Жаттық басылымдарды даярлау әдістемесі. 2-сағат.
Дәріс мақсаты: Құжаттық басылымдарды даярлау әдістемесін ашып көрсету.
Тірек сөздер: Құжат басылымының феноменологиясы, басылымның моделі, заң актілер, нормативті - әдістемелік құжаттар.
Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:
1.Құжат басылымының феноменологиясы. Құжат басылымның моделі.
2. Басылымдық қызметі нормативті - әдістемелік қамтамасыз ету мәселелері.
3. Басылымдық қызметті реттейтін заң актілері. «Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар» ҚР Заңы, «Ақпараттандыру» туралы ҚР Заңы.
4. Құжаттарды жариялау жұмыстарын реттейтін нормативті - әдістемелік құжаттар.
Бұл ұғымның ішіне құжаттардың ғылыми жарияланымын жасаудағы таңдау, бағалау, жүйелеу, реттеу және кодтау әдістері мен тәсілдерінің мәселелері кіреді. Мен жоғарыда нормативтік-әдістемелік шығармашылық жұмысына байланысты археография ғылыми пән ретінде қалыптасқандығын, сондай-ақ өзіне тән ерекшеліктері, тәсілдері бойынша құжаттарды жариялау практикалық қызметінің ерекше түріне айналғанына назар аударып өткен болатынмын.
Құжаттарды жариялаудың түрлері мен кезеңдерінің тәртібін реттейтін әртүрлі кезеңдерде жасалған ережелер, әдістемелік ұсыныстар, нұсқаулардың даму тарихына егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ, тек археографиядағы нормативтік-әдістемелік базаның алатын орнын ғана (ғылым ретінде де, және практикалық қызмет саласы ретінде де) атап өтпекпіз.
Мәселе мынада: ережелер, нұсқаулар, әдістемелік ұсыныстар мен жариялаушылардың тұтас нормативтік қызметі ең алдымен тарихи құжаттарды жариялаушыларға жұмыс барысында көмектесуге арналған. Нақты іс жүзіндегі мағынасынан бөлек (құжаттарды жариялау тәсілдерін бірегейлеуге және осылайша оларды кез келген пайдаланушыға бірдей түсінікті әрі қолжетімді етуге жәрдемдесу), нормалаушылық қызмет археографиялық ойды дамытуда да үлкен маңызға ие.
Өкінішке орай, археографияның тарихы басқа жағын да: ережелер, нұсқаулар мен ұсыныстардың археографиялық ойдың дамуы мен жетілуіне мүмкіндік бермей, догматизмге шалдықтыру үрдісі де бар екендігін көрсетеді. Нақ осыдан археографияға, оның әрқилы проблемаларына немқұрайдылықпен қарау көзқарасы қалыптасқан. Көбіне ережелер, нұсқаулар мен ұсыныстар археография теориясы мен әдістемесінің дамуын тежейтін тежегішке айналады. Бұл әсіресе басылым үшін құжаттарды таңдап алуда анық байқалады. Көптеген ережелермен шектелетін құжаттарды іріктеудің негізгі принциптері (коммунистік партиялылық, таптық тұрғыдан келу, т.б.) археографияны осы принциптерге сай келмейтін көптеген тарихи дереккөздерді жариялау мүмкіндігінен айырып, мойнына тас болып байланып келген-ді.
Әрине, ережелер мен оларға сәйкес нормативтік-әдістемелік құжаттар өзіне дейінгі басылым тәжірибесін қорытындылап, олардың қалыптасқан, жалпы қабылданған нормаларын ерекшелейді. Олар өз уақытының ғылыми, дереккөзтану ұғымына сай келетін тәсілдерді таңдап алуы тиіс. Олардың бағыттылығы өзіндік жарияланым мәдениетін қалыптастыруға арналған. Бұл жерде дәл бүгінгі күні (кез келген деректер жинақтамасын жариялау мерзімі) не нәрсе ереже ұғымына кіреді, ал не нәрсе анықтауды қажет етпей, өзінен-өзі міндетті болып қалғандығын түсіне білу маңызды.
Мысалы, ХІХ – ХХ ғ. басындағы археограф ежелгі дүние ескерткіштеріне түзету енгізіп, дауысты дыбыстан кейін түпнұсқада түсіп қалатын «ер» әрпін қойып отырған кезде, ол бұл белгінің табиғи тілдің тарихи келісіміндегі маңызы жайлы ойына да алмаған болар-ау. Ол мәтінді өз кезінде қалай жазылып жүрген болса (құжат жасалған кездегі емес), солай беріп, бұл осылай болуға тиісті, ешқандай түсінікті қажет етпейтін нәрседей көрген.
Осылайша, 1865 жылы «Русский архив» журналында «Князь Тавриялық Потемкиннің өз қолымен жазғандары» атты мақаланы жариялай отырып (оның ХVШ ғасырда өмір сүргені белгілі), журналдың шығарушы редакторы П. И. Бартенев оған берген түсініктемеде былай деп жазған: «Біз түпнұсқаның өзіне тән жазылу емлесін өзгеріссіз қалдыру тек өте ертедегі жазылу тәсілі тіл тарихы үшін маңызды болып есептелетін бірегей, көне ескерткіштер үшін ғана лайықты деп есептеп, қазіргі кездегі (астын сызған біз. – М. Ш. ), өзіміз қабылдаған жазу емлесін енгіздік». Бұдан әрі Бартенев өздері жариялап отырған құжат көнеге жатпайтындықтан, оның жазылу емлесін өзгертуге болатындығын түсіндіреді.
Екінші жағынан, 1997 жылы Вилен, Гроднен және Ковен генерал-губернаторы Д. П. Святополк-Мирскийдің 1904 ж. 20 мамырда ІІ Николайға арнап жазылған «Бағыныштылық есебінің» мәтінін берген кезде оның түпнұсқалық орфографиясын сақтап қалған белорус археографтары, сірә, мұнысымен нағыз ғылыми жарияланым жасап отырмыз деп түсінген болса керек, ал бұл жағдайда жарияланым объектісін бірегей құжатқа да, көне құжатқа жатқыза алмасымыз ап-анық болса керек-ті. Жариялаушылардың «ереже мәдениетін» ғана емес (ол бойынша жаңа заман құжаттары түпнұсқалық орфографиясын сақтамай жарияланатынын айтады), сонымен бірге «археографиялық дәстүр мәдениетін» де аяққа басуының (мысалы, П. И. Бартеновтың Тавриялық Потемкиннің жазғандарын жариялауы кезінде орын алған) нәтижесінде бұл тіпті де бірегей емес жаңа заман құжатының мазмұны ғалым емес пайдаланушылар (студенттер, оқушылар, мұғалімдер, т.б.) үшін түсінуге қиын болып шыққан.
Ежелгі дәуір ғана емес, ХХ ғ. бірінші тоқсанындағы құжаттар мәтінін беруде буквалистік тәсіл қолдануды насихаттап жүрген украиндық археографтармен де келіспеуге болмайды. Мысал үшін В. Л. Модзалевскийдің әу. Владимир Киев университетінің профессоры В. Ю. Данилевичке 1919 ж. 31 қарашасында жазған хатынан үзінді келтіреміз: «Деятельность Архивнаго Управленія возникшаго на Украинһ въ революціонный пһріодъ и существовавщаго два года, закончилась 15 октября 1919 года: въ этотъ день оно распоряженіемъ Попечителя Кіевскаго Учебнаго Округа опечатано и тһм самымъ лица, въ немъ работающія, распущены..».
