Объектілерді жобалауға, салуға, реконструкциялауға, жөндеуге, пайдалануға беруге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

21. Объектілер дербес ғимаратқа немесе бірнеше жекелеген ғимараттарға орналастырылуы тиіс. Жалпы білім беретін объектілерді, ТжКБ және ЖОО-ларды бейімделген ғимараттарда; мектептен тыс мекемелерді, білім беру орталықтарын бейімделген ғимараттарда, ішіне – жапсарлас салынған үй-жайларда, сондай-ақ тұрғын үйлердің 1-қабатында орналастыруға жол беріледі.
Білім беру объектілері жанындағы мамандандырылған медициналық және стоматологиялық кабинеттер, шаштараздар, кір жуатын орындар, бассейндер, оқу-өндірістік шеберханалар, тамақтану объектілері Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тиіс.
22. Көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналастырылатын объектілердің тұрғын үйдің кіреберісімен қосылмаған бөлек есігі болуы тиіс.
23. Арнайы білім беру ұйымдарындағы оқу үй-жайының ауданы бір оқушы есебінен қабылданады:
1) ақыл-есі дамымаған балалар және психикалық дамуы кешеуілдеген балалар үшін – 2,2 м2;
2) полиомиелит салдарынан зардап шеккен және енжар сал ауруымен ауыратын балалар үшін – 3,5 м2;
3) басқа балалар үшін – 3,0 м2.
24. Жалпы білім беру ұйымдары, мамандандырылған және жалпы білім беретін интернат ұйымдары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған ұйымдар оқу сыныптарындағы үй-жайлардың ауданы 1 оқушыға 2,5 м2, шеберханаларда – 3,75 м2 қабылданады.
ТжКБ мен ЖОО-ның оқу кабинеттерінің және дәрісханаларының ауданы:
1) 12 – 15 орын үшін 1 оқушыға 2,5 м2 ;
2) 16 - 25 орын үшін 1 оқушыға 2,2 м2 ;
3) 26 - 49 орын үшін 1 оқушыға 1,8 м2;
4) 50-75 орын үшін 1 оқушыға 1,5 м2;
5) 76-100 орын үшін 1 оқушыға 1,3 м2;
6) 100-150 орын үшін 1 оқушыға 1,2 м2;
7) 150-350 орын үшін 1 оқушыға 1,1 м2;
8) 350 және одан артық орын үшін 1 оқушыға 1,0 м2.
Дәрісханалар, оқу кабинеттері, зертханалар жерүсті қабаттарда орналасуы тиіс.
25. Мектептен тыс мекемелер үй-жайларының жинағы қосымша білім беру бағдарламаларының іске асырылуына, бір жолғы сыйымдылығына, білім беру технологиясына, инженерлік-техникалық жабдыққа, қажетті жиһазбен жарақтандырылуына қарай қабылданады.
Майлы көркемсурет шеберханалары үшін 1 оқушыға ауданы кемінде 4,8 м2 үй-жай, акварельді көркемсурет және суретке арналған шеберханалар үшін 1 оқушыға ауданы кемінде 4,0 м2, мүсін жасау шеберханалары үшін 1 оқушыға кемінде 3,6 м2; қолданбалы өнер және композиция шеберханалары үшін 1 оқушыға кемінде 4,5 м2 үй-жай бөлінеді.
Жеке музыкалық сабақтар өткізу үшін ауданы кемінде 12 м2 үй-жайларды; топтық сабақтар өткізу үшін 1 адамға ауданы 2,5 м2 үй-жайларды жабдықтайды. Музыкалық аспаптарда өткізілетін сабақтарға арналған үй-жайлардың әрленуі дыбыс оқшаулау іс-шараларын көздеуі тиіс.
Хореография сабақтары үшін бір оқушыға ауданы 4 м2 есебімен ырғақтық және би сабақтарына арналған зал жабдықталады.
Теориялық сабақтарды ұйымдастыру кезінде қосымша білім беру мекемелерінде ауданы бір адамға кемінде 2,5 м2 есебімен үй-жайлар бөлінеді.
Қолданылатын материалды (саз, гипс және басқ.) және жабдықты сақтау үшін қоймалар көзделеді.
26. Балалардың саны объектінің жобалық сыйымдылығынан аспауы тиіс. Сырттай оқыту нысаны ұйымдастырылған кезде жобалық сыйымдылық 30 %-ға кеңейтіледі. Қашықтықтан оқыту түрі бойынша оқитындардың саны жалпы санға енгізілмейді.
27. Оқудың екі ауысымдық режимін ұйымдастыруға әрбір ауысымда 1 оқушыға бөлінетін орын нормалары сақталған жағдайда және балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқыту шарттары осы Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес келген жағдайда жол беріледі.
28. Әртүрлі жастағы топтардың балалары үшін оқу-тұру үй-жайлары өтпелі жолда болмауы, бір-бірінен, әкімшілік, шаруашылық, жалпы мектеп үй-жайларынан оқшаулануы тиіс.
29. Ғимаратты жобалау кезінде халықтың аз қозғалатын топтары үшін пандустар және сүйеніштер орнатылуы тиіс. Ғимаратта лифт болмаған кезде және пандус қондырғысын орналастыру мүмкін болмаған жағдайда жеке пайдалануға арналған кресло-арбаларда жеке пайдалануға бейімделген арнайы көтергіш қондырғы немесе лифт көзделеді.
