Тәрбиенің ұйымдасқан формасының пайда болуы.

Жер бетінде алғашқы адамдардың қалай, қай жерде, қай заманда пайда болғаны туралы ғылыми пікірталастар әлі де жалғасып келеді. Бұл жөнінде бірқатар монографиялар, ғылыми-зерттеу еңбектер жазылғанымен, белгілі бір түйінді тұжырым жасалған жоқ. Дегенмен ХІХ-ХХ ғасырларда іргелі зерттеулер жүргізген палеонтология ғылымы саласында аталған мәселелерге байланысты көптеген деректер жиналды.

Палеонтология ғылымының дамуына Молекулярлық биология мен археологиялық ғылымдардың табыстары бұл ғылым саласының деңгейін көтеруге, жер шары халықтарының мәдени мұраларының эволюциялық даму жолдарын анықтауға көп септігін тигізді.

Жалпы палеонтология оқулықтары бүгінгі күндері адам баласының құрлықтағы пайда болуы осыдан 1 миллион 600 мың жыл бұрын шамасында шыққан деген түсінік береді. Кейбір деректерде адамның жер бетінде пайда болуы 9 миллион жылдарға тең деген болжам айтылады.

Белгілі археолог Кемел Ақышевтың басшылығымен шәкірттерінің зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Ұлы даламыздың төсінде палеолит дәуірі кезеңіндегі Алматы облысындағы Қарғалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай елді мекендерінде алғашқы адамдардың жатақтары табылған.

Еуразия даласында жақын арада табылған ең ежелгі алғашқы адам тұрақтаған мекен анықталды. Қазба жұмыстары дәлелдегендей қазақстандық белгілі археолог В.Волошин ашқан жаңалық адамзат тарихы жөніндегі бірқатар теориялардың қайта қаралуына мүмкіндік туғызады. Аты аталған археологтың басқаруындағы экспедиция соңғы 30 жылдың ішінде Сарыарқа өңірінен палеолит кезеңінен 20-дан астам адам қоныстарын ашқан.

Ежелгі адамдардың қоныстарында еңбек құралдарымен қатар, осы заманғы жылқының арғы тегі – гиппарионның тістері табылды. Соңғы деректер бойынша Еуразия даласында жабайы жылқыны қолға үйреткен тайпаның Нұра-Есіл аумағынан табылуы әлем палеонтологтарының назарын аударып отыр.

Сонымен алғашқы адамның мекен еткен жері Африкада ғана емес, Еуразиядағы Ұлы далада алғашқы адамдар тұрағы болғандығын айқындайды.

Тарихи деректер Еуразияның Ұлы Даласында б.з.д. соңғы 5-6 мыңжылдықтың ішінде халықтардың қоныс аударуы бірнеше рет қайталанғандығын көрсетуде. Бірақ, тарихшы Қ.Салғариннің үш рет қоныс аудару болған деген пікірін шартты түрде қабылдауға болады. Айтылған тұжырымды нақтылай түсуге байланысты белгілі орыс академигі А.П.Окладников бастаған ғалымдар “Сібір мәдениеті” деген атпен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Қазба жұмыстары көрсеткендей, Алтай тұрғындары тұрмыс-тіршілікте пайдаланған тас-құралдардың мезгілін радиоактивтік құралдар арқылы анықтау олардың жүз мың жылдардан бұрын қолданылғандығын дәлелдеген.

Сібір археологтары анықтағандай энолит (мыс, тас) дәуірінде-ақ солтүстіктің қалың орманының күнгей жағынан Алтайды Еуропаға байланыстырған дәліздің болғандығы байқалады.

Еділ мен Жайық бойынан табылған заттар, құралдар мен бұйымдар ертеде Сібір төңірегінде жасалынғанын, Еуропа аумағында табылған бұйымдардың оларға ұқсастығы ежелгі адамдардың қоныс аударуына байланысты екендігін айқындайды.

