Ауыспалы егіс алқабын ұйымдастыру іс барысы

Ауыспалы егіс алқабын ұйымдастыру дегеніміз - ауыспалы егіс танаптарын; жұмыс учаскелерін; егістікті қорғау орман жолақтарын; дала жолдарын; дала қостарын; авиа алаңдарды; дала су көздерін орналастыру.

Әр табиғи-шаруашылықтық жағдайда бұл жұмыстардың мағынасы, қажеттілігі әртүрлі. Сондықтан бұл жұмыстардың белгілі жағдайдағы нәтижелілігіне, маңыздылығына байланысты жұмысты орындау кезегі және олардың құрамы әртүрлі болады.

Ауыспалы егіс алқабын ұйымдастыру келесі талаптарға сәйкес болулары керек:

1) топырақтың сапасын әрдайым жоғарылатуға, эрозиялық апаттан сақтауға, эрозия қалдығын жоюға жағдай жасау, дифференциалды агротехника қарастыру;

2) техниканы және техника құралдарын тиімді пайдалануға және далалық жұмыстарды ұйымдастыруға оптимальды территориялық жағдай жасау;

3) ауыспалы егіс айналымының әр жылында негізгі дақыл бойынша жалпы өнімнің мөлшерінің бір қалыпта болуын қамтамасыз ету;

4) Ауыспалы егіс алқабын ұйымдастыруға байланысты капиталдық (бір уақыттық) және әр жылдық шығындардың мөлшерінің неғұрлым аз болуын қамтамасыз ету.

Ауыспалы егіс танаптарын және жұмыс учаскелерді орналастыру.Танаптар, өсімдіктерді кезектестіре отырғызуға арналған, мөлшерлері бірдей, ауыспалы егіс массивінің бөліктері. Кейде танап ішін орналастыру жұмыстары жүргізіледі: жұмыс учаскелерін белгілеу, танаптарды өсімдіктерді отырғызу үшін жолақтарға бөлу.

Жер бедеріне байланысты танаптарды жобалау.Егістік жұмыстарын тиімді ұйымдастыруда жер бедері өте көп әсерін тигізеді. Әсіресе беткейдің экспозициясын және еңістігін жерге орналастыруды жобалауда міндетті түрде есепке алу қажет. Әр танап бір экспозициялық бетте орналасуы тиіс. Бұл топырақтың егіс егуге бір уақытта дайын болуын, ауылшаруашылық өсімдіктерінің пісу уақытының бірыңғай болуын қамтамасыз етеді. Дақылдарды бір уақытта егуге, күтуге және жинауға ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді. Ал егер танапты беткейдің бір бетіне орналастыру мүмкін болмаса, онда танап агротехникалық бірыңғай жұмыс учаскелеріне бөледі.

Бедерлі жерлерде танапты орналастырудың ең негізгі шарты – танаптың ұзын қабырғасы беткейге көлденең, яғни беткейде горизонталдарға параллель болып орналасуы керек. Өйткені танапты бойлай жасалатын негізгі жұмыстар горизонталдар бағытында жасалады, сондықтан беткейді бойлай ағатын суларға кедергі жасалып, олардың ағыны бәсеңдеуге байланысты, танаптарға сіңіп, жерге қосымша ылғал болады.

Машина-тракторлық агрегаттарды пайдалануда рельеф, олардың тиімді пайдалануына әсерін тигізеді. Тік беткейлерде техника жоғары өрлегенде қосымша күш керек болады. Агрегаттың жұмыс жасау өнімділігі азаяды.

Танаптарды рельефке байланысты орналастыру бойынша жоба шешімдерін бағалау үшін келесі формулалар қолданылады:

 

, (6.1)

 

немесе: (6.2)

 

онда: і – танап бойынша орташа бойлық еңістік;

Н1, Н2 – нүктелердің биіктіктері;

h = Н1 - Н2 – өзара биіктік;

L – горизонталь салындының ұзындығы (м);

– горизонтальдардың арасындағы өзара биіктік;

Р – танап көлемі, м2;

Lr – танап ішіндегі барлық горизонталдардың ұзындығы;

γ – танапты өңдеу бағыты мен горизонталдардың негізгі бағыты арасындағы бұрыш.

