ЖЫЛҒЫ 5 ҚАРАША КҮНГІ ИНЖЕНЕР ТЫНЫШБАЕВТІҢ ТЕРГЕУ ХАТТАМАСЫ.

 

 

Жауап алған ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жолд. Альшанский.

1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22 жылы сәуір айында Заки Валидовтің сөзінен білдім. Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды. Сонда ол: Міржақып Дулатов Заки Валидов туралы әңгіме болмақ. Онда өзбектердің де өкілі келмек,– десті. Уағдаласқан күні бардым. Алғашқы мәселе Ташкент ұйымының жұмыс барысына арналды. Бұл Халел Досмұхамедовтің қазақ оқу-ағарту мекемесінің үйіндегі пәтерінде өтті. Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты. Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: Шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Заки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Заки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен,– дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есполов бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов бұған қатты қарсы болып: «Мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды»,– деді. Мен де сөзге араластым. Менде сенімсіздік бар еді. Ақыры: ұйымды құру керек,– деп ұйғардық. Жаһанша да соңында келісімін берді. «Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс»,– деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен: «Алматыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек»,– деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ. Коммунистерді де ұйымға тарту мәселесі қозғалды. Біз оған қарсы болдық. Өйткені: Қожанов біліп қоюуы мүмкін,– деп қауіптендік. Сөйтіп алғашқы жұмысты Қазақстанның қалаларында ұйым бөлімшесін ашу әрекетінен бастадық. Ұйым ісіне Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер белсене араласты. Әсіресе Халел Досмұхамедов үлкен теоретик, кеңсе мен ұйымдастыру жұмысына жетік, істен гөрі теорияға бейім еді. Ал Жаһанша Досмұхамедовтің іскерлігі басым болатын. Ермековтің ұйымдастыру қабілетінің қандай дәрежеде екенін білмеймін. Бірақ ол өте шешен, айтқанына сөзсіз сендіре алатын тілмар еді.

2) Қалыптасқан тарихи жағдайды бағалауға келгенде Дулатовқа ешқайсымыздың күрескерлігіміз де, өреміз де жетпейтін. Ұйымға ешқандай ат қойылған жоқ. Қазақтардың астыртын ұйымы деген түсінік қана болды. Бұдан басқа мәселе талқыланған жоқ. Ұйым төрағасына Халел Досмұхамедов сайланды. Ұйымның хатшылығына Дулатов пен Бірімжанов ұсынылды. Бірімжанов: бұл мәселеге ақсақалдардың алаңдамауын, оны өзі жүргізетінін айтты. Ұйым алдына мынадай міндеттер қойды: 1. Заки Валидовпен кездесу керек. Оған Бірімжанов барсын – деп шешілді. Сөйтсек Бірімжанов Бұқараға барып келіпті. Бұл отырыста біз: Бұқарға Халел Досмұхамедов барсын, ол Заки Валидовті бұрыннан таниды және дәрежелес – деп пікір білдірдік. Халел Досмұхамедов қайтып келген соң бізге барлық жайды түсіндіріп берсін – дестік. Бұған Досмұхамедов үзілді-кесілді қарсы болды.

3) …Ұйымның саяси-экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді. Заң шығарушы орган парламент болуға тиісті. Үкіметті министрлер кеңсесі басқаруы тиіс. Тіпті болмаған жағдайда Кеңес үкіметінің қазіргі құрылымын пайдалану керек. Ең жоғарғы орган құрылтай болуы тиіс, – деген ұйғарымға келдік. Бірақ та нақты ереже қабылданған жоқ.

Болашақ үкіметтің өнеркәсіп жөніндегі міндеті талқыланбады. Ал мал шаруашылығы қазіргі қалпында қалсын дестік. Су шаруашылығы ауызға алынған жоқ. Қазақстанның жері кең. Ондағы халықтардың да көңіл-күйі әр қилы. Әсіресе, жер мәселесі өте күрделі. Сондықтан да қоныс аударушыларды тоқтата тұру керек. Мал шаруашылығы мен жер өңдеуді қатар алып жүруге, жер өңдеу мәдениетін игеруге белсенді түрде көшу керек. 1922 жылғы жер туралы реформа біздің араласуымызсыз өтті. Біз ол реформаға мүлдем қарсымыз. Оның жобасына біздің ұйым мүшелері де белсене араласуға тиісті еді деген пікір білдірдік. Жалпы екі ұйым қатар жұмыс істеді. Орынбордағы ұйымға – Байтұрсынов, Дулатов, Әділов, Бірімжанов, Болғанбаев, ал Ташкенттегі ұйымға – Дулатов пен Бірімжанов жетекшілік етті. Екеуін де алдыңғы қатарлы ұйым деп есептедік. Айырмашылығымыз Жизақ пен Самарқан облысы Түркістанның құрамына енгендіктен де біз Заки Валидовпен жақын байланыста болдық. Қызылордадағы үкімет екеуін де бір ұйым деп қабылдады. Дулатов екі ұйымда да белсене қызмет етті.

