Ганоидтыларотрядүсті – Ganoidomorpha

Қазіргі кезде бұл балықтардың 4 отрядқа бірігетін өкілдері кездеседі. Қабыршақтары ганоидты немесе сүйекті. Құйрық қанаты гетероцеркалды. Кейбір түрлерінің жүрегінде артериялық конусы бар. Ішектерінде спиралды қақпақшалардың қалдығы сақталған. Жүзу торсылдақтары көпшілігінде бар.

Бекіретәрізділер отряды –Acipenseriformes.Бұл отрядқа сәуле қанатты балықтар тобының ертедегі және қарапайым құрлысты түрлері жатады. Бұл балықтарда шеміршекті балықтарға ұқсас белгілері сақталған: 1 - рострумның болуы, сондықтан ауыз тесігі көлденең саңылау секілденіп басының астыңғы жағында орналасқан; 2- құйрық қанаты гетероцеркалды; 3-шегінде қатпарлы қақпақшалары және жүрегінің артериалды конусы бар.

Бұл отрядқа 2 тұқымдасқа (бекірелер-Acipenseridae және ескек тұмсықтылар-Polydontidae) біріктірілетін 25-30 шақты түрі жатады.

Бекірелер тұқымдасына 3 туысқа (қортпалар, бекірелер және тасбекірелер) жататын 23 түрі белгілі болса, соның 13 ТМД–да, 7 түрі Қазақстан суқоймаларында тараған. Бекірелер туысынан орыс (Asipenser guldenstadti – Қара және Каспий теңіздерінде тараған), сібір (A.baeri-Солтүстік өзендерде кездеседі), Амур (A. Schzenki- Амур өзенінде тіршілік етеді) бекірелері, шоқыр-севрюга (A. stellatus– Азов, Қара және Каспий теңіздерінде тіршілік етеді), сүйрік-стерлядь (A. ruthenus), мекіре (пілмай) -шип Каспийдің, Қара теңіздің және Солтүстік мұзды мұхитардың өзендерінде (Жайық, Ертіс,Тобыл және т.б.) тараған.

Қортпа (Huso) туысынан балықтың 2 түрі: еуропалық кортпа- Huso huso (белуга) Каспий, Қара, Адриатика теңіздерінде мекендейді. Ұзындығы 9 м, салмағы 1400 кг-ға дейін жетеді және калуга (H. dauricus) немесе Қиыр-Шығыс белугасы жатады. Ұзындығы 4 м, салмағы 1 тоннадан асады. Бұлар Амур өзенінде мекендейді. Сырдария мен Әмурдарияны мекендейтін жалған күректұмсықтылар (Pseudoscaphirhychus) туысының ерекше 3 түрі кездеседі. Олар Сырдария тасбекіресі, Әмудария үлкен жалған күректұмсығы және кіші жалған күректұмсығы. Алдыңғысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұлардың тұмсықтары жалпақ болады. Салмағы 1кг болатын ұсақ бекірелердің Солтүстік Америкада кездесетін түрлері де бар.

Ескек тұмсықтыларға – Poluodontidae тұқымдасына қазіргі кезде 2 түр ғана жатады: Ескек тұмсық (веслонос) - Polyodon spathula Миссисипи өзендерінің бассейндері мен көлдерінде мекендейді. Бұл балықтың ұзындығы 2 м-де, салмағы 75 кг болады, ал псефур Psephurus gladius Қытайдағы Янцзы өзінінде тараған. Оның ұзындығы кейде 7 м-ге жетеді.

Көп қанаттылар отряды – Polypteriformes.Бұлар құрлысында өзіндік ерекшелігі бар тұщы су балықтары. Денесі ромб тәрізді ірі, өзара қозғалмалы болып байланысқан қабыршақтармен жабылған. Арқа қанаты көптеген ұсақ қанаттардан тұрады, соған байланысты бұларды көп қанатты балықтар деп атаған. Көп қанатты балықтар тропиктік Африкада таралған. Олар өзендердің түбінде, лайлы жерлерде тіршілік етеді. Негізінен жануартекті қоректермен қоректенеді. Дамуы - өзгеру арқылы жүреді. Дернәсілдерінде өте жақсы дамыған сыртқы желбезектері бар.

Кәсіптік маңызы жоқ. Қазір көп қанаттылардың 2 туысқа жататын 10 түрі белгілі. Өкілдері: Каламоихтер туысынан – каламоихт, көп қанаттылар туысына 10-шақты түрі жатады.

Амиятәрізділер отряды - Amiiformes.Амиятәрізділерге қазір тіршілік ететін бір түр ғана жатады, ол лай балық - амия (Amia calva) Солтүстік Америкасының батпақты суларында тіршілік етеді. Қабыршағы сүйекті, яғни циклоидты болып келеді. Жүрегінде артериялық конустық қалдығы болса, ішегінде – нашар дамыған спиралды қақпақшалары бар. Жыртқыш балықтармен және омыртқасыздармен қоректенеді. Жүзу торсылдағы тыныс алу қызметіне бейімделген, сондықтан О2 суда аз болғанда, су бетіне көтеріліп ауамен тыныс алады.