Танап бойынша анықталған еңістік орташа алқап бойынша еңістікпен салыстырылады:

(6.3)

 

онда: імассив – жергілікті жердің, массивтің жалпы еңістігі, %;

Р – массивтің ауданы, м2;

Lr – жергілікті жердегі горизонталдардың жалпы ұзындығы, м.

Танаптарды рельефке байланысты орналастыру бойынша жоба шешімдері дұрыс болса, танап бойынша орташа еңістік массив бойынша орташа еңістіктен едәуір төмен болады. Массив еңістігінен танап еңістігін алғандағы нәтиже танаптың еңістігі, оны дұрыс орналастырғанға байланысты, қанша төмендегенін көрсетеді.

Топырақ құрамына байланысты танаптарды жобалау. Ауыспалы егіс танаптары шамаға қарай бірыңғай сапалы болулары керек. Бір танапқа тек қана сапасы төмен жерлерді жобалауға болмайды. Өйткені ол ауыспалы егістіктегі топыраққа талабы жоғары дақылдарға мүлдем жарамсыз болуы мүмкін, немесе негізгі дақылдың жыл сайынғы мөлшері бірдей болмайды.

Танаптың топырағы біркелкі болса, онда дақылды себу, күту, жинауды ең жақсы агротехникалық мерзімдерде орындауға болады.

Топырақтың динамикалық (жылжу) қасиеті танаптарды жобалауда есепке алынады, өйткені әртүрлі механикалық құрамдағы топырақ тракторлық агрегатқа әртүрлі қарсылық әсерін тигізеді, сондықтан әр жағдайда техниканың жұмысының нәтижелігі өзгереді.

Механикалық құрамы әртүрлі танапқа агрегат дайындағанда ең жоғары қарсылық көрсететін топыраққа байланысты дайындалады, сондықтан топырақтың қарсыласуы төмен жерлерде агрегат түгел күшімен жұмыс істемейді. Кейде танапта топырақ жағдайына қарай жұмыс учаскелері жобаланады.

Танап жұмыс учаскелерінен құралғанда, олар компактілі орналасып, өзара транспорттық қатынасы жақсы болуы керек.

Танаптың ұзындығы, ені, формасы және олардың өндірістік мәні.Танаптардың ұзындығы, ені, формасы оларда жүргізілетін өндірістік процесстердің талабына байланысты анықталады. Әр танапта бір ғана өсімдік түрі өсіріледі.

Танаптың ең ыңғайлы формасы – тік бұрышты төртбұрыш. Ұзындығы мен ені қолданылатын техникаға байланысты анықталады. Танаптың ұзын қабырғасы техниканың жұмыс жолына сәйкес болғаны жөн.

Ауыспалы егіс танабының мөлшерін анықтау.Танаптың мөлшеріне келесі көрсеткіштер әсерін тигізеді:

1. егістік массивінің мөлшері және аймақта орналасуы;

2. топырақ түрлерінің бірыңғай болғандығы;

3. эрозияға шалыну дәрежесі;

4. жер бедерінің мінездемесі;

5. аймақтың табиғи және жасанды (каналдармен, жолдармен) объектілермен тілінуі;

6. егістікте қолданылатын технология;

7. машина-тракторлық агрегаттардың жұмыстарының ұйымдастырылуы;

8. орналасу зонасы.

Машина-тракторлық агрегаттардың жұмысының тиімділігі келесі көрсеткішпен сипатталады. Ол техниканың жұмыс жолының бос жүру жолына қатысы болып келеді. Техниканың жұмыс жолымен салыстырғандағы оның бос жүру, айналып бағытын өзгерту жолының проценттік үлесі:

 

, (6.4)

 

онда: fx - техниканың бос жүру үлесі;

Lp – жұмыс жолы;

Lх – бір жұмыс жолына келетін бос жүру, айналып бағытын өзгерту жолы.

