Жастар мәдениеті мен қоғамның саяси саласындағы жастар.
Қазіргі таңда әлеуметтанушылар «жастар» деген ұғымды жас ерекшеліктер және сонымен байланысты қызмет түрлерінің негізінде пайда болатын топтасқан көпшіліктің жалпылама жиынтығы ретінде айқындайды. Қысқа мағынада, жастар–жас адамдардың әлеуметтік жағдайының ерекшелiктерi, олардың қоғамның әлеуметтік құрылымындағы орны мен қызметі, ерекше құндылықтары мен мүдделері негізінде бөлінетін әлеуметтік-демографиялық топ. Әлемде БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 15-пен 24 жас аралығындағы жас азаматтар 1,3 миллиард шамасында. ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды жастар деп атау қабылданған. Бұл жастағы адамдар тобы еліміздегі тұрғындар санының 27,4% (4 510 435 адам) құрайды және өте маңызды болып табылады, тіпті оларды қоғамдағы ең шешуші звено деп айтуға болады.
Жастардың әлеуметтiк-экономикалық жағдайы статистикалық көрсеткiштер қатарынан көрінеді және әрбір жас азаматтың қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Жастық шақ кезеңіне адам өмірінің басты әлеуметтік және демографиялық құбылыстары: жалпы орта білімді аяқтау, мамандық таңдау және кәсіби білім алу, еңбек жолының бастау алуы, отбасын құруы, балалы болуы енеді.
Қазіргі заман ғылым мен технологияның қарыштап дамып, өте жоғары деңгейге жеткен шағы десек болады. Соған сай сана өркениеті өрістеп биіктеп барады. Бір анығы, адамның санасы, дүниетанымы жоғарылаған сайын қоғам да өзгереді. Мысалы, интернет жүйесі 1969 жылы 2 қыркүйекте пайда болып, қоғамға енгенде оны ең жас пайдаланушылар жасы 20-25 жастан асқан, ересек адамдар болса, қазіргі таңда интернетке 5-6 жастағы бала да әуес. Әрине, бәрін бірдей пайдалы деу артықтау шығар, сананы улап та жататыны бар. Бұл ақпараттық технологияның тым кеңінен қанат жаюының да салдары болар. Алайда осындай құбылыстар орын алған қоғамымызда ұстанатын тек екі қағида бар: бірі – жан-дүниенің рухани тазалығы болса, бірі – сананың сергектігі. Біріншісіне жүрек, екіншісіне ақыл керек. Осыларды ұғып, білуге қайрат керек. Бұл – сонау ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Абай Құнанбайұлының жазып кеткен қағидасы арқылы шыққан тұжырым. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген сөзінде сан-алуан астар бар. Кемеңгеріміздің бұл жерде «бесігіңді түзе» деген сөзді «ұрпағыңды түзе» деген сөздің баламасы ретінде қолданып отыр. Демек, ұрпақтың дүние танымы мен рухани байлығы үлкен жауапкершіліктің жүгі екені айқын. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Жалпы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады. Қазіргі күндегі Қазақстанның дербестікке жетуі халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады.
Рухани құндылықтың астарында кең ұғым жатыр. Оның тәрбиелік мәні де терең. Меніңше, ол — отан, туған жер, отбасы секілді баға жетпес құндылықты сүюге жетелейтін төте жолды мегзейді. Қандай да ел, азамат өз тарихын білу - ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі, ол этникалық тұтастықтың сақталуы мен оның келесі буындарда жалғасын табуда маңызды. Қазіргі ұрпақтың өз халқымен бірлігін сезінушілігі және өзін оның күллі тарихи жетістіктерінің тікелей мирасқоры мен нақты сақтаушысы әрі жалғастырушысы ретінде сезінуінің мәні өте зор. Осы тұрғыдан келгенде, кеудесі алтын сандық, яғни рухани бай жастардың өмірге, дүниеге көзқарасы да кең, қарақты келеді. Бүгінде Қазақстанда жастардың отанға деген сүйіспеншілігі — қоғамдық қатынастарды демократияландыру және гуманизмдендіру негізінде патриотизмге жуықтайтын секілді. Бұндай жаңарған қазақстандық патриотизм мазмұнын қазіргі озық мәдениет құндылықтары ғана емес, сондай-ақ, қазақ мәдениетінің дәстүрлі құндылықтары, оның айрықша руханилық, азаматтық пен өнегелілікке ұдайы ұмтылушылық құндылықтары да құрайды. Орта ғысырдан берi Батыстың империалистiк елдерi қарудың күшiмен Шығыс елдерiн жаулап алып өздерiне отар жасаған болса, жиырмасыншы ғасырдың соңына таман бұрынғы бодандықта болған мемлекеттердiң бәрi дерлiк саяси тәуелсiздiгiне қол жеткiзiп, өздерiнiң ұлттық мемлекетiн құрды. Соның бiрi – Қазақстан.