30. Пайдалану режимі шумен қоса жүретін және балалардың алаңдауын тудыруы, педагогикалық, медициналық немесе әкімшілік аппараттардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін үй-жайларды (сорғы қондырғысы бар бойлерлер, өндірістік үй-жайлар, жөндеу шеберханалары, сорғы бөлімшелерімен салқындатқыш камералар, желдеткіш камералары, компрессорлық, оқу-өндірістік шеберханалары және т.б.) ұйықтау бөлмелерімен, оқу, емдеу-диагностикалық үй-жайларға көршілес, астында немесе үстінде орналастыруға жол берілмейді.
31. Жалпы білім беретін ұйымдарда, барлық түрлердегі интернат ұйымдарында, ТжКБ мен ЖОО-ларда мынадай үй-жайлар жиыны бар спорт залы көзделеді: себезгі және санитариялық тораптары бар киім ауыстыратын 2 бөлме, мұғалім кабинеті, снаряд бөлмесі немесе спорттық жабдықтарды сақтауға арналған қойма және жинау жабдықтарын сақтауға арналған үй-жай.
Арнайы білім беру ұйымдарында емдік дене шынықтыру кабинеттері немесе залдары қосымша көзделеді.
32. Барлық интернат ұйымдарында оқушылардың жеке сабағы үшін оқу-тұру үй-жайлары тобына орналастырылатын бір балаға кемінде 2,5 м2, полиомиелит салдарынан зардап шеккен және енжар сал ауруымен ауыратын балалар үшін 4,5 м2 есебімен бөлмелер көзделеді.
33. Жеке гигиена бөлмелерін, персоналға арналған санитариялық тораптарды әкімшілік үй-жайлардың аймағында орналастырады.
34. Оқшаулағышы бар медициналық блокты білім беру объектілерінің 1-қабатында орналастырады.
35. Қосымша білім беру ұйымдарында гуманитарлық бейіндегі (тарих, өлкетану, география, әдебиет, елтану және басқалар) қызметті ұйымдастыру кезінде жалпы білім беру мекемелеріне арналған талаптарды ескеру керек.
36. Спорт залының ауданы бір спортпен айналысушыға кемінде 4 м2 болуы тиіс. Еден ағаштан болуы немесе арнайы жабыны болуы, еденнің беті тегіс, ойықсыз және зиянсыз болуы тиіс. Зал қабырғаларының шығыңқы жерлері, карниздері болмауы тиіс. Батареялар терезе астындағы қуыстарда орналастырылады және торлармен жабылады немесе еденнен 2,4 м биіктікте орнатылады. Терезелерде және жарықтандыру құралдарында қоршау құрылғылар көзделуі тиіс.
37. Балалар мен жасөспірімдер болатын үй-жайларды, медициналық мақсаттағы бөлмелерді жертөле және цокольдық қабаттарда орналастыруға жол берілмейді.
38. Үй-жайларды әрлеу үшін олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар құрылыс материалдары пайдаланылады. Вестибюльдерде, холлдарда, рекреацияларда, акт және мәжіліс-залдарында, әкімшілік үй-жайларда әртүрлі конструкциялық аспалы төбелерді қолданады.
39. Қалыпты режимде пайдаланылатын медициналық үй-жайда қабырғалардың, еденнің және жабдықтың үсті жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып ылғалды әдіспен тазалау мүмкін болатын тегіс, жұмсақ болуы тиіс. Санитариялық тораптарда, ас блогында, қауызда, ылғалды режимді үй-жайларда (себезгі бөлмелері, кір жуатын, жуатын бөлмелер және басқалары) қабырғаларды жылтыр тақтайшамен немесе ылғалға төзімді басқа да материалдармен 1,8 м-ден аспайтындай биіктікте қаптайды, еденге төсеу үшін ылғал өтпейтін материалдар немесе еден тақтайшалары қолданылады. Медициналық мақсаттағы үй-жайларда қабырғаларды ылғалға төзімді материалдармен әрлеу көзделеді.
Еңбекке баулу шеберханаларындағы еден механикалық әсерге төзімді материалдан жасалуы; химия кабинеттері мен зертханалық кабинеттерде химиялық реагенттерге төзімді болуы тиіс.
40. Қолжуғыштар және басқа да санитариялық-техникалық құралдар, сондай-ақ оларды пайдалану қабырғаларды ылғалдандыруы мүмкін жабдық орнатылатын жерлерде еденнен 1,8 м биiктiкте және жабдықтар мен құралдардан жан-жағынан 20 сантиметр шығып тұратындай етiп, жылтыр тақтайшамен немесе ылғалға төзiмдi басқа да материалдармен гидроизоляциялау көзделедi.
41. Себезгі, кір жуатын және ыдыс жуатын бөлмелердің едендерін саңылауына қарай еңісі бар ағызу жолдарымен жабдықтайды.
42. Ғимараттың (ғимараттардың) әр қабатында тазалау мүкәммалын сақтауға және өңдеуге арналған үй-жай (орын) көзделеді.
43. Объектілердің аумағында олардың қызметiмен байланысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмейді.