Тәуелсіз Қазақстан археографиясы 2- сағат.
Дәріс мақсаты:Тәуелсіз Қазақстан археографиясыныңерекшеліктерін көрсету.
Тірек сөздер:Археографиялық қор, сирек кездесетін қор, басылымдар, қолжазбалар, рухани мұралар, мұрағаттық мекемелер, кітапхана қорлары.
Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:
- Тәуелсіз Қазақстан археографиясының дамуы
- Қазақстанның археографиялық қорының қалыптасуы
- Археографиялық қордың құру критериялары
Археографиялық қор – Қоғамның рухани, мәдени, ғылыми, әлеуметтік-құқықтық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында Қазақстан халқының тарихи-мәдени құжаттық мұралары археографиялық қорды құрайды. Археографиялық қорда жарияланған, яғни мұрағаттардан алынған құжаттар, сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар сақталынады.
Қолжазбаларды сақтап қалатын мұрағат мекемелерінің құрылу тарихы Қазақстанда ХVII ғасырдан басталады. Бұл туралы ресми құжаттар да сақталған. Соның бірінде: «Бөкей губерниясының мұрағаты Бөкей ордасы кезінен, яғни 1794 жылдан бастап ұйымдастырылды», деп жазылған.
Кеңес кезеңінде республикада мұрағат құру ісі, дәлірек айтқанда, 1918 жылғы “РКФСР-де мұрағат ісін қайта ұйымдастыру және орталықтандыру туралы” декретіне сәйкес жүзеге асырылды. Аталған декрет бойынша барлық мекемелердің істері мен құжаттарын сақтау мақсатында Бірыңғай мемлекеттік мұрағат қоры ұйымдастырылды. Оны және мұрағаттарды басқару үшін мұрағат ісінің Бас басқармасы құрылады.
1921 жылы 5 сәуірде Қазақ Өлкелік Бас архиві ұйымдастырылды. 1998 жылы 22 желтоқсанда Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Қазақстан Республикасының заңы бекітіліп бұл заң Қазақстан Ұлттық мұрағаттары мен мұрағат қорының тарихының жаңа кезеңі басталғанын дәлелдеді. Кеңестік дәуірде жүйелі қалыптасқан мемлекеттік мұрағаттарда құнды құжаттардың орналасуының принциптері белгіленіп, нақты жүйеге келді. Әсіресе 50-ші жылдары КСРО Бас мұрағат басқармасының өкімімен қорларды шоғырландырудың ортақтыландыру принципіне сәйкес орталық және бірқатар облыстық мұрағаттардан құнды тарихи қорлар Одақтық орталық мемлекеттік мұрағаттарға алынды. Қазақстан мұрағаттары тарихы кезеңдердің қиындықтарына қарамастан Қазақстанның мұрағат қорларында қазіргі таңда 15 миллионнан астам істі құрайтын құжаттар сақталуда. Осы құжаттар археографиялық қорды құрайды. Археографиялық қор сырттан алынып келген құжаттармен де толықтырылады.
Қазақстан Республикасының археографиялық қоры 2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бардарламасы аясында жүргізілген жұмыстар негізінде толықтырылуда. Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты алты тілдегі тарихи деректерді жинастыру, зерттеу, жариялау жұмыстарын атқарып келді, мұнда 5 томдық "Қазақстан тарихы түрік тілді деректерінде", 5 томдық "Қазақстан тарихы парсы тілді деректерінде", 4 томдық "Қазақстан тарихы қытай тілді деректерінде", 3 томдық "Қазақстан тарихы араб тілді деректерінде", 3 томдық "Қазақстан тарихы моңғол тілді деректерінде" зерттеу жинақтары дайындалды.
Нақтылы материалдарға негізделген шығыстық рухани мұраның тарихи зерттеулері республикамыздың мәдени мұрасын қалпына келтіру ісіне ғылыми үлес косуға, Қазақстанның ұлттық идеясын қалыптастыру мен жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан тарихы үшін манызы зор, осы күнге дейін белгісіз болып келген, бұрын-соңды тарих ғылымы саласының айналымына енбеген ұшан-теңіз кұжаттар дүние жүзінің мұрағаттары мен мұражайлары, ғылыми зерттеу мекемелерінің қорларында сақталынып келеді.
Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша 2004 жылы "Шығыстану" секциясымен Ресей Федерациясы, ҚХР, Монғолия, Түркия және Қырғызстан Республикасы және Швейцарияға Археографиялық шығыстану экспедициялары мен ғылыми іс сапарлары жүргізіліп, шетелдік сирек кітаптар мен қол-жазбалар қорларынан, мұражайлар мен ғылыми зерттеу мекемелерінен көптеген құнды деректер анықталды, мүмкіндігінше ол құжаттардың ксерокөшірмелері мен микрофильмдік көшірмелері алынды.
Новосибирск, Абакан, Минусинск, Кызыл қалаларының мұражайларында сақтаулы тұрған 500 көне түрік жазба және археологиялық ескерткіштер, этнографиялық реликтер жан-жақты зерттеліп, оларға талдау жасалды.