М.Аджидің деректерінде “…біздің жыл санауымыздан бұрынғы ҮІ-Ү мыңжылдықтан кейін өздерін угор, фин, литван, эстон, кельт және викингпіз деп атап жүрген жұрттың көпшілігі жоғарыда айтқан дәлізбен Азиядан Еуропаға жол тартып, сол жерлерде өздеріне қоныс тауып, тұрақты мекендепқалған. Сол кездерде олардың бір-бірінен айырмашылықтары да жоқ болатын, бір-біріне ұқсас өзен бойын, орман ішін мекендеп, аң аулап, балық ұстап, бірге көшіп жүретін. Халық болып ұйымдасып қалыптасса да, ұлы қоныс аударушылардың көш басы осылар болатын”,- деп баса көңіл бөлінген. Бұл жасалған тұжырым шындыққа сәйкестеу. Өйткені Шығыс Еуропа елдерінің негізін қалағандар, яғни Скандинавия түбегі мен Балтық бойындағы угор, фин, эстон, литван және кельттер б.з.д. бірінші мыңжылдықтың ортасында бүкіл Галлияны иемденіп, ҮІ-ІІІ ғасырларда қазіргі Испания, Британия, Италия, Германия, Чехия және Венгрия жерлерінде орнығып қалғаны тарихтан белгілі.

Ал, Ұлы Далада мекен еткен көшпенділерге қатысты тарихи деректерге сүйенсек, Ұлы қоныс аударудың қарбаласында үнемі екі бағытпен, яғни солтүстік және оңтүстік бағыттар аралықтарында көшіп–қонғандығын байқаймыз. Мысалы, жоғарыда айтқандай ормантайпалары солтүстік бағытпен Еуропаға өтсе, дәл сол шамада оңтүстік бағытпен Батысқа қарай қозғалғандардың ішінде орта азиялық тайпалар да болған, кейінірек ежелгі түркілер (мықтар – сақтарға дейінгі елдің аты, ол туралы деректер аз) мен сақтар аталып, олардың бір бұтағы атақты шумерлер Кіші Азияға қоныс аударады. Олар дүниежүзі тарихында белгілі болғандай, Таяу Шығыста алғашқы өркениетті құрған елдер қатарында аталады.

Екінші қоныс аудару – дүниежүзілік су тасқынынан кейінгі, б.з.д. екінші мыңжылдықтан кейінгі, Батыстан Шығысқа қарай бағытталған қонысаударуға байланысты тарихи деректер жоқтың қасы. Сонда да, халықтың санасында сақталған ауызша тарихи шежіре ретінде айтылатын аңыздар бар. Ол аңыздардың бірінде дүниежүзілік су тасқынынан кейін Нұх пайғамбар аман қалған үш баласын үш тарапқа – Хамды Үндістанға, Самды Иранға, Иафетті Солтүстікке жібергендігі. Иафет қоныс іздеп жүріп, Еділ мен Жайықтың арасын мекендегені айтылады.

Әбілғазының “Түрік шежіресі” кітабы Иафет 250 жыл өмір сүріп, қайтыс болғанда оның артында Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих атты сегіз баласы қалған, олардың ең үлкені Түрік елге патша болған делінеді.

Атадан балаға жалғасқан мирастық дәстүр шежіреде Алансуоның балаларына келгенде бұзылып, Алансуо өлерінде елде егіз туған екі баласына – Татар мен Монғолға бөліп берген деп жазылады.

Адамзат тарихының әр кезеңдерiндегi тарихи-мәдени үрдiстердi талдауда археологиялық және этнографиялық зерттеу нәтижелерiне сүйенемiз. Шамамен үш миллион жыл бұрын жануарлар дүниесiнен гоминид тармағы бөлiнiп шығып, адам ұрпағының бастауы – австралопитек және алғашқы адамдар архаентроп және палеонтроптар тарихы қалыптасу барысында қазiргi адамдарға ұқсау нышандары байқалынады.

