ПП ОГПУ-ДІҢ ШЫҒЫС БӨЛІМІНІҢ КССР БОЙЫНША АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛІНЕ. 1929 ЖЫЛ, 6-ШІЛДЕ[22].

Үстіміздегі жылы 6-шілде күні тұтқынға алынған белгілі ұлтшыл қазақ ақыны Жұмабаев Мағжанды сіздерге жіберіп отырмыз. Пәтеріндегі тінту кезінде оның ішінара өмірбаяны жазылған қалың дәптерден басқа ештеңе табылмады... Байтасов Абдолла Петропавловскі қаласы аумағында көзге түспеді. Қалың дәптер «Қосымша» ретінде жіберіліп отыр.

ОГПУ округтік бөлімі бастығының орынбасары – В.Никеров. Ш/Б өкілінің көмекшісі – Губайдуллин.

*** *** ***

 

*** *** ***

 

(№) М.ЖҰМАБАЕВ, 1929 ЖЫЛ, 14-ШІЛДЕ[23]

 

Өзімнің ұстанымым бойынша, шамамен 1911 жылдан бастап Москваға келгенге дейін, дәлірек айтсам, 1924 жылға дейін ұлтшылдық көзқараста болғаным рас. Ұлтымның аянышты тағдырына жаным ауыратын. Москваға келгеннен кейін көзқарасым елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір коммунистік танымға бір табан жақындағаным рас, бірақ, ол ойымды дәлелдейтін нақты дәйегім жоқ. Қайталап айтамын, менің ұлтшылдық көзқарасым тек қана ұлтшыл сарындағы шығармаларымда ғана көрініс берді, яғни, менің ұлтшылдығым өлеңдерім мен мақалаларымнан байқалатын, бұл туындыларым басылымдарда жарияланып, халыққа кеңінен таралды, олардың көңілінен шықты. Мысалы, «Батыр Баян» атты поэмамда ұлтшылдық сарыны барынша айқын көрініс тапты.

 

«Алашорданың» құрамында қызмет істегемін жоқ, 1917 жылдың соңында Орынборда өткен Бүкілқазақтық бірінші құрылтайда, «Алашорда» үкіметі құрылғанда 5 адамнан тұратын, оның ішінде Омаров, Шонанов, мен және тағы басқа бір адам (Міржақып Дулатов – Т.Ж.) бар, оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайландым. Жеке басым «Алашты» қандай да бір құқылы партия ретінде қабылдағамын жоқ.

1923 жылы Ташкентке ауыстым, онда Оқу-ағарту халық комиссары Қожановтың жолдауымен Қазақ оқу-ағарту институтына оқытушы болып орналастым, әрі Қазақ ғылыми комиссиясына мүше болып сайландым.

«Ақ жол» газетінің саяси бағыт-бағдары айқын болмады, онда ұлтшылдық көзқарасты ұстанған мақалалармен қатар коммунистік күресті насихаттайтын мақалалар да қатар жариялана беретін. Оның сол кездегі редакторы Сұлтанбек Қожанов болды. Ұлтшылдардың ішінен ол газетте Әуезов «Шолпан» журналымен сәйкестендіре істеді.

Заки Валидов туралы ешқандай мағлұматым жоқ. Шоқаев туралы газеттерден оқығамын, Бірімжановпен таныс емеспін.

1924 жылы Москваға барып әдебиет-көркемөнер институтына түстім, ол оқу орынына жолдама бергендер Нәзір Төреқұлов пен профессор Поливанов. Поливанов өзінің досы профессор Ричиге хат жазып берді. Сонымен қатар Қазақ ғылым комиссиясының да жолдамасы болды. Оқудың бірінші жылы Түркістаннан стипендия алып тұрдым. Кейін орталық баспада қызмет істеп жүргендіктен де ол стипендияны алып тастады. Орталық баспаға Төреқұлов жұмысқа алды, онда әдеби қызметкер міндетін атқардым 24-жылдың соңында, не 25-жылдың басында (нағында 1924-жылдың күзінде, қазан-қараша айларының өліарасында – Т.Ж.) Москвада өлкетанушылардың құрылтайы өтті. Қазақ өкілдері ретінде оған Байтұрсынов пен Бөкейханов Әлихан қатысты. Сонда ол кісілермен жолығып, әңгімелестім.

Бөкейхановпен кездескен кезімізде әңгімеміз әдебиет туралы пікірден әрі аспайтын.

Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар: әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi,– деп түсiнедi. Әдебиеттi – өнер,– деп емес, насихатшы құрал,– деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм – қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...

Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.

Ақыры «Алқа» үйiрмесi де ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды «Алқа» үйiрмесiн құруды студенттердің талқылауынан кейін ойыма алдым және оның «Табалдырық» атты бағдарламасын 1924 жылы желтоқсанның аяғында бастап, 1925 жылы қаңтар айының басында жазып бітірдім. Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан-жаққа тараттым…

<…>

 

*** *** ***

АУЛЫ: 1929 ЖЫЛ, 20 ШІЛДЕ[24].