В. Модзалевский хатының орфографиясы мен жазу емлесін қазіргі заманғы археографтар өзгеріссіз бергендігіне күмәнданбай-ақ, соңғысының сақталу қажеттілігіне қатысты сұрақ туындайды. Оның үстіне 1918 ж. басында Ресейде орфография мен емле ережесіне реформа жасалғаны, соның нәтижесінде дауысты дыбыстан кейінгі «ять», «ер» жойылғаны, орфография жеңілдетілгені, т.б. жүзеге асырылғаны белгілі. Әрине, Ерікті армия басып алған Киевте Модзалевский Мәскеу, Петроградтағы кеңесшілдер сияқты жаза алмағаны сөзсіз (соңғыларының да жазу емлесі реформадан кейін бірден, тіпті ресми іс қағаздарын жүргізуде де жорғаша тайпалып кете қойған жоқ: адамдар ондаған жылдар бойы жазып келген жазуын бір сәтте ұмытып кете алмайды). Түсіндіруді қажет ететін осындай сәттерден кейін, сондай-ақ қалыптасқан археографиялық дәстүрлер мен салттарға сүйеніп, оның мәтінін қазіргі заманғы орфография және емле бойынша берген дұрыс болар еді.
Бұдан әрі ресейлік (кейін кеңестік те) археография мысалында оның нормативтік-әдістемелік базасы қалай дамығандығын қарастырамыз. Өкінішке орай, негізінен ресейлік археография шеңберінде дамыған белорустық археография тарихи дереккөздерді басып шығарудың ұлттық ережелерін жасау туралы ұмтылыс болғаны туралы қандай да бір маңызды мысалдарды келтіре алмайды. Нақты бір құжаттық басылымдарға байланысты белорус археографтары жасаған әртүрлі нұсқаулар мен жаднамалар жалпыодақтық (ресейлік) ережелер мен ұсыныстар арнасында дамыды, ешқандай ерекшеліктері болған жоқ. Сонда да біз әрі қарай солар жайлы сөз етпекпіз.
ХХ ғ. басында Ресей археографиясында жарияланған дереккөздердің айтарлықтай қоры болғанына қарамастан, осыған байланысты құжаттық басылымдарды даярлаудың үлкен тәжірибесі, актілік, сондай-ақ нармативтік сипаттағы дереккөздерді жариялаудың жалпы ережелері қалыптаспаған болатын. Тіпті тек қана құжаттарды жариялаумен айналысуға міндетті болған мекемелер де (Петербургтік, Киевтік, Вилендік, Кавказдық археографиялық комиссиялар) өз басылымдарын даярлау үшін болса да бірыңғай эдициялық тәсілдер жасап шығаруды ойларына да алмады.
Әдетте археографтар үлгі ретінде қалыптасқан дәстүрді, бұған дейін жарық көрген осындай материалдың жарияланымын негізге алып, басылым тәсілдеріне өздерінің толықтырулары мен өзгерістерін енгізетін. Сөйтіп, бұл кездегі «ережелер мәдениеті», замандас археограф-тарихшы турасын айтқандай, «дәстүр мәдениеті» археографиясынан сығып алынған.
Мысал ретінде 1869 ж. бекітілген және оның қызметінің негізгі бағыттарын реттейтін «Вильна қаласындағы Ежелгі актілерді жүйелеу және басып шығару туралы ережені» ала отырып, біз құжаттың 13 параграфтарының ішінде тек екеуінің ғана (3-ші және 7-ші), оның өзінде археография әдістемесінен гөрі аталған мекемедегі археографиялық жұмыстарды ұйымдастыруға қатысы барлығын оқып, таңырқауға мәжбүр боламыз. Айталық, 3-параграф жариялауға жататын құжаттар шеңберін анықтайды: «ХVП жүзж. соңына дейінгі Батыс-орыс өлкесінің заңнамасына, басқаруы мен сот істеріне, жергілікті халықтың және Православтық шіркеудің жағдайына, сондай-ақ тарихи жазбалар, күнделіктер және басқа материалдарға түсініктеме беретін мемлекеттік және заңгерлік актілер (яғни, грамоталар, жарғылар, ұсыныстар, сот істері, привилеялар, фундуштар, жазбалар, т.б.)».
7-параграфта сөзбе-сөз былай делінген: «Комиссия мүшелерінің міндеттері: а) көне актілерді қарау, оларды бөлімдерге бөліп орналастыру, олардың тарихқа қатысты алатын орындарын анықтап, басылым үшін таңдап алу; б) актілердің дұрыстығына бақылау жасау, көшірмелерді түпнұсқамен салыстыру, әрбір қолмен жазылғанның дұрыстығына куәлік беру, қажет болса әрбір актіге тиісінше тақырып, сипаттама және түсініктемелер тіркеу; в) басылған кезде корректурасын алу, жалпы дұрыс басылып шығуына бақылау жасау. Актілер мен қолжазбалардың жариялануы кезінде тарихи ғылымның осындай еңбектерден талап ететін шарттарының барлығы сақталуы тиіс».
Көріп отырғанымыздай, мұнда не жарияланатын құжаттар мәтіні қалай берілуі керектігі, не құжаттарды басылымға даярлаудың археографиялық тәсілдерін бірегейлеу туралы (тақырып қою, түсініктемелер беру), не ғылыми-анықтамалық аппарат құру тәртібі жайлы бір ауыз сөз жоқ. Іс қағаздарын жүргізу материалдарына қарағанда, бұл мәселелер Вилен археографиялық комиссиясының сериялық және сериялық емес типтегі томдарды басылымға дайындау туралы мәжілістерінде де көтерілмеген. Мұндай жағдай Вилендікке дейін екі-үш онжылдықтар бұрын құрылған Петербург және Киев археографиялық комиссияларында да орын алған (мысал үшін қараңыз: 1837 ж. 18 ақпанда бекітілген Петербург археографиялық комиссиясының Басшылыққа алатын ережелері (Археография бойынша хрестоматия: Мәскеу мемлекеттік тарихи-мұрағат институтының студенттеріне арналған оқу құралы / проф. Г. Д. Костомаров редакциясымен (қолжазба құқығымен). М., 1955. С. 148–153; осындай ереже негізінде жасалған болуы ықтимал, 1840-жылдары бекітілген Киев археографиялық комиссиясы туралы Ережелер жобасы (Журба О. І. Киівська археогрфічна комісія 1843–1921: Нарис історіі діяльності. Киів, 1993. С. 166–169).
Алайда ұзақ уақыт дайындықпен қатар эдициялық тәсілдердің бірлігі сақталуын талап ететін сериялық басылымдардың үлкен тасқыны пайда болып, ұжымдық археографиялық жұмысты қажет еткен кезде, ХХ ғ. бас кезінде өмірге келген ірі баспалық жобалар әртүрлі ережелер мен нұсқауларды тудыра бастады. Олардан ғалымдар белгілі бір түрдегі дереккөздерді жариялаудың ережелерін жасауға, археографиялық нормаларды жалпылауға ауысты.
