Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. 2. Әл-Фараби. Мемлекет қайтаркерлерiнiң нақыл сөздерi

1. Махмұт Қашқари. Дивани луғат ат түрік.Түрік тілінің сөздігі. Алматы.

2. Әл-Фараби. Мемлекет қайтаркерлерiнiң нақыл сөздерi. Әлеуметтiк - этикалық трактаттарында. - Алматы: Ғылым. 1975. - 5- 28 с.

3. Баласағұн Ж. Құтты бiлiк. - Алматы:Жазушы. 1986. - 358 б.

4. «Қабуснама». Өзбек тiлiнен аударған және алғысөзiн жазған - Тұрсынәлi Айнабеков. - Алматы: Балауса, 1992. - 156 б.

5. Яссауи Қожа Ахмет. Диуани хикмет. - Алматы, 1993. - 260 б.

6. Құнанбаев А. Қара сөз, поэмалар. / Құрастырған К.Серiкбаева. - Алматы, "Ел",

92. - 272 б.

 

4- тақырып. Халықтық педагогиканың негізгі құралдары (мақал-мәтелдер, жұмбақтар)

Жоспар:

1. Қазақ ауыз әдебиетінің этнопедагогикалық мәні

2.Мақал-мәтелдер және олардың халықтық педагогикадағы рөлі

3.Жұмбақтар

 

1. Қазақ ауыз әдебиетінің этнопедагогикалық мәні. Әдебиет – тәрбие құралы. Әуелі жеке дарындардың дуалы ауыздарынан шығып, кейін оны халық қалап, қастерлеп, жаттап, жадында қалдырып, ғасырлар бойы өңдеп, өркендетіп, қадірлеп қалыптастырып, асылым деп ақыл-санасына сіңірген ауыз әдебиетінің үкілі үлгілері – мәдени мұрамыздың ең құнды қазынасы. Ол – ұрпақ тәрбиесінің күн сәулесіндей әсерлі нұрымен от алатын ой тамызығы болып, жанды жалындататын, қиялды қияндататын, ақыл-сананың айшықты көріністерін бейнелейтін қасиетті, киелі мұра. Бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, тақпақ, жырлар мен ертегілер, аңыз әңгімелер бәрі де тілді, ойды дамытатын, тәлім-тәрбие беріп, дүние танытатын этнопедагогикалық ғаламат туындылар. Бұл – халық педагогикасының үлкен бір саласы. Жалпы педагогика ғылымының негізі халық педагогикасында жатыр. Халық педагогикасының бұл саласын этнопедагогиканың және жалп педагогиканың барлық салаларында ғылыми, іс-әрекеттік негізде пайдалануға болады. Ал, халықтың мақал-мәтелдері педагогикамен қатар, философиялық дәрістердің де түсініктемелеріне арқау бола алады.

Бесік жырының тәрбиелік мәні Тұрмыс-салт әуендерімен айтылатын бесік жыры бөбекті жұбату үшін және оған тілек айту үшін ғана шығарылған емес. Ең әуелі ырғағы бесіктің тербелісіне сәйкес келетін сабырлы екпінде айтылған әуен сезім мүшелері арқылы оған сүйкімді, сүйсінерлік әсер етіп, жан-жүйесін жадыратады, яғни ұнамды, ұнасымды әсермен баланы жұбатады. Екіншіден, баланың келешегіне үміт артып, тілек айта отырып, оны жұбатушы ана болашақтың шамшырағы мен нұрсәулесінен қуат алғандай әсерленеді. Үшіншіден, ата-ана жатқа айтқан тілектерді тілі шыққан

балдырғандар да жаттап, әрі тілі дамиды, әрі сол сөздерден тәлім алады. Бесік жырларын мазмұнына қарай: шілдехана жыры, бесікке бөлеу жыры, жұбату және тілек айту деп топтауға болады. Бесікке бөлеу жыры нәрестені бесікке салғанда, қуаныш-тілек ретінде, көбінесе көңілді, әуезді әуенімен айтылады. Балғын бөбек бесік жырының жанға жайлы әуезді әуеніне жұбанып, рахатқа бөленеді. Мұның психологиялық, медициналық мәні де зор. Әуен (музыка) бөбек жанына дем береді. Бесік жыры көбінесе тілек (сенім арту, үміт, бата) айту мәніне құрылады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөленеді. Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.

