Хабар беру арқылы көрсеткен мұғжизалары

Келешекпен байланысты жағдайды тек Аллаһ Тағала біледі. Аллаһ қана болашақты нақты айта алады. Егер бір кісі келіп келешекте мынандай оқиғалар болады, оған көздерің анық жетеді десе, онда ол Аллаһтың білдіруімен айта алатын пайғамбар болуы мүмкін. Сол секілді Хазіреті Пайғамбарымыз да Аллаһтың ұлық елшісі ретінде өткен-кеткен оқиғалардан хабар беру арқылы мұғжиза көрсеткен. Солардың бірнешеуін келтірсек:

1. Хазіреті Пайғамбарымыздың оқу, жазу білмейтіндігі сол кезеңдегі адамдар тарапынан еш жалғанға шығарылмады. Оның шынайы пайғамбар екендігін сынау үшін христиандар мен яһудилер түрлі діни сұрақтар сұрап, нақты жауабын алып, ешқандай артық сөзге келместен келген ізімен кететін. Бірде Мадинадағы яһудилердің бірі зина жасап қояды. Яһуди шариғаты бойынша, зина жасаған кісіні тас боран қылып өлтіру жазасы бар. Бұл Таураттың үкімі болатын. Содан әлгі яһудиді мұндай өлімге қимаған қандастары «жүріңдер Хазіреті Мұхаммедке барайық, бәлкім ол бізге жеңілдеу жаза берер» десті. Сөйтіп, Хазіреті Пайғамбарымыздың құзырына барып болған жайды бастан аяқ айтып, үкім беруін өтінеді. Бірақ, олар Пайғамбарымыздан Таураттағы тас боран етіп өлтіру үкімін әдейі жасырады. Пайғамбарымыз олардан: «Тауратта зина етудің жазасы жайында не дейді», - деп сұрағанда, «Тауратта бұл туралы еш нәрсе жоқ», - деп алып-қашты әңгіме айтады. Хазіреті Пайғамбарымыз: «Тауратта зина жасаушының күнәсі рәжм (тас боран) ету делінген. Ол жазу сенің қолыңның астында жазулы тұр», - деп яһудилердің аузына құм құяды. Хазіреті Пайғамбарымыздың үкіміне келісетіндігін айтып келген яһудилер зина жасаушы қандастарын тас боран етіп өлтіреді.

2. Хазіреті Пайғамбарымыз шамамен өзінен 2500 жыл бұрын өмір сүрген Мысыр Ферғауынының тәні, кейінгі ұрпаққа ғибрат болу үшін теңізден шығарылатындығын мына бір аятпен айтады: «Сенен кейінгіге үлгі болу үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Расында адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз» (10.Юнус-92). Шынында да 1881 жылы Мысыр патшаларының қабірлері табылып, Ферғауынның да тәнін Қызыл теңізден тауып алған археологтар көпшілікке ғибрат ретінде Англияның мұражайына қойды[3].

3. Бәдір шайқасының алдында, мұсылмандар Бәдір құдығының жанына шатырларын тігіп мүшріктерді тағатсыз күтеді. Ұрыс басталардан бір күн бұрын Хазіреті Пайғамбарымыз Меккенің көсемдері, дін дұшпандары мүшріктердің қай жерде өлтірілетіндігін сахабаларына айтып береді. Бәдір шайқасы біткен соң мұсылмандар майдан алаңындағы өліктерді ретке келтіру үшін жинаған кезде, Хазіреті Пайғамбарымыздың айтқанындай аталған мүшріктердің дәл сол көрсеткен жерлерінде өліп жатқандарын көріп таңдай қағысады[4].

