Балалардан анамнез жинау ерекшеліктері

Дәріс 1.

Балаларды зерттеу әдістерінің ерекшеліктері

Ересек адамдардың көптеген ауруларының бастамасы балалық жаста басталады. Сондықтан, баланың өсу жағдайы, балалық шағының жағдайы ересек адамның денсаулығының көрнісі болып табылады.

Баланы зерттеу әдісінің ерекшеліктері

Баланы жан-жақты қарауға, зерттеуге мән беру ауруды дұрыс зерттеп, диагностикалауда, нақты ем қолдануға және бала күтімін дұрыс ұйымдастыруда ең маңызды орын алады. Баланы зерттеу әдістері ересек адамды зерттеу әдістерінен ерекшеленеді, әсіресе ерте жастағы бала болса, жағдайын дұрыс бағалау үшін обьективті зерттеудің арнайы әдістері қажет. Науқас баланы зерттеген уақытта нақты жүйелікті пайдалану қажет, яғни сұрастыру сәтінде және объективті қарау уақытында.

Баланы зерттеу кезеңдері

Баланы зерттеу бірнеше кезеңге бөлінеді:

1) ауру анамнезі (anamnesis morbi);

2) өмір анамнезін сұрастыру (anamnesis vitae);

3) науқастың нақты жағдайын объективті зерттеу (status praesens);

4) қосымша зерттеу әдістері (лабораторлы, рентгенологиқ және т.б.).

Зерттеу диагноз қойылуымен, ем тағайындалуымен және болжам жасаумен аяқталу қажет.

Балалардан анамнез жинау ерекшеліктері

Зерттеу жүргізілетін бөлме жылы, желсіз және табиғи жарықпен қамтамасыз етілуі қажет. Шудың болмауы маңызды. Баланы қарау ата-анасының қатысуымен жүргізіледі. Дәрігердің қолы жылы болуы қажет. Дәрігердің жарқыраған әшекей тағуы және өткір иісті косметика қолдануы дрыс емес болып саналады. Дәрігер танысудың бірінші минутынан бастап баламен және оның ата-анасымен дұрыс байланыс құрастыра алуы аса қажет. Жақсы қатынас құрастыру ауру жайында құнды мәліметтер жинауына себебін тигізеді.

Әсіресе, келесі сәттерде нақтылық аса қажет:

Ø Ауру анамнезі

Ауру белгілері әрдайым бірден пайда бола бермейді, көбінесе белгілер бірте-бірте бірнеше сағатта немесе бірнеше күнде көрініс береді. Аурудың ерте белгілерін тауып және олардың ішінен бастысын, жетекші рөл атақаратынын табу қажет.

Анықтау қажет:

1. Стационарға түскен кездегі және бақылау кезеңіндегі шағымдары (науқастың немесе оның ата-анасының баяндауы). Әрбір шағымды қосымша сұрақ қою арқылы нақтылау.

2. Бала қашан ауырды?

3. Қандай жағдайда ауру дамыды және зерттеудің бірінші күніне дейінгі ағымы?

4. Аурудың жалпы белгілері (температура немесе қызба, қалтыру, ұйқысы, тәбеті, шөлдеуі, әлсіздік, мазасыздануы, көңіл-күйі және т.б.) – динамикасында анықтап, көрсету

5. Аурудың барлық жүйелер мен мүшелерде көрінуі:

1) тыныс алу жүйесі: жөтел құрғақ немес ылғалды, оның пайда болу кезі (таңертен, күндіз, түнде, ұйықтар алдында), сипаты. Қақырық (мөлшері, сипаты және түсі, шығуы). Кеудеде немесе арқада ауырсынудың болуы (сипаты, локализациясы немесе орналасуы, тыныс алумен, жөтелмен байланысы, иррадиация немесе берілуі. Ентігу (экспираторлы немесе инспираторлы), қашан пайда болады (тыныш күйінде, физикалық жүк түскенде және т.б.), тұншығу ұстамаларының пайда болуы (көмекші бұлшықеттердің қатысуы, мұрын қанаттарының желбіреуі);

2) жүрек-қантамыр жүйесі: ентігу, жүрек аймағында ауырсынудың болуы (орналасуы немесе локализациясы, иррадиациясы немесе берілуі, сипаты). Жүректің шалыс соғуын сезіну (интенсивтілігі, ұзақтығы, жиілігі). Ісінулер (локализациясы,пайда болу уақыты);