Бөбектің отыруы. «Бөбек бес айда белгілі отырады, алты айда анық отырады» дейді халық. Баланың әке-шешесін, жақындарын анық танып, күлу, ренжу әрекеттерін көрсете бастауы, оның өздігінше қимыл әрекеттерін жасаумен ұштасады да, отыруға ыңғайлануы байқала бастайды. Бөбек толық отырғанға дейін оның «талпыну» әрекетімен демеп, отыруына жағдай (сүйеніш, таяныш) жасалынады. Толық отырған бөбектің, алғашқы әрекеті орындалып, көңілі шаттанып, бойы сергектене береді. Миы қатаймаған, буындары «қатпаған» бөбектің, алғашқы еркін қимылдауына жағдай жасап, оның өз алды әрекетінің сәтілігіне бас көз болып отыру отбасындағы жанашырдың бәрінің парыздық әрекеті болуға тиіс. Осы әрекет үстінде отбасындағылардың бөбекке деген мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық сезімдері дамиды.

Тұсау кесу. Бөбек туғаннан кейін жеті-сегіз айдан соң, әуелі еңбектеп (еңбектеудің де әр түрлісі бар) содан кейінірек қаз-қаз тұрып, қаз басып жүре бастайды. Бала тәй-тәй басып жүре бастаған кезде, тұсау кесу рәсімі жасалып, тұсау кесу жыры айтылады.

Тұсау кесу жырлары Тұсау кесу – әдет-ғұрыптық, ырым-рәсімдік қуаныш мәжілісінде айтылатын жыр. Көбінесе, бір жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіріп, оның ата-анасы қуанышқа ортақ жақын адамдарды жинайды да, сыйлы адамға балбөбектің тұсауын кестіреді. Баланың тұсауы ала жіппен немесе қойдың тоқ ішегімен байланады да, тұсау кескен соң тұсау кесушіге сый-сыяпат көрсетіліп, сыйлық беріледі. Жағдайы келіп, жақсылыққа жайы мол әке-шеше бұл рәсімді кішігірім той-томалаққа айналдырып, баланың тұсауын жарыстан озып келген ең жүйрік азаматқа кестіреді. Тұсау кесілген соң баланы ақ жайма үстімен (ақ жол тілеп) немесе қалың кілем үстімен (жолы жұмсақ болсын деп) жүргізіп, ата-ана қуаныш білдіріп, арман-тілегін айтады. Тұсау кесу жырын балбөбекті күтушілер оның тұсауын кескенге дейін де айтып, оның тәй-тәй басып жүруіне қуаныш білдіріп, сүйеніш, жетекші іс-әрекет тәсілдерін қолданады. Тұсау кесу жырының бұл түрі «тәй-тәй» деп аталады. Қазақ балалар поэзиясында бірсыпыра ақындардың (Ж.Смақов, М.Әлімбаев т.б.) тұсау кесуге арналған жырлары бар. Мысалы, ақын Жақан Смақов:

Тәй-тәй бас, құлама,

Құласаң жылама! – деп баланы батылдыққа тәрбиелейді. Отбасында балдырғандар «тәй-тәй», тұсау кесу жырларын, әуенімен әсемдеп айту арқылы балдырғанның әрі бөбекке деген сүйіспеншілігі артады, әрі оның кішіге қамқорлық сезімі қалыптасып, іс-әрекетке ықыласы молаяды. Отбасында болатын тұсау кесу рәсімі тәрбиеші балала бақшасындағы қуыршақ ойыны арқылы да ұйымдастырылып, балаларды халықтың әдет-ғұрпын құрметтеуге тәрбиелеуі тиіс. Бұл баланыңәрі музыкаға қызығуына, сахнада ойнауға үйренуіне, сөз өнеріне бейімделуіне себепші болады.