Адамның пайда болуы мен даму кезеңдерiн геологиялық хронологияларға негiздеу - тарих ғылымында берiк қалыптасқан жай. Геологиялық танымда жердiң тарихы төрт дәуiрге бөлiнедi. Олар: архей, палеозой, мезазой, кайнозой деп аталады.

Жер бетiндегi тiршiлiк сiлемi кайнозой дәуiрiнен басталады. Кайнозой өз кезегiнде екi кезеңге, бiрi шамамен 60 миллион жылға созылған геологиялық үштiк кезең, екiншiсi шамамен 1 миллион жылдан бүгiнгi күнге дейiнгi кезең болып ажыратылады.

Сонымен саналы адамның тiршiлiгiнде тұтынылған тастар “тас дәуiрi” шартты атаудан бастау алады. Адам танымы ғылыми тұрғыдан тас дәуiрiн ең ежелгi кезең – палеолит, екiншiсi – мезазой (орталық кезең), үшiншiсi – неолит (ең соңғы кезең) деп үш кезеңге бөледi.

Ал азиялық аумақта алғашқы адамдардың пайда болуы 9-7 мыңжылдықтар шамасындағы ең ежелгi палеолит кезеңiнде Сiбiр, Қырым, Кавказ, Орталық Азия және кейiннен Днестр, Дон жағалауларында пайда болған деген пiкiрлер бар. Бұл тұжырым әлi де нақтылана түседi.

Сол деректерге қарасақ, палеонтроптар еңбек және аң аулау құралдарын жасап, әртүрлi топтық-шаруашылық қарекеттермен айналысқан, үңгiрлерге, жер үйлерге паналап алғашқы от жағу, тағам дайындау, жемiс-жидектердiң дәнiн, тамырын жинау, сақтау, т.б. iстердi атқаруға үлкендермен қатар балалар да қатыстырылған. Мұндай жағдайларда тәрбиенiң пайда болуы - заңды құбылыс. Жас ұрпақты тәрбиелеуде күнделiктi тәжiрибелерi жинақтала келе, тұрмыс-тiршiлiгi тәрбиенiң қажеттiлiгiне және оны жетiлдiрiп отыруға талаптандырды. Үлкендер мен балалардың бiрлестiк еңбектерi бағдарлы үйрету қарекетiмен ұштасты. Тұрмыстық тiршiлiктiң барысы, алғашқысында аң және балық аулау қауымдастықтарын қалыптастырса, егiн және мал шаруашылығымен (8-5 мыңжылдықтан жаңа дәуiр аралығы) айналысуда адамдар өмiрiне мол өзгерiстер енгiздi.

Осы аралықта аналық-рулық матриархат қауымдастығы өрбiдi. Балаларды тәрбиелеу тайпа көсемдерiне, ақсақалдарға жүктелiп, ертегi айту, ойын ұйымдастыру және өлең айту түрлерi, сол дәуiрдегi тәрбиенiң мазмұндық құрамына айналды.

Кейiнгi алғашқы қауымдағы аңшылық шаруашылықтары адамдардың өндiрiстiк формадағы егiншiлiк пен шаруашылық еңбектерiмен ұласты. Алғашқы қоғамдағы шаруашылық және әлеуметтiк байланыстардың күрделенуi және өзгерiске түсуi өндiрiс құралдарына иелiк ету, отбасының пайда болуына жағдай жасады.

Қоғамдағы билеушi топтар, көсемдер, ақсақалдар, дiн басылары балаларды еңбекке баулу тәрбиесiне, есеп-шотты пайдалануға үйрету, тәрбие мазмұнын кеңейтуге назарларын бөле бастады. Жер өлшеу, ауа райын, су тасқындарын болжау, адамды емдеу, т.б. бiлiмдердi үйрететiн арнаулы мекемелер (мектеп типтес) ашылды. Онда балалардың практикалық iскерлiктерi мен дағдылары жетiлдiрiлдi.