Осылайша, жылнама сияқты маңызды, сонымен бірге күрделі баяндама дереккөздердің бірін археографиялық дайындау кезінде эдициялық тәсілдерді бірегейлеу қажеттігін түсініп, 1905 ж. А. А. Шахматов жылнамаларды басып шығару ережелерінің жобасын жасап шығарды. Онда жылнамалардың негізгі мәтінін таңдап алу және беру, осы дереккөздің басқа редакциялары мен тізімдерінде кездесетін әртүрлі жазылғандарды оқу, ХV ғ. дейін және одан кейінгі уақыттарда жасалған жылнама мәтіндеріндегі жазу емлелерін пайдалану, т.б. болды. А. А. Шахматов ХІХ ғ. бірінші ширегінде А. Н. Оленин, К. Ф. Калайдович, П. М. Строев, т.б. ресейлік археографтардың жылнамаларды жариялау жөніндегі айтқандарын айтарлықтай дамытып, әдістемелік сипаттағы ережеге айналдырды.
Талқылаудан кейін шахматовтық жоба «Императорлық Археографиялық комиссиялар басылымына арналған ережелер» деп аталған жиынтық құжатқа енгізілді. Ереже ресми түрде бекітілмесе де, «Орыс жылнамаларының толық жинағының» редакторлары оны жұмыста басшылыққа алған, оған мәтінді беру тәсілдері туралы мәселе комиссиялар мәжілістерінде сирегірек талқыланатын болғандығы куә.
Аталған жобаға шахматовтық жылнамаларды басып шығару ережелерімен қатар актілік сипаттағы құжаттарды басып шығару ережелері де (ХVІ ғ. дейінгі грамоталар басылымының 6 тармағы, 22 тармағы – актілер басылымын реттейтін және басылымға көрсеткіштер жасауға байланысты 9 тармақ) енгізілген, бұларды жасауға А. А. Шахматовпен қатар В. Г. Дружинин, С. А. Андрианов және басқалар қатысқан. 1907 жылы бұл жоба баспаханалық тәсілмен жарық көреді.
Халық ағарту министрлігінің қарамағындағы Петербург археографиялық комиссиямен қатар құжаттарды басып шығару ережелерін жасаумен бірқатар ресейлік тарихи мұрағаттар, сондай-ақ Ресейдің жоғарғы ғылыми мекемесі – Ғылым академиясы да айналысты, ол актілік сипаттағы дереккөздерді жариялау тәртібін реттейтін тұңғыш іргелі нормативтік-әдістемелік құжатты жасап шығарды. Сөз «Экономия коллегиясы Жинағын басып шығару ережелері» туралы болып отыр, оны да, жинақты да дайындауға академик А. С. Лаппо-Данилевский бастамашы болған еді. Батыс Еуропа елдеріндегі археографиялық жұмыстың жолға қойылуын зерттеу үшін А. С. Лаппо-Данилевский Австрия тарихты зерттеу институтының, Берлиндегі және Мюнхендегі дереккөздерді басып шығарумен айналысатын археографиялық комиссиялардың, Италияның тарих институтының жұмыстарымен танысты. Ол Ғылым академиясы үшін ХVІ–ХVШ ғғ. құжаттарын (1900 ж.) және жекеше және үкіметтік ұлыорыстық актілерді басып шығару (1901 ж.) жоспарын жасады. Ережелердің алғашқы нобайы 1901 жылы дайын болды. Алайда 1919 жылдың 7 ақпанында өзі қайтыс болғанға дейін ғалым оны жетілдіру жұмыстарымен айналысты. А. С. Лаппо-Данилевскийдің шәкірті С. Н. Валк атап көрсеткеніндей, нәтижесінде осыған ұқсас батысеуропалық құжаттарды жариялау ережелері үлгілерінің барлығынан асып түскен, маңызы жағынан бір ерекше қорды басып шығару ережелерін жасап шығарудың тар шеңберінен асып, жалпы археографиялық мәселелерден сөз қозғайтын еңбек дүниеге келді.
Ереже 1922 ж. жарық көрді. Ол 240 бапқа бөлінген және грамоталар мәтінін беруден бастап, оларға түсініктер, көрсеткіштер жасауға дейінгі мәселелерді қамтиды. Осында А. С. Лаппо-Данилевский бірінші рет қолданған терминдер (түсініктер «легенда», «бастапқы хаттама», «ақырғы хаттама», «клаузула» және т.б.) археография мен дипломатика салалаларында жаппай қолданыла бастады. Жарияланатын құжаттар мәтінін беруді ретке келтіру тәртібі, оларға тақырып қою, ғылыми-анықтамалық аппарат, т.б. жасау ережелері қазіргі археографияда да қолданылуға лайықты.
А. С. Лаппо-Данилевский «Ережелері» бұдан кейінгі барлық осыған ұқсас жұмыстарға үлгі болды деп сеніммен айта аламыз, алайда оны жасаушы ғалымның есімін белгілі себептермен кейінгі уақытқа дейін замандас археографтар атай алмай келді.
Сөйтіп, бүгінгі күнге дейін өзекті болып келген А. С. Лаппо-Данилевскийдің бұл еңбегі археография әдістемесі бойынша революцияға дейінгі әдебиеттердің соңғысы болды.
1917 ж. қазаннан кейінгі түбегейлі өзгерістерге байланысты археографиялық жұмыстарды ұйымдастыруда, жарияланымдар тақырыбында, археографияға жарияланым дағдыларынан жұрдай адамдардың көптеп келуіне байланысты, бұған дейін жарияланым объектісі болмаған құжаттарға қатысты эдициялық қызметті жалғастырудың алғашқы кезеңінде көмек көрсете алатын нормативтік-әдістемелік база жасау мәселесі көтерілді. Бұл бағыттағы бірінші қадам Мұрағат ісі Бас басқармасының Петроград бөлімшесінің қызметкерлері жасаған «Құжаттарды басып шығару ережелерінің» жарық көруі болды (1919 ж. 15 қыркүйекте бекітіліп, «Мұрағат ісі бойынша декреттер, циркулярлар, нұсқаулар мен бұйрықтар жинағында» М., 1921. 1 шығ. 118–122 б. басылып шыққан). «Ереже», оны құрастырушылардың пікірінше, әмбебап сипатта (яғни, көне құжаттарды да, жаңа және қазіргі заман дереккөздерін жариялауда да қолданылуға жарайтын) болғанымен, дегенмен онда бірінші топтағы дереккөздерді жариялау әдістемесіне қатысты мәселелер басым болатын. Бұл онда көбінесе Петрге дейінгі кезең құжаттарын жариялаумен айналысып келген Петроградтық археография комиссиясының қызметімен байланысты ғалымдардың (А. А. Шахматов, С. Ф. Платонов, В. Г. Дружинина) қатысқандығынан еді. Лаппо-данилевтық кеңейтілген «Ережелерге» қарағанда бұл барынша қысқартылған түрде болды, – оған бар-жоғы 40 тармақ енгізілген.
1919 жылғы «Ереже» жарияланым мақсатын, мәтінді беру және құжаттарды археографиялық ресімдеу принциптерін, олардың жарияланым ішінде жүйеленуін, ғылыми-анықтамалық аппаратын жасау тәртібін, т.б. анықтады. Онда құжаттарды жариялау тарихи, тарихи-заңнамалық, тарихи-географиялық және басқа сипаттағы зерттеулерге арналуы мүмкін екендігі көрсетілді; лингвистикалық және палеографиялық мақсаттар үшін ескерткіш бұйымдарды «фотомеханикалық әдістермен» шығару дұрыс екендігі айтылды.