4) Ұйым-террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедов үндеу жазып, таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұл шарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Заки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып, өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгеніндей, ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сүйкімсіз күйімізше сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік. Жер мәселесі жөніндегі 2-ші баптағы міндетті жоғарыда айтып өттім. Мал шаруашылығының қалыптасқан жүйесін бұзбау керек. Жер өңдеу мәдениетін жарыстыра жүргізу керек деген пікір сол күйінде қалды.

Сондай-ақ жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге және ғылыми кітаптарды аударуға баса көңіл бөлу керек дестік. Әсіресе оқу-ағарту мен жер мәселесі жөнінде белсенді түрде жұмыс істеу керек. Жер – ең алдымен жергілікті халыққа берілсін, содан кейін барып казак-орыстардың үлесін қарастыруға болады деген тұжырым ұстандық. Мен ол кезде темір жолда жұмыс істедім. Бұрын тарих пәнінен сабақ бердім. Өз дәрісімде ұлттық идеяны дәріптеп, қазақтар Кеңес өкіметінен гөрі 17 ғасырда жақсы, емін-еркіндікте өмір сүрген. Сендердің сыбағаларыңа сол өмір тиесілі еді – деген сияқты пікір білдіріп жүрдім. Тарихты нашар білгендіктен де олар менің сөзіме сенді. Мұның барлығы, әрине, өткен тарихи әңгіме. Жоғары оқу орындарына арналған кітаптарды құрастырып, аударуға Халел Досмұхамедов, Орынборда – Байтұрсынов пен Дулатов белсене араласты. 25-ші жылдан кейін мен де араластым. Оқу пәндерін қадағалауға тиісті Сүлеев бізге бақылау жасаған жоқ.

25-ші жылдан бастап мен құрылыспен айналыстым. Онда саясатпен айналысуға мұрша болған жоқ. Болашақ мемлекеттің мүшелерінің кім болатыны талқыланған емес. Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмеймін. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінгі Шоқаевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ.

Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Сәдуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты.

«5. № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес, құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрылымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ оған мемлекеттік құрылымның өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатылуға жақын деп ойладық… Менің миымда осы ой ұялап алды да, мен оны өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуов мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Сәдуақасовпен хат арқылы пікір алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім, ол: Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн, – деді. Сұлтанбековпен мен алғаш рет Рысқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді.

6. Асфандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Асфандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірге жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рысқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па, оны білмеймін. Рысқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.

Рысқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рысқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін, бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рысқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитетте істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы, ол 30 жасқа толғанда, Ташкентте кездестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандай да сөйлескем жоқ».

Жандосовпен ресми жұмыста ғана кездестім. Біздің ұйымдағылар (оны ұйым деп те айта алмаймын) Ташкенттегі коммунистермен – Асфандияровпен, Қожановпен жиі кездесіп, әңгімелесетін. Біздің пікірлеріміз оларға әсер етуі мүмкін. Түркістандық коммунистерді шынайы коммунист деуге болмайды. Коммунистер идология туралы сөйлегенде біз құлағымызды басып отыратынбыз. Бір жолы Ташкентте бір адам жерге қоныстану туралы баяндама жасады. Оған мен, Қожанов және Асфандияров қатысты. Мен баяндама бойынша сөз сөйлеп: «Жерге ең алдымен жергілікті халықты орналастыру керек, егер де келген қоныстанушыларға жер жетіспесе олар келген жақтарына қайта берсін»,– дедім. 22-ші жылы Асфандияров маған: қазақтар жерді орыс шаруаларынан да тиімді пайдаланатыны туралы пікір айтты. Мен оған Васильевтің Жетісу облысының отарлануы туралы кітабын тауып бердім. Онда қазақтар мөлшерлі жерден 55 пұт астық алса, шаруалар 51 пұттан ғана өнім алған. Халық жиналысында Асфандияров осыған сүйеніп баяндама жасады».

7. Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Сәдуақасов және мен қарсы алуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс деуге болмайды. Жай ғана пікір алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірілсе мал басынан айырылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал-мүлікті сақтап қалатындығын айттық. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ: мал басы азайып, малшылар егін салуға көшеді – дестік. Бұл турасында мәжіліс өткізілген емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25-ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды. Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхамедовке айттым. Олар жауап қайтармады.

8. Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі деп ойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болған емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болған емес дейтін шығар, шындығында да халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрылысы қолға алынды. Мына оқиға ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па, соны айтайын.

Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы,– деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сол учаскіге көмекке жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жарым – екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем, мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп, бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, бұл зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтің жобасы дұрыс – деген қортынды келді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа учаске бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рысқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жарым миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді».

Қарсақбай туралы айтарым: мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ, тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын.

Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ.

Жаһанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: «Бұдан ештеңе шықпайды»,– деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым мүшелері емес, пікірлестер деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес.

12-ші. Совхоз құрылысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Түрксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір адам: «Түрксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?», – деп сұрақ қойды. Мен: «Мұның бәрі бос сөз, қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр»,– деп жауап бердім. Түрксиб туралы, бұдан басқа айтарым жоқ.

(ІІ том. 102-108 беттер. Машинкаға басылған)

*** *** ***