Қауымдастықта қалыптасқан жағдайларға байланысты аңшыны, бақташыны, диханды тәрбиелейтiн бағдарламалар белгiленiп, жасөспiрiмдердiң бiлiм, практикалық дағдыларын дамытуға ат салысты. Қыз балаларға арналған бағдарламаларда оларды үй шаруашылығына, үй кәсiбiне: жемiс-жидек жинау, ас дайындау және сақтау, қолөнер, бейнелеу өнері, сурет салуға үйретiлдi.

Жастардың денесiн шынықтырумен бiрге ежелгi дәстүр-салттарын сақтауға бейiмдеу қауымдық тәрбиеде басым болды, жастарды өмiрдiң жалпы ұстанымына қажеттi бiлiмдердi, практикалық iскерлiк пен дағдыларды меңгеруге, рулық аңыздар, мифтердi және ертегiлердi есте сақтауға ынталандырды. Қорыта айтқанда, неолит дәуiрiнде тiршiлiк қажеттiлiгiн өтеу шаруашылығынан өндiрiстiк өнiм шығаруға көшу адамзат тiршiлiгiне өзгерiстер ендiрiп, бала тәрбиесiне тiкелей ықпалын тигізді.

Алғашқы қауымдастықта күнделікті өмір-тіршілікке, шаруашылыққа, елді қорғауға қыз балалар да қатыстырылды. Қазақстанның территориясындағы таулы-тасты жерлерде бедерленіп сызылған жүкті, балалы әйелдердің бейнелері, садақ ұстап нысананы көздеген қыздардың мүсіндері салынған деректер ұшырасады.

Рулық қоғамдастықта көсемдердің, жасы келген қариялардың, ақсақалдардың жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысқандығын археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстары нақты деректермен дәлелдейді.

Жас ұрпақты тәрбиелеуге қауымдастықтың барлық мүшелері қатысқан, оларды қауымдастықтың жалпы өмір тіршілігіне үйрету, балаларды ересек адамдардың өмір қарекетіне даярлау мәселелері ортақ болған. 10-12 жасар балалар үлкендер қатарына қосылу үшін тіршілікке қажетті іскерлік пен дағдыларды игеруге тиіс болған. Ал бала 13-ке толғанда отбасы иесі деп саналып, үлкендер қатарына жатқызылып, дене күшін дамыту және шаруашылық іс-әрекеттер тәжірбиесін жинақтауға тәрбиеленген. Жастар тұрмыстық құралдарды жасауға және қолдануға дағдыландырылған. Мәселен, балалар арасында қасиетті аң-құстарды, үй жануарларын, адамдарды бейнелейтін ойыншықтар жасау кеңінен тараған. Дон дариясының жанындағы Костенка ауылындағы ертедегі балалар жасаған ойыншықтар палеолит дәуіріндегі қорғаннан табылған. Үлкендердің бірлесіп аң аулағандарын көргендерін, білгендерін, оған қатысқаннан алған сезім-күйлерін балалар осындай ойыншықтарды жасау арқылы өзіндік ой-саналарын арттыруға мүмкіндік алған.

Сонымен қатар Тәңірге табыну сияқты тотемдік ырым-салтқа байланысты балалардың магиялық ойлау бейнесін дамытқан. Былайша айтқанда, тотемдік сенім, адамның қабілет-қасиеттілігі хайуанаттың қимыл-әрекеттеріне ұқсау арқылы дамытуға болады деп есептеді. Тотемдік ырымдарға айырықша мән берілді, балалар ол ырымдарды игеруге үйретілді.

Балалардың үлкендердің басшылығымен атқаратын жұмыстарында олардың талғам-сезімдерін, ептіліктерін тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Балаға арналған ер-тоқым, киім-кешек, садақ, т.б. құрал-жабдықтар оның күш-қуатына, жас шамасына қарай бейімделіп жасалды.