Мадинаны біржола басып алу үшін Меккелік мүшріктер 24.000 әскермен жорыққа шығады. Мүшріктердің әрекетін естіген мұсылмандар Сәлман Фарисидің ұсынысы бойынша, Мадина қаласының сыртын айналдыра ор қазуға кіріседі. Ор қазу кезінде сахабалар үлкен тасты қайламен ұрып сындыра алмаған соң, Хазіреті Пайғамбарымыздан көмек сұрайды. Хазіреті Пайғамбарымыз қайласын алып, тасты ұрғанда от ұшқыны шығады. Артынан Пайғамбарымыз «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтып, Иран патшалығының құлайтындығын, екінші рет ұрып, Рим империясының құлайтындығын және Шам мен Сананың мұсылмандар қолына өтетіндігі жайында сүйінші хабар айтады. Бірақ сахабалар сол кезде айтылған жерлерді алу былай тұрсын, ол жерге бару ойларына да кіріп шықпаған еді. Уақыт өте келе Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омар тұсында аталған жерлер Ислам билігіне өтеді.

· Хазіреті Пайғамбарымыз 628 жылы Меккеге қажылыққа бармақ болып, 1400 сахабасымен жолға шығып, Меккеге жақын Худайбия деген жерге келіп қонақтайды. Мүшріктер мұсылмандарды Меккеге кіргізбеуге бел буғаннан кейін мұсылмандармен он жылдық бейбіт бітім жасауға бел буады. Осы келісім Сухейл ибн Әмір мен Хазіреті Пайғамбарымыз арасында жасалды. Келісімшартқа: «Бұл Аллаһтың елшісі Мұхаммедпен жасасқан...», - деп жаза бастағанда Сухейл: «Біз сені Аллаһтың елшісі деп қабыл етсек, бұлай бітім жасаспас едік. Сені елші ретінде мойындағанымыз жоқ. Сондықтан Мұхаммед ибн Абдуллаһ деп жаз», - дейді. Келісімшартты жазушы Хазіреті Әли еді. Оған Сухейлдің сөзі жүрекке қанжар сұққандай ауыр әсер етеді де, «Расулуллаһ» (Аллаһтың елшсі) деп жазған сөзін өшірмей тұрып алады. Сол кезде Хазіреті Пайғамбарымыз өз қолымен «Расулуллаһ» сөзін өшіріп, Мұхаммед ибн Абдуллаһ деп жазады да, Әлиге: «Бір уақыт келеді, сенің де басыңнан осындай жағдай өткенде мәселені түсінесің», - дейді.

Шынында да 657 жылы Хазіреті Әли өзінің халифалығын мойындамай қойған Шам әкімі Муауиямен Сыффин деген жерде шайқасып, арты екі жақтың бітімге келуімен аяқталды. Сол кезде Хазіреті Әлидің: «Әмирул муминин (мүминдердің әміршісі) Әлиден Муауия ибн Әбу Суфиянға», - деп жазған бітіміндегі «Әмирул муминин» сөзін өшіріп, орнына Әли ибн Әбу Тәліб деп жазуды Шам төрешісі талап етеді. Ол: «Біз сенің «әмирул муминин» екеніңді мойындасақ, бұлай келісім жасамас едік. Сенің халифалығыңды мойындамаған соң келісім жасап жатырмыз», - деп ақыры «Әмирул муминин» сөзін өшіргізеді. Хазіреті Әли сол кезде барып Худайбияда Хазіреті Пайғамбардың өзіне айтқан сөзі есіне түсіп, оның шындыққа айналғанына көзі жетеді.

Хазіреті Пайғамбарымыздың осыған ұқсас айтқан хабари мұғжизалары өте көп. Мысалы ақырзаманның кіші белгілері жайында айтқан хадистеріне назар аударсақ, аталмыш белгілердің рет‑ретімен жүзеге асып жатқандығына куә боламыз. Және олардың көпшілігі әлі сол уақыт сағаты келгенде айна-қатесіз болатындығына күмән жоқ. Пайғамбарымыздың мұғжизасына сенбеу имансыздыққа жетелейді. Өйткені мұғжиза - Оның елшілігінің белгісі.