«Ережелерде» құжаттар мәтінін беруде олардың жасалу мерзіміне және тіл ерекшеліктеріне тәуелді болды: ХVІ ғ. бірінші жартысына және одан да ерте кезеңге жататын құжаттарды жариялау кезінде оларды түпнұсқамен жолма-жол бірдей етіп теру ұсынылды; ХVІ ғ. екінші жартысынан ХVШ ғ. дейінгі құжаттар «мүмкіндігінше дәлме-дәл», бірақ әріптердің үстіндегі және титл астындағы әріптерді ерекшелемей берілуі керек болды. ХVШ – ХІХ ғғ. құжаттарының мәтіндері фонетикалық ерекшеліктері сақталып берілуі; жуандық және жіңішкелік белгілері қазіргі заманғы жазу емлелері бойынша берілуін, «ять» әрпі тиісінше «е» әрпімен ауыстырылуы талап етілді. «Ережеде» шетел тілдеріндегі құжаттарды жариялау ерекшеліктері де ескерілген.
1917 ж. кейінгі археографиялық парадигманың өзгеруі (біздің айтып отырғанымыз жаңа және қазіргі заман құжаттарына деген көзқарастың өзгеруі) бұл қызметтің нормативтік-әдістемелік қамтамасыз етілуін жасауды талап етті. 1918 ж. Ресей мұрағат ісі Бас басқармасының құрылуы өзінің ведомстволық (ең алдымен орталық тарихи) мұрағаттарын ондағы бар құжаттардың сақталуын қамтамасыз ететін және сонымен бір мезгілде тек қана сақтау емес, тарихи дереккөздерді жариялаумен де айналысуға міндетті ғылыми-әдістемелік орталық ретінде қарастырды.
1921 ж. мұрағат қызметкерлерінің алғашқы бүкілресейлік конференциясының өзінде А. А. Шилов «Басып шығару қызметіне байланысты мұрағат қорының тарихи-революциялық материалдарын өңдеу» деп аталатын баяндама жасады. Онда ол Мұрағат басқармасына Мембаспада тарихи-революциялық құжаттарды кітап етіп шығарумен айналысатын жеке секция құру туралы ұсыныс жасады. Конференцияда қабылданған резолюцияда Мұрағат басқармасына революциялық қозғалыс тарихы бойынша және әсіресе провинциялардағы қозғалыс тарихы бойынша құжаттарды басып шығаруды ұйымдастыруға ұсыныс жасалды.
1925 ж. болған Ресей мұрағат қызметкерлерінің бірінші съезі 1921 жылғы конференцияға қарағанда мұрағат мекемелерінің археографиялық қызметін ұйымдастыру мәселелерінен жаңа және қазіргі заман кезеңінің дереккөздерін басып шығару әдістері мен тәсілдерін талқылауға кірісті. Осында жасалған А. И. Андреевтің «Тарихи құжаттарды жариялау ережелері туралы» баяндамасында жаңа заман дереккөздерін жариялауға даярлауға қажетті нормативтік құжаттың керектігі баса айтылды. С. Н. Валк баяндамасында тарихи-революциялық құжаттарды басып шығару тәсілдеріне байланысты мәселелер сөз болды. Баяндамашы өз сөзінде құжаттар мәтінін басып шығаруға даярлауды талдаумен шектелді, және де оның мазмұнына тарихи түсініктеме беруге байланысты мәселелер жеке талқылау тақырыбы болуы керектігін ғана айтып өтті.
Тарихи-революциялық құжаттарды жариялау әдістемесінің жасалмағандығын атап өтіп (бірқатар дәстүрлері қалыптасқан басқа санаттағы құжаттарға қарағанда), С. Н. Валк «осының нәтижесінде мазмұны жағынан жақсы басылымдар жарық көргенімен, олар мұқият жолға қойылған ғылыми жұмыстарға пайдалануға жарамсыз екендігін», біздің ойымызша, әділетті атап көрсетті. Осыны және басқа осындай жағдайларды ескере отырып құжаттарды жариялаудың міндетті нормаларын жасау мәселесі бірінші орынға қойылды.
С. Н. Валк сондай-ақ жаңа және қазіргі заман құжаттарына қатысты мәтінді таңдап алу проблемасына да назар аударды. Авторлықты және осындай түрдегі дереккөздерді жасау шартын ескере отырып, ол өз пікірінше, мәтінді таңдап алудың мұндай формалды критерийінен бас тартуды, оны әрбір редакцияның пайда болу шарттарынан немесе жарияланатын құжаттарға дайындалатын тізімдерден тұратын тарихи критериймен ауыстыруды ұсынды. Баяндамашының мәтінді редакциялау, транскрипциялау және эмендациялау туралы пікірлері назар аударуға лайық болды; олар бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, құжаттарды жариялаудың әртүрлі ережелері мен әдістемелік ұсыныстарға еніп келеді. А. С. Лаппо-Данилевскийдің «Ережелері» де, оның шәкірті С. Н. Валктің кейін мақалаға айналдырылған баяндамасы да археография теориясы мен әдістемесінің дамуына негіз болды.
Екі баяндаманың да (А. И. Андреев пен С. Н. Валктің) резолюцияларында съезд «құжаттарды жариялаудың бірқалыпты жүйесінің жасалуын талап етеді және Орталық мұрағаттың ғылыми-ұйымдастырушылық коллегиясы қасындағы арнайы құрылған комиссияның күшімен мұрағат құжаттарын жариялаудың егжей-тегжейлі ережелерін жасап шығаратын уақыт жеткендігі айтылады. Алайда бұл резолюция ресейлік архивистер мен археографтардың асыл армандары болып қала берді. Оны жүзеге асыруға жасалған бірден-бір талпыныс С. Н. Валк даярлаған «В. И. Ленин еңбектерін басып шығару ережелерінің жобасы» (М., 1926) болды, онда теориялық-әдістемелік қатардағы бірқатар маңызды мәселелер: басылым құрамы мен міндеттерін анықтау, ғылыми-анықтамалық аппарат жасау, т.б. қарастырылды. 1990-жылдары «В. И. Ленин еңбектерін басып шығару ережелерінің жобасын» қайта басуға дайындаған С. Н. Валктің шәкірттері мен әріптестерінің пікірінше, «бұл болашақта да толық пайдалануға жарайтын еңбек. Сонымен бірге бұл ережелерді жасау мен олар бойынша лениндік мәтіндермен жұмыс жасау- 20-жылдардың өзінде-ақ кеңестік дереккөзтану үшін маңызды ғылыми зерттеулер – лениндік мұраларды зерттеу дереккөзтанудың негізін салуға мүмкіндік берген болатын».
Ресейлік археографтардың археография саласындағы нормативтік базаны жасауға күрделі қадам жасауына қарамастан, бұл бағыттағы басымдық украиналық әріптестерге берілуі тиіс. 1931 ж. Украинаның Орталық мұрағаты мұрағат қызметкерлерінің курсын ұйымдастырды. Онда басқалармен қатар екі дәріс курстары – П. А. Билыктың «Мұрағат органдарындағы археографиялық жұмыстар туралы» және В. И. Веретенниковтың «Археографиялық техникалар міндеттері» оқылды, бұлар шын мәнінде украиндық археография тарихын (біріншісі) және құжаттарды жариялау әдістемесін (екіншісі) баяндаған құжаттар болды.