Рулық қауымдастықта балаларға бостандық және әр істі өз бетінше орындауға ерік берілді. Балалардың іс-әрекеттерінде ойын элементтерін пайдалануы, сюжеттік, рөлдік ойындарды орындауы мінез-құлықты, жүріс-тұрысты дамытудың пайдалы құралдары деп есептелді.

Сонымен үлкендердің еңбектеріне балаларды қатыстыру, балалардың құрбылары арасындағы үлкендерге ұқсау, т.б. тәрбиелік орта құрау ойындары алғашқы қауымдастықтағы тәрбиенің ерекшеліктеріне жатады. Сол кездегі сұранысқа сай қарым-қатынас нормаларын белгілеу қауымдастық алдындағы күрделі мәселенің бірі болды. Күнге, айға, отқа табыну және қауымдасаралық салт-дәстүрге, жыл мезгілдеріндегі ырым-жоралғыларды орындауға жасөспірімдерді қатыстыруға, балаларға лайықты іс-шараларды ұйымдастыру, ересектердің өмір тәжірибелерін игеруге, бір-бірімен адамгершілік қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туғызатын. Балаларды тәрбиелеуде ертегілер мен аңыздар арқылы күшті, ержүрек адамдар бейнелеріне ұқсау, олардан үлгі-өнеге алу насихатталды.

Сонымен ертедегі алғашқы қауымдастықта тәрбие өндірістік және тұрмыстық қарым-қатынастарда рулық ұжымның табиғи өмір тіршіліктеріне байланысты бір-бірінен бөлінбеген.

Ертедегі еңбек, дене және адамгершілік тәрбиесі, балаларды өмірге дайындауға олардың санасын өсіріп, дүниетанымдық ой-сезімін дамытуға бағытталды.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде үйрету бағытындағы іс-әрекеттер, амалдар сандық жағынан да және тарихи мәні тұрғысынан да өзіндік ерекшелігімен сипатталынады. Ертедегі алғашқы қауымдастықта, оның қарапайым тұрмыс-тіршіліктерінде қол жеткізген нәтижелерді бағдарлай білуге, одан әрі дамытуға үйрету, балаларды жануарлар мен адамдардың бейнелерін жартастарға салу, мал сүйектеріне түсіру немесе бояумен бояу сияқты әрекеттерге дағдырландырды.

Кейін, шамамен б.з.д. 8-5 мыңжылдықтарда, шаруашылықтың күрделенуіне орай адамның жеке басының қамын қанағаттандыру әрекеттерін (жеміс-жидек, аң аулау) сақтаумен қатар, өндірістік іс-әрекет формалары (егін егу және мал өсіру) қалыптаса бастады. Қауымдастықтардағы шаруашылық және әлеуметтік байланыстардың күрделене түсуі мен өзгерістеріне байланысты жаңа жағдайлардың туындауы, отбасының пайда болуына себепші болды. Отбасын құруда үйлену үрдісін жүйегекелтіруде, бір рулық топтан тыс тұрмыс құруға рұқсат беру, кейінірек келе екі ру қауымдастықаралық тұрмыс құру (экзогамия) тәжірибесі рулық қауымдастықтардың қарым-қатынастарын жаңа негізде ұйымдастыруға себепші болды. Сонымен кейінгі рулық қауымдастықтардағы тұрмыс құрудағы топтық форма бертін келе екеуара некелесуге ұласты. Бұл өз кезегінде рулық қауымдастықтағы қарым-қатынасқа өзгерістер әкеліп, тәрбиенің жеке отбасылық формасын дүниеге келтірді. Осы кезеңнен бастап тәрбиенің мазмұны баланың дене және рухани дамуына отбасының тікелей жауапкершілігімен толықтырылды.

