Саясат – қоғамдық құбылыс

Саясат сияқты қоғамдық құбылыстың күрделілігі көбінесе саяси білімнің құрылымдық бір текті еместігін айқындайды. Сонымен қатар бұл әрі саясатты, саяси құбылыстар мен процестерді оқып-үйрену деңгейлерінің өзгешеліктерімен де байланысты. Сондықтан саясат деген өте күрделі мәселе және қоғамдық құбылыс[40].

Әрине, саяси сана, оның қоғамдық өмір қүбылыстары мен процестеріндегі үлесі өзгеріссіз қалмайды, қайта билік проблемаларына, саясат субъектілеріне, т.б. байланысты өзгеріп отырады.

Саясат қоғамдық өмір құбылыстары мен процестерінің түрлі жақтарын жақындастырады, бірақ олардың ешбіріне қосылмайды. Ол өзінің сапалық айқындылығы, көп қырлылығы және әр алуандылығы бар қоғамдық құбылыс.

Бір замандарда белгілі саясаттанушы М.Дюверже саяси өмір салаларының ерекшеліктерін түсіндіру үшін қарама-қарсы жаққа қараған екі бетті ежелгі Рим құдайы Янустың бейнесін пайдаланған. Дюверже осындай салыстырумен қоғамдық топтардың, қауымдастықтардың, жеке адамдардың өскелең талаптарына жауап ретінде қоғамдағы қайшылықтарды және ұдайы өзгерістерге деген ұмтылыстарды дәлме-дәл көрсете білді.

Бұл бейнелі теңеу. Ежелгі Римнің аңыз-ертегілерінде Янус қоғамдық өмірдегі жаңа бастамалардың қамқоршысы болып суреттелгені белгілі. Саясат та сол сияқты қоғамда өзгерістер жасауға итермелейтін, олардың қажеттілігін негіздеп, іске асырылуын адамның жасампаздық қуатын қосу арқылы қамтамасыз ететін қызмет саласы болып табылады.

Саясатты қоғамдық құбылыс ретінде талдау кезінде күрделі әлеуметтік құрылымды қоғамда, мемлекет түріндегі көпшілік билігі бар жерде саяси реңдерден толықтай «азат» құбылыстар мен процестерді табу қиын. Өйткені олардың көпшілігі билікті жеңіп алу немесе ұстап түру үшін күресуші белгілі бір әлеуметтік топтардың, жіктердің, таптардың, халықтардың мүдделерімен байланысты екендігін есте ұстау керек.Демек, саясатты, оның уақыт пен кеңістіктегі өзгергіштігін түсінудің негізі адамдардың ұжымдасқан өмірінің мазмұны болып табылатын өмір сүруші қоғамдық құрылымдарды дұрыс анықтауда жатыр.

Қоғамдық құрылымдардың негізгі элементтері – ірі қоғамдық топтар (таптар, ұлттар, жіктер, элиталар} және олардың формальды ұйымдары (мемлекет, саяси партиялар, қоғамдық-кәсіби ұйымдар) болып табылады.

Қоғамдық топтар мен олардың ұйымдары әр түрлі құндылықтарды жасайды, ал бұларсыз қоғамдық-саяси өмірдің болуы мүмкін емес.

Қазіргі қоғамдардағы саяси құбылыстар мен процестер негізінде әдетте құндылықтардың басты үш тобы: қауіпсіздік пен ұлттық тәуелсіздік; әл-ауқат пен экономикалық өркендеу; бостандық пен конституциялық тәртіп жатады. Оларды нақтылау әрі реттеу әр қоғамдық топтардың жекелегең доктриналары мен саяси тұжырымдамаларына баға берудің шарты, ал оларды бағдарламалық мақсаттар түрінде нақтылау – кез келген саясаттың міндеті болып табылады.

Осыған байланысты, саясат табиғи келісімі жоқ, бірақ үйлесімділікке деген қажеттілігі бар жағдайда пайда болатынын атап көрсету керек.

Сан алуандылығымен өзгешеленетін мүдделілер тобын келістіру, қоғамның тұтастығын қамтамасыз ету қажеттілігі көпшілік билік институттарын: бюрократиялық аппараты, әскері және т.б. бар мемлекеттерді қалыптастырады.

Басқа әлеуметтік институттардан (мәселен, моральдық) саясаттың өзгешелігі, ол – тек жеке бастын ғана емес, ең әуелі мемлекет билігінсіз іске асыру мүмкін емес, топтық мүдделерді қанағаттандыруға қызмет етеді. Демек, жалпыға міндетті әлеуметтік тәртіптің нысандарын қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болатын арнайы қондырымдардың пайда болуы бір топтың мұқтажын қанағаттандырғанмен (мысалы, жалақыны өсіру, салықтарды төмендету және т.б.) халықтың басқа топтарының мүдделері мен әлеуметтік жағдайларына сөзсіз нұқсан келтіретіндігімен байланысты болып отыр.