Бос жүру проценті ірі тракторларға және қысқа жүрістерге көбірек келеді. Танаптардың ұзындығы, ені, конфигурациясы ауыспалы егістіктің түріне байланысты болады. Мысалы: отамалы ауыспалы егістіктерде жерді өңдеу жұмыстарында, көлденең өңдеу бойлы өңдеумен бірдей сондықтан танаптың ені де ұзын болуы керек. Кейбір күрделі өңдеу жұмыстары жүргізілетін ауыл шаруашылық өсімдіктері кішкене танаптарда орналастырылады. Кішкене тракторларды пайдалануда жұмыс жолының қысқаруы техниканы пайдалану тиімділігіне өте көп әсерін тигізбейді.

Лагерь қасындағы (шабындық-жайылымдық) ауыспалы егістіктердің ұзындығын мал бағу әдісіне байланысты анықталады: сүйір бұрышсыз, қабырғалары түзу, қысқа қабырғалары мал айдау жолдарына шығатындай етіп жасалынады.

Танап тік бұрышты төртбұрыш ретінде болғанда, оның орташа ұзындығы планда өлшеу арқылы анықталады. Ал конфигурациясы күрделі жер массивтерінде танаптарға бөліп, әрқайсысының орташа жұмыс жолын анықтау үшін, өңдеу жолына параллель сызықтармен әртүрлі геометриялық фигураларға бөлінеді де, олардың әрқайсысы бойынша орташа жұмыс жолы есептелінеді.

Ауыспалы егіс танаптарының теңдігі.Ауыл шаруашылық өндірісімен айналысатын мекеменің техникамен жабдықталғандығы, өндірістік қуаттылығы жыл сайын өзгере бермейді. Ал тауарлық өнімінің де көлемі өзгере беретін болса, онда сол өнімді алатын, өңдейтін мекемелерге де жыл сайын әртүрлі көлемдегі өнімді өңдеу, өндірісінің қуаттылығын ұдайы өзгертіп отыру өте тиімсіз. Сондықтан өнімді өндірушіге де, оны өңдеушіге де оның көлемі тұрақты болған ыңғайлы. Сондықтан жоспарланған өнімді алу және техниканы толық пайдалану танаптардың көлемдері бірдей болғанда қамтамасыз етіледі. Әрине нарықтың қоятын өзінің шарттары бар. Қалай болса да жыл сайын қалыптасқан жағдайға қарай олардың мөлшерлері белгілі шепте ауытқығаны жөн. Тұрақтылық - жерді пайдалануда негізгі шарт.

Ауыспалы егістік жылдық жинайтын жалпы өнімнің мөлшерінің әр жылда бірдей болуын, техниканы, адамдардың еңбегін жыл сайын бірдей пайдалануды қамтамасыз ету керек. Сондықтан ауыспалы егіс танаптарының мөлшері бірдей болуы керек.

Бірақ ондай жағдайлар әрқашан бола бермейді. Бір жердің топырағы құнарлы, ал басқа жердің топырағы құнарсыз. Құнарлы топырақтан көп өнім алынады, ал құнарсыз топырақтан аз алынады. Осы жағдайды ескеру үшін танаптың шартты мөлшерін есептейміз:

 

, (6.5)

 

онда: Ршартты – танаптың шартты ауданы;

б – танаптың бағалау баллы;

Р – танаптың нақты ауданы.

Танаптардың біркелкі болулары өсірілетін дақылдардың түрлеріне де байланысты болады. Мысалы: қызылшалық ауыспалы егісте, көп танапты ауыспалы егістікте - 1-2 танап қызылша. Егер танаптар әртүрлі көлемді болса, өнім де әртүрлі болады. Ал бес танапты ауыспалы егісте 4 танабы – бидай, ал бір танабы пар болса – онда жалпы өнімнің мөлшеріне өте көп әсерін тигізбейді.

Танаптарды жобалауда қалыптасқан территорияны неғұрлым сақтап қалу дұрыс болып келеді. Қалыптасқан территория элементтеріне негізгі жолдар, орман жолақтары, игерілген ауыспалы егіс танаптарының шекаралары, әртүрлі ғимараттар (көпір, құбыр, бөгет) және т.б. жатады.

Әр өзгерістің тиімділігін жобада дәлелдеу керек.

Жобаланған танаптардың технологиялық сипаттамасы жасалады: танап нөмірі; ауданы; топырақ құрамы; жұмыс жолы; ені; эрозияға шалыну және шайылу деңгейі; жұмыс еңістігі; тастылық коэффициенті; кадастрлық көрсеткіштері (бонитет балы және экономикалық бағалау көрсеткіштері).