Сол 1931 ж. Мұрағат қызметкерлерінің бүкілукраиналық екінші съезі өтті. Съезде «Ғылыми-тарихи зерттеу қажеттіліктері үшін құжаттарды жариялау методологиясы мен техникасына негізгі нұсқаулар» (жобаны жасаған П. А. Билык, жоба негізінен В. И. Веретенников жасаған ХVШ және ХІХ ғғ. кеңселерінен шыққан құжаттарды басып шығарудың уақытша ережелерінің жобасын қайталайды) және «Архів радянськоі Украіни» журналындағы ғылыми-деректік жарияланымдар ережесінен» (Е. И. Коганның жобасы) қабылданды. Уақыт талабына сәйкес екі құжаттың даярлануы да барынша саясиландырылып, идеологияландырылғанымен, олар кеңес археографиясының нормативтік-әдістемелік базасын қалыптастырудың бірінші тәжірибесі ретінде қаралуға лайықты.
Белоруссияда украиналық мұрағатшылардың съезінен бірнеше жыл бұрын құжаттарды жариялау техникасы мәселесіне талқылау дәрежесінде болса да шешім қабылдауға талпыныс жасалғанын айта кету керек. Біздің айтып отырғанымыз - Могилев губерниялық мұрағатының меңгерушісі Д. И. Довгяллоның «Белоруссиядағы археографиялық жұмыстар» атты баяндамасының қорытынды бөлігі, автор онымен Мұрағат қызметкерлерінің бірінші бүкілбелоруссиялық конференциясында (мамыр 1924 ж.) сөз сөйлеген болатын. Ол «Жұмыс әдісі туралы ескертпелер» деп аталды және практикалық археография саласындағы әдістемелік ұсыныстар сипатында болды. (Бұл туралы 1917–1941 жж. Белоруссиядағы археографиялық жұмысты ұйымдастыруға арналған дәрістерде егжей-тегжейлі сөз болады).
Кейбір деректерге қарағанда, 1933 ж. Беларусьтің Орталық мұрағатында құжаттар жарияланымының әдіснамасы мен әдістемесі жайлы еңбек даярланған, өкінішке орай, бізге оның кейінгі тағдыры жайлы анықтаудың сәті түспеді.
1930 ж. Мәскеу тарихи-мұрағат институтының құрылуымен құжаттар жарияланымының әдістемесі (немесе техникасы) мәселесін талқылау оның қабырғасына ауысып, онда А. А. Сергеев жасаған археографиядан арнаулы курс оқылатын болды. Бір басында практик-жариялаушы және педагог тәжірибесін жақсы ұштастырған Сергеев «Красный архив» журналын редакциялаушы болғандықтан, басқалардан гөрі құжаттар басылымының ережелерін жасауға дайындығы мол еді. Өкінішке орай, мезгілсіз ажал (А. А. Сергеев 1935 ж. 19 қыркүйекте 50-ге қараған жасында қайтыс болды) ғалымға бастаған ісін аяқтауына мүмкіндік берген жоқ.
Дегенмен де А. А. Сергеевтің «Архивное дело» журналында жариялаған «Құжаттарды жариялаудың әдіснамасы мен техникасы» (1932, № 1–2) және «КСРО ОМБ құжаттарын басып шығарудың ережелерін жасау мәселесіне» (1935, №1) атты мақалаларының бірқатар кемшіліктері болғанымен, оның ізбасарларының жұмыстары үшін жағымды маңызы болды. Соңғы мақаласына қосымша ретінде автор «КСРО ОМБ құжаттарын басып шығару ережелерінің жобасын» жариялаған.
Тағы бір ресейлік археограф А. Л. Поповтың «Біздің тарихи құжаттарды басып шығару туралы мәселемізге» атты мақаласы А. А. Сергеевтің жоғарыда аталған соңғы мақаласымен бір мезгілде дерлік жарық көрді (1935, №3). Онда да жоғарыда сөз болған украиндық ғалымдар еңбегі сияқты өздеріне дейінгі археографтар қызметіне нигилистік баға берілді. Кеңес археографиясының революцияға дейінгі «тасбақа аяңындай қарқынымен мәшһүр болған» академиялық жұмыстарымен салыстырғанда жеткен жетістіктерін атай келе, автор «мәтіндерді археографиялық өңдеу және қалпына келтіру әдістері саласында біздің алдымызда технологиялық мұрамыздың бұл саласындағы көне, жинақталып қалған үлкен, әрі алынбаған міндет тұрғанын атап көрсетті».
Мақаласының аяғында А. Л. Попов нағыз большевиктерше, редакторлық субъективизмнің, құжаттарды жариялау саласын жайлап алған бассыздық пен анархияның көзін құртуға шақырды. «Карфаген қиратылуы тиіс, – деп толғанды ол, – жариялау ісіндегі анархия жойылуы тиіс, құжаттарды жариялау ережелері жасалуы керек».
Мақалада теориялық сипаттағы мәселелермен қатар (жарияланым мен тарихи зерттеу, жарияланым тақырыбын анықтау арақатынасы туралы, т.б.) әдістемелік проблемалар да сөз болды (көрсеткіштер, түсініктер, т.б. жасау туралы), олардың археографтар жұмысы үшін ешқандай маңызы болмады және олардың сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Осы жағдайды ескере отырып, ең алдымен мұрағатшылар мүдделі болған тарихи құжаттарды жариялау ережелерін жасау талпыныстары жалғаса берді. Сонымен бірге бұл істе 1929 ж. одақтық ОМБ құрылғаннан кейін, оның органына айналған «Архивное дело» журналының жемісті қызмет атқарғанын айта кеткеніміз жөн болады.
Журналдың 1935 ж. 4 – нөмірінде жарық көрген А. А. Шиловтың «Тарихи құжаттарды жариялау мәселесіне» деп аталатын мақаласы осының алдындағы нөмірде жарияланған А. А. Сергеевтің «КСРО ОМБ құжаттарын жариялау ережелері» жобасына үн қосу еді. Мәселе мынада, Шилов та Сергеев сияқты осындай нормативтік құжатты жасаумен айналысқан болатын, рас, ол тек жаңа заман дереккөздерін жаиялауға ғана қолданылатын. Ол жасаған «Жаңа заман құжаттарын басып шығаруға даярлау ережелері (ХІХ–ХХ ғғ.)» Г. А. Князевтің «Мұрағат ісінің теориясы мен техникасы» (Л., 1935. С. 108–120) кітабына қосымша ретінде жарияланған болатын. Ол материалды дұрыс және қолжетімді беру жағынан А. А. Сергеевтің «Ережелерінен» ұтымды болды, оның үстіне құжаттарды жариялауға байланысты негізгі мәселелерді қамтыды.