Мен, Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың Шығыс бөлімінің Қазақ АССР-і бойынша өкілетті өкілі бастығының көмекшісі Саенко №6 тергеу ісімен танысу барысында мынадай қылмысты істің ұйымдастырылғанын анықтадым:

1. Жұмабаев Мағжан кеңес өкіметіне қарсы күрескен және Орта Азиядағы басмашылар қозғалысымен байланысы бар астыртын ұйымның жұмысына белсене қатысқан;

2. Бұл астыртын ұйым Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданының көлемінде қастандық әрекетпен айналысып жүрген ағайынды Әділевтердің бандысымен астыртын байланыста болған.

3. Астыртын ұйым біраз жылдан бері кеңес үкіметінің науқандық шараларына тұрақты түрде іріткі салып, мәдениет пен шаруашылық жұмыстарына кедергі жасады, сондықтан да Мағжан Жұмабаевті Қылмыстық кодекстің 58 бабының 7, 11 тармақтарына және 59 бабының 3 тармағына сәйкес айыпты деп тауып, соған орай 128, 142, 147 баптарды басшылыққа ала отырып:

1883 жылы туған, ірі бай тұқымынан шыққан, жартылай феодал, партияда жоқ, үйленген, бұрын істі болмаған, бұрынғы алашордашы, Петропавл кеңес-партия мектебінің оқытушысы М.Жұмабаевті жоғарыда аталған қылмысты істерін мойындату үшін тергеуге алуды, соған орай Петропавл кеңес-партия мектебіндегі қызметінен 29-жылдың 15-шілдесінен бастап қызметтен босатуды мақұл деп тауып, Қаулы қабылдадым.

Тергеу ісіне кедергі келтірудің алдын алу мақсатында Жұмабаев Қазақ АССР ОГПУ - нің комендатурасына қамаққа алынсын.

ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығының орынбасары Саенко. Тергеушілер: Логачев, Альшанский (қолдары).

*** *** ***

(№)«АЛАШОРДА ӘДЕБИЕТШІЛЕРІНІҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЫҚПАЛЫ[25]

 

Lt;…> ...1922 жылдан бастап «Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т. олардың көзқарастарын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды (бұл туралы толығырақ айтылған 25/ҮІІ - 1/ҮІІІ – 29 аралығындағы және 23.Х. 29 ж күнгі көрсетіндімді қараңыз). Ахмет Байтұрсынов жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек»,–деп үндеу тастады («Партия» (- ?) журналының 1920 жылғы №5-6 санында жарияланған «Ложка дегтя в бочке» атты мақаладан алынған қиындыны қараңыз). Сол үндеуге қосылған М.Әуезов пен Д.Ысқақов өздерінің 1923 жылғы мақалаларында («Шолпан» мен «Сана» журналдарының 1923 жылғы сандарындағы олардың сын мақалаларын қараңыз) әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғысынан түсіндірді. Аймауытов, Кемеңгеров, Сәрсенбин де 1924-1925 жылдары жазған мақалаларында («Ақжол» газетінің 1924-1925 жж. тігіндісін қараңыз) тура сол жолды ұстанды. Алашордашыл бұл жазушылар өздерінің осы мақалаларында әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғыдан талдап қана қоймай, коммунист жазушыларды (Сейфуллинді, Мұқановты) үнемі мұқатып отырды...

<…>

Сол кездегі пікір таласының үлкен бір тақырыбы М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабі болды. Кітап Оқу-ағарту халық комиссариатының баспасынан басылып шығып, таратылуға дайын тұрды. Өлкелік Комитеттің тапсыруы бойынша мен оған пікір жаздым. Мазмұны оның атына сай емес еді, онда қазақ әдебиетінің тарихы емес, ұлтшылдық бағыттағы түсініктемелер берілген ескі сарындағы әдебиет нұсқаларының жинағы. Мен мұны кітаптың өзінен сілтемелер ала отырып дәлелдеп шығып, дәл осы қалпында оны таратудың ешқандайда қажеттігі жоқ екендігі жөнінде қорытынды жасап бердім. Менің пікірім қазақ активтерінің арнайы мәжілісінде талқыланды, онда Тоқжігітов, Орынбаев, Нұрмақов және Жандосов менің Әуезовтің ұлтшылдық сарындағы кітабін таратпау туралы жасаған қорытындыма мүлдем қарсы сөйледі, алайда мәжіліске қатысқандардың көпшілігі: Юсупбеков, К.Тоқтыбаев, Нұржанов, Бекенов, Орманбаев және басқалары менің пікірімді қостап шықты (Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» туралы кітабына жазған пікірім мен мәжілісте айтылған сөздердің көшірмесін сол кезде ОГПУ-дің шығыс бөлімінің меңгерушісі Журавлев жолдасқа беріп, шара қолдануын өтінгемін). Сөйтіп менің ұсынысымның нәтижесінде Әуезовтің ұлтшыл кітабі таралымнан алынып тасталды.

<…>

С.Сәдуақасов өзінің Мәскеудегі «Огонек» баспасынан шыққан «Жас Қазақстан» атты жинағында Абайға, Ақмоллаға, Байтұрсыновқа, Әуезовке ескерткіш орнату керектігін ұсынады.

<…>

*** *** ***