Сауытты шортандар отряды – Lepisosteiformes.Бұл отрядқа 1 туысқа біріктірген Солтүстік және Оңтүстік Американың көлдері мен өзендерінде кездесетін 6-7 түрі жатады. Ұзын денесінің сыртын ганоидтық қабыршақтардан түзілген сауытша қаптап жатады. Жүрегінде артериялық конусы, ал шегінде спиралды қақпақшалары болады. Кейбір түрлерінің ұзындығы 3-4 м, ал салмағы 150 кг. Үлкен балықтармен қоректенетін жыртқыш балық. Жүзу торсылдағы ауадан О2 сіңіруге бейімделген.

 

Клюпеоидылар отрядүсті - Clupeomorpha

Бұл балықтарға 6 отрядқа біріктірілген 1200 түр жатады. Отрядтары тарпонтәрізділер, гоноринхтәрізділер, майшабақтәрізділер, лосостәрізділер миктофотәрізділер және китовидкотәрізділер жатады. Негізгі 2 отрядтарын қарастырып өтелік.

Майшабақтәрізділер отряды– Clupeiformes. Бұл отрядқа 3 тұқымдасқа, 70 туысқа біріктірілетін 300 түр жатады. Негізгі тұқымдасы майшабақтар (Clupeidae). Бұл тұқымдасқа негізінен теңіздерде тіршілік ететін балықтардың көптеген түрі жатады. Көп таралғандар - мұхит майшабағы – Ақ теңіз бен Баренц теңізінде, шығыста Қиыр Шығыс теңіздеріне дейін таралған. Каспий мен Қара теңізде Еділ майшабағы және қара қаптал балық немесе қара жонды майшабақ кездеседі. Бұл майшабақтар уылдырықтарын өзендерге шашады. Барлық өмірін теңізде өткізетін Каспий қарынсауы (пузанок), Балтық теңізі мен Қара теңізде килька, ал Каспий мен Қара теңіздерде соған жақын тюлька, Қиыр Шығыс суларында мұхит майшабағына жақын иваси сардинасы тіршілік етеді. Көп күлтелі Еділ майшабағы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына (2010) тіркелген.

Албырттәрізділер немесе Лосось балықтары отряды– Salmoniformes.Бұл отрядқа майшабақтарға өте жақын түрлер жатады. Бұлардың ерекшеліктері: жақсы жетілген арқа қанатынан басқа құйрық бөлімінде жұмсақ тері қатпарынан түзілген майлы қанаты болады. Бүйір сызығы жақсы жетілген. Бұл отрядты 8 отрядтармағына бөледі. Балықтардың 400-ге жуық түрі 28-30 тұқымдасқа біріктіріледі. Лосостар көбінесе өсіп жетілуі теңізде өтіп, ал уылдырық шашу үшін өзендерге шығатын өткінші балықтар. Лосось балықтарына Қиыр Шығыс теңіздері ерекше бай келеді. Мұнда лосостәрізділерден: кета (Oncorhynchus keta), горбуша (O. gorbuscha), нерка (O. nerka) және т.б. мекен етеді. Бұл балықтар өзендердің жоғарғы жағына уылдырық шашады, ал нерка уылдырық шашу миграциясы кезінде бірнеше мың км жоғары көтеріледі. Ересек балықтар уылдырық шашып болған соң қырылып қалады. Моноциклды.

Ал Атлантика мұхитының теңіздерінде тараған лосостың бір түрі – семга (Salma salar) жазда және күзде уылдырық шашу миграциясын жасайды. Ал бұлар өмірінде 2-3 рет көбейеді. Полициклды.

Солтүстік теңіздерінде, сондай-ақ Қара теңіз бен Каспий теңіздерінде семгаға жақын албырт - кумжа (Salmo trutta) деген түрі тіршілік етеді. Ал кумжаның ұсақ түрі - форель (Salmo trutta fario) өзендерде және тау көлдерінде мекендейді. Бахтах деген түрі (радужный форель) Қазақстанда Шілік (Шелек) өзеніне жерсіндірілген. Лосостардың ішінде тұщы суда тұрақты мекен ететін түрлері де бар. Оларға: сигалар, кейбір омулдар, бізде таймендер, ленок (lenok), ақ-балық немесе сыландар (нельма) жатады.

Лосостәрізділердің кәсіптік маңызы өте зор. Бұлардың еті дәмді болумен қатар «қызыл уылдырық» деген атпен сатылатын уылдырығын пайдаланады. Лосостардың 2 түрі Қазақстан Қызыл кітабына енген. Олар: Каспий және Арал албырттары.

Шортандар (Esocoidae) тұқымдасының өкілдері жыртқыш балықтар тобына жатады. Жақтарында өткір тістері бар. Біздің өзендерімізде, көлдерімізде және оңтүстік теңіздердің тұщырақ жерлерінде кәдімгі шортан (Esox lucius) мекен етеді. Әдетте су өсімдіктерінің арасында болады. Балық өсіру шаруашылығына зиянды. Кәсіптік маңызы аса үлкен емес. Кейбір ірі даналарының ұзындығы 1,5 м, салмағы 35 кг болады. Уылдырығын көктемде тайыз, су жағалауларына шашады.