Ресей Федерациясы
Новосибирск, Абакан, Минусинск, Кызыл қалаларында жұргізілген археографиялық экспедициялардың атқарған жұмыстары. (14 шілде - 07 тамыз 2004 ж.)
Қазақтың байырғы ата-бабалары Түрік елі дәуірінің тарихы мен мәдениетіне тиесілі мұраларды зерттеу, олардың біртұтас тарихи-деректанулық қорын құру мақсатында, оның ғылыми танымдық айналымын, колданыс өрісін кенейту үшін арнайы археографиялық экспедиция жасақталды.
Осы бағдарламаны нақты жүзеге асырудың ең қарымды қадамдарының бірі ретінде қазіргі Ресей Федерациясының Новосибирск, Абакан, Минусинск, Кызыл қалаларында және басқа да жерлерде сақтаулы тұрған көне түрік өркениетінің кайталанбас артефактілері болып табылатын Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне байланысты бітіктас, ескерткіш-кешен, тас мүсін, балбал, қала қорған, т. б. құндылықтары туралы ғылыми-академиялық жинағын дайындап, жарыққа шығару көзделіп отыр.
Ресей Федерациясындағы аталмыш материалдар тарихи хронологиялық тұрғыдан Түрік елі, Ұйғыр, Қырғыз қағандығы дәуірін қамтиды. Олардың Қазақстанның тарихы мен мәдениетін ғылыми зерде деңгейінде сараптауда, отандық түркітану саласын әлемдік озық үлгімен жандандыра түсуде де танымдық тағылымы мен практикалық маңызы айырықша. Енисей көне түрік бітіктас, ескерткіштері жайында қажетті материалдарды жинастыру, көне түрік дәуірлеріндегі ескерткіштерді археографиялық тұрғыдан саралап тексеру, палеографиялық, мәтіндік талдау жасау, тас мүсіндер мен қорған кешендерді зерттеу Ресей Федерациясында жүргізілген археографиялық экспедицияның негізгі мақсаты болды.
"Енисей ескерткіштері" археографиялық экспедицияның жол бағыты Ресей Федерациясының Новосибирск қаласы - Хакасия Республикасының Абакан қаласы — Красноярск өлкесінің Минусинск қаласы - Тува Республикасының Қызыл қаласы бойынша жүргізілді. Зерттеушілер Новосибирск қаласындағы Археология және этнография институтының арнайы мұражайы, Минусинск қаласындағы Н.М. Мартьянов атындағы өлкетану мұражайы, Алдан-Маадыр атындағы Тува республикалық мұражайы және Тува мен Хакасияның далалы аймақтарында ашық аспан астында сақталынған бітіктастардағы мәтін жазбаларды көшіру, эстампаждық нұсқаларын алу, калькалау, фотосуретке түсіру, архитектуралық өлшемін жасау және ескерткіштердің сақталу уақыты мен дәрежесін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл ретте жүргізілген археографиялық экспедиция барысында Енисей көне түрік бітіктас ескерткіштеріне байланысты 796 экспонат пен ескерткіштер зерттеліп, 1400 фотокадр түсірілді, 500 дана фотоцифрлық сурет алынды, 510 архитектуралық сызба суреттер салынды, 180 минуттық бейнематериал түсірілді. Енисей өзені бойындағы 185 дана көне түрік бітіктас, ескерткіштеріндегі мәтіндерінің археографиялық әдістемелерге негізделген графикалық, таңбальқ көшірмелері жасалынды, мәтіндердің кейбір күнгірт тұстары жаңаша айқындалды.
Қазан қаласында жүргізілген археографиялық іссапардың атқарған жұмыстары (22 қараша - 4 желтоқсан 2004 ж.)
Осы ғылыми іссапардың мақсаты Қазан қаласындағы кітапханалардың қолжазба және сирек кітаптар бөлімдерінде сақталған түрік тілді қолжазбаларын кешенді түрде зерттеу, деректанулық материалдарды жинастыру, археографиялық талдау жасау болды.
Қазан Университетінің жанындағы Н. И. Лобачевский атыңдағы ғылыми кітапхананың қол-жазбалар мен сирек кітаптар бөлімі.
Аталмыш ғылыми кітапхана-200 жыл болған ірі ғылыми ошақтардың бірі. Кітап қоры бойынша бұрынғы Кеңес одағы көлемінде 4-орын алады. Осы уақытқа дейін кітапхана қорына дүние жүзінен ерекше бағалы сирек кітаптар мен қолжазба байлықтары жиналған.
Қолжазбалар мен сирек кітаптар бөлімінде 15000-нан астам дүние жүзі тілдеріндегі қолжазбалар, сонымен қатар, сирек кітаптардың 3000-нан астам нұсқасы сақталынып келеді. Қолжазбалардың көпшілігі XVI "ғасырдың аяғы XVII ғасырдың басында хатталып жазылған, мазмұндық жағынан тарих, әдебиет, фольклор, рухани саладағы шығармалар. Қолжазба корының азда-ған бөлігі жекелеген ізденушілердің макалаларында көрініс тапқанымен, кешенді түрде зерттеліп каталог-кітап ретінде жарияланбаған.