Жаңа заман көптеген дүниелердің даму шыңына жеткен, жаңа лептің бастау алған кезеңі болды. Ол тек техникалық жетістіктер, ғылыми ашылуларға ғана байланысты емес. Сонымен қатар рухани, мәдени жаңашылдықтың да белең алған уақыты. Сондай заман нәтижелерінің бірі - фанатизмнің (табынушылықтың), психологиялық талғамдағы ұқсастықтың белгілі адамдарды ұлтына, жынысына қарамай, бір идея толқынына біріктіруі, яғни «субмәдениет» ұғымының қалыптасуы. Бұл үрдіс көп кешікпей Қазақстанға да келді.
Субмәдениет (лат. sub — төменгі, нем. kultur — мәдениет) — дәлме-дәл аударымда «астыңғы мәдениет», ірі мәдени құрылым ішіндегі белгілі бір топтар, бірлестіктер мәдениеті дегенді білдіреді. Субмәдениет көбінде қоғамда өктем болып тұрған мәдениет пен әлеуметтік құрылымға оң немесе теріс қатынас нәтижесінде пайда болады. Қазіргі жағдайда субмәдениет үлкен аймақтық, ұлттық мәдени құрылым негізінде пайда бола отыра сол мәдениеттегі классикалық дәстүрден тысқары тұрады. Субмәдениеттің әлеуметтік бастауын әр түрлі жас ерекшеліктеріне байланысты топтар, бейресми бірлестіктер т.б. құрайды.
Бұл «ерекше адамдар» белгiлi бiр субмәдениет өкiлдерiн құрайды. Осы субмәдениет бiздiң қоғамдағы жастар арасында белең алып барады. Субмәдениет – жастардың өзiндiк қоғам құрып, белгiлi бiр топ iшiндегi бейформалды, яғни, қоғамнан бөлек бiрлестiгi, осы бiрлестiк мәдениетi. Ошағы Батыстан бастау алатын субмәдениет ұғымы қазiр бар әлемде кең таралған. Оған, әсiресе, жасөспiрiмдер көп қызығады.
Жастардың арасындағы субмәдениет туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен бұл түсінік астарында не жатқандығын анықтап алу керек. Айқындап алуға деген қажеттілік қазіргі күнде тек «жастар субмәдениеті» ұғымына ғана қатысты емес, сонымен қатар «жастар», «субмәдениет» түсініктеріне де өзіндік талдау, түсіндірулердің көбейіп кеткендігінен туып тұр. Жалпы, субмәдениет - жас адамдардың ресми емес қатынастарының, олардың ерекше өмір сүру стилі мен тәртіптерінің, белгілі бір қағидалары мен құндылықтарының нәтижесі және «мен олар» жүйесіндегі өздерін көрсетудің, дамытудың бір жолы.
