Жерге орналастыруды жобалау принциптері

Жерге орналастыруды жобалау принциптері дегеніміз жобалау жұмыстарын орындауда міндетті түрде басшылыққа алатын қағидалар. Олар жобалауда жер заңдылығында қабылданған жағдайларды бұлжытпай орындауға, жоғары тиімділіктерге жетуге, капиталдық шығыстың минимальды болуына және оның тез арада қайтарылуына бағыттайды. Жерге орналастыру принциптері жобалаудағы есептеулерде прогрессивтік нормативтерді және технологияларды пайдалануды; ұзақ және қысқа мерзімдік жоба алды болжамдардың материалдарын пайдалануды; жоғары сапалы зерттеу және ізденіс материалдарын пайдалануды талап етеді. Сондықтан жерге орналастыруды жобалауда жерге орналастырудың жалпы принциптері басшылыққа алынады:

- жерге орналастыру жұмыстарын орындауда жерге жеке меншіктің, жерді пайдаланудың және онда шаруашылық жүргізудің формалары жайында заңдылықтарды қатал орындау;

- жерді аймақтау материалдарын пайдалану;

- ауыл шаруашылығының, басқа салалардың мүдделерін неғұрлым толық есепке ала отырып, жерді пайдаланудағы ауыл шаруашылығының приоритеттілігін сақтау;

- ауылшаруашылықтық құрылымдардың жер пайдалануларының тұрақты болуын, әрқашан оларды жетілдіре отырып, қамтамасыз ету;

- жерге орналастыру жұмыстарын орындауда оның объектілерінің табиғи, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайларын, жердің кеңістіктік қасиеттерін және бағалық аймақтарды түбегейлі есепке алу;

- жер пайдалануды ұйымдастыруды және территорияны ұйымдастыру-шаруашылықтық орналастыруды экономикалық, экологиялық және технологиялық біріңғай жолмен орындау;

- жер учаскесінің топырағы мен бедеріне, өсімдігіне және т.б. ерекшеліктеріне байланысты экономикалық және қоғамдық тиімді пайдалану;

- жерді тиімсіз, берекесіз пайдаланудан сақтау;

- жобалау жұмыстарын бір жүйеде орындау және оларды орындауда аудандандыру жерге орналастыру схемаларының, мелиоративтік, жол салу және т.б. жобалардың шешімдерін есепке алу.

Жоғарыда аталған жалпы принциптердің ішінен жерге орналастыруды жобалауда міндетті түрде орындалуға тиісті принциптер:

- ҚР жер заңдылығына сәйкес жерге меншік құқығы мен пайдалану құқығын қамтамасыз ету қажет;

- ауыл шаруашылығына жатпайтын қажеттіліктерге жерді ысырапсыз пайдалануды болдырмау;

- ауылшаруашылық өнімдерін максимал көлемде алу үшін әр жер учаскесінің болашақта пайдалану қарқындылығын әрдайым бірте-бірте жоғарылатуды белгілеу қажет;

- жобаланатын шараларды мекеменің, шаруашылықтың, ұйымның және әкімшілік ауданның экономикасымен байланыстыру, жердің нарықтық механизмге енгізілуін ескере отырып, игерілетін капиталдың нақты мүмкіншілігінен және оны тез қайтару қажеттілігінен шығу қажет.

- жоба шешімдерінде минимальды транспорттық және машина-тракторлық агрегаттарды пайдалану шығындарын қамтамасыз ету, адамдардың пайдасыз бір жерден екінші жерге жаяу немесе көлікпен бару шығындарын азайту, мал және егіншілік шаруашылықтарында еңбекті ұйымдастырудың прогрессивтік формаларын енгізуге қолайлы жағдай жасау.

- жоба шешімдерін топырақ эрозиясына қарсы немесе оның қалдықтарын жою шараларымен және жерге тиетін басқа кері әсерлермен (екінші тұздану, ластану және т.б.) күресу іс-әрекеттерімен байланыстыру.

- жерді тиімді пайдалану және қорғау бойынша жоба шараларын басқа инженерлік жобалармен (жерді мелиорациялау, рекультивациялау; автомобиль жолын, су шаруашылық ғимараттарын салу; елді мекендерді жоспарлау және жер шаруашылық орналастыру және т.б.) бірге кешенді түрде өзара байланыстыруды қамтамасыз ету.

- жобалауда зерттеу және ізденіс жұмыстарының нәтижелерін, жер кадастры және жерді бағалау деректерін, жоба алды және болжау шешімдерін максимал қолдану.

Жоғарыда аталған талаптар жобалаудың барлық кезеңдерінде шешім қабылдауда және кез келген объектілерде: аудан, шаруашылықтар немесе олардың бірлестіктерінде, жеке учаскелерде (массивтерде) орындалуы тиіс.

Жерге орналастырудың жалпы принциптерін және оның ең негізгі бөлігі – жобалаудың талаптарын ескере отырып, жерге орналастыруды жобалаудың принциптерін келесідей қысқаша тұжырымдауға болады.