А. А. Шилов «Ережелердің» 12 беттік вариантымен шектеліп қалмады, оны толықтырып, жетілдіріп, нәтижесінде 1936 ж. «ХІХ және ХХ ғ. басындағы құжаттарды жариялау бойынша басшылық» деп аталатын кітабын жазып, оны 1939 ж. Мәскеу Тарих-археография институты басып шығарды. «Басшылықты» рецензиялаған С. Н. Валктің пікірінше, ол неғұрлым басым құжаттарды жариялаумен айналысатын тарихшылар мен мұрағатшылардың үстелінің үстінде жатуы тиіс кітап (он жылдан астам уақыт солай болып келді де). А. А. Шиловтың жұмысы негізінен жаңа замандағы практикалық археология саласындағы бірінші негізгі нормативтік-әдістемелік құжат болып саналды және аталған кезең құжаттарын жариялауға байланысты барлық мәселелерді қамтыды. Оның екі маңызды бөлімі жарияланатын құжаттар мәтінін таңдап алуға арналған; одан кейін тақырыптар, түсініктер, түсініктемелер, кіріспе мақалалар жасауға арналған бөлімдер келеді. Автор өз бетінше көрсеткіштер мен әртүрлі анықтамалықтар жасауға қатысты бөлімдерді бөліп көрсетті.
А. А. Шиловтың «Басшылығында» бұған дейінгі екі онжылдық бойында пайда болған құжаттар басылымын даярлаудың көпқырлы практикалық тәжірибесі ескерілді. Оның артықшылығы ретінде осындай тектес басылымдар үшін ең керекті сапалар – құрылым нақтылығын, сондай-ақ баяндау қарапайымдылығы мен анықтығын айтуға болады. «А. А. Шилов, – дейді «Басшылыққа» рецензия жазған С. Н. Валк, – осы тәсілмен өзінің қолжазбасында құжаттарды жариялау мәселелерін жалпы құжаттар сапасын талқылау аясында жоғалып кетуден сақтап қалған; сонымен қатар авторды кітабында құжаттарды жариялауға байланысты кейбір маңызды мәселелер жай ғана аталып өткені үшін кінәлауға да болады».
Рецензияшы кітап кемшіліктері қатарында мыналарды атайды: регест құжат үзінділерін жариялаумен араластырылған; «отпускілер» «қағаздардың алғашқы жобасымен» ұқсастырылған; бірнеше түпнұсқа авторлық мәтіндер редакциясы болған жағдайда мәтінді таңдап алу мәселесіне формалды көзқарас бар; мәтін эмендациясы мәселелерін баяндауда анықтық жетіспейді, т.б.
Дегенмен, С. Н. Валк атап өткен кемшіліктерге қарамастан (сөз реті келгенде айта кетелік, рецензияның өзі өзектілігін бүгінгі күнге дейін жоғалтпаған, археографияға байланысты теориялық-әдістемелік сипаттағы тамаша еңбек болып шыққан), А. А. Шиловтың «Басшылығы» ресейлік қана емес, әлемдік археографиялық әдебиеттегі ірі құбылыс болды. Жаңа заман құжаттарын жариялаумен айналысатын ресейлік, белорустық, украиналық археографтар, шынында да, практикалық әрекет барысында сөзсіз кездесетін көптеген күрделі мәселелерге жауап табатын қолдан түспейтін кітап болып шықты.
Егер шиловтық «Басшылық» жаңа заман құжаттарын жариялаушылардың «өмірін жеңілдетсе», оған дейін үш жыл бұрын жарық көрген соған ұқсас «ХVІ – ХVП ғғ. құжаттарын жариялау ережесі» ертедегі (Петрге дейінгі) кезең құжаттарын жариялау тәртібін реттеуге қолданылды. Сөз КСРО ҒА Тарих-археография институты жасап шығарған (құраст. акад. Б. Д. Греков, В. Г. Гейман, Р. Б. Мюллер, К. Н. Сербина, Н. С. Чернов) және Институттың мақалалар жинағының 2-томында жарық көрген «Дерекккөзтану проблемалары» (Л., 1936. С. 315–331), «ХVІ–ХVП ғғ. құжаттарын жариялау ережелері» туралы болып отыр. Оларда басқалармен бірге мәтінді қысқартып беруге байланысты мәселелер қарастырылды, бұл әсіресе жаңа және қазіргі заман құжаттарын жариялауда барынша өзекті мәселе болатын, өйткені «тарихшы орта ғасырлардан ұзап, кейінгі ғасырларға жақындаған сайын, уақыт аз өткендіктен, және жүзжылдықтар өткен сайын мемлекеттік аппарат ұлғайып, мемлекеттік аппараттың артуы осы аппарат қызметін түрлендіруді күшейте түскендіктен көбейген құжаттар тасқынының астында тұншығып қала жаздайды». Мәтінді қысқартып беру туралы бөлімнің негізіне Институт қызметкерлерінің құжаттарды қысқартып, регест жолымен немесе құжаттарды кесте формасында жинақтап берудегі жинаған тәжірибелері алынды.
Тарих-археология институтының «Ережелеріне» тән тағы бір жағдай, олар А. С. Лаппо-Данилевскийдің «Экономия коллегиясы грамоталарының жинағы» рухын басшылыққа алып, ХVІ–ХVП ғғ. құжаттарының орфографиясын қазіргі заманғы түрінде беру мәселесін азды-көпті шешкендей болды.
Ресей, Украина, Беларусь археографтарының бұған дейінгі барлық практикалық және әдістемелік қызметтерінің нәтижесі 1945 ж. «КСРО мемлекеттік мұрағаттық қорының құжаттарын жариялаудың негізгі ережелері» пайда болуына алып келді. Олар КСРО НКВД ММБ (мемлекеттік мұрағаттық басқарма) және КСРО ҒА Тарих институтының грифімен жарық көрді. Оның құрастырушысы сол кезде Бас мұрағаттың баспа бөлімін басқарған МГИАИ доценті П. Г. Софинов болды.
Оның алғысөзінде «бұған дейінгі барлық ережелерден өзгешелігі, бұл ереже белгілі бір кезең құжаттарына ғана емес, шығу тегі мен сипатына байланыссыз барлық құжаттарға қолданылатыны» атап көрсетілген. «Негізгі ережелерге» С. Н. Валк өзінің «Кеңестік археография» монографиясында тұтас бір тарау («Кеңестік археографиялық практика мәселелері») арнап, егжей-тегжейлі талдау жасады. Бұған біз әлі курсымыздың тиісті дәрістерінде қайтып ораламыз. Бұл жерде тек қана оның даярлық кезеңінен бастап Мәскеуде дайындалып жатқан осындай құжаттардың талқылануында белорустық мұрағатшылардың қатысқандығы байқалатынын атап өткіміз келеді.
1950–1960-жылдары басталған археография саласындағы норма жасаушылық қызметінің белсендірек бола түсуі осы кезде КСРО-да болған қоғамдық-саяси сипаттағы оқиғалармен тікелей байланысты. Ғылыми және мұрағаттық мекемелермен қатар ЖОО-лар, мұражайлар, кітапханалар, баспалар, газет-журнал редакцияларының, т.б. қызметкерлерінің өкілдері де практикалық археографиямен қызу айналыса бастады. Бұған дейін құпия саналып келген мұрағаттық қорлар түріндегі жаңа жарияланым объектілерінің пайда болуы, т.б. эдициялық қызметтің әдістемелік қамтамасыз етілуін табандылықпен талап етті. 1950–1960-жылдары құжаттар жариялаудың бірқатар ережелерінің пайда болуы осы жағдайдың әсері деп білеміз. Бұған дейінгі негізінен бір мекеме дайындаған және көбіне шектеулі шеңберде пайдалануға есептелген дереккөздермен салыстырғанда, 1950–1960-жылдар ережелері кооперативті жасалып, әмбебап сипатта болды.