Егістікті қорғау орман жолақтарын орналастыру.Олар мақсатына және территорияда орналастыруына байланысты: су айырық; жел қайтару; су ағысын реттеу болып бөлінеді.

Орман жолақтары конструкциясына, егілген ағаштары мен талдардың құрамына байланысты бөлінеді.

Тегіс далаларда желдің жылдамдығы мен күшін азайту және қардың жер бетінде тегіс жайылуын қамтамасыз ету үшін орман жолақтары отырғызылады. Орман жолақтары микроклиматтық жағдай тудырады: ылғал аз кебеді, ауаның құрғақтығы төмендейді, топырақ тым көп тереңдікте қатпайды, яғни дақылдардың өнімділігі ұлғаяды. Бірақ ауылшаруашылық жерлерде көп орын алады. Кейбір жерлерде ағаш өсіру қиын, қосымша көп қаражат талап етеді. Техниканы тиімді пайдалануға кедергі болады. Сондықтан әр жағдайда тиімділігіне байланысты отырғызылады.

Орман жолақтарын жобалауда келесі жұмыстар орындалады: орман жолақтарының бағыты; ені мен конструкциясы; жолақ аралықтарының мөлшері анықталады.

Жел қайтару, жел тоқтату орман жолағының бағыты соғатын желге перпендикуляр болуы керек және ажурлы - жел өткізетін конструкциялар, немесе жел өткізбейтін көп қатарлы конструкциялар қолданылады. Тиісті конструкция, пайдалану мақсатына байланысты мамандардың ұсынысымен таңдалып алынады.

Күрделі рельефте су айырық және суды реттеу орман жолақтары отырғызылады. Суды реттеу – горизонталдарды бойлай отырғызылады.

Дала жолдарын жобалау. Жобаланатын ауылды жердің жолдары үш түрге бөлінеді: дала магистралдары; машина-тракторлық агрегаттар жүру жолдары; қосымша жолдар.

Олар келесі талаптарға сәйкес болулары керек: неғұрлым қысқа; түзу; шаруашылықта пайдалануға ыңғайлы; техникалық талаптарға сәйкес (еңістігі, бұрылу бұрыштары); орман жолақтарымен үйлестіре орналастыру; өзгертуге кететін шығынның аз болуы.

Дала жолдары егістік массивтерін бір-бірімен, оларды елді мекендермен қатынас жасауды қамтамасыз етулері тиіс. Негізгі жүк тасымалдау бағыты бойынша екі жаққа қатынас егістік массиві үлкен болса жиі болады, онда жолдың ені - 8-10м, ал кіші болса жолдың ені - 6-8м болады.

Танаптардың қысқа қабырғаларын бойлай орналасқан көмекші жолдар, техникаға қызмет көрсету үшін қолданылады, олардың ені - 6-10м болады.

Дала қостарын және су көздерін жобалау. Дала қостары келесі түрлерге бөлінеді: тұрақты, уақытша, жылжымалы. Оларды орналастыру жайында сұрақтар өндіріс орталықтарын орналастырғанда шешіледі. Олардың түбегейлі шешімі ауыспалы егіс территориясын ұйымдастырғанда жасалады. Орналасу орны, ауданы, шекарасы белгіленеді. Дала қостары және су көздері ауыспалы егіс массивінің орта кезінде орналасуы керек, ал егер ондай мүмкіндік болмаса – дала қостары суға жақын орналасуы тиіс. Оларға жетуге ыңғайлы жол, жақсы санитарлық – гигиеналық жағдай болу керек, ал рельефке қарай – олар жоғары жерде орналасуы керек.

Бақылау сұрақтары:

1. Ауыспалы егіс алқабын ұйымдастыру.

2. Күрделі рельефте танаптарды және учаскелерді орналастыру ерекшеліктері.

3. Ауыспалы егіс танаптарының мөлшерлері, топырақтары бойынша құрамы қандай болу керек?

4. Орман жолақтарын жерге орналастыру жобасында жобалаудың мақсаты және олардың атқаратын міндеттері?

5. Дала жолдарын жобалау.