Жерге орналастыруды жобалаудың негізгі шешетін сұрақтары жалпы жерге орналастырумен бірдей: жерді неғұрлым толық, ғылыми негіздеу арқылы, тиімді және өнімді пайдалануды ұйымдастыру. Соған байланысты келесі жерге орналастыруды жобалау принциптері орындалуы тиіс:

1. жоба ұсыныстарының экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тиімділігінің жоғары болуы;

2. жерді тиімсіз пайдаланудан, нәтижесіз шаруашылық жүргізуден және табиғаттың жағымсыз құбылыстарынан сақтау;

3. жоба мәселелерін кешенді шешу;

4. жобалауда табиғи-ауылшаруашылық аймақтау нәтижелерін міндетті түрде есепке алу.

5. қазіргі кездегі жерге құқықтық қатынастарды есепке алу.

Бірінші принципті алатын болсақ, әр жоба шешімі экономикалық тұрғыдан негізделуі тиіс. Экономикалық тұрғыдан негіздеу – жерді тиімді пайдаланудан алатын қосымша өнімнің мөлшерін есептеу немесе адамдардың бір жерден екінші жерге баруына, техника мен транспорттың бір жерден екінші жерге ауысуына байланысты шығындардың азаю мөлшерін есептеу. Экономикалық тиімділік экологиялық және қоғамдық тиімділікпен тығыз байланыста, яғни жоба шешімдерінің негізінде табиғатты тиімді пайдалану және адамдардың өміріне, еңбек етуіне және дем алуына ыңғайлы жасау нәтижесіне келу [6 с. 24].

Екінші принцип, жоба шешімдері құқықтық және экологиялық негізделуі тиіс. Әр жер учаскесін әріқарай пайдалану ұсыныстары оны тиімсіз пайдаланудан сақтауды, оның өнімділігінің арттырылуының, мәдени агроландшафтының сақталуын және әріқарай дамуының нақты нормативтік актіге негізделуін қамтамасыз етуі тиіс.

Үшінші принцип жоба мәселелерін кешенді шешу. Жоба құрам бөліктері және оның элементтері өзара бір-бірімен және олар басқа жерге орналастыру жобаларымен, болжам схемалармен, мелиорациялау жобаларымн, жол салу, аудандық пландық жоспарлау және тағы басқа осы территорияны қамтитын жобалармен байланыса орындалуы тиіс.

Төртінші принцип бойынша жобалауда табиғи-ауылшаруашылық аймақтау нәтижелерін міндетті түрде есепке алу керек. Ол үшін жер-кадастрлық құжаттамалар, әртүрлі ізденіс және зерттеу материалдары кең пайдалануы тиіс.

Бесінші принцип, жерді нарықтық механизмнің объектісі ететін қазіргі кездегі жерге құқықтық қатынастарды есепке алу.

Келтірілген негізгі талаптар мен принциптерге әртүрлі жерге орналастыру жобаларын құру және негіздеу жалпы әдістемелік ережелерін жасауда сүйенеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақстан Республикасы территориясы, орналасуы және әкімшілік-территориялық бөлінуі.

2. Бүгінгі күнде жер заңдылығы немен реттеледі?

3. Жерге орналастырудың даму тарихы.

4. Жерге орналастырудың мазмұны және шешетін мәселелері.

5. Жерге орналастырудың анықтамасы.

6. Жерге орналастыру қызметі жер ресурстарын пайдалануды тиімді ұйымдастыруды қандай жобаларды орындау негізінде қамтамасыз етеді?

7. Жерге орналастыру қандай мәселелерді қамтиды және қамтамасыз етеді?

8. Жерге орналастыру объектісі не?

9. Жерге орналастыру процесіне қатысушыларға кімдер жатады?

10.Жерге орналастыру жұмыстарын орындау тәртібін және технологиясын кім белгілейді?

11.Жерге орналастыру мазмұнының күрделігіне қарай қандай түрлерге және түр тармақтарына бөлінеді?

12.Жерге орналастыруды жүргізудің өндірістік және құқықтық процестері қандай кезеңдерден тұрады?

13.Жерге орналастыру кезеңдері бір-бірінен қалай ерекшеленеді?

14.Жерге орналастыру процесіне қатысушылар кімдер?

15.Жобалау және іздестіру жұмыстарымен айналысатын жеке немесе заңды тұлғаның құқықтарын атап өтіңіз.

16.Жерге орналастыру процесiнiң барлық қатысушылары қандай шарттарды орындауға міндетті?

17.Жерге орналастыру жұмыстарын орындауға тапсырыс берушінің мiндеттерi.

18.Жобаны жасау алдында қандай ic-қимылдар жүргізіледі?

19.. Жерге орналастыру жобасы дегеніміз не? Анықтмасын бер.

20.Жерге орналастыру жұмыстарының нәтижелері.

21.Жерге орналастыруды жобалау принциптері

22. Жерге орналастыруды жобалауда міндетті түрде орындалуға тиісті принциптерін атаңыз және мәнін түсіндіріңіз.