3) асқорыту жүйесі: жүрек айнуы (жүрек айнуының тағаммен байланысы, ұзақтығы). Құсу (ашқарынғы, тамақ қабылдағаннан кейін, қанша уақыттан кейін, сипаты). Ерте жастағы балалардың лоқсуы (көп көлемде, аздаған, тамақтан кейін немесе тамақтану арасында). Кекірудің немесе қыжылдаудың болуы. Іштің ауырсынуы (сипаты, локализациясы, иррадиациясы, пайда болу уақыты және тамақтанумен байланысы). Стул немесе үлкен дәреті (жиілігі, сипаты, түсі, иісі);

4) зәр шығару жүйесі: бел аймағының ауырсынуы. Зәр шығару жиілігі және көлемі (ерте жастағы сәбилерде – дымқыл жаймалардың саны). Зәрдің түсі. Зәрді түнгілік уақытта ұстай алмауы;

5) тірек - қимыл жүйесі: аяқ-қолында, бұлшықеттерінде және буындарында ауырсынудың болуы (сипаты, локализациясы, метеосезімталдығымен байланысы). Буындардың ісінуі, қызаруы. Қозғалыстың қиындауы, таңертенгілік қимылдың бөгелуі;

6) эндокринді жүйе: шашпен жабылудың бұзылыс. Терінің өзгерісі (шектен тыс тершеңдік немесе құрғақтық, күстену, тыртықтың пайда болуы). Бойдың және дене салмағының бұзылысы;

7) жүйке және сезім жүйесі: бас ауруы және бас айналуы. Тырысулар, гиперкинездер, тик, терінің сезімталдығының бұзылысы (гиперестезии, парестезии). Сезімтал мүшелердің және сөйлеудің бұзылыстары.

6. Стационарңа түскенге дейін ем жүргізілді ме, емнің нәтижесі қандай болды; дәрілік заттарға реакциясының барлығын анықтау.

 

Ø Өмір анамнезі

Ерте жастағы баланың өмір анамнезі (3 жасқа дейін)

3 жасқа дейінгі баланың өмір анамнезін анықтау кезінде ерекше көңіл аударатын мәліметтер:

1) пренатальді кезең (жүктіліктен туылғанға дейінгі кезең);

2) интранатальді кезең(туыла бастағаннан туылғанға дейінгі кезең);

3) ерте постнатальді кезеңдер(туылғаннан кейінгі кезең);

4) ерте жастағы балалар анамнезі.

 

Анасынан баланың өсу ерекшеліктерінің ағымы, тәрбиелеу сипаты, ауырған аурулары, отбасылық немесе тұқым қуалайтын аурулары, тұрмыс жағдайы, тамақтандыруы, алған алдын алу екпелері және оларға болған реакциясы, баланың эпидемиологиялық аймағы жайында нақтылап сұрастыру.

Анықтау қажет:

1) нешінші бала, нешінші жүктіліктен, жүктіліктің ағымы және қалай аяқталады (түсік, өлі туылғандар және шалатуылған балалар, аборт);

2) жүктіліктің ағымы (жүктіліктің I немес II жартысындағы токсикоз – жүрек айну, құсу, ісінулер, гипертония, нефропатия, эклампсия, вирустық инфекциялар), анасы декреттік демалысын қолдануын;

3) жүкті әйелдің тамақтану ерекшелігі мен режимі.

4) туылу кезеңінің қалай өткендігі (ұзақтығы, асқынулары), баланы нешінші күні және қандай салмақпен үйге шығарылғандығын;

5) Туылғаннан кейін жылады ма? Жылау сипаты (қатты немесе әлсіз)?

6) Туылған кездегі дене салмағы мен бойы.

7) Қай уақытта ана сүт безіне жатқызды, бала сүт безін қалай алды, қанша және неше рет емеді?

8) Кіндік қалдығы қашан түсті, кіндік жарасы қалай жазылды?

9) Баланың физиологиялық салмақ жоғалтуы болды ма және ол қалай қалпына келді?

10) Нәресте кезеңіндегі аурулары (сарғыштықтың интенсивтілігі және ұзақтығы – ана мен баланың қан тобының және резус сәйкес келмеушілігі, туылу кезіндегі жарақат, терінің және кіндіктің, тыныс алу жолдарының, асқорыту жолдарының аурулары және т.б).

11) Нешінші күні және қандай салмақпен бала үйге шығарылды?

12) Баланың физикалық дамуы: өмірінің алғашқы жылында (әр ай сайын) және бір жастан кейін дене салмағы мен бойының ұлғаюы.

13) Тұрақты қалпы мен маторикасының дамуы: қашан басын ұстады, бүйіріне, арқасынан ішіне аударылды, қай уақытта отырды, еңбектеді,тұрды, жүрді, жүгірді?