Жаңылтпаш – тіл ширату тәсілі Халық баланың тілін ширату үшін, оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында жаңылтпаштар ойлап шығарған. Балбөбектің тілі шығып, балдырған жасында сөздік қоры молая бастаған кезде, кейбір дыбыстарды айта алмай немесе қинала айтады. Тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеу үшін, қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі-жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса, сөйлегенде де мүдірмей, өз ойын толық жеткізетін болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамиды, тәлім алады. Жаңылтпаштарды халық бала психологиясы мен тілінде болатын мүкістерге сәйкес шығарған. Тілі шыға бастаған жас бөбекпен, тілі шыққан балдырғандардың тілінде көбінесе «р» дыбысы мен «и» дыбысын, «ш» дыбысын «с» дыбысымен шатастыру байқалады. Әсіресе, тілдің алдыңғы (тілалды) дірілмен айтылатын «р» дыбысын айту алғаш көптеген бөбектерге қиын сияқты болып көрінеді. Сондықтан жаңылтпаштар да, көбінесе сол «р» дыбысы мен «и» дыбысын қатар айтуға құрылған. Бала тіліндегі «ш» дыбысы мен «с» дыбысын шатастырып айтуды түзету үшін халық жаңылтпаштарды шығарған. Сол сияқты «қ-к», «ж-ш», «т-д», «н-ң» т.б. дыбыстарды шатыстырмай айтуға жаттықтыратын жаңылтпаштар бар. Халық педагогикасының бұл саласын қазақ ақындары дамыта түсті. Олардың бір ерекшеліктері, ол жаңылтпаштар көбінесе әрі тіл ширату, әрі дүние таныту, әрі білім беру, тәрбиелеу. Сонымен бірге жаңылтпаштар баланы табиғатты қорғауға тәрбиелейді, баланың тілін ширатады. Отбасында балаға жаңылтпаш айтқызып жаттықтырудың бірнеше жолы бар: ең әуелі бала жаттықтырушының айтқан жаңылтпашын жаңылмай, тез-тез айтуға үйренуі керек. Екіншіден, бірнеше баланың жаңылтпаш айтудағы жаңылмай айту қабілетімен қатар, қанша жаңылтпаш білетінін байқау үшін жаңылтпаш айтысуын ұйымдастыра білу керек. Жаңылтпаштарды жаңылмай айтудан, жаңылтпаштарды білуден озып шыққан баланы ынталандырып, мадақтап, сыйлық беріп мерейін арттыру қажет. Балалар бақшасында тіл ширату, көркем сөз оқу, тақпақ айтуға балдырғандарды жаттықтыру үшін арнайы уақыт бөлініп, эстетикалық тәрбие жұмыстары жүргізіледі, мүмкіндігінше жаңылтпаштарды әнге қосып айтуға да болады. Балалар бақшасында ұйымдастырылған жаңылтпаш айтысудың мәні зор. Ол үшін, тәрбиеші күні бұрын жоспар жасап, керекті жаңылтпаштарды топтай білу керек. Әрине, тілі өте мүкіс, көбінесе логопедиялық дәріс алып жүрген баланы ондайда ұятқа қалдырып, сағын сындырудан сақ болған дұрыс. Өйткені жаңылтпаш айтудың психологиялық әсері де ерекше. Әсіресе, жаңылтпаш жаттығулар арқылы «р» дыбысына тілі келіп, сөзді мүдірмей айтуға баланың қуанышы қойнына сыймай, өмірдің өткелінен өткендей әсер алады. Балалар бақшасында фольклорлық кеш өткізіп, онда жаңылтпаш айтысуға да тиісті орын беріп, айтқыш балалардың абыройын арттырып отыру керек. Жаңылтпаштар тек жас балалардың тілін ширату үшін ғана қолданылмайды, сонымен қатар жаңылтпаш айтысып, тіл ұстартуды үлкендер де салтқа айналдырған болатын. Санамақтардың тәрбиелік мәні Санамақтарды халық, негізінен, жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Санамақтардың түрлері көп, оның үстіне жаңадан қосыла береді.

