Шаруашылық аралық жерге орналастырудың мақсат, міндеттері және шешетін сұрақтары
Шаруашылық аралық жерге орналастыру жайында жалпы түсінік
Жоғарыда айтылғандай қазіргі кезде қолданбалы N 442-II 2003 жылдың 20 маусымында қабылданған ҚР Жер кодексі бойынша Қазақстан Республикасында жер мемлекеттік меншікте болады. Жер учаскелері осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет, еліміздің барлық территориясының меншік иесі ретінде және халықаралық құқықтың субъектісі ретінде жер қорын пайдалануда үстемдік жүргізеді: жерді иелікке немесе пайдалануға береді, халық шаруашылығының өндірістік немесе өндірістік емес салаларында жерді пайдалануды территориялық ұйымдастыруды шаруашылық аралық, ішкі шаруашылық және учаскелік жерге орналастыру арқылы қамтамасыз етеді.
Шаруашылық аралық жерге орналастыру арқылы жер иеліктері мен жер пайдалануларды құру және өзгерту, халық шаруашылық салаларының мұқтаждықтарына сай жерді бөлу және қайта бөлу жүзеге асырылады. Шаруашылық аралық жерге орналастырудың осы ic-қимылдарына қарай жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері және осы арқылы жер пайдалану жөніндегі әлеуметтік-экономикалық қатынастары белгіленеді. Сонымен қатар шаруашылық жүргізу жағдайлары да өзгеріп отырады. Демек, шаруашылық аралық жерге орналастыру - техникалық және құқықтық ic-қимылдар арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және техникалық шаралар жүйесі [13].
Жер учаскесінің территориялық ұйымдастырылуының өзгеруі, оны иеленуге (пайдалануға) құқықтың тууы - шаруашылық аралық жерге орналастырудың нәтижесі болып табылады. Бұл құқық кеңістік аспектісінде шаруашылық аралық жерге орналастыру арқылы белгіленген шекарамен шектеледі. Жалпы алғанда оның мағынасы кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің жер иеленулерін (жер пайдалануларын) құруды, реттестіруді немесе өзгертуін, оларды экономикалық жағынан тиімді түрде орналастыруды, қолайлы құрылымдарын белгілеуді қамтиды.
Шаруашылық аралық жерге орналастыру арқылы арнайы резервтік жер қорлары құрылады, әкімшілік-территориялық бірліктердің және ерекше қорғалатын табиғи объектілердің шекаралары белгіленеді.
Шаруашылық аралық жерге орналастырудың міндет-мақсаттары сан алуан. Дегенмен, оларды екі топқа түйістіруге болады:
- жердің ысырапсыз пайдалануын және қорғалуын ұйымдастыру;
- өндірісті территориялық ұйымдастыру.
Осылармен бірге шаруашылық аралық жерге орналастыру арқылы жердің негізгі мақсаттық қызметі белгіленеді, халық шаруашылығы салалары мен жеке пайдаланушылар және иеленушілерге жер үлестері бөлінеді және соңғылардың дұрыс орналасуы анықталады.
Сонымен қатар шарушылық аралық жерге орналастыруға жер пайдаланулар мен жер иеленулерді өндірістің талаптарына қарай үнемі жетілдіріп отыру міндеті жүктеледі.
Шаруашылық аралық жерге орналастыру объектісі деп - ҚР халық шаруашылығының, әсіресе оның аграрлық саласының; аудандардың, облыстардың, аймақтардың қоғамдық және экономикалық даму бағдарламалары бойынша салалар, жер иелері және жер пайдаланушылар арасында жер бөлу жұмыстары жүргізілетін территорияны атайды. Оған жерді тиімді пайдалану мен қорғау шаралары жүргізілетін өзара бір-бірімен кеңістіктік тығыз байланыстағы екі немесе одан да көп әртүрлі жерге меншік және шаруашылық жүргізу түрлеріндегі жеке немесе заңды тұлғалардың жер пайдаланулары мен жер иеліктері жатады. Шаруашылық аралық жерге орналастыру жұмыстарын әкімшілік-территориялық шекарасында жүргізу - неғұрлым оптималды нұсқа болып келеді.
Шаруашылық аралық жерге орналастыру дегеніміз – халық шаруашылығының салалары арасында, салалар ішінде жер бөлу, әртүрлі шаруашылық құрылымдарының жер пайдаланулары мен жер иеліктерін құру және әкімшіліктік-территориялық құрылымдардың, ерекше режимдегі территориялардың және арнайы жер қорларының шекараларын белгілеу арқылы жерді тиімді пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған қоғамдық-экономикалық, құқықтық, техникалық және экологиялық шаралар жүйесі.
Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасын жасау қажеттілігі маңызды себеппен туындайды. Жаңа жер пайдалануларды немесе жер иеліктерін құру басты себептердің бірі болып келеді.
Шаруашылық аралық жерге орналастыруды себептейтін факторларға келесілер жатады:
1. жаңа жер иеленулер мен жер пайдаланулардың пайда болуы;
2. жаңа шаруашылық формалардың, оның ішінде шаруа (фермер) қожалықтарының пайда болуы;
3. шаруашылық аралық кооперацияның дамуы;
4. жер иеленулер мен жер пайдаланулардың кемшіліктерінің бар болуы;
5. жер иеленулердің (жер пайдаланулардың) аудандары мен ауылшаруашылық алқаптар бойынша құрамдарының шаруашылықтың өндірістік мақсаттарына сай болмауы;
6. өндірістің көлемінің, шоғырлануының, мамандығының өзгеруі;
7. жерді және қоршаған ортаның басқа элементтерін қорғау қажеттілігі және т.б.