Топтардың, қауымдастықтардың өзара әрекеттестіктері, олардың талаптартарының мемлекеттің араласуынсыз жүзеге аса алмайтындығына айқын көз жеткен мезгілде ғана сая­си сипат алады. Яғни, саясат ең алдымен, қай жерде мүдделер мен көзқарастар ортақтастығы жете түсіністікте болса, билік жүйесіне өздерінің қатысын айқындайтын бірлестіктер мен қозғалыстар қалыптасып және қожырап жатса, сол жерде басталады. Кез келген саясат – адамдар арасындағы билікке қол жеткізу үшін олардың ыдырауымен және топтасуымен қатар жүретін өзара әрекет болып табылады.Адамдардың, әлеуметтік топтардың талаптары мен мүдделері оларды саясатқа араласуға, билік құралдарын алу үшін күресуге итермелейді. Сондықтан да, адамдар кез-келген тәлім-тәрбиелік, патриоттық, діни, саяси, экономикалық, әлеуметтік әңгімелердің, мәлімдемелердің, уәделердің астарынан белгілі бір адамдардың, әлеуметтік топтардың, ұлттардың және халықтардың және т.б. мүдделерін іздеуді үйренбейінше саясаттағы арбаудың, алдаудың, қаскүнемдіктің зердесіз құрбаны бола бермек.

Шынын айтқанда, саясат табиғатын ұғыну қиын, ол – күрделі әрі көп қырлы келелі мәселе[41]. Оның шығу құпиясын ашуда талай ойшылдар небір әуре-сарсаңға түсті және де түсе бермекші.

Бүгінде осындай айтыс-талас тудырып отырған мұндай ізденістер жүздеп саналады. Бұл жөнінде белгілі француз саясаттанушысы Ж.М.Денкэн саясат көптеген пікір жарысының объектісі болып табылатынын, әрі мұның табиғи заңдылық екенін айтқан болатын. Батыстың, әсіресе, англо-саксон және француз ғылыми әдебиеттерінде «саясат» мемлекетпен, оны ұйымдастырумен әрі басқарумен тікелей байланысты қызмет ретінде түсіндіріледі. Мысалы, белгілі американдық саясаттанушы, профессор Куинси Райт саясаттың: «Саясат – басқа топтардың қарсылығын тойтара отырып қол жеткізетін, топтық мақсаттарды қамтамасыз ететін өнер және іс-әрекет» деген анықтамасын ұсынады.

«Саясат» деген ұғым Еуроазиялық ғылыми әдебиеттерде біршама басқаша түсіндіріледі. Атап айтқанда, түпкі мақсаты мемлекеттік билікті жеңіп алу, қолда ұстап тұру және пайдалана білу проблемалары болып табылатын топтар мен ұлттардың және басқа да әлеуметтік топтардың арасындағы қарым-қатынас саласы ретінде түсіндіріледі. Немесе мемлекет істеріне қатысу, оның қызметінің ұйымдастырылу нышандарын, міндеттерін және мазмұнын анықтау ретінде де түсіндіріледі.

Сонымен, саясаттың мәнісін түжырымдасақ, меніңше, оған мынадай анықтама беруге болады: саясат – үлкен қоғамдық топтардың, әсіресе, таптардың, ұлттардың, мемлекеттердің арасындағы олардың мұқтаждықтары мен мүдделерін іске асырумен байланысты қатынастары саласындағы және олардың күш-жігерін адамдарды басқару өнері ретіндегі ерекше тәсілдермен, саяси билікті нығайту немесе оны жеңіп алу, қолда ұстап тұру мақсатымен біріктіруге бағытталған мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың қызметі.

Қоғамдық топтардың мүдделерін білдіруден басқа, мемлекеттік саясат жеке адамдардың талабы мен мүдделерін ескере отырып, қоғамда азаматтық келісімге жету үшін біріктірушілік те рөл атқарады. Кез келген басқа қызмет секілді саяси қызмет те қоғам дамуының ұзақ мерзімдік және ағымдық мақсаттарын анықтауды көздейді.

Саяси мақсаттарды іске асыру ерекше саяси әдістермен жүргізіледі. Саяси әдістер – халықтың әр түрлі таптарының, әлеуметтік, үлттық, әлеуметтік-демографиялық топтарының мүдделеріне, қоғамдық пікірлерге, демократиялық амалдарға негізделген наным және сенім құралдары. Басқару шешімдерін әзірлеу, қабылдау барысында терең ғылыми зерттеулерге негізделген бұл әдістер әлеуметтік саясаттың кез-келген саласындағы өзімшілдік пен сыңаржақтыққа жол бермейді.

