорлық-зомбылығының және өзара тартыстың нағыз түп-тамырын және қоғамдағы әлеуметтік-саяси қақтығыстардың қайнар көздерін көре алмағандығын айтуымыз керек. «Мұндай әлеуметтік қайшылықтың шешімі саяси күресте, халық өз бостандығы үшін күресуі қажет, бірақ, – Ғ.Есімов атап көрсеткендей, – ақын ондай мәселелерді көтермеген»[32].

Өмірдегі саяси құрылысты сынағанмен, ол оны немен алмастыру керектігін білмеді. Кейбір жекелеген жағдайда Абай қазақ қоғамын оның бастапқы даму сатысына қайтару қажеттігі туралы реакциялық көзқараста болды, алғашқы қауымдық патриархалды-рулық құрылысты дәріптеді.

Десекте Абайдың қазақтың еңбекші бұқарасының көңіл-күйін, феодалдар мен байлардың зорлық-зомбылығын бейнелеген, оларды жек көріп, жақсы болашаққа жету үшін орыс және басқа халықтармен өз күшін біріктіруге тырысуын сипаттаған жалпы саяси көзқарастары өз дәуірі үшін прогрессивті .

Абай шығармаларында мораль проблемасы негізгі әлеуметтік-саяси тақырыптардың бірі болды. Абай еріктің, ақылдың және сезімнің («жүрек») бірлігін білімнің және моральдық қылықтардың негізі санады. Ақыл, оның пікірінше, адамның заттың мәнін түсіну қабілеті, адамға құбылыстың керекті жақтарын таңдап алу, пайдалыдан зиянды айыра білу қабілеті. Ерік – бұл адамның мақсатқа жетуге тырысу әрекетін басқаратын, танымға, таңдауға жетелейтін күш деп жазды ол. Абай сезімді адамның ішкі мазасыздығының басты қайнар көзі, оның қызметке талпынысының себебі, адамдар арасындағы моралдық қатынастар мен рухани тазалықтың негізі деп санады.

Осымен байланысты Абай білімге, ағартуға, ғылымға құмарлықты адамның жағымды өнегелік сапаларының негізі деп есептегенін айтуымыз қажет. Тек білімді адам ғана күнделікті керек нәрселерін адал еңбегімен табуға, әділеттілікке және басқаларға жауыздық жасамауға, кемістікке қарсы тұра алатын өзінде адамгершілік сапаларды қалыптастыруға тырысады. Бұл діни екіжүзділікке, алдап-арбауға және жәдігөй жауыздыққа жол бермейтін білімді адамның жан дүниесіне құдайға (иман) деген адал да шын сезім жарығының ұялауына байланысты болады. Абай көрнекті гуманист болды, оның өмірі мен шығармашылығы адамгершілік-саяси терең мазмұнға толы болумен қатар терең тәрбиелік мәнге де ие болды.

Абайдың тәрбие теориясы адамды ортаның жемісі, тәрбие «өз заманының сәбиі» қағидасынан шыққанын атап айтуымыз керек. «Қисық жандар», қиянатшыл және өтірік қылықтар адамда оны қоршаған сыртқы жағдайлардың зиянды ықпалының нәтижесінде пайда болады. Дырдулы өмір мен жұмыссыздық адамды сөзсіз азғындық жолға итермелейді. Бірақ Абай сыртқы орта мен тәрбиенің қолайлы жағдайлары жақсы әдеттерге бейімді адам жасауға болатынына ешбір шүбә келтірмеді. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, – деп жазды ол, – адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»[33].

Осылайша ғасырлық артта қалушылық пен бұқараны аяусыз қанауға қарсы күрестің азабынан туындаған Абайдың прогресшіл саясаты осы бұқараның әлем өркениеті элементтерін қабылдауға идеялық-саяси жол салды. Абай болашақ ұрпаққа өзінің шығармашылық мұраларын қалдырып қана қойған жоқ, сонымен қатар өзінің көрнекті шәкірттері мен ізбасарларын қалдырды. Абайдың әлеуметтік-саяси дүниетанымы және шығармашылығы, олардың қарама-қайшылықтығы мен табансыздығына қарамастан, қазақ халқының саяси ойы мен мәдениетінің дамуында үлкен рөл атқарды.

Қазақстан саяси ойының одан әрі дамуы қазақтың белгілі ойшылдары мен саяси қайраткерлерінің – Ш.Құдайбердиевтің, А.Байтұрсыновтың, Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың, С.Торайғыровтың, М.Шоқаевтың, Ж.Аймауытовтың, Т.Рысқұловтың, С.Қожановтың және т.б. шығармашылығынан орын алды. Өкінішке орай, біздің жұмысымыздың көлемі олардың саяси көзқарастарын жеке-жеке қарастыруға мүмкіндік бермеді. Олардың бай мұралары өз алдына арнайы қарауды, зерттеуді қажетсінеді.

Қорытындылай келіп, Қазақстанның саяси ойының ұзақ эволюциялық даму жолынан өткенін айтуымыз керек. Қазақстан ойшылдарының ауқымы мол әлеуметтік-саяси идеялары дүниежүзілік саяси ойдың алтын қорына еніп отыр. Қазақстанның саяси ойы әлемдік гуманитарлық ойдың ажырамас бөлігі болып табылады, өйткені ол саясатты қарастыруда, зерттеуде бірқатар бірегей амалдарды берді және Шығыстың да, Батыстың да саяси ойын толықтырып отыр.