Қыз баланы анасы, әкпелері және рудың басқа да әйелдері тәрбиелесе, ұл баланы тәрбиелеуге ата-анасы және олар жағынан туысқан ер адамдар тәрбиеге қатысты. Әрине, ол кезде ананың (матриархат) тәрбиедегі рөлі жоғары болатын. Ер бала 5 жасқа дейін отбасының ықпалында болса, сонан кейін қауымдастықта өзі қатарлас балалармен бірге ортақ тәрбие алады.

Шаруашылық және әлеуметтік байланыстардың жаңа жағдайларында үлкендердің өмір тіршілігіне жас ұрпақты қатыстыру өмірге дайындау нәтижелеріне қоғамдық талап қойылды. Сөйтіп, тәрбиенің қоғамдық мәні бар алғашқы элементтері қалыптаса бастады. Жеткіншек қыздар мен бозбалаларды үлкендер қатарына қосу ырымдары орныққаннан кейін, тарихи маңызы бар алдын-ала мақсатқа сай ұйымдастырылған тәрбиелеу мен үйретудің алғашқы қоғамдық институты аяғына тұрды. Адамдардың өмір тіршілігін археологиялық ізденіс пен этнографиялық зерделеу көрсеткендей, алғашқы қауымдастықтығын балаларды өсіру, тәрбиелеудің кейбір элементтері осы күнге дейін сақталып (баланы бесікке салу, отпен аластау, май құю) қалды.

Жастарды өмірге, рулық-салтқа дайындауда ұл және қыз балаларды жеке-жеке тәрбиелеу рулық қауымдастық тұсында белгілене бастады. Қауымдық орталықтарда арнайы “үйлер”, мысалы, “бойдақтар үйі” сияқты ұйымдар болды. Мұндай орталықтарда жастарды өмірге дайындау мектептің міндетін атқарған болатын.

Қауымдастықтағы өмір тіршіліктердің қалыптаса бастаған үйрету бағдарламаларын белгілеу, жасөспірімдерге өмірге қажетті білім беру, мысалы, аңшы, егінші және әскери адамдарға қажетті тәжірибелік дағдыларын тәрбиелеу іске асырылды.

Қыз балалар болса үй жұмыстарына: тоқу, өру, қол өнерлеріне (қыштан ыдыстар жасау) үйретілді. Олардың денелерін шынықтыру, рәсімдік дайындықтар жасау сияқты қыз балаларға әлеуметтік-адамгершілік тәрбие берілді. Балалар өмірдің жалпы заңдылықтарын білуге үйретілді, өмірге қажетті практикалық іскерлік пен дағдыларды игерді. Мәселен, рулық аңыздар мен салт-дәстүрлер өмір заңдарын білуге ынталандырады. Кемелденудің аяқталу кезінде жастардың шыдамдылықтарын анықтау ұйымдастырылды, жасөспірімдердің дене күші, практикалық икемділіктері, әлеуметтік-адамгершілік және ерік күйлері тексеруден өткізілді, олардың ересектер өмір-тіршілігіне жеткендігі бағаланды.

Сонымен қатар, сөйлеу мәнеріне, биге үйретуде, есте сақтау, жаттықтыру, қайталау элементтері қолданылды, кейбір кемшіліктері үшін баланы жазалау әдістері (ескерту, зекіру, ұру) кеңінен пайдаланылды.

Балалардың бойында тапсырмаларды есте сақтау, оларды тиянақты орындау тәртібін білу, қауымдастықтағы өз орнын сезіну дағдылары қалыптастырылды. Ал, егер тапсырмалар жеткіліксіз орындалса, баланы жазалау және жастардың кемелге келу жүйесін басқару рулық қауымдастықта арнайы айналысатын қарт адамдарға жүктелді. Осыған байланысты рулық қауымдастықта сол ақсақалдар тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бұл үрдіс кейін келе мазмұндық жағынан мәдени-тарихи, тұрмыстық және шаруашылық дәстүрлермен сабақтастырыла дамытылды, сөйтіп педагогикалық қызметтің бастапқы түрлері сұрыпталып шыға бастады. Сонымен, алғашқы қауымдастықтың ыдырау жағдайында тәрбиенің дербестенуі басталды, оған басты себеп неолит дәуірінде шаруашылықтың өнім өндіру түріне көшу, адамдардың өмір тіршілігіне ауқымды өзгерістер енгізіп, тәрбие ісіне де елеулі ықпал жасады.