Саяси басшылықтың ең маңызды әдісі саяси шешімдерді даярлау мен қабылдау процесіндегі жүйелі, кешенді тәсілдің болуы болып табылады. Ал, бұл тәсіл теориялық-танымдық қызметті, яғни, елдегі, аймақтағы, облыстағы, қаладағы, аудандағы жағдайды зерттеуді, нақты мақсаттар, міндеттер қоюды, ұйымдық-атқарушылық, кадр жұмыстарын бағыттауды, идеялық-саяси ықпал жасауды көздейді.

Бүгінгі жаңару қоғамда адамдардың бұрын-соңды болып көрмеген әлеуметтік белсенділігін тудыруда. Соның нәтижесінде сындарлы дидарласу, түрлі көзқарастарды, тәсілдерді салыстыру, т.б. шаралардың маңызы артты. Сондықтан кез келген саяси басшы пікір таластан, сұхбаттан, дидарласудан бас тартпауы тиіс, егер қажет болса өз көзқарасын қорғауға, сынды қабылдай білуге, басқаларға түсіністікпен қарауға дайын тұрғаны жөн.

Саяси басшылар өз қызметінің мазмұнын жетілдіре түсуі үшін алынған ақпараттарды пайдалана білуді үйренулері керек.

Қоғамдық дамудың демократиялық сипатын әлеуметтік-саяси қорғаудың әдісі әр түрлі қоғамдық қозғалыстарды дұрыс, принципті бағалау, олардың заңды және әлеуметтік ережелерді сақтауына бақылау жасау көкейтесті мәселе болып табылады. Қоғамдық қозғалыстарда пайда болатын халыққа қарсы бағытталған ұлтшылдық пен экстремистік әрекеттердің барлығын батыл әрі бұлтартпас дәлелдермен әшкерелей білу қажет. Бұл жерде жас ұрпақтың ақыл-ойы үшін күрес бірінші орынға шығады. Соңғы кездері жастар арасында тәлім-тәрбиелік құндылықтар бағасының тым түсіп кетуі үлкен алаңдатушылық тудыруда. Әсіресе, әр түрлі экстремизм көріністерімен қатар қоғамдық бойкүйездік, саяси немқұрайдылық, нигилизм және жүгенсіздік етек алуда. Осындай жағымсыз құбылыстарға тойтарыс беру үшін демократиялық, ұлттық-жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғай алатын жаңашыл, шығармашылық тәсіл керек.

Саясатта мақсаттар мен әдістердің және оларға жеткізетін құралдардың арасындағы ұтымды байланысқа қол жеткізу өте маңызды. Сосын саясатта «егер алда тұрған мақсаттарға жеткізетін болса, барлық құралдар шетінен жақсы» деген принциптен мүлдем аулақ болған дұрыс.

Егер мақсат орындалмастай дәрежеде болса, онда ешқандай да құрал көмектеспейді. Мысалы, Н.С.Хрущев 20 жыл ішінде КСРО-да коммунизм орнату идеясын ұсынды. Бұл, әрине, бос сөз еді. Оның үстіне «Американы қуып жетіп, басып озу» туралы жүрдек мақсаты да орындалмас бос қиял болып шықты.

Одан кейінгі жылдардағы «қайта құру» барысында да біраз бос белбеу, жөн-жосықсыз әлеуметтік-саяси және экономикалық мақсаттар межеленді. Әрі алға қойылған мұндай мақсаттарға жету жолындағы сәтсіздіктер оларды айқындаудағы жіберілген қателіктермен емес, қайта көбіне сол мақсаттарды жүзеге асыруға қабілетсіздік танытқан құралдар мен адамдар-мыс деп түсіндірілді. Міне, осыдан барып үздіксіз кадрлық өзгертулер мен бей-берекеттік орын алды.

Сондықтан тұтас алғанда, мақсаттар мен құралдарды анықтауда саясатта ғылымға, нақты талдауларға сүйенген абзал. Олай етпеген жағдайда мұндай жайттардың барлығы са­яси авантюризмге әкеліп соқтырары даусыз. Бұдан саясатқа араласқан адамдар, тіпті бүкіл халық жапа шегеді.

Саясаттағы мақсат пен құралдардың арақатынасы туралы тұжырымдалған осынау қорытынды (формула), менің ойымша, адамдар қызметінің осы екі маңызды буынының бірлігі идеясына негізделетінін баса айтуымыз керек. Әрине, бұларды ажыратуға болмайды. Мақсаттар мен құралдар бір кеңістік пен бір уақытта болған кезде ғана, яғни, бір адамдардың құрал ретінде көріне отырып, бір мезгілде әрі бір мақсаттан табылса ғана олардың саясаттағы орны, адамгершілігі жөнінде сөз егуте болады.

Осыған байланысты, саясат сияқты соншалық маңызды қоғамдық құбылыстың көп қырлылығы басқа да мәселелерді, атап айтқанда, қоғамдық өмір жүйесіндегі саясат пен экономикалық арақатынасын, ішкі, сыртқы және әлемдік саясаттардың айырмашылықтары мен тұтастығын саралауды талап ететіні түсінікті.

 



php"; ?>