1. Атау ұйқастырып санау арқылы бала әрі сан үйренеді, оның үстіне санға аты ұйқасқан заттарды танып біледі.

2. Саусақ санау ойыны баланы сан үйренуге ынталандырады, көңілдендіреді.

3. Санамақ айтыста бала санға ұйқас сөз табу арқылы, ақындық қабілетін байқайды. Егер ол ұйқас таба алмаса, айтыста жеңілген болып табылады.

4. Жаңылтпаш, жұмбақ санамақты айту арқылы бала әрі сан үйренеді, әрі жұмбақтың шешуін тауып, ойын дамытады, тілін ширатады.

5. Ойын санамақтарын балалар «Тоқтышақ», «Жасырынбақ» ойындары үшін пайдаланылып, сан жобасын, тақ пен жұп белгілерін ажыратуды үйренеді. Отбасында санамақтың әрбір түрін балаға жаттатып, олармен бірге ойнай отырып, ойын дамыту – ата-ананың борышы. Ересек балаларға неғұрлым күрделі санамақтарды айтқызып, ол санамақтардың шешімін мүмкіндігінше, өлең ұйқастарымен айтуды талап ету керек. Балалар бақшасында балдырғандарға санамақтардың сан алуан түрлерін үйретіп, оны айтқызу, санамақ шешімдерін дұрыс шешкендердің білімін бағалап, оларды мадақтай білу керек. Кейбір санамақтарды және олардың ұйқасты шешімдерін әнге қосып айтуға болады. Мектептерге (әсіресе бастауыш сыныпта) күрделі санамақтарды айтып, олардың шешімдерін тез тапқан оқушыларға ұпай қою, баға беру ісі ұйымдастырылады. Күрделі санамақтарды «Өнерпаздар мен тапқыштар» клубының жарысына қатысушылар да өнер сайысының бір кезеңінде орынды пайдалана білуі тиіс.

2. Мақал-мәтелдер және оның халық педагогикасындағы рөлі.Мақал-мәтелдердің халық педагогикасындағы орыны орасан. Жастарды тәрбиелеуде, тірлікке бейімдеуде мақал-мәтелдер үлкен рөл атқарады. Мұны бабалар тәжірибесінен байқауға болады. Қашанда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасын ұстанған халқымыз жастарды мақал-мәтел арқылы тәрбиелеудің озық үлгісін қалдырды. Қай мақалды алсаңыз да, оның өзіндік айтар ұлағаты бар. Кейбір мақалда дидактикалық сарын айқын болса, кейбір мақалдар ескертпе түрінде келуі де мүмкін. Осы бір тамаша үрдіс мақал-мәтелдің этнопедагогика саласындағы маңызын арттыра түседі. «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін бүкіл өнер атаулының алдына шығарған қазақ халқы өз ұрпағын тәрбиелеу ісінде мақал-мәтелдің мүмкіндігін кеңінен пайдалана білді. Мақал-мәтел адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін іспетті. Мақал-мәтел өмірдің бар саласын қамтитындықтан, тақырыбы да сан алуан. Қазақ халқында еңбек тақырыбына арналған мақал-мәтелдер көп. Бұл мақалдардан халықтың еңбекке деген көзқарасы аңдалады. Еңбек адамды мұратына жеткізетін іс екені айтылады. Мәселен «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Демек өмірдің бар мәні - еңбекте. Ерінбей еңбек еткен адамның ертең аш қалуы мүмкін емес. Еңбек еткен сайын, берекең де арта түсетінін ұқтыратын бір мақал – «Еңбегі бардың – өнбегі бар». Еңбек тақырыбына арналған мақал-мәтелдердің барлығы да негізінен ақыл-өсиет түрінде айтылады. Еңбекті ардақ тұтқан халық еңбек етудің, сол арқылы арман-мұратқа жетудің оңай еместігін, ол үшін талмай еңбектеніп, тер төгу қажеттігін ескертеді. Кейде туған жерді өзге елмен салыстыра келіп, әркімге өз елінің артық екендігін аңғартады. Мұны халық «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Кісі елі –күміс, өз елің –алтын» сынды мақалдарымен білдіреді.Өз мақалдарында туған жерді жоғары бағалап отырған халық сол жерді дұшпаннан қорғау ісін әр азаматтың абыройлы борышы деп біледі. Атойлап келген жаумен қасық қаны, ақтық демі біткенше алысып, туған елді қорғап қалу – ер азаматтың парызы деп ұғады. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Елін сүйген ер болар», «Ерді кебенек ішінде таны», «Ер – ырыстың қорғаны» сияқты мақалдар жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы.