Ұлы Далада тас, қару-жарақ пен құралдардың орнына қоладан жасалған өндіріс құралдары (қола дәуірі б.з.д. 4-3 мыңжылдықтарда, қалайы дәуірі 3-2 мыңжылдықтарда және темір дәуіріндегі 1 мыңжылдықта) жетіле келе, темірдің шаруашылықта қолданылуы өндіріс сапасын арттырудағы еңбек бөлісуі, егіншіліктің мал шаруашылығынан бөлінуі, қолөнердің қалыптаса бастауы шаруашылық қызметінің өрбуіне ұйытқы болды.

Алтайдан Днепрге дейінгі Ұлы Даладағы тайпалар мал шаруашылығымен айналысса, қазіргі Кавказ таулары етегі мен Орталық Азия, Украина, Молдава, Еділ бойлары, Сібір территорияларында егіншілікпен шұғылданды.

Рулық қауымдастықта еңбектің түрлерімен айналысатын арнайы адамдар тобы қалыптаса бастады. Мысалы, мал және егін,аң аулаумен қатар, жіп иіріп, мата тоқу, металл өңдеу, қыш ыдыстар жасау дамыды. Рулық қауымдастықтары араларында тұрмысқа қажетті заттарды айырбастау, сауда-саттық элементері туа бастады.

Әлеуметтік шаруашылық жағдайларда жеке меншіктік бастау алып, өндірістік құралдар мен өнімдер бір қолға жиналып, ру-тайпалық ауқатты (көсем, тайпа басшылары, т.б.) адамдар шыға бастады.

Неолит дәуірінде Ұлы Дала территориясында б.з.д. 8-6 мыңжылдықта ертедегі жазба, яғни пиктографикалық (тасқа суретсалу) таңбалар жартастарға түсіріле бастады.

Археологтар мен этнографтардың зерттеу материалдары бойынша Алтайдан Дунайға, Қиыр Шығыстан Балқанға дейінгі аралықтағы өмір сүрген тайпалар, тұрмыс-тіршіліктен түйген сезімдерін пиктографикалық жазбалармен тасқа, мал терісіне, сүйектерге, қайың қабықтарына жазып келген.

Сонымен қатар еңбекті бөлісу қажеттілігі әртүрлі қолөнерге арнайы үйретуді талап етті. Сол себептен материалдар, заттар мен бұйымдардың жекелеген отбасының қолында шоғырланғандықтан, кәсіби мамандыққа балаларды даярлау отбасының мүмкіндіктеріне байланысты болды. Кәсіби мамандық икемділік пен қабілеттілікті дамытуға, сақтай білуге талпыныс тудырды. Өйткені, бұл қажеттілік жеке отбасы мен кейбір әлеуметтік топтарға өте қажет болды. Сондықтан қолөнерлі шебер отбасы – кәсіби ұстаздық пен қабілетті шәкірттерді дайындайтын орталыққа айналды. Ал, жасөспірімдерді еңбекке, жауынгершілікке, дене шынықтыруға және әлеуметтік-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу, өмірге дайындау оларды арнайы үйретудің бастамасы деп айтуға болады.

Демек, алғашқы қауымдық қоғамдағы тәрбиенің пайда болуы антропосоциогенетикалық атты анайы кезеңінде пайда болды, социобиогенетикалық деңгейде әлеуметтік қызмет атқаратын жабайылық деңгейде қалыптасты. Алғашқы қауымдық өркениетте тәрбие рационалды-әлеуметтік деңгейде болды. Алғашқы педагогикалық дәстүрлер адамның балалық шағына ерекше назар аударды.