Мысалы, 1955 жылғы «Тарихи құжаттарды жариялау ережелерін» (келесі 1956 жылы сұраныстың аса зор болғаны ескеріліп, оның екінші редакциясы басылып шықты) шығару үшін КСРО ҒА Тарих институты, КСРО Бас мұрағаты және Мәскеу тарих-мұрағат институты жұмыс істеді. Құжатты құрастырушылар арасынан біз белгілі ресейлік археографтар мен тарихшылар – С. Н. Валкті, А. А. Новосельскийді, Л. Н. Пушкаревті кездестіреміз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Беларусь мұрағатшылары мен археографтары басқалармен қатар бұл ережелердің талқылауына қатысты (соңғылары «КСРО БМФ құжаттарын жариялаудың негізгі ережелерінің» жаңа редакциялары ретінде дайындалды). Олар жасаған ескертпелер мен ұсыныстар белгілі бір дәрежеде теориялық сипатта болды (мысалы, «құжатқа ішкі және сыртқы сын» ұғымының мағынасын ашуға, тақырыпты таңдау критерийлерін олардың ғылыми мәнімен және саяси өзектілігімен ғана емес, осы тақырыптағы құжаттардың болуымен де толықтыруға, т.б. ұсыныстар жасалды).
Бекітілген және басылып шыққан «Ережелерді» баспаға даярлаудың негізгі кезеңдері ескерілген 205 тармақтан тұратын 10 бөлімге топтастырылған: 1. Тақырып таңдау, құжаттарды анықтау және іріктеу. 2. Мәтінді белгілеу. 3. Тақырыпшалар. 4. Түсініктер. 5. Басылымның ғылыми-анықтамалық аппараты. 6. Қосымшалар. 7. Иллюстрациялар. 8. Жекелеген бөліктері мен құжаттардың басылымда орналасуы. 9. Мазмұны. 10. Басылымның сыртқы түрі.
Бірінші бөлімнің мазмұны 1945 ж. «Негізгі ережелермен» салыстырғанда, тақырыпты таңдау, құжаттарды анықтау және іріктеуде тек қана тақырыптық басылымдармен шектелсе де, неғұрлым тереңірек ұғым береді.
Екінші бөлімде мәтінді белгілеуге байланысты мәселелер анығырақ баяндалған. Археографиялық практикада қалыптасқанға қайшы ежелгі және авторлық мәтіндерді беруде түзетілген оқылымды сөзбе-сөз беруге (негізгі мәтінді емес) ұсыныс жасалды. Осы бөлімнің 3-тармағында мәтінді беру кезінде ХVШ ғ. ортасына дейінгі құжаттардың түпнұсқасында орфографиясын сақтау ұсынылды. Бұл осы кезеңде морфографиялық принципке негізделген М. В. Ломоносов грамматикасының пайда болуының әсері, дегенмен фонетикалық және морфографиялық принциптерді ұстанатын ескі орфография дәстүрлері Ресейде ХІХ ғ. басына дейін сақталғаны белгілі.
Ғылыми-анықтамалық аппарат туралы бөлімге құрастырушылар 1945 ж. «Негізгі ережелерде» жоқ оқиғалар хроникасы, терминологиялық көрсеткіш, пайдаланылған дереккөздер тізбесі, қысқарған сөздер тізімі, библиография сияқты түрлерін енгізген.
Құжаттар жарияланымын тарихи алғысөзбен беру міндетті еместігі, археографиялық алғысөзбен шектелу қажеттігі жайлы даулы ұсыныс жасалды. Біздің ойымызша, ол «Ережені» жасаушылардың осы кезге дейін археографияда орын алып келген саясат пен идеология қысымының көріністерінен құтқару сияқты шынайы тілектерінен туындаған сияқты. (Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл украиндық археографтар жасаған 1930-жылдардың нормативтік-әдістемелік құжаттарында ерекше көзге түсетін еді). Мазмұны бойынша түсініктемелерде құжаттың датасы мен авторлығын негіздеу де күдік туғызады. Осыған орай рецензенттің «дата мен авторын көрсету құжат мәтінінің жасалу тарихына байланысты болғандықтан, мұндай негіздеменің орыны мәтінге түсініктемеде» деген ескертпесімен келіспеске болмайды. Мазмұнына түсініктеме сипатының ерекшеліктерін: бағалау түсініктеме, түсінік беретін түсініктеме, толықтыратын түсініктеме, анықтама беретін түсініктеме, т.б. баяндап жату да артық сияқты болып көрінді.
Осы және басқа да кемшіліктеріне қарамастан, негізінен «Ережелер» жағымды қызмет атқарды: оның арқасында археографиялық практикада тарихи дереккөздерді жариялау тәсілдерін бірегейлеу саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді.
Белорус археографиясының тарихы үшін С. Н. Валктің басшылығымен жүзеге асырылған «Кеңес кезеңіндегі құжаттарды басып шығару ережелері» (1960 ж. басылып шыққан) даярлануының ерекше маңызы бар. Бұрынғылармен салыстырғанда ол біршама «жеңілдетілген» сипатта болды, олай дейтініміз онда бөлімдер сегізге дейін қысқартылған: 1. Анықтау мен таңдап алуға дейінгі жұмыстар. Басылым түрлері. 2. Анықтау және таңдап алу. 3. Археографиялық рәсімдер. 4. Мәтінді беру. 5. Құжаттарды жүйелеу. 6. Ғылыми-анықтамалық аппарат. 7. Қосымшалар. 8. Иллюстрациялар.
Аталған «Ережелердің» жобасына Беларусь мұрағат органдары мен мекемелерінің қызметкерлері 40-тан астам ұсыныстар мен ескертулер жасады. Олардың неғұрлым маңыздылары мыналарға келіп саяды: жарияланымның типтері, түрлері мен формаларына олардың мақсаттарына орай толығырақ анықтама беру; басылым үшін құжаттарды анықтау мен таңдап алу принциптерін неғұрлым анығырақ баяндау, т.б. Белорустық мұрағатшылардың бұған дейінгі бар басылым типтеріне: академиялық (ғылыми), үгіт-насихаттық (ғылыми-көпшілік), оқулық (хрестоматиялық) қосымша анықтамалық типін енгізуге жасаған ұсыныстары көңіл аударарлық болғанымен жүзеге аспады.
Белорус мұрағатшылары мен археографтары дайындалу үстіндегі «Ережелерге» «КСРО халықтарының тілдеріндегі (белорус, украин) құжаттар мәтіндерін беруді реттейтін параграфтар қосу туралы мәселені екінші рет көтерді. Бұл жағдай бір жағынан олардың осы проблеманың маңыздылығын түсінетіндігін білдірсе, екінші жағынан археография саласындағы әдістемелік әдебиеттермен таныстығы нашарлығын да көрсетті. Мәселе мынада, бұл кезде Украинада М. Пещак пен В. Русаковскийдің «Правил видания памяток украіньскоі мови ХІV–ХVШ ст.» құжаттарын басып шығару жұмысы аяқталуға жақындаған болатын (Киевте 1961 ж. жарық көреді), бұған қоса басқа да осыған ұқсас құжаттар даярланып жатқан-ды. Беларусь мұрағатшылары мен археографтарының пікірінше, «Ережелер» жобасы анықтайтын ежелгі құжаттар мен жаңа дәуір құжаттарының шекарасы да түсініксіз, түсіндіруді қажет ететін мәселелер жеткілікті сияқты.