14) Психикалық дамуы: қай уақытта күлімдеді, уілдеді, анасын таныды, жеке буындарды,сөздерді және сөйлемдерді айта бастауы; бір жасқа дейінгі және екі жасқа қараған шағындағы сөз қоры.

15) Баланың үйдегі және ұжымдағы мінез-құлқы: басқа балаларға және ересектерге қатынасы;

16) Ұйқысының ерекшелігі, ұзақтығы;

17) Баланың тамақтану ерекшелігі – табиғи, жасанды, аралас. Табиғи тамақтандыру – баланы емізу уақыты, ему белсенділігі, бір немесе екі сүт безінен емізу, емізіп болғаннан кейін сүтті сауып тастау. Аралас тамақтандыру – қосымша тағам қосу. Баланы немен қосымша тамақтандырады, қай жасынан, көлемі және қосымша тағамды енгізу әдісі. Ананың гипогалактияны алдын алуы немесе күресу?

Жасанда тамақтандыру – баланың қай жасынан және немен тамақтандырды, қандай көлемде және реттілікпен. Тамақтандыру арасының ұзақтығы, жүйелігі немесе ретсіз тамақтандыру, түнгі үзіліс болды ма? Бала шырын ішті ма (қандай), D дәруменін алды ма – қай жасынан және қандай мөлшерде? Қай уақыттан бастап қосымша тағамдар енгізілді, маны, енгізу реттілігі? Ана сүт безінен айыру немесе бас тартуы.

Тәбетінің және дәмді ұнатуының ерекшелігі. Нақты ауруға дейінгі баланың тамақтануы мен тәбеті.

18) Тістерінің шығуының мерзімі;

19) Ауырған аурулары (қашан және қандай), инфекциялық және хирургиялық себебін анықтау. Аурудың ағымы мен асқыныстарының ерекшеліктері.

20) Туберкулезге (БЦЖ), полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы екпелер. Баланың екпеге реакциясы.

21) Туберкулезді сынамалар, қашан жүргізілді және нәтижесі.

22) Жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен байланысы.

23) Бала стационарда ем алды ма?

 

Ересек жастағы балалардың өмір анамнезі

Ересек балалардың анамнезін жинау кезінде отбасының тұрмыстық жағдайын, ата-анасының қызметін, отбасы ішілік және баланың тұратын мекенінің жағдайын анықтап сұрау қажет және т.б..

Келесі мәліметтер анықталады:

1.Нешінші бала?

2. Ерте жастағы кезеңі қалай дамыды?

3. Үйде және ұжымдағы мінез-құлқы, мектеп жасындағы бала болса – мектеп үлгерімі, қай пәнді ұнатады.

4. Ауырған аурулары (қашан және қандай) және хирургиялық оталары.

5. Алдын –алу екпелері.

6. Туберкулинді сынамалар, қашан жүргізілді және нәтижесі

Баланың жыныстық жетілуі (екінші ретті жыныстық белгілердің пайда болу уақыты).

7. Жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен байланысы.

 

Өмір анамнезіне қосымша мәлімет ретінде отбасылық анамнезі де жатады, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бағаланады.

 

Ø Отбасылық анамнез

1. Ата-анасының жасы.

2. Ата-анасының және әкесі немесе анасы жағынан жақын туыстарының денсаулығының жағдайы (туберкулез, сифилис немесе мерез, токсоплазмоз, алкоголизм, психикалық, жүйкелік, эндокринді және аллергиялық аурулар).

3. Ауру баладан бастап атасы, әжесі, аға-әпкелерінің генеалогиялық ағашының жағдайын анықтау.

4. Отбасында қанша бала бар және олардың денсаулығының жағдайы; егер қайтыс болса себебін анықтау? Алынған мәліметтер генетикалық картаға тіркеледі.

 

Ø Материалдық-тұрмыстық жағдайы

1. Ата-анасының жұмыс орны, мамандықтары, жалпы жалақылары, отбасының саны?

2. Қандай жағдайда отбасы тұрады: пәтер көлемі, жылылығы, жарықтығы, ылғалдылығы және т.б. Тұратын балалар мен ересектер саны.

3. Бала балаларға арналған мекемелерге барады ма?

4. Балаға кім қарайды және оның денсаулығының жағдайы?

5. Балада жеке төсек бар ма?

6. Баланы қандай жиілікпен шомылдырады? Баланың таза төсегі мен кимі жеткілікті ма?

7. Ауа райының кезеңдеріне сәйкес баланың киім-кешегі бар ма?

8. Күн тәртібін сақтайды ма және серуендеу мен ұйқының ұзақтығы?

9. Тамақтандыру режимі, мектептегі жүктемесі.

Мектеп жасындағы баланың – күн тәртібі, қосымша жүктемелері.