3. Жұмбақтар.Жұмбақтардың этнопедагогикадағы орны қандай дегенде, ең алдымен біз мынаны айтамыз. Жұмбақ атаулының барлығы тапқырлыққа үндейді. Адамның ақыл-ойы, көрген-білгені, оқыған-тоқығаны безбенге түседі. Жасырылған жұмбақтың шешуін іздеген кез-келген адам өз парасатының жеткенінше ойға шомады. Тіпті жасырып отырған кісіге де жұмбағының мән-маңызына қарап, баға беруге болады. Ендеше жұмбақ – ақыл-парасатты, тапқырлықты, ұтқырлықты паш ететін ауыз әдебиетінің ерекше түрі. Осыны ерте аңғарған халқымыз ұрпағының білім көкжиегін кеңейту үшін жұмбақ жанрын жиі пайдаланған. Жұмбақтар – қазақ ауыз әдебиетінен орын алған және ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу үстінде келе жатқан жанрдың бірі. Халық шығармасының жұмбақ жанрын зерттеген ғалымдардың пікірінше, жұмбақ ертедегі адамдардың еңбек ету, тұрмыс-тіршілік құру тәжірибесінен туған. Сондықтан бұл - барлық халықтарға ортақ жанр. Жаратылыс құбылыстарын, еңбек-кәсіп құралдарын, хайуанаттар жайын бір-бірімен салыстыру арқылы, олардың ұқсас белгілеріне қарап, олардың нендей заттан жасалғандығын немесе қайдан шыққандығын анықтаған. Жұмбақтардың тақырып ауқымы өте кең. Жаратылыс дүниесі, табиғат әлемі, еңбек-кәсіп құралдары, хайуанаттар мен өсімдіктер, адам және оның өмірі, өнер-білім т.б. жұмбақтардың басты тақырыбы. Тақырыбы мол ауқымды қамтитын жұмбақтардың бір парасы адам баласының жаратылыс дүниесін тану әрекетіне қатысты шыққан. Бұл жұмбақтардан адамдардың дүние танудағы ой-өрісі, түсінігі табиғат құбылыстары жайындағы танымдары көрініп тұрады. Мысалы, «Ұшқанда өлең айтады, қонғанда жер қазады» (қоңыз), «Кішкене ғана қара тас, атан түйе тарта алмас» (қарақұрт), «Ат басты, арқар мүйізді, бөрі кеуделі, бөкен санды» (шегіртке) болып келеді. Қазақтың жұмбақтары өзінің құрылысы мен сөз айшығы жағынан мақал-мәтелге ұқсайды. Сонымен қатар, мақал-мәтелдердегі секілді дыбыс үндестігі, дыбыс, сөз қайталаушылық, сөйтіп барып, айтайын деген ойға тыңдаушының назарын аудару жиі кездеседі. Мәселен«Ти десем, тимейді, тиме десем, тиеді» (ерін), «Тақиям толған тары» (жұлдыз), «Өлсең де өлмейді, өлмесең де өлмейді» (адамның есімі). Сонымен, жұмбақ дегеніміз адамды тапқырлыққа баулып ізденуге жетелейтін ауыз әдебиетінің бір түрі.