Жастар субмәдениетінің өзіндік құндылықтары мен тәртіп нормаларын культқа айналдыруға уақыты жеткілікті жас адамдар аса көп шоғырланған үлкен мегаполистерге тән феномен екендігін айта кеткен жөн. Мұны «жастарға арналған мәдениет» (кино, әртүрлі жаппай көңіл көтеру, бизнес, сән, телехикаяттар т.б.) пен жас адамдардың контрмәдениетімен (дәстүрлі нормаларға қарсы тұру секілді) шатастырмаған жөн.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы ресми емес қозғалыстарға белгілі бір стильдер мен бағыттардың араласып келуі тән. Қоғамдағы біркелкіліктің қаншалықты болмағандығына байланысты мәдени мұралар элементтерінің де соншалықты санқырлылығы байқала түседі. Соңғы жылдары музыкалық субмәдениет (поп, рок, рэп), гедонистік субмәдениет (байкерлер, рейверлер және т.б.), спорттық субмәдениет (паркуршілер, сноубордшылар, скейтбордшылар) айрықша даму үстінде. Готика, эмо, анимэ табынушылары секілді спецификалық субмәдениеттің түрлері бізде бар болғанымен, Ресей және басқа да шетелдермен салыстырғанда өте сирек кездеседі. Түрлi музыкалық жанрлармен әуестенiп, өзiндiк «стиль» қалыптастыратын, бейнесi мен келбетi арқылы ерекшеленiп тұратын, сондай-ақ, iс-қимылдарында да белгiлi бiр өзгеше тұстары бар субмәдениет өкiлдерi қоғамның толық белсендiлерi болғысы келедi. Батысқа елiктегiш жастар қазiргi заманнан қалғысы келмейдi. Олардың барлығы, яғни бейформалдық бiрлестiктер өздерiне тән шаралар ұйымдастырып отырады. Соңғы аталған ресми емес бірлестіктер негізінен оқушылар, студенттер арасында психологиялық қалыптасу кезеңі мен ата-ана тарапынан болатын олқылықтардың қатарласуы салдарынан орын алады.
Жастардың бейформалдық бірлестіктерге кіруінің бірнеше себептері бар:
1. Отбасындағы түсініспеушіліктер, отбасына қарсы шығу
2. Мектептегі үлгермеушілік және мектеп ұжымынан оқшаулану
3. Барлық адамдар сияқты юолуды қаламау
4. Тұрақталу қалауы, өзіне көңіл аудартқысы келеді
5. Криминалдың әсер етуі
6. Мода қуу
7. Батыстық бейнеге еліктеу
8. Өмірлік мақсаты болмау
9. Жас ерекшелік, эмоционалдық қажеттілік т.б.
Әлеуметтік – құқықтық критерии бойынша бейформалдық бірлестіктер 3-ке жіктеледі:
1. просоциальді(жағымды бағыттағы)- жастарға жағымды, белсенді әсер ететін.
2. асоциальді(бейтарап түрде)- бос уақытты өткізу үшін құрылған.
3. антисоциальді(жағымсыз бағыттағы)- жастарға кері әсерін тигізетін бірлестіктер.
Жастар субмәдениеті - жастардың үлкендер әлеміне толықтай бейімделуі жүргеннен соң, әрі қарай өз мәнін жоятын дамудың белгілі бір кезеңі, яғни жеке адам дамуының өтпелі сатысы. Жастардың ресми емес қатынастары және олардың өздеріне ғана тән мақсаттарын табуы жеке субмәдениеттің қалыптасуының себебіне айналады. Жастар субмәдениеті - киген киімнен, сөйлеу мәнерінен, жаргондардан және айрықша әуестенулерден көрініс табатын үлкендер әлеміне, қоғамның ережелері мен құндылықтарына деген өзіндік қарсылық. Мәселен, готтардың келбетi қорқынышты фильмдердегiдей үрей туғызады. Олардың өзiндiк символы – қара түнек. Түнде жүрiп, сиқырмен айналысып, зираттарда түнейдi екен. Сондай-ақ эмо дегендердiң өзiнше тағдырлары бар көрiнедi, олар өздерiнiң тамырларын кесiп, тек қара мен алқызыл түстi ғана мойындайды. Ал скинхэдтер, яғни тақырбастылар туралы әңгiме басқаша. Бұдан да өзге субмәдениеттер бар. Мысалы, компьютерлiк, ақпараттандыру технологияларын жаңғыртушылар. Зиянды хакерлер бiрлестiктерi де жоқ емес.