Бәрінен де «Ережелер» жобасындағы құжаттар жарияланымының басылым типіне байланысты қайта басылуына қатысты тармақтары көбірек дау туғызды. Белорус археографтарының пікірінше, ғылыми типтегі басылымдардың қайталама жарияланымы тек бұған дейінгі басылым библиографиялық сирек кездесетін кітапқа айналғанда ғана; егер басылым кезінде құжат бұрмаланған немесе дұрыс жарияланбаған жағдайда; егер бейнелік немесе қор бойынша басылымдары даярланып жатқан болса ғана мүмкін деп есептеді.
Ғылыми-көпшілік және оқулық басылымдарға келсек, бұл жерде, белорус археографтарының пікірінше, «құжаттардың қайталанып басылуы мүмкін, ал кей кезде тіпті қажет те».
Сонымен бірге неғұрлым көреген практик-археографтар «Ережелердің» жобасында құжаттар жарияланымының қайталама басылымына кең көлемді жол беруінен археографиялық жарияланым мен тарихи зерттеулер арасындағы шекараның жойылып кету қаупі бар деп есептеді. «Құжаттар жинағы – зерттелген еңбек емес, қандай да бір тақырыпты талдау жұмысына қажетті құрал, – деді Минск облыстық Мемлекеттік мұрағаттың қызметкері. Бұрын жарияланған құжаттарды тек ерекше төтенше жағдайларда ғана, мысалы, жарияланым библиографиялық сирек басылымға айналғанда, немесе жоғалып кеткенде ғана жариялау үшін пайдалануға болады».
Археографиядағы идеологиялық диктатқа, рас, тек қана әкімшілік әдістермен, республикалық ОММОР өкілдері жол бермеуге талаптанып көрді. Олар «құжаттар басылымын белгілі бір басшы адамға жағымпаздану мақсатында тек біржақты мақтауға құру үшін құжаттарды арнайы таңдап алуға және тіпті бұрмалауға тыйым салу туралы жеке тармақ қосу керек деп есептейтіндіктерін білдірді. Мысалы, азамат соғысы кезіндегі Сталиннің рөлін, Отан соғысы кезіндегі Хрущевтің рөлін. т.б. көтермелеу үшін осылай жасалған». Осы жағдайды ескере отырып, Беларусь ОММОР қызметкерлері «Ережеге» «әлі тарихқа айнала қоймаған, тіпті құжаттары мұрағатқа түсіп үлгірмеген» қазіргі заман тақырыбындағы құжаттар жинақтарын даярлауды шектейтін, тіпті тыйым салатын тармақ енгізуді ұсынды. Минск облыстық Меммұрағат өкілдері тіпті сол мерзім өтпейінше құжаттар жарияланбайтын мерзімді белгілеуді талап етті.
Әрине, мұндай батыл ұсыныстар даярланып жатқан «Ережеге» енгізілмегені былай тұрсын, Минскіден Мәскеуге жіберілген ұсыныстар мен ескертпелер жинағының тізіміне де іліккен жоқ. Ең жаманы – бұл тізімге мәскеулік қана емес, жергілікті (белорустықтарды қоса) құжаттар басылымдарынан алынған мысалдарды да, сондай-ақ «стилистикалық ерекшеліктер мен сөйлемдерге» түсінік беретін мысалдарды енгізу туралы ұсыныс та ілікпеді.
Жарияланатын құжаттарда қойылған қолдарды қалпына келтіру туралы маңызды ескертпелер жасалды. Белорустық мұрағатшылар «Ережеде» қойылған қолдар туралы тармаққа арнайы түсініктеме берілуі керек деп есептеді. Онда қойылған қолдар оның иесінің одан кейінгі тағдырына байланыссыз (троцкийшіл, сталиншіл, эмигрант, коллаборационист) қалпына келтірілуі тиістігі айтылды. «Бұл жайлы, – делінді республикалық ОММОР әдістемелік комиссиясының ескертпелерінде, – түсініктерде немесе бет астындағы түсініктемелерде айта кетуге болады. Бізде онсыз да әртүрлі сақтанулардан тарихымыздың бет-бейнесі көмескі тартқан».
Жоғарыда аталған ережелерден басқа осымен бір мезгілде – 1917 ж. революция тарихы, азамат соғысы, ұжымдастыру, мәдени құрылыс, т.б. бойынша көп томды сериялы басылымдардың дайындалуын бірегейлеуге арналған бірқатар жаднамалар, нұсқаулар, әдістемелік ұсыныстар пайда болды. Олардың барлығы бұған дейінгі бар ережелерді дамыту, толықтыру үшін жасалынды және мәтінді беру бойынша нақты ұсыныстар, құжаттарды археографиялық ресімдеу ерекшеліктері, оларға ғылыми-анықтамалық аппарат беру, т.б. бағытында болды.
1950 жж. аяғы – 1960 жж. басында мәдени құрылыс тарихы бойынша жалпыодақтық сериялардың белорустық томдарын дайындауға кірісе отырып, республиканың мұрағатшылары нормативтік-әдістемелік құжаттарда ұлттар тілінде жазылған құжаттарды археографиялық ресімдеу принциптері, олардың мәтіндерін беру тәсілдері туралы көрсеткіштердің жоқтығынан туындаған бірқатар проблемалармен бетпе-бет келді. Бұл белорус тілінде жазылған «Белоруссия өнері» жинағының құжаттарын археографиялық өңдеу бойынша жаднамалар» деп аталатын арнайы құжатты жасау қажеттігін тудырды. Жаднама белорус тіліндегі құжаттарды жариялау тәжірибесін жинақтауға жасалған бірінші талпыныс ретінде қызығушылық тудырады. 1969 ж. «КСРО-дағы тарихи құжаттарды жариялау ережелерінің» жарық көруі құжаттарды жариялау әдістемесіндегі бірінші қадам болды. Оны дайындауға КСРО-дағы бірқатар мұрағаттық және ғылыми мекемелер: БМБ, БҒЗИДАД, КСРО ҒА КСРО тарихы институты, КОКП ОК жанындағы МЛИ, КСРО МК жанындағы Баспасөз комитеті, МГИАИ қатысты. «Ережені» талқылауға белорус мұрағатшылары мен археографтары белсене атсалысып, дайындық үстіндегі құжаттың сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды ескертпелер мен ұсыныстар жасады.
Бұрынғылардан өзгешелігі 1969 ж. «Ережелерде» басылымды олардың типтері мен түрлеріне байланыссыз даярлау спецификасы, сондай-ақ әртүрлі дереккөздермен (мемуарлармен, эпистолярлық, статистикалық жанрлармен, шетел тілдеріндегі, КСРО халықтарының тілдеріндегі және т.б.) жұмыс істеу әдістемесі көрініс тапты. Мұнда құжаттық басылымдарды жіктеу мәселелері неғұрлым егжей-тегжейлі қарастырылды, құжаттық басылымдар типтеріне, түрлері мен формаларына анықтама берілді, типіне, түрі мен формасына байланыссыз кез келген жарияланым барлық ғылыми талаптарға сай болуы керектігі ашып көрсетілді.