Белгілі бір субмәдениеттің өкілі болып табылатын жастардың психологиялық ерекшеліктеріне келер болсақ, ол мына бір жайттардан көрініс табады: ата-аналары мен мектеп тарапынан болатын бақылаулардан босауға деген ұмтылыстан, эмоцияға аса берілгіштіктен, жасөспірімдік әсірелеушіліктен, өмірге қатысты ойларының тым мінсіздігінен, адамгершілік ұстанымдарының тұрақсыздығынан, жеке адами құндылықтарының қалыптаспауынан. Жастардың өмір сүру қалпы және тіршілік ұстанымы контрмәдениет шеңберінде болуы мүмкін емес сияқты. Себебі субмәдениет – жалпы мәдени құндылықтар мен нормаларға қайшы келмейтін жалпы мәдениеттің бір бөлігі, ал контрмәдениет – жалпы мәдени құндылықтар мен нормаларға қайшы келетін жалпы мәдениеттің бір бөлігі. Айталық, хиппи құбылыс ретінде алғаш АҚШ-та 60-жылдардың басында өзгеріп кеткен қажеттіліктер мен оны қанағаттандыра алмаушылық мәселелері негізіндегі контрмәдениетті көңіл күйдің көрінісі ретінде пайда болды. Ал Батыс және Шығыс Еуропа елдеріндегі «тақыр басты» жастар қозғалысының пайда болуы, оның Ресейдегі қатыгездену және саясаттану тарихы - бұл да жастар субмәдениетінің емес, контрмәдениетінің көрінісі. Қазақстан - белгілі дәстүрлер мен жаңашылдықты өзіне жинақтаған ерекше мемлекет. Біздің жастар, бір жағынан, қоғамның инновациялық потенциалы болып табылады және білім алуда, жаңашылдықты қабылдауда, мамандығы бойынша өсіп-өркендеуде және өмірдің басқа да салаларында жеткілікті белсенді. Бірақ сонымен қатар тәрбие мен құндылықтарды мұра ретінде қабылдаудағы дәстүрлерді де ұмытпайды. Дәл осы санадағы дәстүрлілік пен діл ерекшелігі жастардың ерекше субмәдениетінің қалыптасуын тежеп тұр.
Негізі, жас адамдардың наным-сенім, өмір, бақыт, туыстарына деген махаббат, денсаулық, отбасы секілді құндылықтарға қарым-қатынастары оның рухани-адамшылық ішкі күйзелісі мен өмірлік мақсаттарын асыра бағалауымен байланысты. Біріншіден, жастар субмәдениеті жас адамдардың өз қолдарымен жастар үшін құрылады. Одан барлық адам бірдей өтпейді және субмәдениет қазіргі әлеуметтік-мәдени ұстанымдарды жоюға емес, керісінше, жастарды сол қоғамның бөлшегі етуге негізделеді.
Субмәдениет - бұл қоғамның жай кедергі жасамауына болатын жастардың әлеуметтік белсенділігінің алаңы. Қазіргі жастардың жеке, өзіндік өмірге бүгінгі аса қиын және динамикалық (қозғалысты, көп сырлы) кезеңде аяқ басатындығын ұмытпауымыз керек. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, олардың бастан кешіргендеріне сыйластықпен қарауымыз қажет. Буындар арасындағы түсініспеушілік, негізінен, сол кезеңнің әлеуметтік құрылымдарын, өмір тарихтарын білмегендіктен туындайды. Тарихтың белгілі бір кезеңіне қазіргі ғылыми биіктен қарап, бүгінгі түсініктер тұрғысынан саралап, дәуір психологиясын ескермей, мәселені сол заман адамдарының қандай көзқараспен танығандығын назардан тыс қалдырып жатамыз.
Ендеше, келешекте дұрыс қоғамды қалыптастыру үшiн осындай бөтен мәдениет түрiн қабылдамаудың жолын шешу керек. Керiсiнше, өзiмiздiң қазақы дiлiмiз бен мәдениетiмiзге тән ерекшелiктерiмiздi тануға тиiспiз. Ұмыт қалған салт-дәстүрiмiздi қайта жаңғыртып, дамытып, өзiмiздiң қазақ деген атқа лайық мәдениеттi, оның салаларын қазiргi жастарға насихаттау керек. Бүгінде мектеп, университет және отбасы жастарға жай «бақылаушы» позициясын ұстанбаулары керек, керісінше, жеке адамның бүкіл қоғам мүддесін игеру үшін жарыс мүмкіншілігіне тең дәрежеде ұмтылу позициясын қамтамасыз ету керек.